Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Н. Назарбаев Үкімет он екі министрлік пен пен 30 комитет құру туралы шешім қабылдағанын мәлім етті. «Бүгінде 17 министрлік, 9 агенттік, 54 комитет, 272 департамент бар. Яғни 12 министрлік, 30 комитет қалады, ал барлық 9 агенттік жойылып, комитет түрінде министрлік қарамағына кіреді», - деді Мемлекет басшысы. Бұл Елбасының Парламентпен және Үкіметпен ақылдаса келе қабылдаған шешімі.
Осы орайда Елбасы бірқатар жаңа құрылымдар мен олардың қызметтеріне тоқталды. Жаңа құрылатын бес министрлік ішінде ұлттық экономика министрлігі бар. Оған бүгінгі экономика министрлігінің өкілеттігі, бюджеттік жоспарлау мен өңірлік даму қызметтері беріледі. Статистика жөніндегі агенттік пен табиғи монополияларды реттеу агенттіктері, тұтынушылар құқығын қорғау, бәсекелестікті дамыту агенттіктері де осыған кіреді. «Егер бизнес-қалтаңды мемлекет жұмысымен шатастырсаң, ертесінде-ақ жұмыстан қуыласың», - деп ескертті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық экономика министрі ретінде Ерболат Досаевты таныстыра отырып. «Бұл біреуіңе ғана емес, бәріңе де байланысты. Шындығында, бизнес сектордан тәжірибелі азаматтарды тартудың еш айыбы жоқ. Бұнда біз ондай кәсіби басшылардың істі басқаруға септігін тигізетінін есепке аламыз», - деді
Н. Назарбаев.
Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірігіп, Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігі деп аталатын болды. «Министр лауазымына кеңесе келе, бұған Тамара Дүйсенова жетекшілік етеді деп шештік. Ал Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбековаға ешқандай кемшілік жоқ, тек біріктіріп жатырмыз. Егер келіссеңіз, онда министрдің бірінші орынбасары болып тағайындаласыз, бұрынғы жұмыстар ауқымын жалғастырасыз. Біріктірілген министрліктер, қысқарып жатқан министрлер олардың жұмысында еш кінә жоқ. Үкімет менің тапсырмам
бойынша оларды жұмысқа орналастырады. Ал бұрын министр болып, енді орынбасарлыққа тағайындалғандар өздері бұрын атқарып келген қызметтерінің бөлігін жалғастырады»,- деді
Н. Назарбаев.
Индустрия және жаңа технологиялар көлік және коммуникация министрліктерінің, байланыс және ақпарат, ұлттық ғарыш агенттіктерімен өкілеттіліктері беріле отырып, инвестиция және даму жөніндегі министрлік құрылды. Аталған ведомствоға Әсет Исекешев басшылық жасайтын болады. Сондай-ақ Елбасы бұған дейін көлік және коммуникация министрі болған Жеңіс Қасымбек аталған министрліктің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалғанын атап өтті. Ал бұған дейін Байланыс және ақпарат агенттігінің басшысы болған Асқар Жұмағалиев Әсет Исекешевтің орынбасары қызметіне кіріседі.
Мұнай және газ министрлігі, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің энергетика саласына, Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің қоршаған ортаны қорғау саласына қатысты қызметтері мен өкілеттіліктері беріле отырып, Энергетика министрлігі құрылды. Энергетика министрлігін В. Школьник басқарады. «Бұл министрлікке қоршаған ортаны қорғау мәселелері кіреді. Нұрлан Қаппаров бұл жұмыстарды жақсы жүргізді. Ол өз қалауымен бұл министрлікте орынбасар ретінде жұмысын жалғастыра алады немесе мен оған «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының президенті болуды ұсынамын», - деді Н.Назарбаев.
Сондай-ақ, жаңа құрылған Мәдениет және спорт министрлігін А. Мұхамедиұлы басқарады. Ал, Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілеттілігі ІІМ-не берілді. Министрлікті Қ. Қасымов басқарады, ал оның орынбасары В. Божко болады. Қалған министрліктер өкілеттіктеріндегі бірқатар өзгерістермен сақталады. Атап айтқанда, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің бюджеттік жоспарлау саласындағы қызметі Қаржы министрлігіне беріледі. Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің балық шаруашылығы, су ресурстарын басқару, орман және су қызметтері ауыл шаруашылығы министрлігіне берілетін болды. Сонымен қатар,
Н. Назарбаев өңірлік даму министрі болған Болат Жәмішевті Қазақстанның Даму Банкіне тағайындалатынын атап өтті. Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін Қ. Қожамжаров басқарады, ал Қаржы полициясы өкілеттілігі осы агенттікке, экономикалық және қаржылық құқықбұзушылық мәселелері Қаржы министрлігіне беріледі. Сондай-ақ Елбасы ҚР Премьер-Министрінің екі орынбасары қалатындығын атап өтті. Премьер-министрдің бірінші орынбасары болып Бақытжан Сағынтаев қала береді. Ал Гүлшара
Әбдіқалықова Үкімет басшысының адами даму мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.
Бағдарламалар бекітіліп, тапсырмалар айқындалғанын, енді тек жұмыс істеу керектігін ескерте отыра, Үкімет жұмысына сәттілік тілеген Елбасы «Қазақстан-2050» бағытында айқындалған Мәңгілік Ел болу жолында халықтың бүгінгі бағыты жалғасатынын атап өтті.