Әлеуметтiк салаға басымдық берiлуде

Пятница, 26 Сентябрь 2014 06:30 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4017 раз

Бесінші шақырылған Шымкент қалалық мәслихатының кезекті ХХХХ сессиясы өтті. Сессияға қала әкімі Дархан Сатыбалды, қалалық мәслихаттың депутаттары және бөлім басшылары қатысты. Жиынды сессия төрағасы Айдарбек Ниязов жүргізіп отырды.

Күн тәртібінде барлығы 12 мәселе қаралды. «Шымкент қаласының 2011-2015 жылдарға арналған даму бағдарламасы туралы» шешімінің орындалу барысы жөнінде баяндама жасаған қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова бюджеттің негізгі шығыс трансферттері әлеуметтік салаға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағына ұсынылған азаматтардың есімі де осы сессия барысында кеңінен талқыланды. Айта кетейік, қала күні мерекесі қарсаңында мұндай марапатқа арнайы ұсынылған азаматтардың қатарында Мәди Бегалиев, Ханбибі Есенқара, Серік Жанәбіл, Юрий Кирюхин, Ермек Келдебеков, Шерім Медеуов, Лесбек Тәшімов және Серік Сейітжанов сынды өз саласының үздігі саналатын көпшілікке есімі белгілі қайраткерлер бар.
Сессияның күн тәртібіне сәйкес, Шымкент қалалық мәслихатының 2013 жылғы 24 желтоқсандағы «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасын бекіту туралы» №30/193-5с шешіміне енгізілген өзгерістер жөнінде қала әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетовтің баяндамасы тыңдалды.
– Алдағы жылы әлеуметтік мұқтаж азаматтарға тағайындалған жәрдемақы көлемі айтарлықтай ұлғайтылып отыр. Ұлы Жеңіс күні мерекесімен орайластырылып, Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін 100 айлық орта есептік көрсеткіште, яғни, 185 мың теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалмақ. Сондай-ақ, тыл ардагерлеріне берілетін жәрдемақы көлемі 9260 теңгеге тең деп белгіленді. Бұдан бөлек, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне берілетін жәрдемақы мөлшері де облыс бюджеті есебінен ұлғайтылатын болады, – дейді Бахадыр Мәдәліұлы.
Күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты депутаттар толығымен қолдап дауыс берді.

Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.