Конституция күнi – мемлекеттiк мереке

Понедельник, 25 Август 2014 04:16 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4907 раз

Кез - келген өркениетті мемлекеттің өз конституциясы болады. Елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығы көп жағдайда сол конституцияның, яғни Негізгі заңның дұрыс жұмыс істеуіне байланысты болмақ.

Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Иә, Қазақстан халқы осыдан он тоғыз жыл бұрын жаңа Конституцияның қабылдануына дауыс беріп, өзінің тарихи таңдауын жасаған еді.
Ал 30 тамыз — Конституция күні болып бекітілді. Негізгі заң тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық және мемлекеттік құрылысының іргелі қағидаттарын бекітіп, демократиялық институттардың дамуына мықты қуат берді. Қоғамдық татулық  пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық  патриотизм және мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу республика қызметінің түбегейлі принциптері болып бекітілді.
Ата заңымыз бойынша мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі — халық болып табылады. Мемлекетіміздің Конституциясы — бұл біздің бірлігіміздің, татулығымыздың кепілдігі, биліктің барлық буынының жолға қойылған, тиімді жұмысы, еңбек ету, лайықты өмір сүру және жан-жақты үйлесімді даму үшін адамның құқықтары мен бостандықтарын бекіту, ұлтаралық келісім мен елдің гүлденуі болып табылады. Конституция Қазақстан азаматының өмір сүруге, сөз еркіндігіне, шығармашылық еркіндігіне сонымен қатар дін ұстанымы еркіндігіне, еңбекке, демалысқа, денсаулық сақтауға, ақысыз орта білім алуына және жеке адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмау құқығына кепіл болады. Әр қазақстандық азамат біздің Конституциямызда жария етілген демократиялық құндылықтардың сақталуына жауапты. Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіладамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің қамтылғанын айғақтайды.
Конституция күніне орай еліміздің барлық қалалары мен елді мекендері секілді, Оңтүстік Қазақстан облысында да кең көлемде мерекелік шаралар өткізіледі, алаңдар мен сахналарда белгілі әншілер, өнерпаздар, шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді. Конституция күні — айрықша қадірлі мереке.

Салтанат АЙТУРЕЕВА,
Әділет департаменті зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің
бас маманы.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.