Темiржолда абай болыңыз!

Пятница, 27 Февраль 2015 04:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3446 раз

Арыс, Түлкібас, Сайрам және Сарыағаш локоматив депосында (ДЧ-32) қаңтар айында төрт қайғылы оқиға орын алды. Бір айдың ішінде жүйткіген пойыздардың жүргізушілері қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін 27 рет шұғыл түрде тежегішті басуға мәжбүр болған.

616084Осы орайда, мамандар теміржолда қауіпсіздік ережелерін сақтап, арнайы белгіленген жерлерде ғана өту керектігін ескертеді.
Теміржолда ажал құшқан баланы анасы мектепке шығарып салған екен. Алайда, бір нәрсесін ұмытып кеткен болу керек, бала үйіне кері қайтқан. Сол кезде алыстан жүйткіп келе жатқан пойыздың жанынан өте бергенде мойнындағы шарфы пойыз вагонына ілініп, бүлдіршінді сүйреп әкеткен. ТД-16 Шымкент айналым депосының еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі инженері Сағидулла Мәденовтың айтуынша, теміржол маңында қауіпсіздік ережелері сақтала бермейді. Соның салдары қайғылы жағдайларға алып келеді.
–  Теміржолдың бойында тұратын халық малын бос жібереді, ал балалары әрі-бері мектепке өтеді. Тіпті, кейбірі сол маңайда ойнап жүреді. Біз оларға бұлай етпеу керектігін үнемі ескертеміз. Мектептерге арнайы барып, түсіндіреміз. Ең бастысы қауіпсіздік ережесін сақтаған жөн. Әсіресе, үлкендер балаларының теміржолдан өткенде абай болуына жіті назар салса екен, – дейді С.Мәденов.
Өткен жылы теміржолда 14 адам қаза болған. Машинистер әртүрлі оқыс жағдайларға байланысты пойызды 535 рет жедел түрде тоқтатуға мәжбүр болыпты.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.