Рейхстагқа ту тiккенде куәгер болған жауынгер Избранное

Пятница, 27 Февраль 2015 03:50 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3944 раз

qYTVtRorMqk«...Соғыстың соңғы сәттері. Берлиннің барлық көшелерінде оқ борап жатыр. Ол оқты енді біз атып келеміз. Автоматтың шүріппесін  басқан сайын бойға төрт жыл бойы жиналып қалған қанды кек бірге атылғандай болды. Міне, алдымызда атақты Рейхстаг тұр. Тірі жеткендердің барлығын кең аулада сапқа тұрғызды. Сосын сапқа бұйрық беруші екі жауынгердің есімін атады. Оларға:
– Мына туды Рейхстагқа тігіңдер! Қане, тез! – деді. Екеуі бірінші қабатқа іліне бергенде жау оғынан мерт болды. «Келесі бұйрықты кімге берер екен?», – деп тұрғанымызда Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовты атады. Рейхстагқа көтеріле бергенде Рақымжан аяғынан жараланып, төмен сырғанай берді. Сол кезде Григорий иығын тосып, ұстап қалды. Ал, қазақ солдаты қолтығындағы қызыл  Туды Рейхстагқа бекітті. Тұңғыш Жеңіс сағаты осылай соқты!»

20150225 153641Бұл – Ұлы Отан соғысының ардагері Зұлпыхар Қалидің  соғыста болған оқиғаларды жас ұрпаққа қалдыру үшін естелік етіп жазған «Отты жылдар жаңғырығы» атты кітабынан  үзінді. Ардагердің өмір жолы да, өн бойы да қазына. Бір бойында әншілігі мен ақындығы үйлесім тапқан. Осы күнде тарихтан ойып орын алған Рақымжан Қошқарбаев пен қазақ вальсінің падишасы атанған Шәмші Қалдаяқовтың көзін көрген. Тіпті, атақты композитормен жақын араласыпты. Бораған оқтың арасында жүріп, халық әндерінен қуат тапқан. Өзге ұлттардың да әндерін айтты. Сол кездері кеудесіндегі мұң мен шерді, соғыстың азабын таза мақпал үнімен шығарып отырды.
Зұлпыхар Қали 1920 жылы Төлеби ауданы, Ақбастау ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған ол қарындасы екеуі Сайрамдағы балалар үйінде біраз уақыт өткізеді. Ашаршылық жылдары халық сансырап, ағайынның баласы тұрмақ, қарақан басын асырай алмайтын заман туды. Зұлпыхар ақсақалдың айтуынша, айнала аш-жалаңаш балаларға  толы болды. Олар жетімдер үйіне тапсырылып жатты. Бәрібір асырай алмасын сезген үлкендер жағы үнсіз қала берген.
– Балалар үйінде біраз болдық. Содан бір күні балалар үйінің қызметкері қарындасым екеуіміздің жиналып, жолға шығатынымызды айтты. Біз ауылға барамыз деп қуанып едік, сөйтсек, Шымкентке барады екенбіз. Қалаға келдік. Жетекшіміз кішкене күте тұруымызды айтып, өзі ішке кіріп кетті. Жуық арада шыға қоймады. Аулада қорабы бар көлік тұр екен. Ішінде не бар екенін білмек болып, балаға тән қызығушылықпен үңілдім. Қорыққанымнан қалай құлап кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Қарындасым сүйеп, тұрғызды. Не болғанын сұрады. «Кетеміз! Кеттік!» деп айқайлай беріппін. Қарындасым екеуіміз жетектесіп ауылға қарай жөнелдік. ...Ал, қораптың ішінде аштықтан өлген балалардың денесі үйіліп жатқан еді. Біз де солардың кебін киетіндей зәрем қалмады. Ауылдағы ағаларымның қолына келіп, солардың арқасында аман қалдым. Оларға да қолқанат болып өстім. Дауысым ұнайтын еді. Содан ағаларым «Елдің жағдайы оңалсын, сені оқуға береміз. Әнші болып шығасың!» деп көңілдендіріп қоюшы еді, – дейді Зұлпыхар ақсақал.
Өкінішке қарай, Зұлпыхар әншілік оқуға түсе алмады. Оның бала арманын соғыс талқан етті. Кеше ғана бірге құлын тайдай тебісіп жүрген құрдастарының қатары күн санап азая берді. Көп ұзамай қаралы хабарлар келіп жатты. Ауыл іші сыңсуға толды. Зығырданы қайнаған ол соғысқа баруға сұранады. Әскерге  1941 жылдың 27 қарашасында шақырылды. Қияметі мен қиындығы мол соғыс жылдарында кеудесін оққа тосты. 1941 жылы өзге солдаттармен бірге Қиыр Шығысқа аттанды.
– Қиыр Шығыстағы Маньчжурияда 1944 жылға дейін болдық. Жапон әскерлері шекараға тақау жатыр дегенді естідік. Осы хабардан кейін бізді Батыс майданына алып кетті. Сол жылдың қысында біздің батальонды Қазан қаласының шығыс жағындағы Дергачев деген селоға әкелді. Жаңа әскери киімдер беріп, соғысқа әзірледі. 1944 жылдың наурыз-сәуір айларында Керч қаласында алғаш рет қанқұйлы соғысқа кіріп, мен сол жерде жамбасымнан жараландым.  1944 жылы Венгрияның «Балатон» көліндегі кескілескен  соғыста басымнан жарадар болдым. Неміс басқыншыларымен болған шайқаста біздің батальон Румыния, Болгария, Венгрия, Чехославакия, Польша мемлекеттерін азат етті. Мұнан соң, Германия шекарасына қарай бет алдық. Дрезден қаласында бетіме оқ тиіп, жараландым. Сөйлей алмадым. Не керек, содан контузия алдым. Оған қоса, бір көзім де көрмей қалды. Краснодар өлкесіндегі Усть-Лабинская стансасында жарты жылға жуық емделдім. Денсаулығым жақсарған соң, Дрезден қаласындағы өзімнің әскери бөлімшеме келдім. Содан, Магдебург, Лейпциг қалалары арқылы Берлинге жақындадық, – дейді ардагер өзі жүріп өткен жауынгерлік жорық жайында.       
Зұлпыхар Қали соғыста жүргенде де, елге оралғанда да бірнеше рет ажалдан аман қалыпты. Венгриядағы Балатон көлінің маңындағы қиян-кескі ұрыстардың бірінде бомба жарылады. Соның салдарынан қазақ жауынгері топыраққа көміліп қалады. Оның маңынан өтіп бара жатқан «санитаркалар»  бұл кісінің шинелінің шетін кездейсоқ байқап қалған екен. Содан топырақтың астынан шығарып алыпты. Бірде жамбасынан жараланса, енді бірде бетіне оқ тиеді. Екі рет қасқырлармен бетпе-бет келіп, алысты да. Әйтеуір, көрер жарығы бар екен. Бүгінде ақсақал 95 жаста. Арманы – Ұлы Жеңістің 70 жылдығын көру. Елмен бірге қуану.
Қазақ жауынгері еліне 1947 жылы оралды. Колхоз жұмысына араласты. Алғашында Шымкенттегі цемент зауытында, мұнан соң фосфор зауытында жұмыс істеді. Өндіріс басшылары, кәсіподақ ұйымдастырған іс-шаралардың бел ортасында жүрді. Мамыркүл әжемен бас қосып, 11 бала сүйді. Олардан 80 немере, 50 шөбере көріп отыр. Келіні Нұрболсын Қалиева атаның ас-ауқатын дайындап, жанында жағдайын жасауда. Зұлпыхар Қалидің қазір жүріп-тұруы қиын. Көп сөйлесе шаршаңқырап қалады.
Бүгінгі ұрпаққа Зұлпыхар ақсақал секілді соғыс ардагерлерінің ерлігі мен өмір жолы ертегідей көрінер. Даңқы өшпес сол күндерді еске алу әрі қасіретті әрі қастерлі. Ұмыту мүмкін емес.                   

Последнее изменение Пятница, 27 Февраль 2015 06:22
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.