Түйме өндірісі дамып келеді

Пятница, 30 Январь 2015 06:12 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 7801 раз

2007 жылы төрт жұмысшымен түйме шығаруды бастаған Шымкенттегі «KazPlast» компаниясы енді өндіріс көлемін ұлғайтпақ. Бүгінгі таңда айына 50 мың дана түйме шығаруды қолға алған кәсіпорын алдағы уақытта еліміздің барлық тігін фабрикасын отандық өніммен толықтай қамтымақ.

tuimelerrҚазақстанда алғаш рет түйме өндірісіне бет бұрған компанияның жоспарын қолдап, қаржылық көмек көрсеткен – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Аталған қор өз кепілдемесі арқылы банктен құрал-жабдықты алуға 45,175 млн. теңге несие алған. Осы қаржыға сатып алынған құрылғы арқылы көйлектерге, тондарға және арнайы әскери киімдерге жаңа түйме жасауға мол мүмкіндік қарастырылған.
Кәсіпорын басшылығының мәлімдеуінше, осы уақытқа дейін мұнда 135 млн-нан астам түйме шығарылып, тұтынушыларға жеткізілген. «KazPlast» компаниясы директорының орынбасары Ақылбек Алматовтың айтуынша, аталған өндіріс орны Қазақстан нарығын қамтып отыр. Атап өтерлігі, зауыт өнімі аса қымбат емес. Мәселен, ең арзан түйме 1 теңге 80 тиын болса, ең қымбаты 4-5 теңгеге жуық. Түймелер пішіні мен диаметріне қарай бағаланады.
– Енді бір айда жаңа технология бойынша түйме шығарамыз. Себебі түйме өндірісінің ескі әдісі бойынша сұраныс азаюы мүмкін. Компания үнемі даму жолында болу керек. Сол кезде ғана тұтынушылар саны ұлғайып, халықаралық нарықта бәсекелестікке қабілетті бола аламыз, – дейді А. Алматов.
«KazPlast» компаниясы шығаратын түйме өндірісі автоматты түрде басқарылады. Өндіріске қажетті шикізат көрші Ресейден тасымалданады. Қазір цехта бір ауысымда 16 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта өндіріс көлемін 10 есеге дейін арттыру көзделіп отыр. Келесі айда Италиядан жаңа станок әкелініп, соның көмегімен сәнді киімді көркейте түсетін түрлі түймелер шығарылмақ. Тиімдісі сол, ол түймелер бағасы жағынан шетелдікінен 20%-ға арзан болады. Болашақта жаңа станок шығаратын түймелер шетелге де экспортталмақ.
Айта кетейік, шымкенттік цех қазір тек түйме ғана емес, пластмасса ыдыстардың негізін, сондай-ақ түрлі қақпақтар да шығаруда.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.