Мемлекеттік Үдемелі индустралды-инновациялық даму бағдарламасы мен ҚР Президенті Н.Назарбаевтың кәсіпорын өнімдеріндегі қазақстандық мазмұнды ұлғайту бағытындағы тапсырмасына сәйкес, алдағы мерзімде жан-жақты кешенді жоспар әзірленуі тиіс. Бұл тақырып Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен көрме орталығы ғимаратында өткен кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары бойынша өңірлік форумында кеңінен талқыланды.
Хош келдің, инвестор!
- Соңғы жылдары ел аумағына тікелей инвестиция тарту, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытында бірқатар тың жобалар жүзеге аса бастады, - дейді облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев. – Мәселен, жаңа заң талаптарына сәйкес, шетелдік инвесторлар үшін салық мөлшері жеңілдетіліп, жұмыс ырғағының тұрақтылығына кепілдік берілуде. Инвесторлармен екі жақты келісімге қол қойылғаннан кейін, қандай да бір заң талаптарына енгізілген өзгерістер келісім-шарттың мәні мен мазмұнына ешқандай да әсерін тигізе алмайды. Мұндай қадам, өз кезегінде, инвесторлардың ел аумағына көптеп тартылуына, қызығушылығын арттыруға зор септігін тигізіп отыр. Және нәтижесі де айқын көрінуде. Осы мақсат шеңберінде, еліміздегі шағын және орта бизнестің алдағы бес жылдық мерзімге мөлшерленген бағдарламасы түзіліп, нақты бағыты белгіленді.
Іс-шараға еліміздің бірқатар өңірлерінен 500-ден астам кәсіпкер қатысты. Сонымен қатар, ұлттық компаниялар, даму институттары, мемлекеттік орган өкілдері қоғамдық ұйым, шетелдік инвесторлар мен іскер топ өкілдері де өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп жатты. Шара барысында екінші деңгейлі банктердің шағын және орта бизнес саласын жандандыру бағытында ұсынған оңтайлы қызметі де ерекше атап көрсетілді. Айта кетейік, бүгінгі таңда, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мемлекет тарапынан аталмыш банктерге 100 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр.
Кәсіп көкжиегін кеңейтуге
ниеттілер көп
Отандық өндірушілер, тұтынушылар мен инвесторлар мәселесі келелі жиын барысында кеңінен талқыланды.
- Өткен жылы «ПетроҚазақстан» ЖШС-гі жалпы көлемі 4857 мың тонна шикізатты өңдеуден өткізді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 103 мың тоннаға артық, - дейді «ПетроҚазақстан» ЖШС-нің инжиниринг және басқару модернизациясы департаментінің бөлім басшысы Алексей Соломянко. – Мемлекеттік даму бағдарламасы аясында біз ендігіде шикізатты Еуро-4 және Еуро-5 талаптарына сәйкес, сапалық өңдеуден өткізетін боламыз.
Сондай-ақ, шара барысында «Жылыжай жұмағы» агро-индустралды аймағы» АҚ-ы да өз жобасын таныстырып өтті. Қазіргі таңда аталмыш аймаққа орналасатын инвестицияның жалпы көлемі 70 миллион АҚШ долларын құрайды.
- Оның жобалық қуаттылығы жылына 15 мың тонна жоғары сапалы өнім дайындауға қабілетті, - дейді «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Мұхтар Тұрабеков. – Мұндағы өнімдер өз кезегінде, маусым аралығында Қытай мен Өзбекстан елдерінен тасымалданып келген тұтынушылардың көкөніске деген сұранысын толығымен қамти алады. Жоба жүзеге асқан кезде, 1200 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылатын болады. Жобаны жыл соңына дейін іске қосу көзделуде.
Форум аясында «Аграрлы несие корпорациясы», «ҚазАгроФинанс» АҚ, «ОҚО Аймақтық технопаркі», облыс бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Максимум» аймақтық орталығы, «Оңтүстік» индустралды аймағының дирекциясы» секілді мемеке өкілдері өз жобасымен таныстырды. Пікір алаңына айналған бұл басқосу шын мәнінде, кәсіпкерлер үшін барды түгендеп, жоқтың орнын толтыруға ынталандырған маңызы зор шара болды.