Қазақстан – Белоруссия елдерінің арасындағы екіжақты әріптестікті нығайту, кәсіби білім беретін оқу ордаларының білім деңгейінің сапасын көтеру, оқытушылардың, студенттер құрамының біліктілігін жетілдіру мақсатында бүгінде халықаралық ауқымда кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бұл қатарда кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту және кадрлар даярлау мәселесі негізгі бағыт ретінде аталады.
Осы мақсатта Беларусь елінің озық технологиясымен таныстырып, өзара тәжірибе алмаса келген білім саласының үздік мамандары қазақ даласындағы бірқатар кәсіптік білім беретін және орта арнаулы оқу орындарында болды. Үш күндік сапары аясында арнайы топ ең алдымен Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан құқық және салалық технологиялар колледжінің оқу ғимаратына табан тіреді. Оқу ордасының материалдық-техникалық базасымен танысып шыққан топ мүшелері ұстаздар қауымымен сұхбаттасты.
– Жоғары сападағы озық технологиямен жабдықталған осындай білім ордасында тәлім алып жатқан студенттердің әрине, мақсат-межесі де биік болуы тиіс. Бұл орайда, өзара тәжірибе алмасып, білімін жетілдіруге талаптанған жас ұландар үшін біздегі білім ордалары құшағын кеңінен ашуға даяр, – дейді ТМД кәсіптік білім беру бойынша базалық ұйымының басшысы, Белорусь Республикасының кәсіптік білім берудің республикалық институтының ректоры Аркадий Шкляр.
Сапалы білім, саналы тәрбиемен қатар, жоғары технологияларды игеру, оқытушы мен оқушының деңгейін көтеру, өркениетті елдердің қатарынан көріну – басты міндет. Ал, заман талабына сай маман даярлау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып қала бермек.
– Басты мақсат – бәсекеге қабілетті маман дайындауға үлес қосу. Оқыту үдерiсiндегі жаңа педагогикалық технологияларды тиімді пайдалана білу. Оның ішінде, инновациялық қызмет пәндерінің мазмұнын тереңдетуге, оқушының кәсіптік шеберлігін арттыруға, оқу ісін дамытуға бағытталған. Оқу орны сапалы білім берумен қатар, қала, облыс аумағындағы тиісті барлық іс-шараларға белсене араласып келеді, – дейді колледж директоры, заң ғылымдарының докторы Қанатбек Досалиев.
Белоруссия елінен келген арнайы өкіл мұнан кейін Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжі мен №2 кәсіптік білім беретін оқу ордасының материалдық-базасымен танысты.
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ.