Шымкентте «Нұр Отан» партиясы Еңбекші аудандық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының ғимаратында өткен жиынға Саяси кеңес мүшелері, жемқорлыққа қарсы әрекет қоғамдық кеңес және партиялық комиссия мүшелері, «Жас Отан» жастар қанаты, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіпкерлер палатасының өкілдері, сондай-ақ депутаттық фракция мүшелері қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде «Нұр Отан» партиясы 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі бағдарламасының жобасы талқыланды. Бұл тақырып бойынша баяндама жасаған «Нұр Отан» партиясы Еңбекші аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бердіқұл Сыдықов жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттердің негізгі бағыттарын баяндап, олардың маңызына тоқталды.
- «Нұр Отан» партиясының басты құжаты саналатын Доктринада нұротандықтардың қызметінің негізгі бағыттары айқындалып алынған. Оның ішінде сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне ерекше назар аударылып отырғанның бірден-бір көрінісі жаңа бағдарламаның жасалуы болып отыр. Жаңа бағдарлама жобасы негізінен 6 тараудан тұрады.Бүгінгі таңда республиканың барлық аймақтарындағы бастауыш партия ұйымдары мен партия топтарында аталған бағдарламаның мәтінін талқылап, ұсыныс пікірлерді тіркеу жұмыстарын жүргізуде. Біздің филиалға қарасты 16 бастауыш партия ұйымдарында талқылау жұмыстары 16 шілдеден басталып, талқылауларға 1500-ден астам партия мүшелері қатысты, - деді Б. Сыдықов.
Сәбит ТАСТАНБЕК.