Каспий бес елдiң ынтымақтастығын нығайта түстi

Понедельник, 06 Октябрь 2014 04:54 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3517 раз

Ресей Федерациясының Астрахань қаласында өткен Каспий жағалауы мемлекеттері басшыларының ІV саммитінде Қа­зақ­стан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев экономикалық өзара іс-қи­мылдарға теңіздің құқықтық мәртебесін реттегенге дейін де негіз қалауға болатынын айта келе,  «Каспий еркін сауда аймағын» құру туралы ұсыныс жасады. Бұл бес елдің үкіметтері дең­гейінде нақты талқыланатын мәселе­лердің алғашқысы болуы мүмкін.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев., Әзер­байжан Прези­денті Ильхам Әлиев, Иран Прези­ден­ті Хасан Рухани, Ресей Пре­зи­­денті Владимир Путин және Түрік­­менстан Президенті Гурбангулы Берды­мұхамедов қатысқан саммитте мемлекет басшылары алдымен шағын құрамда оты­­­рыс өткізді. Онда Ресей Пре­зи­денті Каспий жағалауы елдері­нің ынтымақтастығының маңыз­дылығына тоқталып, саммит барысында алдыңғы үшінші саммитте жоспарланған жұмыстардың қорытындысы, нәтижелері талқыланатындығын, болашақ бағдарланатынын атап өтті. Ал кең құрамдағы кездесуде сөз алған Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан На­зар­баев гидрометеорология, биоресурстарды қорғау және төтенше жағдайларға әрекет ету саласында келісімге қол қою жоспарланғанын айтты. «Біз сондай-ақ саяси мәлім­де­ме қа­был­даймыз, ол таяу болашақ­тағы келіссөздер үшін жолбасшы болуы тиіс. Бұл мәлім­демеде маңызды қағидаттарды бекі­теміз. Ол біздің жұмысымыздың бас­ты мақсатына жетуге – Каспий теңі­зінің құқықтық мәртебесі тура­лы конвенцияға қол қоюға бағыт­талған. Таяу уақыттарда осы құжат­ты қабылдайтынымызға және Каспий өңіріндегі ынтымақ­тас­тықты тереңдету үшін берік құқықтық іргетас қалайтынымызға үміт­тенемін», – деді Қазақстан Пре­зиденті. Сондай-ақ, Н.Назарбаев тарап­тар Каспий теңізінің әділ құқықтық режімін орнатуға таяу екенін атап өтті. Осыған орай Каспий маңы елдерімен серіктестікке байланысты мүм­кіндіктер жөніндегі өз ойларын ортаға салды. Бұл реттегі ынты­мақтастықтың ауқымды бөлігін сауда-экономикалық байланыстар құрауы тиіс. Елбасы Қа­зақ­стан арқылы ашылған маршруттарды назарға ала отырып, біз­дің еліміз оларды Каспий маңы мем­лекеттерінің тауарларын бас­қа елдердің нарығына, бірінші ке­зекте Қытайға жеткізу үшін тран­зиттік көпір ретінде пайдалануды ұсынатынын айтты. « Астрахань кездесуінің қоры­тын­дысы ынтымақтастықты одан әрі нығай­туға лайықты үлес қосатынына сенім­дімін. Бұл үшін барлық алғышарттар мен ерік-жігер жеткілікті. Біз күш-жігері­мізді біріктіру арқылы ғана халық­тарымыз бен елдеріміздің игілігі үшін қажетті нәтижелерге жете ала­мыз, – деді сөзінің соңында Нұрсұл­тан Назарбаев.
– Бүкіл Каспий маңы өңірі екпінді дамып келеді және ондағы энергия көздері мен биологиялық ресурстарға орай оған ауған әлем назары да ұлғая түсті. Бүгінгі саммит Каспий маңы мемлекеттерінің барлық күрделі мәселелерін шешуге деген ниетін тағы да бай­қатты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев саммит соңында бес мем­лекеттің бас­шылары қатысқан қорытынды баспа­сөз мәслихатында. -- Келіссөздер нәтижесінде Кас­пий жағалауы елдері іс-қимы­лының негіз­гі қырлары бойынша ұстанымдарын жа­қын­­дат­тық, бірқатар маңызды өңірлік мәселелерді талқыладық. Астра­хань саммитінің қорытындысы бас­ты құжат – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Кон­венцияны қабылдау мақса­тындағы ілгерілеуге мүлде жаңа сер­пін беретіндігіне сенімдімін.
Бес елдің басшылары саммит барысында Каспийге қатысты нақты шешімдер, Коммюнике қабылдады. Президенттердің қатысуымен Каспий теңізіндегі гидрометеорология, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою салаларындағы ынтымақтастық,  Каспий теңізінің су және биологиялық ресурстарын сақтау мен пайдалану туралы келісімдерге қол қойылды. Сонымен қатар, Әзербайжан Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Түрікменстан Республикасы президенттерінің Мәлімдемесіне қол қойылды.  Келесі бесінші Саммит 2016 жылы біздің еліміздің бір қаласында өтуі мүмкін.
Осы арада айта кетерлік жәйт, кейбір ғылыми-зерттеулер мәліметтеріне сүйен­сек, Каспий теңізіндегі әзірге анықталған мұнай қоры 5,1 млрд. тоннаны, ал газ қоры 8 трлн. текше метр болады екен. Болжамдарға қарағанда Каспийден шығарылатын мұнайдың жалпы көлемі 2015 жылы күніне 2-4 млн. баррельге жетпек. Каспий теңізі мен оны қор­шаған территориялар көмірсутегі шикізатының үлкен қорының жинақталған жері болып табылады. Мамандардың алдын-ала жасаған болжамдары бойынша, теңіздің Қазақстан жағы бөлігі мен оған жалғасқан территориядағы ресурсы мұнаймен есептегенде 4,5 млрд. тонна.
Сондай-ақ, бұл аптада Атырауда Өңіраралық ынтымақтастықтың ХI форумы өтті. Форум аясында көрме ұйымдастырылып, тың жобалар ұсынылды. Солардың бірі - 15 км тереңдіктегі ұңғыманы бұрғылау бойынша «Еуразия» жобасы. Бұл - Қазақстанның бірегей жобаларының бірі. Форум барысында сөйлеген сөзінде Елбасы ресейліктерді осы жобаға қатысуға шақырды.
 Қазақстан мен Ресейдің келесі ХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы 2015 жылы Уфа қаласында өтеді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.