Н. Назарбаев: Бағдарламалар бекiтiлдi, тапсырмалар айқын. Ендi тек жұмыс iстеу керек

Среда, 06 Август 2014 09:16 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3759 раз

 

  Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің алты айғы қызметін қорытындылауға, экономика және әлеуметтік саланың өзекті мәселелеріне арналған кеңейтілген отырысында министрлер кабинетінің  ағымдағы жылғы басты міндеттері айқындалып,  шешімдер қабылданды. 

       «Барлық өңірлерді менің тапсырмаммен Үкімет басшысы аралап шықты, әкімдермен кездесті. Бағдарламалар бекітілді, индустриялық жоспарлар бар. Дүниеде болып жатқан алмағайып заманда, оның ішінде ТМД елдерінде орын алған оқиғалар аясында біз де барлық мәселелерді сараптан өткізіп тұруға тиіспіз. Қазақстанға осындай оқиғалардың қиындығы тиеді, ол қай бағытта тиеді, оның алдын алу үшін не істеу керек? Ең негізгі мәселе экономиканы өркендетуді жолға қоюымыз керек. Бүгін негізгі әңгіме осы жайында болады», - деп жиынды ашқан Елбасы ықшамдалған Үкіметке бірқатар міндеттер жүктеді.

      Үкімет бүгінгі күні табан астынан тап болатын тәуекелдерге шапшаң жауап беруге міндетті. Қазақстан экономикасының жаңа интеграциялық жағдайда жұмыс істеу шараларын тереңдетуі тиіс. Сондай-ақ, Үкімет алдында экономиканы әртараптандыру міндеті тұр.  Бұл орайда Елбасы экспорттық әртараптандыру үшін көлік саласын дамыта түсу қажеттілігін ескертті. Ол үшін Қытаймен арадағы «Қорғас шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының жұмысын аяқтау қажет. Ақтау мен Құрық теңіз порттарындағы инфрақұрылымды бітіру де маңызды. Экономиканы ынталандыру мақсатында Ұлттық қордан 500 млрд. теңге тартылған болатын. Олардың ішінде шағын және орта бизнесті несиелендіруге 100 млрд. теңге, банктерді сауықтыруға 250 млрд. теңге, индустриялық-инновациялық жұмыстарды жүзеге асыруға 150 миллиард теңге бөлінген. 2015 жылы Ұлттық қордан екінші транш, яғни және бір 500 млрд. теңге тартылмақ. «Халықаралық қаржы институттарымен жалпы сомасы 7 миллиард долларды құрайтын келісімдер жасалды. Бұл - аса маңызды мәселе. Сондықтан да, Үкіметке ағымдағы жылдың бірінші қыр-күйегіне дейін 2015 жылы транштың екінші бөлігін ашуға қатысты нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Ол бойынша 500 миллиардты пайдалану жолдарын білуге тиіспіз», - деді Елбасы. Қызмет көрсету саласын дамыту да Үкіметке жүктелген міндеттердің бірі. Бұл ретте Үкімет жыл соңына дейін  Қызмет көрсету саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі кешенді бағдарламасын қабылдауы тиіс. Жыл сайын ауыл шаруашылығы саласындағы субсидия мөлшері артып, соңғы бес жылда көрсеткіш бес есеге көтерілгенін, алайда нәтижеге көңіл толмайтынын айта келе, Елбасы Үкіметке ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған субсидиялау тетігін өзгертіп, қайта қарауды тапсырды. 

Сондай-ақ, желтоқсанға дейін Бизнесті қолдаудың бірегей бағдарламасын әзірлеу жүктелді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің 2014 жылдың 1 қазанына дейін жиналған айыппұлдары мен өсімдеріне салықтық рақымшылық жасау тапсырылды. Қаржы секторын сауықтыру аясында Ұлттық банк Үкіметпен бірлесе отырып, экономиканы долларсыздандыру мәселесіне көңіл бөлуі керек. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы кеңейтілген отырысқа қатысушыларға өңірлік саясаттың маңыздылығын атап көрсетті.   Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде жыл сайын шамамен 500 млрд. теңгені өңірлер экономикасын дамытуға жұмылдыру көзделгені мәлім. Дегенмен, Елбасы бағдарлама аясында бірқатар шаралардың тиісті деңгейде атқарылмай отырғанын айтып өтті. «Он-жиырма түтіннен тұратын ауылға бір-бір аурухана сала алмаймыз, есесіне заманауи жабдықтары бар, білікті дәрігерлер қызмет ететін ауруханалар ірі елдімекендерге салынуы керек. Сонымен бір мезгілде, шағын ауылдар жылжымалы медициналық кешендер арқылы қамтамасыз етілуі тиіс», - деді Н. Назарбаев. 

 

      Сондай-ақ, өңірлердегі білім беру нысандарының құрылысы, таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жекелеген өңірлерде мүлдем мардымсыз жүргізіліп жатқаны сынға алынды. «Ел дамуы үшін маңызды саналатын бағдарламалар қабылданды, алайда оны атқару ақсап тұр, жеделділік, икемділік жоқ. Министрліктерде әлі де болса тапсырмалар мен міндеттерді орындаудың көпбуынды жүйесі сақталып тұр. Дәл осындай көпбуындылықтың салдарынан соңғы жылдары ішкі құжат айналымы 3-4 есеге артқан», - деді Мемлекет басшысы.

        Кеңейтілген отырыс барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев, Қаржы министрі Б. Сұлтанов алты айда атқарылған жұмыстар бойынша есептік баяндама жасады. Бақытжан Сағынтаевтың  мәлімдеуінше, Ұлттық қордан бөлінген 100 млрд. теңге кәсіпкерлердің қолына тиюде. Банктермен жалпы сомасы 70 млрд. теңгені құрайтын 327 жоба мақұлданған. Экономиканың басты салаларындағы инвестициялық жобалар айқындалған. Елбасы вице-премьер Б. Сағынтаевқа бюджет қаражатын тиімді пайдалануға тікелей жауапты екенін ескертті. Ал, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мемлекеттік қазына өткен алты айда былтырғыға қарағанда он тоғыз пайызға толыққанын  мәлім етті. «Алты айда бюджет кірісі өсті, бюджеттің барлық деңгейіндегі түсімдер орындалды. Мемлекеттік қазына он тоғыз пайызға немесе былтырғыға қарағанда алты жүз екі миллиард теңгеге толықты. Бұл өсім Ұлттық қордың трансферттерін арттырудан да орын алды», - деді министр. 

        Кеңес соңында Елбасы Үкіметтің жаңартылған құрамының жұмысына сәттілік тіледі.  «Тұрмысты шалықтатып, тіршілікті түзетін тек - бейбіт өмір, адал еңбек. Жасампаз істер татулық пен тұрақтылық арқылы ғана жасалады. Барды бар етіп, құндылықты қадірлеу – әрбір азаматтың міндеті. Ел бірлігі – ең асыл қазына, ең асыл қасиет. Осы асыл қазынаны көздің қарашығындай сақтау тұтас Қазақ елінің алдындағы ұлы парыз. Сондықтан да, «Қазақстан-2050» бағытында айқындалған Мәңгілік Ел болу жолындағы жұмыс жалғасады. Осында отырған баршамыз, сондай-ақ барлық қазақстандықтар елдің ертеңі үшін жұмыс істесек, сонда ғана мақсатымызға жетеміз. Бағдарламалар бекітілді, тапсырмалар айқын. Енді тек жұмыс істеу керек. Ендеше сәттілік тілеймін», - деді Мемлекет басшысы.

 

 

 

 

Последнее изменение Пятница, 08 Август 2014 03:41
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.