Биыл ән падишасы Шәмшi Қалдаяқовқа арналған облыстық ән байқауы 18 рет өткізілгелі отыр. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін ән байқауының іріктеуіне аудан-қалалардан 17-29 жас аралығындағы 34 үміткер жолдама алды. Белгілі композитордың әндерін, ән өнерін дамыту, қазақ әндерін орындаушылар арасынан жас талант иелерін анықтау және Оңтүстік өңірінен шыққан жергілікті композиторлардың шығармаларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отырған байқауға 27 үміткер іріктеуден өтті.
Байқауға іріктеу кезеңінің құрамында Қазақстанның мәдениет қайраткері Әбдіхан Нұрмағанбетов, облыстық мәдениет басқармасының мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Ғалия Шарафиева, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығындағы дыбыс жазу студиясының музыка өңдеушісі Тәжібай Баубеков болды. Десе де, жас өнерпаздар бар қазақты тамсандырған, таңнан таңға ән салдырған Шәмші әндерін өз деңгейінде орындаған жоқ. Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда өткен байқауға іріктеуде қатысушылар талап үдесінен шықпады. Сахнаға шыққан арыстық Нартай Әбішев ә дегеннен сүрінді. Біртуар талант иесінің «Әнім сен едің» әнін тыңдармандарға жеткізе алмады. Қазылар алқасының мүшесі ҚР мәдениет қайраткері Әбдіхан Нұрмаханбетов ән аранжировкасының 16 жылдан бері өңделместен айтылып келгеніне қынжылысын білдірді. Түркістан қаласынан келген Халипа
Кенжетаева да «Ақсұңқарым «әнін нәшіне келтіріп орындамады. Аты аңызға айналған Қазақстанның Халық әртісі Роза Бағлановаға ұқсағысы келген үміткер әнді тақпаққа ұқсатып жіберді. Ал ән еркін, әсерлі айтылуы керек, деген қазылар алқасының мүшелері қатысушылардың ән орындауына көңілі толған жоқ. Орындалған әндердің әуені байқау талабына сай болмай шықты. Үміткерлердің дайындықсыз келгені де көрініп тұрды.
– Шымкенттік Айбек Қанатбек Шәмшінің әнін арияға айналдырып жіберді. Ал Шәмші әндері сұлулықты жақсы көреді. Ең бастысы, әншінің орындаушылық шеберлігі, диапазондары, музыкалық эстетикасы, сахнада өзін еркін ұстауы көңілімізден шықпады. Қатысушылардың көбісі әнді дұрыс таңдамаған, ескі аранжировкамен келген,-дейді қазылар алқасының мүшесі Ғалия Шарафиева.
Облыстық әншілер мен жас композиторларға арналған ән байқауы 1992 жылдан бері өткізіліп келеді. Байқау бүгінде қазақ эстрадасында танымал Гауһар Қаспақова, Тахмина Әшімбекова, Тоқтар Серіков, Асқар Жүнісбеков, Сәкен Қалымов, Шәкизада Байбатжанова сынды өнер иелерінің жұлдызын жақты. Есімін елге танытты. Іріктеу кезеңінде 22 үміткер «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауына жолдама алды. Ақтық сайыс тамыздың 16-да «Шәмші әлемі» гүлзарында өткізіледі. Жеңімпазға 300 мың теңге қаржылай сыйлық тағайындалып отыр.
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ.