Қазақша кітаптар дүкені ашылды

Пятница, 04 Январь 2019 07:11

Шымкентте алғаш рет тек қазақ тілді туындылардан тұратын «Қазына» кітаптар дүкені ашылды.

Дүкеннің кітап қоры бүгінде 30 мыңнан асып жығылады. Қазақ əдебиеті, әлем, балалар әдебиеті, тарих, өнер және т.б. салалардағы еңбектер бар. Тіпті, Ұлттық аударма бюросы аударып жатқан «100 жаңа оқулық» жобасындағы кітаптар да табылады. Игі шараның аясында, сонымен қатар, журналист, жазушы Арман Сқабылұлының «Егіз жүрек» кітабының тұсауы кесілді.
Бұл күні қаладағы «Береке» сауда орталығына зиялы қауым өкілдері жиналып, қазақ оқырмандарын қос бірдей мерекемен құттықтады. Белгілі жазушы Қазыбек Иса мен ақын Ханбибі Есенқарақызы дүкеннің лентасын қиып, игі шараның басы қасынан табылған «Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашов жылы лебізін білдірді. Салтанатты шараға ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері, оқырман қауым қатысты.
Бұл дүкеннен қазақша кітаптың түр-түрін кездестіруге болады. Қоғамдық бағыттағы көп салалы оқулықтың 3500 түрі бар. Оның ішіндегі басым бөлігі көркем әдеби туындыларды қамтиды. Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ұлан» мен «Қазақ әдебиеті» газеттері, «Балдырған», «Ақ желкен», «Аңыз адам» журналдарының жаңа санын таба аласыз. Айта кетейік, бұл – еліміздегі тек қазақ тіліндегі туындылар сатылатын кітап дүкенінің екінші нүктесі. «Қазына» кітап үйінің негізін салушы Алмас Шәйкеннің айтуынша, отандық кітап индустриясының дамуына үлес қосуды мақсат еткен аталған кітаптар дүкені қоғамдық-ағартушылық бағытта да жұмыс жасамақ.

 

48272930 2294052267271439 4457974017986396160 n

Шымкенттегі «Көрме» орталығында Ғабит Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтың иегері, мәдениет қайраткері, журналист, жазушы Күлия Айдарбекованың шығармашылық кеші өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Әкеге құрмет» прозалық кітабының тұсауы келісіп, оқырман қауымға жол тартты.

Салтанаты жиында сөз алған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әлия Шалқарова қаламгердің еңбектеріне тоқталып, жаңа туындысымен құттықтады.
Күлия Айдарбекова бүгінде «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры болып қызмет етіп келеді. Оқырмандар ортасында кітап қадірін арттыруды насихаттауды күнделікті жұмысының бір бөлшегіне айналдырған кітап жанашырының бастамасымен «Ұлысымның ұйытқысы Оңтүстік», «Жасампаздыққа толы жиырма жыл», «Өз елім – Қазақстаным», «Оңтүстік Қазақстанның жаңа келбеті», «Ырыс алды ынтымақ», «Ата жұртты аңсау», «Елбасы Оңтүстік Қазақстанда», «Қазақстанға ыстық ықыласпен», «Оңтүстік Қазақстан облысының табиғаты», «Оңтүстік Қазақстанның мәдени ескерткіштері», «Дәстүр бізден басталды», «Өркендеген көркемдеген Оңтүстік» кітаптары оқырманға жол тартқан.
Жеңістің 70 жылдығына орай «Естелік кітап Оңтүстік Қазақстаннан шыққан батырлар», «Ұлы Отан соғысына қатысқан Оңтүстік Қазақстандық жауынгерлердің Естелік кітабы» және «Ұлы Дала өсиеті» сияқты кітаптары да кітапханалар сөресіне қойылған. Ал драматургия саласындағы тырнақалды туындысы «Жамандыққа – жақсылық» қойылымы «Ашық алаң» республикалық тəуелсіз театрлар фестиваліне қатысып, «Үміт» номинациясын жеңіп алды.
Оқырмандар ортасына жаңа таныстырылып отырған «Әкеге құрмет» кітабы тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасында өз айтары бар, ұлттық идеяны танытатын шығарма, десті жиналған қауым. Қаламгердің шығармашылық кешінде арнаулар оқылып, іс-шара соңы концерттік бағдарламаға жалғасты.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының тұңғыш рет республика бойынша ұйымдастырған байқауының қорытындысы бойынша қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Күлия Смайылханқызы «Ең үздік кітапхана басшысы» номинациясына ие болды. Сондай-ақ, жоғары дәрежелі кітапханашы, кітапханадағы құжаттарды өңдеу, каталогтарды ұйымдастыру секторының басшысы Гаухар Медеуова «Ең үздік кітапханашы» номинациясына қол жеткізді.

БИЛІК ЖӘНЕ БАҚ

Пятница, 28 Декабрь 2018 04:45

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай жаңадан құрылған Қазақстан Журналистер одағының Шымкент қаласындағы филиалының төрайымы, «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Айгүл Қапбарованы қабылдады.

003

Қайрат Ырзақұлұлы Айгүл Жарылқасынқызын жаңа қоғамдық қызметке сайлануымен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі.
Кездесуде журналистиканың қазіргі жай-күйі, оның қоғамдағы алар орны мен маңызы, журналистердің шығармашылық әлеуеті, елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысы және Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының бұқаралық ақпарат құралдарында насихатталуы туралы әңгіме болды.
Қайрат Ырзақұлұлы Журналистер одағының Шымкент қаласындағы филиалының жұмысына сәттілік тілеп, А.Қапбарова бастаған журналистер қауымын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Төртінші билік өкілдеріне шығармашылық табыс тілеп, бұл ретте БАҚ өкілдерімен етене жұмыс істейтінін айтты.

Жаңа жылға – жарқын көңілмен

Среда, 26 Декабрь 2018 05:19

250 балаға – 100 мың теңгеден!

Мегаполистегі Оқушылар сарайында ҚР Президенті атынан қала әкімінің «Жарқыра, Қазақстан, Жарқыра, туған жер!» атты жаңа жылдық шырша мерекесі өтті. Сән-салтанатқа толы мерекелік шараға оқуда озат, спортта, өнерде алда жүрген жеткіншектер мен әл-ауқаты төмен көпбалалы отбасыларының балалары, жалпы саны 250 оқушы қатысты.

DSC 3810

Президенттің жаңа жылдық шыршасы балалардың жүздері қуаныштан бал-бұл жайнап, көтеріңкі көңіл-күймен өтті. Бағдарлама барысында ертегі кейіпкерлері театрландырылған қойылым ұсынып, түрлі ойындар ойнатылды, әндер шырқалды.
Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов әр балаға Елбасының сыйлығын тапсырды. Балғындарға «Назарбаевтай болғым келеді» кітабы, Президенттің хаты, ең бастысы – 100 мың теңгеден қаржылай сыйлық табысталды. Бұдан кейін көпшілік Мемлекет басшысының құттықтауын тамашалады.
– Еліміздің барлық өңірінде жаңа жылдық шыршаға озат оқушылар, өнер мен спорт саласының үздіктері жиналып отыр. Сендердің барлықтарыңды мерейлі мерекемен шын жүрегіммен құттықтаймын. Бұл – өздеріңді жаңа арманға жетелейтін, жаңа үміт сыйлайтын ерекше мейрам. Мерекелік басқосуды бүкіл балалар жыл бойы асыға күтетіні бекер емес. Кез келген перзенттің аппақ көңілі бұл күні айтылатын ақжолтай тілектердің орындалатынына сенеді. Шырша қойылымында өнер көрсетіп, сыйлық алатын бүлдіршіннің қуанышынан артық ештеңе жоқ. Балалардың алаңсыз әрі бақытты өмір сүруі үшін біз барлық жағдайды жасап келеміз. Сондықтан бәрің де саналы тәрбие мен сапалы білім алуға ұмтылуларың керек. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның жарқын жетістіктеріне құрметпен қарайды. Осындай мәртебелі мемлекетке еркін мүддені сыйлатқан сендер бақытты балаларсыңдар. Бал-дәурен балалықтың бақытты мол шаттығында мерейлерің өсіп, өркендей беріңдер. Жаңа жылдарың құтты болсын! - деді Елбасы.
Балалар Аяз ата және Ақшақармен бірге шыршаны айнала жүрген соң қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов балғындарға ізгі тілегін білдірді.
– Бүгінгі мерекеге жиналған балақайлардың барлығы әдемі. Баршаларыңызға тек амандық тілеймін. Алға қойған мақсаттарыңыз орындалып, арман-тілектеріңіз жүзеге ассын! Шымкент жыл санап көркейе бермек. Біз ең бірінші кезекте балаларға назар аударамыз. Балалар ойын алаңшалары, спорттық үйірмелер бәрі балғындар үшін жасалатын болады. Сіздердің балалық шақтарыңыз қауіпсіз өтуіне ықпал етеміз, - деді қала әкімі.
Жаңа жыл мерекесін асыға күткен балғындарды қысқы ертегі кейіпкерлері қызықты да мазмұнды мерекелік бағдарламамен қуантты. Салтанатты жиында қала әкімі балғындармен би билеп, жас өнерпаздар өнерін тамашалады.

Мектеп-интернатқа – су жаңа көлік

DSC 4370

Жаңа жылдық мереке қарсаңында шымкенттік мектеп-интернаттың балғындары үлкен қуанышқа кенелді. Елбасы Сайрам көмекші мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне құттықтау хатын жолдаған. Мектеп-интернат ұжымына бұған қоса су жаңа көлік табысталды.
Бұл сыйлықтарды қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Сайрам алабына арнайы барып табыстады.
Қала әкімі Елбасының мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне жазған құттықтау хатын оқып берді.
– Шымкент қаласындағы Сайрам көмекші мектеп-интернатының директоры Таңатарова Жадыра Нағашыбайқызы, жолдаған хатыңызбен және оқушылардың нәзік қолдарынан шыққан әсем қолөнер бұйымдарымен зейін қоя таныстым. Маған және бүкіл еліміздің атына жылы лебіздеріңіз бен ізгі-тілектеріңіз үшін сіздерге көп рақмет айтамын. Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Мектептің барлық шәкірттеріне жарқын болашақ тілеймін,-делінген Елбасының құттықтау хатында.
Айта кету керек, ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай мектеп-интернатының тәрбиеленушілері мен ұжымы Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа құттықтау хат жазып, қолөнер бұйымдарын жолдаған болатын.
Қала әкімі негізі қаланғанына ғасырға жуықтаған орталыққа келесі жылы жаңа ғимарат салынатынын айтты.
Ғабидолла Әбдірахымов Шымкенттегі №4 балалар үйіндегі жаңа жылдық шырша мерекеге де қатысып, балаларға арнайы дайындалған спорттық костюмдер жиынтығын сыйлады.
Кеш барысында қала әкімі балалар үйінің тыныс-тіршілігімен танысып, тәрбиеленушілердің мәселелеріне құлақ түрді. Кеште балғындар қонақтарға арнап ән салып, би биледі, өз өнерлерін паш етті.

SHYMKENT: Тәуелсіздік тартулары

Пятница, 21 Декабрь 2018 05:23

Егемендік пен елдігіміздің мерекесі үшінші мегаполисте сән-салтанатымен, кең ауқымда аталып өтті.

000366

Ел тәуелсіздігі күніне арналған мерекелік іс-шараларда көптеген азамат марапатталып, жаңа нысандар пайдалануға берілді.

Ерен еңбегі еленгендер

Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шара «Түркістан» сарайында өткен салтанатты жиынмен басталды. Мерекелік жиынға қатысқан қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қала тұрғындарын егемендіктің ұлы мерекесімен құттықтады.
– Бұл күн – Отанымыздың әр азаматы үшін қастерлі мереке. Қазір біз батыр бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған тәуелсіздік елде өмір сүріп отырмыз. Ынтымақты ұран етіп, татулықты ту еткен қазақстандықтар биыл тәуелсіздіктің 27 жылдығын атап өтуде. Тұңғыш
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатымен Қазақстан экономикасы дамыған, саяси тұрақты, дамыған елдермен терезесі тең дәрежеге жетіп, ынтымағы жарасқан көп ұлтты мемлекетке айналды, - деді әкім

DSC 1476

.Салтанатты жиында ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес бірқатар мемлекеттік қызметкерлер, педагогтар, дәрігерлер мен мәдениет саласының өкілдері, әскери қызметшілер мен коммуналды қызметтің, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мемлекеттік және қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып, елдің әлеуметтік-қоғамдық дамуына сіңірген еңбектері үшін «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен, сондай-ақ, Мемлекет басшысының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Марапатталғандардың қатарында әріптестеріміз – «Шымкент Ақпарат» ЖШС директоры, «Шымкент келбеті - Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы, белгілі журналист Айгүл Қапбарова және «Панорама Шымкента» газетінің жауапты хатшысы Әсел Хамзина да бар.
Салтанатты жиын соңы Қазақстан эстрадасының жұлдыздары мен қала өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаға жалғасты.

Шымкенттіктер «Елбасы жолы. Астана» фильмін тамашалады

Режиссер Ақан Сатаевтың «Елбасы жолы. Астана» фильмінің премьерасы мерекенің көркін кіргізді. Туындыны тамашалауға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бастаған зиялы қауым өкілдері, депутаттар, ардагерлер мен қала тұрғындары жиналды.
Бұл фильм – «Елбасы жолы» киноэпопеясының бір бөлігі, болған оқиғаның желісінде түсірілген. Шығармада елорданың көшуі, сол кезеңдегі қиындықтар, жаппай құрылыс пен мемлекет құрудағы ілгері істер суреттелген.
Фильмде Елбасының рөлін актер Мұрат Ахманов сомдап шықты. Көркем туындыда Мемлекет басшысының келбетін танымал голливудтық гример Марк Кульер жасаған. Сондай-ақ, фильмге танымал актерлар Азат Сейтметов,
Асқар Ілиясов, Жан Байжанбаев, Олег Ли түсті. Ал туындының сценарий авторлары - Әділбек Жақсыбеков және Тимур Жақсылықов. Түсірілім жұмыстары 2017 жылы желтоқсанында басталып, 2018 жылдың жазында аяқталған.

Жаңа аулалар – балаларға тарту

DSC 1728

Мерейлі сәт мерекеге ұласқан күн. Тәуелсіздік күнінде Шымкенттегі Абай мен Қаратау аудандарында спорт және балалар алаңшалары салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Атап айтқанда Гагарин көшесі бойындағы №№141, 141 «а» және 141 «б» үйлер мен Нұрсәт шағынауданындағы №№11, 12, 75 үйлердің аулалары абаттандырылып, заманауи үлгідегі спорт және балалар ойын алаңшаларымен толықты.
Аталған жаңа нысандардың ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы тұрғындарды еліміздің бас мерекесімен құттықтады. Шаһар басшысы балғындарға спорттық бұйымдарды сыйға тартты. Осылайша Тәуелсіздікке тарту мерекенің мерейін үстем етті.
Бұл нысандар Елбасының тапсырмасына сәйкес, өңірлерде 2020 жылға дейін халықтың 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту мақсатында ашылып отыр. Осыған орай балалар ойын алаңшаларын салу және аулаларды абаттандыру үшін биыл әр ауданға 300 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген.

Тәуелсіздікке арналған турнир

DSC 2528

Тәуелсіздік күніне орай Шымкентте шағын футболдан республикалық турнир өтті. Қала әкімінің кубогына арналған сайысты Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай ресми түрде ашып беріп, жиналғандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Қайрат
Ырзақұлұлы салауатты өмір салтын өздері де көпшілікке үлгі етіп жүретін тілшілер қауымына сәттілік тіледі.
«Тәуелсіздік – тірегім» республикалық турнирінің жүлде қоры 2 миллион теңгеге жуықтап, оған еліміздің әр аймағынан келген БАҚ өкілдерінің 13 командасы қатысты.
Тартысты өткен сайыстың жартылай финалында алматылық «Аламан» жəне «Апорт» командалары кездесіп, 3-1 есебімен «Аламан» командасы жеңіске жетті.
Екінші жартылай финалдық кездесуде Қызылордадан келген «Ақмешіт» және «Хабар» телеарнасының Астана командасы кездесіп, 1-5 есебімен «Хабарлықтар» жеңіске жетті. Қызылордалық журналистер үздік үштіктен көрінді. Ал финалда «Аламан» және «Хабар Астана» командалары кездесті. Аса тартысты өткен кездесу 0:1 есебімен «Хабар Астана» командасының пайдасына шешілді.
Сонымен «Хабар Астана» командасы шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында Шымкент қаласы әкімінің Кубогы үшін өткен республикалық турнирде жеңіске жетіп, миллион теңгенің жүлдесін ұтып алды.
Турнирде ойын өрнегімен көзге түскен жекелей футболшылар да марапатталды. Жамбыл облысының намысын қорғаған Берік Уәли үздік шабуылшы атанса, «Үздік ойыншы» номинациясы Олжас Култешовке (Астана қаласы, «Спорт 59» командасы) бұйырды. Оралдық Есенжол Елекенов үздік қорғаушы атанып, «Үздік қақпашы» сыйлығын «Егемен Қазақстан» газеті командасының намысын қорғаған Алмас Манап иеленді. Бұл номинация иелеріне 25 мың теңгеден қаржылай жүлде берілді.
Жарыс жеңімпаздарын Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Мұрат Базарқұлов марапаттады.

Азамат ЖАППАР
Фото: Серік ҚОСАЕВ

Ұстаз құрметіне дәрісхана ашылды

Пятница, 21 Декабрь 2018 05:04

Ұстаз – ақылдың тозбайтұғын асылы. Шымкенттіктерге оқу ісінің үздігі Қаншагүл Балажанованың есімі жақсы таныс. Шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие берген ұлағатты ұстазды үлкен-кіші өзіне үлгі тұтады. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған жан 40 жылға таяу педагогика саласында еңбек етіп келеді.

IMG 20181220 112845

Шымкенттегі №68 жалпы орта мектептің ұжымы – бірлігі жарасқан, берекелі ұжым. Ұлағатты ұстаз Қаншагүл Балажанованы өткен жылы ұжымы зейнетке шығарып салса, биыл ардагер мұғалім құрметіне биология-лабораториялық дәрісханасы ашылды.
Ағартушы ұстаздың биология саласында өзіндік орны бар. Ол «Биология және ұлттық дүниетаным» тақырыбында өзінің еңбектерін жинақтап, тәжірибесімен бөлісті. 2014 жылы Шымкент педагогикалық институтының оқытушыларымен бірге студенттер мен жоғары сынып оқушыларға арнап «Зоопсихология» оқулығын жазды.

IMG 20181220 103900

Талапшылдығымен есте қалған ұстаз талай шәкіртті ұядан ұшырды. Бұл күнде шәкірттері еліміздің түпкір-түпкірінде жемісті еңбек етуде. Ал соңғы жылдары өзі ҰБТ-ға дайындаған мектеп оқушылары жақсы көрсеткішке қол жеткізіп жүр.
Қаншагүл апайдың 40 жылдан астам уақыттан бері атқарған тынымсыз еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қалалық, облыстық білім бөлімінің «Алғыс хаты», «Құрмет» грамотасымен марапатталған. Зейнетке шығар тұста №68 мектептің директоры Қ.Кенжебаев «Мінсіз қызметі» үшін төсбелгісін тақты.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Елбасының жақсы жобасы деп айтар едім. Бағдарламаның «Туған жерге тағзым» аясында мектеп ұжымы осы жылдардағы еңбегімді бағалап, дәрісхана ашуды жөн санапты. Ұжым мен шәкірттер артқан сенімді ақтауға тырысамын, - дейді ұстаз Қ.Балажанова.
Екі қыз, бір ұл өсірген оқу ісінің үздігі педагогтер арасында ерекше құрметке ие. Алға қойған жоспарларының ішінде ағартушылық бағыттағы жинақтар жазу ойда бар. Бүгінде ардақты ұстаз кезінде құрылысына еңбегі сіңген, өзіне ыстық мектепте бастауыш сыныптарға дәріс береді.

Bіlіm kókjıegіne dańǵyl jol ashqan táýelsіzdіk

Пятница, 14 Декабрь 2018 04:27

Táýelsіzdіk – ǵasyrlar boıy armandaǵan, azat kúnnіń kók baıraǵy jelbіregen elіmіzdіń eń ulyq merekesі.

IMG 5144

Bul – búgіngі bіlіmge qushtar órіmtal jastyń júregіne jetіp, sanasyna sіńіre bіlgen qasterlі uǵym. Shymkenttegі hımııa-bıologııa baǵytyndaǵy Nazarbaev Zııatkerlіk mektebіnіń oqýshylary táýelsіzdіk syılaǵan múmkіndіkterdі erekshe tebіrenіspen áńgіmeledі.
Daıana Aqylbek 10 synypta oqıdy. Nazarbaev Zııatkerlіk mektebі órennіń jańa tehnologııalardy meńgerіp, tіl úırenýіne úlken múmkіndіk syılaǵan. Ol bıyl muhıt asyp, AQSh-ta bіlіmіn jetіldіrіp qaıtty.
– Bıyl men úshіn qyzyq oqıǵalarǵa toly boldy. Onyń bіrі – Amerıkaǵa saparym. 400-ge jýyq oqýshy arasynan alyp memlekette bіlіm alý baqyty maǵan buıyrdy. Nıý-Iorktegі Kolýmbııa ýnıversıtetіnіń jazǵy mektebіne qatystym. Ekonomıka fakýltetіnde qarjy jáne álemdіk ekonomıka jaıly tanystym,- deıdі Daıana.
Mektep qabyrǵasynda júrіp, halyqaralyq deńgeıdegі ǵylymı jumystar men pándіk olımpıadadardan bólek, kórkem oqýlardan júldelі oryndardyń jeńіmpazy atanyp úlgergen ol, amerıkalyq tіl bіlіmіn zertteýshіlerge Abaı Qunanbaıulynyń qara óleńі men «Eskendіr» poemasyn oqyp berіptі.
– Jazǵy mektepke kelgen 10-ǵa jýyq memlekettіń azamattary óz elіn tanystyrý úshіn arnaıy kesh uıymdastyrdy. Elіmіzdіń namysyn qorǵaýda qazaqstandyq órender baryn salyp baqty. Abaı atamyzdyń týyndylaryn sheteldіk professorlar bіletіnіn aıtqanda, qatty qýandym. Bul – bіz úshіn úlken maqtanysh, - deıdі óren.
Elіmіzdіń órken jaıyp keńge sermeýі úshіn basty másele jas urpaqtyń bіlіmdі de tárbıelі bolyp jetіlýі ekenі belgіlі. Bul jolda Daıanadaı bіlіm men ǵylymdy ushtastyrǵan jalyndy jastardyń kóptіgі kóńіlge qýanysh syılaıdy.
– Bіz zııatkerlіk mekteptіń tabaldyryǵyn attaǵan kúnnen bastap ǵylymı jumystarǵa kóp kóńіl bólemіz. Mektepte erkіn bіlіm alýǵa jaǵdaı jasalǵan. Mysaly, arnaıy jylyjaı bar. Onda túrlі dárіlіk ósіmdіkter egіp, únemі baqylaýda ustaımyz. Búgіnde men Stayve ósіmdіgіn zerttep júrmіn. Bul – qant almastyrǵysh. Bolashaqta neırohırýrg dárіgerі bolsam deımіn. Bіzde bul salada bіlіktі mamandar joqtyń qasy. Babalar syılaǵan egemendіktі qadіr tutyp, táýelsіz eldіń bіlіmdі urpaǵy retіnde memleketіmіzdіń damýyna úles qosý basty maqsatym. Táýelsіzdіń tuǵyry baıandy bolsyn!

Шымқалада Жастар жылы басталды

Среда, 12 Декабрь 2018 04:20

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында үшінші мегаполисте Жастар жылының алғашқы форумы өтті.

DSC 0406

«Жастар – ұлттың басты капиталы» атты форумға танымал кәсіпкерлер, білім беру саласындағы тәжірибелі басшылар, белгілі спортшылар, республикалық жастар ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері, блогерлер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, бизнес өкілдері, қала жастарынан құралған 700-ден астам адам қатысты.
Жастар форумы республикалық қала мәртебесіне ие болғалы Шымкентте алғаш рет өтті. Қуаныш Шонбай, Бауыржан Қасымбергебаев, Ибрагим Ескендір, Серік Есматов,Арман Оспанов, Өркен Кенжебек сынды елімізге танымал спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісті. Спикерлермен бірге түрлі сала сарапшылары 5 сессия бойынша тәжірибе алмасып, қала жастарын дамытудың 2019-2020 жылдарға арналған жол картасын талқылады.

DSC 0158

Форумның екінші бөлімінде қалалық отбасы, балалар және жасөпірімдер ісі жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаев алдағы жылға арналған жол картасымен таныстырды.
– Шымкентте 250 мың жас бар. Олар қала тұрғындарының 25 пайызын құрайды. Жобаның бірінші бағыты – жастарды сапалы және қолжетімді біліммен қамтамасыз ету. Осыған орай «Shymkent Іnnovation» жобасын жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Бұл жобада 50-ге жуық студентке қаржылай грант берілу жоспарлануда. Ол жас ғалымдардың қоғамның өзекті тақырыптарын зерттеуге мүмкіндік береді.
Екінші бағыт – жастардың бос уақытын жүйелі ұйымдастыру. Жастарды эко туризмге жұмылдыру, спорттық-мәдени іс-шараларды ұйымдастыру, одан тыс спорттық үйірмелер мен секциялар ашу, аула клубтарын жандандыру, рухани тұрғыдан тәрбиелеу көзделіп отыр. Оған қоса бұқаралық спортқа баулитын «Серпіліс» жобасын іске қосуды ұсынамыз. Онда түрлі спорт түрлерінен жастар лигасы ашылып, 30 мыңа жуық жас қамтылады. Бұл жастарды зиянды әрекеттерден бас тартып, салауатты өмір салтын ұстанып, өмірлік ұмтылыс арттыруға серпіліс берері сөзсіз, - деді Ж.Төлембекұлы.
Ал үшінші бағыт жастарды жұмыспен қамтуға арналады. «Professional» жобасын жүзеге асыру үшін басқарма және қаладағы 12 ірі мекеме арасында меморандумға қол қойылды.
– Аталған жоба аясында студент жастар ТОП-100 компаниядан тегін 3 ай мерзімде тағылымдамадан өтеді. «Жас маман», «Neet» санатындағы жастарды қолдау да басты назарда. Бұған қоса биыл жаздан бастап кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдары өкілдерінің арасындағы әріптестігін нығайтатын «Парасат майданы» зияткерлік ойыны қолға алынды. Бұл жоба келесі жылы да өз жалғасын табады. 2019 жылы әріптестік әлеуметтік тапсырыс аясында 10 жоба іске асырылып, 40 мыңға жуық жас қамтылады. «Серіктес» жобасы арқылы қоғамдық бірлестіктерге мемлекеттік, әлеуметтік тапсырыс аясында қолдау көрсететін боламыз, - деді басқарма басшысы.
Форумның қорытынды бөлігіне қатысқан қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жастарға мемлекет тарапынан жасалған мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды.
– Елбасы тапсырмасына сәйкес алдағы екі жылда Шымкентте 8 мың орындық жатақхана соғылады. Қаламызда заманауи жоғары оқу орнын ашу да жоспарда бар. Жыл соңына дейін жастар кәсіпкерлігін дамыту бойынша жоба жасалынады. Енді сіздер осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ел үмітін ақтауға тырысыңыздар. Жалпы, кез келген жұмысты істеуден бас тартпауға кеңес беремін. Тынымсыз еңбек адал табыс сіздерді жетістікке жеткізеді, - деді қала əкімі.
Форум соңында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жастардың білім алуына, жалпы, жастар саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін қаладағы жоғары және арнаулы оқу орындарының өкілдері қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. 

Страница 40 из 51