Бiр айда 159 жол-көлiк оқиғасы...

Пятница, 30 Январь 2015 06:22 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 4902 раз

Жол-көлік оқиғасы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы республикада екінші орында тұр. Бұл жөнінде еліміздің  Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті  мәлім еткен еді.

1421575954pg1blРеспублика бойынша  өткен жылы 20 378  жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 28 527 адам қаза болған және жарақат  алған. Мәселен, жол апатынан ең көп қаза тапқандар саны Алматы облысында – 468, Оңтүстік Қазақстанда – 432, Қарағанды облысында – 210 және Жамбыл облысында – 203. Мамандардың айтуынша, ең қауіпті жолдардың қатарына біздің де облысымыз кіреді. Өткен жылы оңтүстікте 3 370 жол апаты орын алған.
Биыл облысымызда бір ай көлемінде 159 жол-көлік оқиғасы орын алып, 23 адам қаза болды. Ал, 216 адам түрлі жарақат алды. Өткен жылдың  қаңтар айымен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы біршама азайған. Мұны әкімшілік полиция қызметкерлері еліміздегі «Жол қозғалысы туралы» жаңа заңның күшіне енуімен орайластырады. Салыстыру үшін айта кетейік, 2014 жылы қаңтар айында 181 жол-көлік апаты тіркелсе, 21 адам қаза болған.  243 адам жарақат алыпты. ОҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Нұрғали Исаховтың айтуынша, жол-көлік апаттары әсіресе, республикалық маңызы бар жолдарда көптеп орын алады. Жол-көлік оқиғасының орын алуына жаяу жүргіншілердің де ықпалы бар.  
– Біздің тарапымыздан күнделікті жаяу жүргіншілерге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Олар кез келген жерден жолдың қарсы бетіне өтуді әдетке айналдырған. Уақытын үнемдегісі келетін шығар. Бірақ, қауіпсіздікті де ұмытпаған жөн. Жаяу жүргіншілер рұқсат етілмеген жерден өтсе, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Жол апатының орын алуына тек көлік жүргізушісі ғана емес, сонымен қатар жаяу жүргіншілердің де әсері болады. Олар да жол жүру ережесіне бағынуы тиіс, – дейді ОҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Нұрғали Исахов.
«Жол қозғалысы туралы» жаңа заңға сәйкес, облысымызда әлі де түсіндіру жұмыстары жалғасын табуда. Осыған байланысты, «жол полициясы» қызметкерлері автокресло, бустер, юлька секілді арнайы құрылғы,  қауіпсіздігіне арналған автоқондырғылардың балалардың жас айырмашылығына қарай қажеттілігін түсіндіріп жатыр. Н.Исаховтың айтуына қарағанда,  Ішкі Істер Министрлігінен арнайы нұсқау түскенше балаларын автоқондырғысыз алып жүргендерге әзірге айыппұл салынбайды.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.