Дәл қазіргі кезде Парламент депутаттары жер-жерлерде халықпен кездесулер ұйымдастырып, өңірлерді аралап жүр. Халық қалаулылары өз сапарларында азаматтармен қабылдаулар өткізіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдауда.
Осы мақсатта кеше Шымкентке ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов келді. Сапар барысында сенатор қала әкімдігінің мәжіліс залында шаһар жұртшылығымен кездесіп, өзекті тақырыптар төңірегінде пікір алмасты. Әкімдік қызметкерлері, зиялы қауым, жастар өкілдері және тұрғындар қатысқан жиынды қала әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов жүргізіп отырды. Халық қалаулысы кездесу кезінде ел Парламентінің заң шығару барысындағы атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Сонымен қатар, еліміздің қазіргі саяси-экономикалық хал-ахуалына сараптама жасап, Елбасы Жолдауында айтылған маңызды міндеттерге тоқталды.
Негізінде, Кедендік Одақ еліміздегі отандық тауар өндірушілердің жұмысына серпін беріп, экономикамыздың қарқын алуына әсер етуде. Осы нарықта Қазақстан, Ресей, Беларусь арасындағы алыс-беріс көлемі ұлғайып, еліміздің экспорттық әлеуеті артуда. Соның арқасында елімізде шағын бизнеске деген белсенділік күшейіп, нарықты игерудегі тиімділік артып келеді. Әрине, бұл бағытта Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарып жатқан еселі еңбегін ерекше айтуға тиіспіз. Себебі, Мемлекет басшысының салиқалы саясаты еліміздегі азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп отыр, – деді Қ.Айтаханов.
Сенатор халықпен кездесу барысында Шымкент шаһарының еліміз үшін маңызды қалалардың бірі екендігін ерекше айтып өтті. Халқы тығыз қоныстанған қалада игі істердің молайып келе жатқанын тілге тиек еткен халық қалаулысы қаланың өсіп-өркендеуіне мемлекет тарапынан үлкен көмек жасалынып жатқанын айтты.
– Елбасымыздың биылғы Жолдауында Шымкент қаласы ірі урбанистік орталық болатыны айтылды. Сондықтан да қаланың даму жоспарына ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, биыл республикалық бюджеттен Шымкенттің дамуына 16 миллиард теңге қарастырылған. Осы қаражаттың есебінен 6 мектеп бой көтеруде, оған 6 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұдан басқа ауызсу, тұрғын үй, ауылшаруашылығы мәселелерінде де игілікті істер атқарылуда. Биылдың өзінде Шымкентте жас отбасыларға арнап 5 және 9 қабатты 390 пәтер салынуда. Бұған 4,7 миллиард теңге жұмсалды, – деді сенатор.
Жиын соңында халық қалаулысы Парламент қабырғасында талқыланып жатқан әртүрлі заңдардың нәтижелері мен ел өміріндегі маңызды оқиғалар жөнінде өзіндік көзқарасын білдірді. Сондай-ақ, азаматтардың сұрақтарына жүйелі жауап беріп, халықтың көкейінде жүрген ұсыныстарын жазып алды.
Сәбит ТАСТАНБЕК.