Шымкент қаласы облыстың ғана емес, республика бойынша ірі мәдени-рухани, тарихи орталығы болып саналады. Соның дәлеліндей Шымқала өзге шаһарлардан бой көтерген қайталанбас ескерткіштерімен ерекшеленеді. Бүгінде шаһардың көрікті орындарында ел есіндегі ерлерге, тарихи тұлғаларға, қоғам қайраткерлеріне, арнап қойылған ескерткіштер қала келбетін одан сайын айшықтандыра түседі. Тарихтан тамыр тартатын, ұлылықты дәріптейтін мүсіндер елдігіміздің белгісі іспетті.
БӘЙДІБЕК БИ
Тұғыры биік Бәйдібек бидің мүсіні еліміз бойынша ең биік нүктеде орнатылған ескерткіш саналады. Шығыс зерттеушілерінің жазбаларында оны Қазақ хандығының құрылуында ерекше орны бар ежелгі Үйсін бірлестігіне кіретін Албан, Суан, Дулат, Сарыүйсін, Шапырашты, Ысты, Ошақты ру тайпаларының түп атасы деп көрсетеді. Өз заманында көшпелі елдің басын біріктіріп, елді, жерді сыртқы жаудан қорғаған қолбасшы көзге түскен тарихи тұлға деп жазылады. Аты — аңыз, сөзі өсиет болған баба ескерткішінің облыс орталығындағы ең биік орынға жайғасуында сыр бар. Біріншіден, қалаға кіре беріс даңғыл жол Бәйдібек бабаның есімімен аталса, екіншіден ескерткіш орнатылған бағытта Бәйдібек ауданы бар. Осы ескерткіштің орнатылуына мұрындық болып, авторлық үлесін қосқан облыс басшысы Асқар Мырзахметов.
Тұғыры 9 метр, биіктігі 10 метрге жуық ескерткішке көтерілген жан қаланы алақандағыдай көре алады.
АЛПАМЫС БАТЫР
«Жиделі-байсын жерінде, Қоңыраттың елінде, Байбөрі деген бай бопты, Бір перзентке зар бопты…» деп келетін қазақ эпосы жырының бас кейіпкері Алпамыс батырдың ескерткіші Шымкенттің оңтүстік-батыс жағынан кіре берісінде орналасқан. Байшұбардың үстіндегі Алпамыс батыр ескерткішінің екі жанына алып арыстан бейнеленген. Қайсар рухты танытқан алып ескерткішті жеке кәсіпкер Құнанбай Шындәулетов тұрғызған. Арғымақ мінген батырдың мүсіні елді бірлікке, ынтымаққа шақырып тұрғандай әсер қалдырады.
СЕЙДОЛЛА
БӘЙТЕРЕКОВ
Сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сейдолла Байтерековке арналған мыстан құйылған ескерткіштің биіктігі-3 метр 60 см. Құны 10 миллион теңгелік ескерткішті тұрғызуға демеушілердің қаржысы жұмсалған. Ескерткіштің образын жасаған автор-мүсіншілер — ҚР мәдениет қайраткерлері Сұлтан Иляев пен Мұратбаев Әбдуақат.
Ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің мақтанышы Сейдолла Бәйтереков – ән өлкесінде өзіндік орын алған сазгер. Оның әндері қазақ өнерінің табиғатындағы тазалықты, өрлікті, сыршылдықты, сұлулықты паш етеді. Оның кинофильмдерге, драмалық қойылымдарға, симфониялық оркестрге, хорға жазған туындылары Қазақстан композиторларының үздік шығармаларының қатарынан берік орын алып, әндері музыка сүйер қауымның рухани азығына айналған.