«Әуе толқынында – қазақ радиосы»

Среда, 10 Февраль 2016 06:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6399 раз

Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосы кең тынысты руханилығымен, танымдық бағдарламаларының көптігімен ерекшеленеді. Бүгінде шымкенттік тыңдармандар да әуе толқыны арқылы жағымды жаңалықтан хабардар болып, ұлттық руханиятымызбен сусындауда.

1353923308Қазақ радиосының Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Ерсұлтан Әмірбектің «Facebook» парақшасындағы жазбасы ә дегеннен-ақ, қызу қолдауға ие болды. «Оңтүстiктегi әрбiр клуб, мәдениет үйлерi маңында Қазақ радиосы әуелеп тұрса, бұл ұсынысты облыстық мәдениет басқармасының басшысы жүзеге асыруға атсалысса» деген журналистің ұсынысы көпшілікке ой салды. Осы орайда, «Біз радиомен біргеміз» атты акция аясында облыстық мәдениет басқармасы игі шараны қолға алды. Алғашқы болып, «Оңтүстік Цирктің» ғимаратының маңдайшасында Қазақ радиосы қосылды. Қазір облыстық
Ж. Шанин атындағы академиялық драма театры, облыстық қуыршақ театрында да әуе толқыны арқылы радио жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, Мақтаарал, Созақ, Шардара, Отырар аудандарындағы мәдениет үйлерінде де ұлттың үні болған Қазақ радиосы орнатылуда. Қазір мекемелер ғана емес, жолаушылар мен жүргіншілер де радиодағы хабарға сүйсініп, құлақ түре бастады.
– Сағат сайын ақпарат алып, ән тыңдап жатса қанекей! Ұсынысты құптаған Оңтүстік жұртшылығына алғыс айтамын. Алдағы уақытта автовокзал, темiржол вокзалы, әуежай, саябақ, сауда орталықтары мен базарларда да қазақ әуендерi қалықтап тұрса... Ұлттық идеологияның қайнар көзi Қазақ радиосын тыңдап, қазақша сөйлейік! – дейді Е. Әмірбек.
Шалқар радиосының 50 жылдық мерейтойы қарсаңында шымкенттіктер игі бастаманы осылай қолдауда. Шындығында шырқалған әсем ән, рухани сөз кез келген адамның жанын жадыратады. Тәулік бойы тыңдаушыларына ел жаңалықтарын, түрлі танымдық хабар, бағдарламаларын ұсынатын Қазақ радиосы серігіңізге айналсын, ағайын! 

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.