Қаламыздағы ең қарт ана – 108 жаста
Пятница, 10 Март 2017 04:128 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласында тұратын 108 жастағы Батыр Ана Назым Мамбетәлі әжейдің шаңырағына барды. Қазыналы қартты мейраммен құттықтап, ыстық лебізін білдірген өңір басшысы қарияға сыйлығын табыстады.
– Жер бетіндегі жақсылық атаулы аналардың үлкен жүрегімен әрленеді десек, жылына бір тойланатын мерекеде олардың еңбектерін бағалап, сый- құрмет көрсету – парызымыз. Әрқашан, шаңырақтарыңыздың берекесі болып, үйіңізден жылылық кетпесін. Жанұяңызға береке, бірлік тілеймін! – деген Жансейіт Қансейітұлы қарт анамен әңгімелесіп, естелік суретке түсті.
Екі ғасырдың куәсі болған, бүгінде 25 немере, 15 шөбере сүйіп отырған Назым әжей шаңырағына арнайы құттықтай келген облыс әкіміне алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының 1,5 милионға жуығын нәзікжандылар құрайды. Ал өңірімізде 100 жастан асқан 88 қария өмір сүріп жатыр. Ғасырмен құрдас бұл жандардың көпшілігі Шымкентте, Мақтаарал мен Сарыағаш аудандарында тұрады. Олардың 70-ке жуығы тыл ардагерлері.
Кәсіптік білімді меңгергеннің көп кілті бар
Среда, 01 Март 2017 07:39Бүгінде мектепті бітірген соң ЖОО-на түсе алмай қалса, сары уайымға салынып, күйзелістің кемесіне мінетіндер баршылық. «Оқу қиын, жұмыс жоқ» деп Үкіметке иек артып қойып, өзі ешқандай қадам жасамайды. Немесе оқуға өзінің жүрек қалауынсыз, ата-анасының айтуымен түседі де, оны бітірген соң мамандық бойынша істегісі келмейді. Сөйтеді де, жұмыссыздардың санын арттырады. Бірақ, кез келген жағдайда шығатын жол бар. Елімізде осы проблемаларды шешу үшін жан-жақты жұмыстар атқарылып келеді.
Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен ұсынылған «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастағанын білеміз. Президент биылғы Жолдауында да мұқтаж мамандықтардың маңыздылығын ерекше атап өтті. Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесінде, Мемлекет басшысы айтқандай, экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек. Ол үшін кәсіптік стандарттар еңбек нарығының талаптарына және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес жаңартылуы қажет.
Шымкент қаласында жалпы саны 36 колледж бар болса, солардың барлығында дерлік жастарды кәсіптік-техникалық білімге баулуда. Соның бірі – №4 колледж. Бұл колледжде 5 мамандық, 8 біліктілік бойынша техникалық мамандар дайындайды. Атап айтар болсақ, электрондық есептеу машиналарының операторы, референт-хатшы, телефон байланысы электромонтері, пошта байланыс операторы, байланыс құрастырушысы-кабельші, пошта жабдықтарының электромеханигі, электр құрал-жабдықтарын жөндеуші слесарь-электрик, электр байланысы және желімен хабарлау желілік құрылыстарының электромонтерлері мамандықтары игеріледі.
ПОШТАШЫДАН МОНТЕРГЕ ДЕЙІН...
Мәселен, бүгінгі таңда «Пошта байланыс операторы» мамандығының 1-курсында 25 студент білім алып жатыр. Газет-журнал толы қара сөмкені иығына асып алып, көше-көшені аралап, табаны тозатын пошташы мамандығы қызығынан шыжығы көп, қиын жұмыстардың бірінен саналып келді. Ал бүгінгідей ақпараттандыру мен жаһандану заманында пошташының жұмысы анағұрлым жеңілдеп, беделі де соғұрлым артқанын айтуымыз керек. Өйткені, бүгінгі пошташы заманауи техника мен технологияны жетік меңгерген. Оған смартфон, велосипед, үстіне арнайы форма беріледі. Қазір бұрынғыдай пошта байланыс бөліміне барып, улап-шулап ұзын-сонар кезекте тұру деген атымен жоқ. Барлық мекемелердегідей поштада да электронды кезек алып, сәлемдемеңізді жолдай аласыз. Осындай пошташы мамандарын даярлайтын педагог, 166-топ жетекшісі Сәлима Ахметова бұл мамандыққа түсушілер санының жыл санап артып келетінін айтады.
– «Пошта байланыс операторы» жаңа заманауи дамыған технологиямен жұмыс істейді. Мұнда жай ғана хатты қалай қабылдап, өңдеп, алушысына жеткенге дейінгі барлық процесті үйретеміз, – дейді Сәлима Лайыққызы.
Бүгінде хат жазу үрдісінің кенжелеп қалғаны рас. Алайда, хат тасу, сәлемдеме жіберу заман талабына сай тұтас бір трансформациялық кезеңді бастан өткерді. Шымкент қаласының өзінде 32 пошта байланыс бөлімі жұмыс істейді. Оның үшеуінде 3 постамат құрылғысы орнатылған. Бұл заманауи құрылғының арқасында сәлемдемеңізді бірер минуттың ішінде ғана жібере аласыз. Сол сәтте алушыға сәлемдеме жайлы смс-хабарлама барады да, постаматтан қаланың индексін жазу арқылы тікелей алуына болады. Ешқандай оператордың араласуынсыз-ақ іске асыра бересіз. Пошта байланысының дамығанының тағы бір көрінісі – «Сәлемдемелер супермаркеті». Кезекте тұрмайсыз, өзіңізге ыңғайлы уақытты пайдаланасыз. Сіздің атыңызға пошта қорабына сәлемдеме келіп түссе, интернет арқылы тапсырыс беріп алуға мүмкіндік бар. POST.KZ (www.post.kz) порталында ашылған электронды абоненттік пошта жәшігі арқылы жылдам жеткізесіз. 10 күнде баратын нәрсені бірер минуттарда-ақ жіберуге болады. Коммуналдық төлемдерді, үй төлемдерін пошташының смартфоны арқылы төлей аласыз. Яғни, бір сөзбен, үйде отырып-ақ поштаның қызметін пайдаланса болады. «Сәлем-теңге» деген қызмет арқылы пошта операторына барып, ақша жіберейін деп жатқан адамның аты-жөнін, мекен-жайын, пошта индексін ғана айтасыз. Алушы сол сәтте ақшасын алып кете алады. Бұрынғыдай 3-4 күн күтудің қажеті жоқ. «Сәлем-мобайл» қызметі арқылы теміржол, әуе байланыс билеттеріне, дәрі-дәрмекке, басқа да тұрмысқа қажетті заттарға «Қазпочта»-ның сайтына кіріп, тапсырыс беруге болады. Бүгінгі пошташы мамандығының жаңа қырының көптігіне, алуандығына, заманауилығына сүйсінбеске болмайды.
ЖАСТАРҒА – ЖАЙЛЫ ЖАТАҚХАНА, ДАЙЫН ЖҰМЫС
№4 колледжде осындай заманауи пошташыларды оқытуда. Студенттер 3 жыл көлемінде пошта тасымалынан бөлек қаржы қызметі, бухгалтерлік есеп, іскерлік қарым-қатынасқа қатысты пәндерді меңгереді. Әмбебап қызмет түрі болғандықтан, сұранысқа ие. Бұл мамандықты алып шыққандар Халыққа қызмет көрсету орталығында да жұмыс істей алады. Елімізде Алматы мен Шымкентте ғана осы мамандықты оқытады, одан кейін бұл мамандық көрші Өзбекстанда бар. Басқа қалаларда болмағандықтан, «пошта байланыс операторы» мамандығын алуға еліміздің түкпір-түкпірінен келіп оқиды. Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Талапты ауылынан 9-шы сыныпты бітіріп келген Ақнұр Жүсіп 1-курс студенті. Өзінің мамандығын мақтан тұтатын ол «болашақта халыққа қызмет көрсеткім келеді» дейді. 3 жыл көлемінде 18 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады. Ақнұр сияқты қыздардың ішінде колледждің тегін жатақханасында тұратындары да бар. Жалпы, колледж бойынша 150 студент жатақханаға орналасқанын әлеуметтік төмен отбасыдан шыққандар бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілетінін тілге тиек ете кету керек. Міне, оқимын деген адамға тегін әрі өмірлік пайдалы оқу. Бұл – Мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қамқорлық.
Бұдан бөлек №4 колледжде «Телефон байланыс монтері» мамандығын да оқытады. Сымтетік желісінің әліппесінен оны қалай жөндеуге дейінгінің барлығын үйрететін мамандық. Мұны бітіріп шыққан студенттер байланыс саласында жұмыс істейді. Қала бойынша «Қазақтелеком», «Шымкент Транстелеком» АҚ, «Бителеком», «ЛТС Сервис» ЖШС, «Телеком-3» мекемелерінің өндірісінде аталған колледж түлектері еңбек етуде.
Ал электр құрал-жабдықтарын жөндеуші слесарь-электрик мамандығын алып шыққандардың «Оңтүстік Транзит», «Энергопоток», «Энергосервис» мекемелеріне жұмысқа орналасуына мүмкіндігі бар. Тегін оқу, шәкіртақы, жайлы жатақхана жағдайынан бөлек бітіргеннен кейін студенттер «Жұмысты қайдан табамын?» деп сандалмайды. Жұмыс – дайын. Міне, игілік деп осыны айт.
ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ, ОЛ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Колледжде 54 жеткіншек 3 топта инклюзивті білім алуда. Инклюзивті білім беру дегеніміз – балалардың жас ерекшеліктеріне, географиялық тұратын жеріне, қимыл-қозғалыстық және ақыл-есінің жағдайына қарамастан, сапалы білім алу және өздерінің потенциалдық дамыту мүмкіндігіне ие болу.
Инклюзивті білім беру мәселесі шетелдерде 1970 жылдан бастау алады, ал 90 жылға қарай АҚШ пен Еуропа өздерінің білім беру саясатына осы бағдарламаны толық енгізді. Ал біздің елімізде инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы туралы ресми дерек «Қазақстан Республикасының Білім беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» көрсетілді. Аталған бағдарлама бойынша №4 колледжде де «Электрондық есептеу машиналарының операторы» мамандығы бойынша оқытады. Инклюзивті топтың 2-курс студенті Бейсен Қалдарбеков компьютерге қатты қызығатынын жеткізді. Бейсеннің айтуынша, есту, сөйлеу аппараты жұмыс істемегендіктен, компьютер арқылы түсіндіріп берген оңай. «Бұл мамандар кәдімгі адамдар іспетті еңбек нарығына еніп кете алады. Қабілеті жоғары, сұранысқа ие. Оператор қажет болатын жердің бәрінде істей алады», - дейді инклюзивті топтың сурдолог-аудармашысы Рано Исраиылова. Инклюзивті топта білім алатын студенттер ай сайын 29 400 теңге шәкіртақы алады.
Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығының» кәсіби оқыту секторының басшысы Асылбек Наурызбаевтың айтуынша, тегін кәсіптік оқытуға байланысты бірнеше бағдарламалар бар. Оның бірі – 18-ден зейнет жасына дейінгі азаматтарға арналған қайта даярлау курстары. Мамандығы бар, алайда ол бойынша жұмыс істемейтін азаматтарды еңбек нарығына сәйкес келетін мамандықтарға баулиды.
Екінші 19-29 жас аралығындағы жастарға арналған кәсіби оқыту бағдарламасы бойынша 11-сыныптан кейін ЖОО-на түсе алмаған жастарды колледждерде 2 жыл 10 ай оқытады.
2017 жылғы қысқа мерзімді 3 айлық қайта даярлау курстарына Шымкент қаласы бойынша 1739 адам тіркелген. Бірақ, бұл сан өзгеруі мүмкін. Өйткені, әлі бекітілмеген. Жұмыссыз азаматтар 57 мамандық бойынша 3 айлық курсты оқып бітірген соң жұмысқа тұруға әрекет жасайды. Одан бөлек 6 айлық курстар да қарастырылып жатыр. Биылғы кәсіптік оқыту курстары сәуір айынан басталмақ. Егер де, кез келген адам аталған бағдарламаларға қызығушылық танытса, Төлеби көшесіндегі №26 үйде орналасқан Кәсіби оқыту бөліміне келіп жазылуына болады.
Фото авторы:
Данияр ҚОЖАБЕК
TEDx – Шымкент қаласында
Среда, 01 Март 2017 05:59TED – «Таратуға тұрарлық идеялар» концепциясын басшылыққа алған Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жиын өткізді. Шарада Назарбаев Зияткерлік мектептерінің TEDхShymkent жобасы жалпы орта мектептерге таныстырылды. Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Балқан Қасымов «TED» клубының мақсаты мен міндеттеріне қысқаша тоқталды.
– Өзінің бастамасын 1984 жылы АҚШ-тан алған жобаны біздің мектептерге енгізудегі басты мақсат – оқушылардың бойында ғылыми-зерттеу, әріптестік қатынастар, шешендік өнерді дамыту, алуан түрлі көзқарастар мен пікірлерге құрметті қалыптастыру. Клуб жұмысы аясында оқушылар әлемнің алдыңғы қатарлы ғалымдары мен өнертапқыштарының қазақ, ағылшын, орыс тілдеріндегі қысқаша қоғамдық лекцияларын тыңдап, оларды талқылайды. Сондай-ақ, өздері таңдаған тақырыптарға TED форматында баяндамалар дайындайды, – деді Балқан Маратұлы.
Ал осы мектептің «TED» клубының ұйымдастырушысы Рауза Үсенова жыл сайын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің TED клубтары арасында үздік идеялар жарысы өткізілетінін айтты. Осы жарыстан озық деп танылған идеялардың иесі, әр мектептен бір оқушы Калифорнияда өтетін жыл сайынғы ТED конференциясына жолдама алып, әлемнің озық ойлы өнертапқыштарымен жүздеседі.
TED «Таратуға тұрарлық идеялар» концепциясын басшылыққа алған бірнеше оқушы өз баяндамаларын оқыды. Олардың арасында 7 «Б» сынып оқушысы Нұрғаным Спатай «Өмірге құштарлық», 10 «Б» сынып оқушысы Аружан Бисенбай «Жақсылық жаса!», 9 «А» сынып оқушысы Ақбота Жайылхан «Интроверсия», 11 «К» сынып оқушысы Аида Құрбан «IELTS» сияқты қызықты тақырыптарда өздерінің баяндамасын жасады.
Мұндай шаралар оқушының мүмкіндігін шынайы бағалай білу, таным кеңістігін, ой-өрісін кеңейту секілді дағдыларды қалыптастырып, сол арқылы оқушының тұлға ретінде дамуына үлес қосатыны сөзсіз.
Науқастарға шұғыл шаралар қолданылды
Среда, 01 Март 2017 05:49Түркістан қаласындағы №4 арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығын жаппай тексеру нәтижесінде туберулез диагнозы 502 адамның 65-інде расталды. Оның екеуінің жағдайы ауыр. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, аталған мекеме жабық мекеме болып табылады және ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қарамағына кіреді. Бұл мекемеде сихоневрологиялық ауруларға шалдыққан 502 науқас тіркелген.
1-ақпаннан бастап туберкулезге шалдыққан науқастарды орталықтың басқа пациенттерінен оқшаулау жүргізілген.
– Науқастар Сарыағаш аудандық туберкулезге қарсы диспансерге ауыстырылып, ондағы контингент Арыс қаласындағы мекемеге көшірілді. Қос мекеменің де ғимараты жөндеуден өткізіліп, барлық медициналық жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен толықтай қамтамасыз етілген. Қосымша физиатр, психиатр дәрігерлерді де бекітіп қойдық, – деді Мұқан Кеңесбекұлы.
Айта кету керек, былтыр Түркістандағы аталған мекеме қоғамдық резоннанс тудырған болатын. Денсаулық сақтау басқармасының деректеріне сүйенсек, жұмыс орнында салақтық танытқаны үшін барлық кінәлілер жазаға тартылып, бес адам қызметінен босаған.
Былтырғы жағдай қайталанбас үшін Денсаулық сақтау басқармасы ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты барлық мамандандырылған жабық мекемелерді тексеру үстінде. Алдын ала нәтижелер бойынша, бұдан Көксәйек елдімекеніндегі №3 арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығында туберкулезге шалдыққан 7 науқас анықталған. Алдағы уақытта 22 білім беру мекемелерінде де (саңырау балаларға арналған мектеп-интернаттар және т.б.) толыққанды медициналық тексеру жүргізу қажеттігін ұсынуда. Мұндай шаралар Оңтүстік Қазақстан облысындағы барлық мамандандырылған мекемелердегі хал-ахуалды зерделеуге мүмкіндік бермек.
ОҢДЫ ІСТЕРІ МОЛ ОҢТҮСТІК
Среда, 22 Февраль 2017 04:18Облыс әкімі Ж. Түймебаев халық алдында есеп берді
Оңтүстік Қазақстан облысында 2016 жылы экономикалық және әлеуметтік салаларында атқарылған жұмыстар бойынша Жансейіт Түймебаев халық алдында есеп берді. «Түркістан» сарайында өткен есепті кездесуде әкім алдағы бес жылда іске асырылатын жұмыс жоспарларымен де бөлісті.
Өңір басшысының халық алдындағы жылдық есебі биыл алғаш рет онлайн режимде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ontustik.gov.kz сайтынан көрсетіліп, үш миллионға жуық халқы бар күнгей тұрғындарын қамтыды.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі – 776, 8 млрд теңге
Есепті кездесуге жергілікті тұрғындармен қатар ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы М.Имандосов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А. Мырзахметов, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ә. Бектаев пен Қ. Айтаханов қатысты.
Өткен 2016 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталған өңір басшысы өнеркәсіп саласында 776, 8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 2015 жылмен салыстырғанда 4,4 %-ға артқанын айтты. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс республикада 3 орынды иеленіп отыр. Ал Шымкент қаласы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылы 326 970, 4 млн теңгені құрағанын білеміз.
Өңір басшысының сөзіне сүйенсек, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында облыста 303 жобаға қолдау көрсетіліп, 2126 жұмыс орны ашылған. Оның 140 жобасы Шымкент қаласына тиесілі, қаржыландырылуының жалпы сомасы 65 440, 4 млн теңгені құрайды.
Жансейіт Түймебаев ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 445 млрд теңгені құрап, 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9 % өскенін мәлімдеді. Ал, ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылдан 13 мың га ұлғайып, 788,8 мың га құраған.
Шымшаһар бойынша тоқталсақ, қалада өткен жылы 3908 шаруа қожалығы мен 244 ЖШС құрылған.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, «Ауыл шаруашылығы кооперативтері» туралы Заңды нәтижелі іске асыру мақсатында кооперативтерді құру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Бүгінгі күні жаңадан 17 мыңнан астам ұсақ шаруашылықтарды біріктіретін 242 кооператив құрылған. Өңір басшысының жылдық есебінде айтылған осы тұсы Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы кезекті Жолдауындағы екінші басымдықтағы төртінші міндетте міндеттелгеніндей, «аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек».
Сонымен қатар облыс әкімі Денсаулық сақтау саласында 4, білім саласында 39, мәдениет саласында 8, спорт саласында 2 нысан пайдалануға берілгеніне де тоқталып өтті.
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 18,8 млрд теңге (2015 жылы – 5,4 млрд. теңге) игеріліп, нәтижесінде 72,2 мың адам қамтылып, 36,2 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ, 24 ауыз су, 25 табиғи газ нысандары пайдалануға берілсе, 640,9 шақырым автомобиль жолдары мен елдімекен көшелеріне құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Есепті кездесуде облыс әкімі 2017 жылы атқарылатын жоспарларын да ортаға салды. Елбасы биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салалары мен өнеркәсіптің басым салаларындағы бәсекеге қабілетті экспортқа бағытталған өндірістерді құра отырып, өндірісті дамыту міндеттерін қойып отыр.
– Осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында, облыстың Индустрияландыру картасы аясында 2017-2020 жылдары 91 жоба, оның ішінде 2017 жылы 20 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл дегеніміз – мыңдаған жаңа жұмыс орнының ашылуы, жергілікті халықтың әл-ауқатының, тұрмыс-тіршілігінің түзелуі, – деп атап өтті Жансейіт Қансейітұлы.
Төрт бірдей демалыс орны ашылмақ
Облыс тұтынушыларын сапалы және қажетті көлемде электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласында «Бозарық», «Астана 1,2» қосалқы станцияларының құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде, қаладағы өнеркәсіп орындары мен 430 мың тұрғындар сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілетінін де Жансейіт Қансейітұлының жылдық есебін тыңдау барысында қанық болдық.
Елбасының Шымкент қаласын үшінші мегаполиске айналдыру бойынша берген тапсырмасына сәйкес, негізгі жұмыстар қаланың архитектуралық келбетін жақсарту, инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру, көгалдандыру бойынша жүргізіледі.
Ж.Түймебаевтың айтуынша, мәселен, қаладағы әкімшілік-іскерлік орталығы дамытылады. Яғни, мұнда 2518 пәтерлі 29 көпқабатты үй, 1200 орындық мектеп, 8 мың орындық мешіттің құрылысы жүргізілмек. Сондай-ақ, оқушылар сарайының, өнер орталығының, «Shymkent mall» сауда орталығының құрылысы жүргізілетін болады. Сонымен қатар, Шымкентті жасыл қала мәртебесіне айналдыру мақсатында 125 га жерге 50 мыңға жуық жасыл желектер мен көп жылдық ағаш бұтақшалары отырғызылмақ. Қаланың шалғай елдімекендерінде қараусыз жатқан сай, қырларды саябаққа айналдыру мақсатында өңірде «Шатқал» бағдарламасы әзірленді. Осы бағдарлама аясында Астана даңғылы бойындағы 25 га, Төлеметов көшесіндегі 50 га, «Тассай» тұрғынүй алабындағы 35 га, «Бозарық» шағынауданындағы 60 га шатқалда қоғамдық демалыс орындары ашылады. Ал ескі қоқыс полигоны аумағына рекультивация жасалып, орнына 34,3 га жерге саябақ құрылысы басталды. Ескі шаһардағы көне 54 көпқабатты үй күрделі жөндеуден өтіп, апатты жағдайдағы 7 тұрғын үйге сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілмек.
Есепті жиында әкім баспанамен қамтамасыз ету бойынша қажеттіліктерді кезең-кезеңімен шешу үшін 2016 жылы 530 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылғанын тілге тиек етіп, осы жылы жалпы 700 мың шаршы метр болатын тұрғын үйді тапсыру жоспарда тұрғанын айтты.
– Алдағы 15 жылда еліміздің тұрғындарын толығымен баспанамен қамту мақсатында елімізде жаңадан «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынды. Осы бағдарлама шеңберінде жеке тұрғын үй құрылысы бойынша Шымкент қаласында пилоттық жоба ретінде екі коттеджді қалашықтар салынатын болады. Оның бірі 76 гектар алқапта 293 үй орналасатын «Бозарық» кешені мен 180 гектар алқапта 1 050 үймен «Таскен» тұрғын үй кешені бой көтереді, – деді облыс әкімі.
«Жақсы әкімнің қадірін газ келгенде білерсің...»
Есепті кездесуге жиналғандардың қарасы көп болды. Солардың арасында әкімге көкейіндегі сауалын қойып үлгергісі келгендер де аз емес. Тұрғылықты жерінде мектебі жоқ немесе жаңа мектепті қажет ететін елдімекен тұрғындарының өзекті мәселесі де назардан тыс қалмады. Осы орайда облыс әкімі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында алдағы бес жылда 131 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүрсе, 205 жаңа мектеп, биылғы 2017 жылы 70 жаңа мектеп салынатынын алға тартып, барлық мәселені уақыт көшінен қалмай шешетінін мәлімдеді.
Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова әкімге Отырар ауданына газ тартып беруін айтып:
– Жақсы күннің қадірін жаз келгенде білерсің, Жақсы әкімнің қадірін газ келгенде білерсің, – деп әзілмен көмкере сөз сабақтады. «Соған ертерек ықпал етсеңіз!» – деп айтыскер ақын залға жиналған көпшілікті ду күлдірді.
Жиында жұмыс өтілі аз, жұмысқа орналаса алмай жүрген жастар да сауал қойды. Сонымен қатар Анкара университетінде білім алып жатқан Бағлан Ермаханов Түркістанды туристер орталығына айналдыруға көмектескісі келетінін онлайн байланыс арқылы жеткізді.
Жарыссөзге шыққан Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев: – Соңғы 3-4 айда облыстың көлемінде жаңа басшылықтың тарапынан жасалып жатқан жаңалықтарды естіп, марқайып жүрген жайымыз бар. Шынтуайтында, алпауыттар арпалысқан алмағайып заманда, қаржы дағдарысы деген дауыл тұрып тұрған кезеңде мемлекеттік қаржыға ғана иек артып қоймай, инвесторларды тартып, Оңтүстіктің экономикасын арттырып, әлеуетін дамытудағы қадамдары нақты әрі айқын, – деп өңір басшысының жұмысын айрықша бағалады. Таяуда ғана өткен «Қазақстан-Түркия инвестициялық форумының» берері мол екенін де назардан тыс қалдырмады.
Бұдан бөлек ОҚМПИ ректоры Оңалбай Аяшев, Парламент Мәжілісінің депутаты Розақұл Халмұрадов пен Төлеби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Шыңғысбаевтар облыс әкімі Ж.Түймебаевтың жылдық есебіне оң бағасын беріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
«Достық» – бейбітшілік бесігі
Пятница, 17 Февраль 2017 05:43«Тәуелсіз Қазақстан – бірлік пен татулықтың мекені». Таяуда құрылған «Достық» клубының басты ұстанымдарының бірі осындай. «Достық» – ұлтаралық келісім мен студенттер достығының дәнекері.
Облыс әкімі Ж.Түймебаевтың төрағалығымен Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінде ашылған клубта қызықты кездесулер, кештер, байқаулар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, концерттік бағдарламалар мен фестивальдер өткізу жоспарланып отыр.
Аталған клуб жетекшісі Данияр Мұсабай: «Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің студенттік жастар ұжымы да көпұлтты кішігірім халықтар ассамблеясы. Колледжде орыс, өзбек, түрік, қырғыз, болгар, пуштун, түркімен секілді 25 ұлт өкілдері білім алуда. Олар бір шаңырақ астында, бір атаның баласындай татулықты ту етіп, ауызбіршілікті арттырып келеді», – дейді.
Жиында сөз алған ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов ынтымағы жарасқан елдің ғана табысы мол болатынын, мұндай клубтар алдағы уақытта облысымыздағы барлық жоғары және орта арнаулы оқу орындарында ашылатынын айтты.Мәжіліске қатысушылардың арасында ой қосқан облыстық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак өңірімізде тұрақтылықты сақтау жолында игі істер молайып жатқанына тоқталды. Сондай-ақ, аталған колледждің І курс студенті Виктор Ивко қазақ тілінде өзінің авторлық өлеңін оқыды.
Сіз де полицей бола аласыз!
Пятница, 17 Февраль 2017 05:11Шымкентте Жергілікті полиция қызметінің басшысы қала тұрғындарын бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Данияр Мейірхан өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға ниет білдіргендерге арнайы тігілген бас киім мен сөмке, кеудешелер берілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол бұл киімдерді өзі киіп көрсетті.
– Үйде немесе жылы кеңседе отырып: «Көшедегі тәртіпке өз деңгейінде қарамайды, жасөспірімдермен жұмыс істемейді немесе ұрыларды ұстамайды» деп полицейлердің жұмысын жамандау өте оңай. Енді әркімнің полицейлермен бір қатарда тұруына мүмкіндігі бар. Облыстық прокуратураның тапсырмасымен қалалық әкімдік пен Жергілікті полиция қызметі бірлесе қызмет атқаруға қоғамдық көмекшілерді шақырады. Оларға төлемақы Жұмыспен қамту орталығы арқылы жүргізіледі, – деп жазды Д. Мейірхан.
Сонымен, көмекші болғысы келетіндерге төмендегі талаптар қойылмақ. Қоғамдық көмекші жоғары білімді әрі жасы 29-дан аспауы тиіс. Жалақысы 56 мың теңге көлемінде болады. Ал орта білімі бар азаматтарға 40 мың теңге төленеді. Қосымша ақпарат алу үшін Шымкент қаласы Қожанов көшесінде орналасқан Шымкент қаласының Жергілікті полиция қызметіне хабарласыңыздар. Жеке куәлікпен 209 қызмет бөлмесіне келу қажет. Байланыс телефондары: 8 707 145 31 45 және 8 702 840 26 17.
Қала келбеті ажарлана түспек
Среда, 15 Февраль 2017 05:36Шымкент қаласының әкімдігінде өткен Қоғамдық кеңес мәжілісінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2016 жылы атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Әкім облыс орталығының дамуы мен еліміздің үшінші мегаполисіндегі өмір сүру деңгейін жақсарту туралы сөз етті.
Оның айтуынша, аталған кезеңде «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде 64 көпқабатты тұрғынүй салынған (3777 пәтер). Одан бөлек, 32 тұрғынүй кешені (996 пәтер) «Қазақстан ипотекалық компаниясы» мен «Бәйтерек development» АҚ қолдауымен пайдалануға берілді. Нәтижесінде 1302 отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, 35 отбасы жатақханаға орналастырылды. 52 жобаның іске асуы үшін 20 миллиард теңге бөлініп, оның 27-сі пайдалануға берілді. Көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 13 миллиард теңге игерілді, 2015 жылмен салыстырғанда қаржыландыру 6,7 миллиард теңгеге көбейген.
– Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 327 миллиард теңгені құрап, 4 %-ға
өсті, – деді әкім. – Ауыл шаруашылық өндірісінің көлемі 3 % құраса, құрылыс жұмыстарының көлемі 14 %-ға, ал пайдалануға берілген тұрғынүй саны 23 %-ға өскен.
Қала әкімі өткен жылы атқарған есебінен кейін Қоғамдық кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.
Мәселен, «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Айгүл Қапбарова қаланың жасыл желекке айналуына байланысты сауал қойды. Ғабидолла Әбдірахымов таяуда Шымшаһарда Қырым қайыңы мен талшын ағаштары отырғызылатынын хабарлады, мұндай мәңгі жасыл көшеттер қала тұрғындарын тек жазда ғана емес, қыста да қуантатынын жеткізді.
– Қылқанжапырақты ағаштарға байланысты айтар болсақ,
орталықтағы көшелерге біздің жергілікті ауа райына әбден бейімделген шынар ағаштарын отырғызудамыз. Әсіресе, биыл күрделі жөндеуден өткізілетін Байтұрсынов көшесінің бойын шынар ағаштарымен абаттандыру жоспарда тұр. Бұл көшедегі 900-дей қара ағаш басқа көшелерге көшіріледі, -деді әкім.
Облыстық орыс театрының бас режиссері Игорь Вербицкий жарнама ілетін орын берілуін өтінді. Әкім өз жауабында мәдени мекемелер – театрлар мен цирктер, сонымен қатар зоопарк те өткізіп жатқан іс-шараларын қаланың қақ ортасындағы жарнама билбордтарына ілуіне болатынын жеткізді.
Ғ.Әбдірахымовтың айтуынша, қала бойынша аялдамалар мен таксопарктер мәселесі реттелетін болады. Нақтырақ айтсақ, такси тұрақтары жойылмайды, еуропалық стандарттарға сай қайта салынады. Ол тұрақтарға тек тіркелген автокөліктер ғана кіре алады.
Өз кезегінде қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы Мұхтар Битеміров 2016 жылы 12 мәжіліс өткізіліп, онда 20 нормативтік-құқықтық актілер мен жобалар қаралып, 1 қоғамдық тыңдау, 15 мемлекеттік орган басшыларының есептері тыңдалғанын айтты. Қоғамдық кеңесте қаладағы қоғамдық-әлеуметтік мәселелер қаралып, жауапты мемлекеттік мекемелерге міндетті түрде назарға алуға жіберілген. Айта кететін ауқымды жұмыстардың бірі Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында кеңес тарапынан Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымовқа Оқушылар сарайының алдындағы алаңшаға автотұрақ құрылысын жүргізу туралы ұсыныс түсіп, Кеңестің шешіміне сәйкес бұл мәселе сәтті шешімін тапқан.
Мәжіліс соңында жуырда ғана қабылданған Елбасы Жолдауында белгіленген мақсат-міндеттерді орындау мақсатында Қоғамдық кеңес пен атқарушы биліктің алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істеуі үшін бірауыздан Қарар қабылданды.