Шекті балл – 50, жоғары балл – 140
Среда, 24 Май 2017 05:02Жаз айы – мектеп демалысының уақыты. Алайда бітірушілерге бұл маусымда демалуға уақыт жоқ, өйткені, оларды 29 мамырда басталып 9 маусымға дейін созылатын бітіру емтихандары күтіп тұр. Ал 20 маусымнан 1 шілдеге дейін түлектер ҰБТ-ны жаңа форматта тапсырмақ.
«Осы жылдан бастап ҰБТ жаңа форматта өтеді, – дейді Шымкент қаласы Білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева. – Бұл дегеніміз, түлектердің біраз бөлігі мектеп қабырғасында қорытынды аттестация тапсырса, ЖОО-да оқуын жалғастырғысы келетіндерге тестілеуден өту қажет».
Биыл қала бойынша жалпы орта мектепті 7431 оқушы бітіргелі отыр. Оның 5059-ы ҰБТ тапсырмақ (олардың қатарында 254 оқушы – «Алтын белгіге» және 173-і – ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер).
11 сынып оқушысы қорытынды аттестаттау емтиханын мектепте бес пәннен, оның ішінде 4 міндетті (ана тілі, екінші тіл, алгебра және анализ бастамалары, Қазақстан тарихы) және оқыту бейіні бойынша 1 таңдау пәнінен тапсырады. ҰБТ ЖОО-на түсуге емтихан және мемлекеттік грантты үлестірудің жүйесі қызметін қоса атқармақ.
ҰБТ-да неше балл жинау керек?
«Шекті балл өткен жылдағыдан өзгерген жоқ, сол 50 балл қалпында қалды, – деп түсіндірді қаланың Бас педагогы. – Талапкердің ЖОО-на ақылы негізде түсуі үшін бұл жеткілікті. Ал талапкер жинауы тиіс ең жоғарғы балл – 140».
Жанат Арысбекқызының айтуынша, алдыңғы жылдардағыдай келеңсіздіктер орын алмас үшін ҰБТ-ның барлық тапсырмалары БжҒМ өкілдерімен алдын ала тексерілген, соның нәтижесінде тест кітапшаларындағы 287 сұрақ алынып тасталды. Талапкерлер бұрынғыдай ҰБТ басталмас бұрын тексерістен өтеді: ұялы телефон, фотоаппарат және т.б. гаджеттер оларға кедергі келтірмеуі тиіс. Шпаргалка пайдаланған бітірушілердің жолы болмайтынын ашып айту қажет. Бір сөзбен, ҰБТ тапсырудың негізгі ережелері бұрынғы қалпында қалды.
Бүгінгі күні облыс орталығында ҰБТ тапсыратын, арнайы камера орнатылған 40 бөлімше дайындалған.
Барлық бітірушіні мазалайтын бір сұрақ: шпаргалкамен ұсталып қалған жағдайда тестті қайта тапсыруға бола ма?
«Иә, болады, – дейді Жанат Тәжиева. – Тестті осы жылдың тамыз айында немесе келер жылдың қаңтарында ақылы түрде тапсырса болады».
ҰБТ тапсыруға байланысты жаңалықтар осымен бітпейді. Мәселен, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев биыл оқу гранттарының көбейгенін алға тартты. Ол жоғарғы білімді азаматтары еңбекке қабілетті қоғамның басым бөлігін құрайтын Ресей, Қытай сияқты елдерді мысалға келтірді. Бұл ел экономикасы мен оның келешегін көтеруге деген ұмтылыс деп айтсақ әбден болады.
Шымкент кашемирі: түбіт & топс
Пятница, 19 Май 2017 04:58«Шымкент-Кашемир» ЖШС-ін естуіңіз бар ма? Кәдуілгі «кашемирден жасалған» өнімдер осы мекемеде өндіріледі. Кашемир деп отырғанымыз, сол қазақы қой мен түйе жүнінің түбіті.
Топс дегеніміз – жіп иіруге қажетті шикізат. Қазақстанда түбіттен және жүннен, топстан жасалған бұйымдардың өндірісімен айналысатын жалғыз кәсіпорын әзірге біздің Шымкентте ғана. Таразда топс тоқымасын өндіретін цех ашылды да, белгісіз себептермен жабылып қалды. «Шымкент-Кашемир»-дің ашылғанына бар-жоғы бес жылдың көлемі болса да, жылына 400 тонна түбіт өңдеуге қауқарлы.
Шағанбек Қанжарбайұлы «Шымкент-Кашемир» кәсіпорнын тақыр жерден тұрғызған.
Елбасының соңғы жылдардағы кәсіпкерлерді жаппай қолдау бастамасынан кейін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан кәсіп бастауға 3 гектар тегін жер алған. Сөйтіп табыс және мүлік салығынан босатылған. Үкіметтің осындай кең көлемді қолдауынан кейін оның кәсібі кеңейіп, өркендеп келеді.
Кәсіпкерлік саласында тыңнан түрен салған Шағанбек Қанжарбайұлы өз ойларын ортаға салып, тәжірибесімен бөлісті.
1. Кәсіп түрін анықтаңыз
– Қазақстанда түбіт тарау кәсібі бұған дейін болмаған. Біз бірінші рет станокты Қытайдан әкеліп, жүн тарап, түбіт алып жатырмыз. Әлі игерілмеген кәсіптен бастағым келді. Қытай түбіт тараудан дүниежүзі бойынша алдыңғы орында. Олардың станогы мен құрылғылары да жұмыс істеуге өте қолайлы. Ешкінің жүнін қабылдап, түбіт тарадық та, оны Қытайға экспорттадық. Кейіннен елімізде кездесетін меринос қойдың жүнінен топс тоқымасын жасауға болатынын білдік. Топстан жіп иіреді. Бұған еуропалықтар қызығып келе бастады. Меринос қойдың жүнінің сапасы жақсы емес екен. Кавказдан асыл тұқымды қошқарлар әкелдік те, жергілікті қоймен будандастырдық. Осыдан соң жүннің сапасы жақсара бастады. Нағыз қазақи қойлардың қылшығының арасында түбіт болады. Майда жүннен түбітті бөліп аламыз.
2. Кәсібіңізді зерттеңіз
Кәсіп нысанын асықпай, әбден зерттеп алу керек. Қытайда бір зауыт түбіт тараса, тағы бірі жүн жуады. Ал біз осының барлығын бір жерде өндіреміз. Мұны ұзақ уақыт бойы мұқият зерттедім. Қытайдың түбіт пен топс шығаратын барлық зауытын араладым, салыстырдым. Сөйтіп, сол жақтан станоктар мен құрылғылар әкеліп, іске қостық.
3. Істі иіріп әкетуге үйреніңіз
Алғашқыда біз жүн жуатын бір ғана цехтан бастадық. Кейіннен жүн сорттайтын, жуатын, тарайтын, Топс жасайтын, көрпе мен киім тігетін қосымша 4 шеберхана салдық. Алдағы уақытта жіп иіріп, бояйтын және кілем тоқитын цех ашу жоспарда тұр.
Кәсіпорындағы 5 шеберханада 33 станок орнатылған. Мәселен, Топс цехында 18 станок бар. Бір адам бір мезгілде 4 станокты қатарынан игеріп, жұмыс істей алады.
Зауыттың жұмыс барысына тоқталсақ, алдымен Қазақстанның әр аймағынан әкелінген жүндер сұрыпталады. Одан кейін жүн жуатын станоктарға салынады. Жуылып біткеннен соң келесі станокта жүн таралады. Қылы бөлек, түбіті бөлек шығарылады. Қылынан матрас, түбітінен көрпе жасалады.
4. Өнім түрін ұлғайтыңыз
Біз меринос қойдың жүнінен топс өндіреміз. Топстан жіп иіріледі. Қазір Италияға топс топтамасы жіберілді. Жапония мен Израйль де қызығушылық танытып отыр. Алайда, әзірге түскен тапсырыстарды игеріп үлгере алмай жатырмыз.
Теңіз бетіндегі мұнайды сорып алатын киіз өндіреміз. «Қытай Мұнай Компаниясы» тапсырыспен киіздің осы түрін алады. Алдағы уақытта қазақ киіз үйінің киізін де өндірмекпіз.
Түйе жүнінен көрпе, көрпеше, жамылғылар, матрастар шығарамыз. Трикотаждан әйелдерге арналған пальто, жемпір, кеудеше, балаларға аяқ киім тігеміз.
5. Халыққа пайдасы бар өнім ұсыныңыз
Біздің өнім – отандық өнім, түбіттен жасалған көрпелер. «Шымкент Кашемир» ЖШС-і өңдеген түйе жүнінен жасалған отандық өнімнің сапасы талапқа сай келеді. Тігетін көрпелерге тек табиғи шикізат – меринос қойдың жүні мен түйенің түбіті салынады. Жамылғылар, сонымен қатар матрастың ішіне де түбіттер салып шығаруда. Айта кету керек, сапасы жоғары, мінсіз тігілген көрпелер «Қазақтың ұлттық көрпесі мынадай!» деп мақтана көрсетуге лайықты.
Түйе жүні көптеген ауруға ем. Ата-бабаларымыз түйе жүнін, соның ішінде шудасы мен жабағысын әр түрлі сырқаттарға және сары су жиналған жерлерге басып емдеген. Түйе жүнінен жасалған белдікпен құяңды емдейді. Сондай-ақ түйе жүнінен жасалған көрпе суық тиюден қорғайды. Ол адам ағзасын түрлі дерттен сауықтырып қана қоймайды, ағзаны жасартатын қасиетке ие. Жас балаларға түйе жүнінен тоқылған шұлық кигізіп, көрпесін жамылдырса, суық тимейді. Адам температурасын бір қалыпта ұстайды. Денеге қыста жылы, жазда салқын тиеді, оны жамылған адам шілденің аптап ыстығында да терлемейді.
Нардың жүнін қазақ халқы аяққа таптамаған, тек кеудешелер мен жейделер, шекпендер мен көрпелер дайындаған. Сондықтан түйе жүнінен көрпе таңдасаңыз, ұтылмайсыз!
6. батыл шешімдер қабылдаңыз
Біздің кәсіпорын тек өз қаржымызға салынды. Үкімет тегін жер берді, бірнеше салық түрінен босатты. Алайда жерді жалға алған болып есептелетіндіктен, әлі күнге банктен несие ала алмай келеміз. Соған қарамастан, тақыр жерден бастаған кәсіпті барынша кеңейтумен айналысудамыз. Қандай да бір қиындықтар мен кедергілерге дес бермей, істі орта жолда тастап кетпеуге тырысу керек.
7. Биік мақсаттар қойыңыз
Мені осы күнге жеткізген әуелі Құдай, сосын алға қойған мақсаттарым деп ойлаймын. Әрдайым жақсы ой ойлап, биік мақсаттар қойсаңыз, арман атты асқарды сөзсіз бағындырасыз.
8. Қызметкерлеріңіздің кәсіби өсуіне мән беріңіз
Қарамағыңыздағы қызметкерлеріңіздің білімді әрі жан-жақты болуына ынталы болыңыз.
Қызметкерлерімді Қытайға жіберіп, тоқыма мен жүн кәсібіне үйретіп алдым. Тағы біразын Италияда оқыттық. Бұл өз кезегінде фабриканың алға дамуына үлкен септігін тигізді.
9. Қосымша кәсіпті де жоспарлаңыз
Мен қазаққа пайдалы өнімдердің жол тартқанын қалаймын. Сондықтан бұл мәселеге келгенде тереңнен ойланамын. Мәселен, біздің елімізде түйенің сүті дұрыс өндірілмей жатыр. Одан кейін қазақтың топырағында қаншама пайдалы шөп дәрілер өседі. Сол отандық дәрі-дәрмекті өндіріске енгізсек деген ойым бар.
10. қарапайым болуға тырысыңыз
Мен көп сөйлемеймін. Сөздің орнына іс тындырғанды құп көремін. Айналамдағы әрбір қызметкерімнің жалпы және отбасылық жағдайынан хабардар болуға тырысамын. Олардың түстенуі мен жолақысын да қарастырып қойғанбыз. Журналистерге де барынша ашықпын. Жұмыссыз жүрген адамдарды «Шымкент-кашемир» зауытына жұмысқа шақырамын.
«Үш ұрпақтың» кездесуі өтті
Пятница, 19 Май 2017 04:23«Қарасу» шағынауданындағы «Отбасы аллеясында» «Үш ұрпақтың» кездесуі өтті. «Алтын той», «Күміс той» иелері мен жаңадан отау тіккен жас жұбайларға неке куәлігі тапсырылды. «Жасыл Қазақстан ЭКО» жобасы аясында «KAZSPACE» Инженерлік-Ғарыш мектебі ұйымдастырған бұл шараның жастарға берер өнегесі мол.
Иә, 50 жыл бір шаңырақ астында тұрып, өмір өткелдерінен қол ұстасып өтіп келе жатқан ата-әжелерімізге де неке куәлігі тапсырылды. Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің АХАТ секторының меңгерушісі Ақбота Қарнақбаеваның айтуынша, бұл шараның мақсаты жастарға алдыңғы буынның өнегелі өмірін үлгі ету, ұзақ жылдар бойы бірге тату-тәтті өмір сүрудің жолын нұсқау.
Жүздері бал-бұл жанған жастар, жанарынан мейірім шуағы төгілген ата-әжелер неке қию куәлігін алып, жүзігін бір-бірінің қолдарына таққанда бұл мекен бейне бір ғажайып баққа айналғандай әсер берді.
«Алтын той» иелері Қалдарбек Батыров пен Күлдархан Әкімова қарапайым ғана отбасы. Бірі шопыр, бірі тігінші болып зейнеткерлікке шыққан қазыналы қарттар осы күндеріне тәубе етеді.
– Өмір бойы бәрі тамаша, оңай болды деп айта алмаймыз. Ауыр кезеңдер де басымыздан өтті. Бірақ, ондай қиын кездерде бір-бірімізді демедік, түсіністік таныттық. Ең бастысы, отбасында сыйластық, ынтымақ керек, – дейді олар.
Неке қию куәлігін алған 9 жұп аллеяның ішіне кіріп, ағаш көшеттерін екті. Бұл жәй ағаштар емес, жібек талдардың көшеті. Киіз үйдің бір бөлшегі кереге бейнесінде дөңгеленіп, қиғаштанып егілген көшеттер өскенде әдемі жасыл желекке айналары сөзсіз.
Троллейбус қозғалысы неге тоқтап тұр?
Среда, 17 Май 2017 05:30«Қазгидромет» орталығының мәліметінше, Шымкент қаласында атмосфералық ауаның ластану көрсеткіші – 8,1. Бұл еліміз бойынша ластану деңгейі тым жоғары үшінші қала екенімізді көрсетеді. Қалада газ бен түтінді азайту үшін электрлік транспортты дамыту қажет.
Шаһар басшысы Ғ.Әбдірахымовтың бастамасымен өткен жылы «Shymkent byke» автоматтандырылған велосипедті жалға алу жүйесі іске қосылғанын білеміз. Автомобиль мен қоғамдық көлікке балама ретінде, қала тұрғындары мен туристерге қатынауға қолжетімді көлік ұсыну мақсатында іске қосылған жобаға қызығушылар көп. Дегенмен, троллейбустың жолаушылар тасымалындағы артықшылықтары көп болар еді.
Қоршаған ортаға залалы жоқ
Бұрын, яғни, 2000 жылдың басына дейін Шымкентте Теміржол вокзалы, Әуежай, Ипподром, қазіргі Бәйдібек би даңғылына дейін троллейбус жүретін-ді. Ал троллейбус – бірден-бір экологиялық таза көлік түрі саналады. Қазір қаланы көк түтінмен көміп жүрген көне шағын автобустар сол троллейбустың «тобығынан» келмейді. Ендеше троллейбустар қайда кетті?! Бұрынғы №4 троллейбус паркінде басшылық қызмет атқарған Бекәділ Тойшыбековты осы мәселе қатты алаңдатады.
– №4 троллейбус паркі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті ғой. 8 шағын станциясы болатын. Соның әрбір кірпіші мен сымына дейін сатылып кетті. Кеңес үкіметінен жалғасып келе жатқан жұмыстың бәрі зая кетті, – дейді Бекәділ Тойшыбеков. Ол бір кездері тарыдай шашылып жатқан 70 троллейбустың жарамдысын жинап, жарамсызын жөндетіп, парктің 12 млн қарызынан 6 миллионын қайтарып еді. Тапқан табысының бәрін сол паркке құйған-ды. Оған дейінгі басшы шығынға батырып кетсе де, мойымай, жүйелі жұмыс істеп, жұмысшылардың жалақысын төлейтін дәрежеге жетті. Сөйтіп, әупірімдеп аяққа тұрған кезде троллейбус паркі ауционға салынды. Бүгінде Бекәділ Тойшыбеков әр жерде қалып қойған тролллейбус сымдары жалғанатын ағаш бағаналарға қарап, әлде де үміт ұшқынын жаққысы келеді.
– Қала транспортына троллейбусты қосу керек. Қоғамдық көліктің бұл түрі экологиялық жағынан тиімді. Соляркамен жүретін автобустың түтіні бұрқырап, ауаны ластайды. Бұрын МАИ қызметкері ауа таза болсын деп бәсеңдеткішке тежегіш қойылғанын тексеріп тұратын. Қазір МАИ-дің онымен мүлде жұмысы жоқ. Қала келешегі үшін экологиялық жағынан тиімді бағыт ашу керек. Қазірдің өзінде бензин бағасы 150 теңгеге дейін барады. Ал жарық арзан. Троллейбустың жолақысы арзанырақ болса, адам ағылып мінеді. Ішіне 100-120 адам сыяды. Түнгі 23.00-24.00-ге дейін ешкіммен бәсекелеспей, өз уақытымен жүреді.
Троллейбус тағдырына алаңдайтындардың бірі – «Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюпов.
– Сол кезеңде сымдардың 80 пайыздайы су жаңа еді. Коммуналды жекеменшік деді де, аукционға салынып, мыс сым, трос, бәрі сатылды. Екі жылдың ішінде бәрі келмеске кетті. Мына тиіп тұрған көрші Тараз сақтап қалды. Қазір троллейбус бағыты жұмыс істеп жатыр. Троллейбусты тоқтатып қойған күннің өзінде станциялар, сым, бағаналарын сақтап қойғанда, бір-екі жылдан кейін қайтадан жүргізуге болар еді. Ал енді ол троллейбус бағытын ашып, іске қосуға қыруар қаржы керек, – дейді Д.Қаюпов.
Әлемде қалай?
Бүгінде бүкіл әлем бойынша дизельді автобустан гөрі экологиялық таза әрі тыныш электрлік транспорт түрін таңдау тенденциясы қалыптасуда. Көрші Ресейдің астанасында 2020 жылға дейін троллейбусты мүлде алып тастап, дизельді автобусқа өту туралы тұжырым жасалған. Алайда, жергілікті мәскеуліктер қала билігінің бұл шешімін құптамай, электрлік транспорт түрін қалдыруға мүдделі. Троллейбустың көптеген тиімді тұстарын алға тартқан мәскеуліктер аталған қоғамдық көлік түрін қаланың тарихи нышанына балайды.
Сонымен қатар Еуропаның көптеген елдерінде троллейбусты қатты бағалайды. Мәселен, Швейцарияның ірі қалаларында ол негізгі көлік түрі болып есептеледі. Жергілікті өнертапқыштар Женевада жолаушылардың қуанышына орай Tosa атты байланыссыз троллейбусты ойлап тапқан. Бұл қоғамдық көлік түрі үнемі электр энергиясымен байланысқа түспей-ақ, маршруттың өзіндегі қуатпен-ақ жұмыс істей береді.
Белоруссияның Гродно қаласында алғашқы байланыссыз троллейбус іске қосылған. Қуат көзі 15 шақырымға дейін жетеді. Бұл маршруттың жартысын айналып шығуға толықтай жетеді. Жаңа троллейбустарға жүргізушілермен қатар жергілікті биліктегілер де қуанып жүр дейді. Себебі, ол электр энергиясын 30 пайызға үнемдейді.
Байланыссыз троллейбустар сондай-ақ, Оңтүстік Кореяда, Ұлыбританияда, Қытайда қатынайды. Шанхайдың көне троллейбустық маршрутына биыл 100 жыл толған. Осыдан біршама уақыт бұрын Бейжіңнің жергілікті билігі троллейбусты автобусқа айырбастамақ болған, алайда, мегаполисте бұл тәжірибе экологияның күрт нашарлауына әкелген. Қазір қытайлықтар транспорттың бұл түрін барынша дамытып, таяу арада 20 жаңа троллейбус маршрутын іске қоспақшы. Мұнымен бірге қытайлықтар электробустарды да пайдаланады.
Қазір Еуроодаққа мүше елдердің ішінде ең ірі троллейбус желісі Афины қаласында. Онда 23 бағыт бойынша 366 көлік қатынайды. Троллейбус өндірісінің отаны – Германияда троллейбусты трамвайлар ығыстырып шығарған. Ал Афиныда жағдай керісінше орын алған, 1960 жылы трамвай желісі жабылып, оның орнына троллейбус іске қосылған.
Троллейбустар Еуропа мен Азияда ғана қолданылмайды, Солтүстік Америкада да қажеттілікке ие. Канаданың Ванкувер қаласында және АҚШ-тың Бостон, Дейтон, Сиэтл, Филадельфия штаттарында халыққа қызмет көрсетеді.
Тұрғындар көзімен...
Ал өзіміздің елімізде троллейбус Алматы мен Таразда әлі де халыққа қызмет көрсетіп жатқанын білеміз. Қарағандыдағы электрлік транспорт түрі тоқтап қалған деседі. Шымкентте де тоқтағанын тілге тиек етіп отырмыз. Осы мәселеге қатысты жергілікті тұрғындардың пікірін білмек болып бір-екеуін сөзге тартқан едік.
«Отырар» шағынауданының тұрғыны Саймасай Әділжанов қаладағы бұрынғы троллейбус паркінің жұмысын жақсы біледі екен.
– Біріншіден, экологияға пайдалы. Екіншіден, электрмен жүретін болғандықтан, экономикалық жағынан тиімді. Үшіншіден, тыныш. Ол жолаушыларға қолайсыздық тудырмайды. Төртіншіден, техникалық жабдықтары да арзан. Бесіншіден, троллейбус автобусқа қарағанда 50-80% көп уақыт қызмет етеді, –дейді ол.
21-ші шағынауданның тұрғыны Әскербек Сейділдаевтың айтуынша, кептелісті троллейбустар емес, соның жолына тұрып алатын қаптаған көліктер туғызады. Егер де троллейбустың техникалық ахуалын ретке келтірсе, онда үстіндегі жарық жалғағышы желіден шығып кетпейді.
Муниципалды автопарк қажет
Қала экологиясына оң әсер ету үшін троллейбуспен қатар муниципалды автопарк ашу мәселесінің де толғағы жеткен. Күн тәртібіндегі көкейтесті мәселелерге байланысты Шымкент қаласы Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқынбек Байдуллаев былай деп жауап берді:
– Муниципалды автопарк ашу мәселесін қаланың экс-әкімі Дархан Сатыбалды «Астана мен Алматыда бар, бізде неге ашпасқа?!» деп күн тәртібіне қойған еді. Сол кезде біздің бөлім республикалық Монополияға қарсы агенттікке хат жазған болатын. Агенттіктегілер: «Жеке компаниядан алып қойып, мемлекеттікін қоюға Заң бойынша құқымыз жоқ. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікпен жұмыс атқарылады», – деп рұқсат бермеген. Заңға өзгеріс енгізбейінше, муниципалды автопарк жақын арада ашылмайды. Ал троллейбус паркін ашу – болашақтың еншісінде. Себебі, оған қаржы қарастырылмаған.
Тобықтай түйін
Бәлкім, біздің бұл ұсынысымызды біреулер еріккеннің ермегіне балар. Енді біреулер «бүйректен сирақ шығарды» деп тыжырынуы да мүмкін. Бірақ, қаламыздың келешегі үшін троллейбус бағытын қайта жандандыру қажетттігін уақыттың өзі дәлелдеп келеді. Тұрғындардың көпшілігі қоғамдық көліктің бұл түрі қайта іске қосылғанын қалайды. Миллиондық қала атануға аз қалған тұста осы мәселені ойланғанымыз абзал. Себебі, күн өткен сайын адам саны көбейгеннен кейін экологиялық һәм экономикалық жағын қарастыруымыз керек.
Жас режиссерлерге – байқау!
Пятница, 12 Май 2017 06:20Жаңа есімдерді жалпы жұртшылыққа таныстыру мақсатында облыстық байқау жарияланды. Жас режиссерлер өздерінің қысқаметражды бейнефильмдерін аталған додаға ұсына алады. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған баспасөз-мәжілісінде айтылды.
«Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Береке Дүйсебековтың айтуынша, жас режиссерлер мен дарынды жастар алдымен конкурстық бейнефильмдер түсіру бағытын анықтап алуы керек. Олар 8 бағыт бойынша жұмыс істейді: әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны; туризм саласын насихаттау; патриотизм; мотивациялық бағыт; спорт, салауатты өмір салты; отбасы құндылықтарын насихаттау; жемқорлыққа қарсы бағыттағы; әлеуметтік тақырыпта (ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, алимент, діни сауатсыздық және т.с.с.).
Байқау талаптары төмендегідей:
1. ҚР Конституция күніне арналған қысқа бейнефильмдерін түсіру байқауына қатысуы үшін мерзімі 2017 жылғы 11 мамырдан бастап 11 маусымға дейін Этот адрес электронной почты защищён от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра. электронды мекен-жайына немесе 8-708-891-15-97 нөмірі арқылы тіркелуге болады.
2. Байқауға аудан, қалалардағы байқау бағдарламаларының талаптарына сәйкес кино-видео саласында тәжірибесі бар 14-29 жас аралығындағы жастар мен жас маманы бар киностудиялар қатыса алады.
3. Байқау қатысушылары бейнефильмдерді өз есебінен түсіреді, қолдау көрсету қажет болған жағдайда техникалары (дыбыс жазу студиясы, сценарийге редакторлық жұмыстар, режиссерлік көмек, операторлық көмек, т.б.) ұйымдастырушы тарапынан көрсетіледі.
4. Кемінде 10 минуттан кем емес – 20 минут аралығында бейнефильм түсіру.
Байқаудың үйлестірушісі Бақберген Асанбаев қатысушылар бейнефильмдерді 11 тамызға дейін ұсыну қажеттігін айтады. Байқаудың жүлделі орындарына тоқталсақ, бас жүлде – 500 000 теңге, 1 орын – 400 000 теңге, 2 орын – 300 000 теңге, 3 орын – 200 000 теңге. «Үздік актер» номинациясы – 100 мың теңге, «Үздік актриса» номинациясы – 100 000 теңге, Ынталандыру сыйлықтары – ноутбук 4 дана, арнайы статуэткалар.
Момышұлымен бір майданда болған
Пятница, 05 Май 2017 06:54Жеңіс мерекесінің қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері жайлы материал жазуға тапсырма алдым. Қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының берген бағытымен ҰОС ардагері Әдіһам Шілтерхеновпен сұхбаттаспақпын. Хабарластық. Даусы бәсеңдеу естілгенімен, қарт майдангер сұхбатқа қарсылық білдірмеді. Қаламыздағы «Шапағат» шағынауданында тұратын қарияның үйіне ат басын бұрдық.
Ә дегеннен:
– Соғысқа қалай және қай жылы аттандыңыз, ата? – дедім ойымда ешнәрсе жоқ.
– ...
Атам үнсіз. Соғысты еске алғысы жоқ. Келіні Мәриямға кітаптарын алдыртты. Менің кейіпкерім қан майданда кескілескен жаумен күресіп қана қоймай, сол соғыс арпалысын, өрілген өмір күрестерін қағаз бетіне бедерлеген жазушы да екен. Қалам мен қаруды қатар ұстаған майдангер қаламгерлер Бауыржан Момышұлы, Баубек Бұлқышев, Жұбан Молдағалиев, Әзілхан Нұршайықов, Қасым Аманжоловтардың аты аспандап, қазақ даласына кең жайылған кезеңдерде Әдіһам Шілтерханов есім-сойының естілмеуінің өзіндік сыры бар болып шықты. Атамыз соғыстан оралған соң Бәйдібек ауданында қарапайым мұғалімдіктен кеңшардың бас агрономы, ұжымшар төрағасы қызметтеріне дейін өскен. 12 жыл ұжымшарға төрағалық еткен соң, аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директоры қызметін атқарып, 40 жылдық лайықты еңбек өтілінен кейін абыроймен зейнетке шыққан. Міне, кейіпкеріміздің шығармашылықпен, зерттеумен айналысқан кезі – осы тұс. 40 жастан кейін жазуға белсене кіріскен ұлы Абайдай Әдіһам Шілтерханов та 60-тан кейін шығармашылық жұмысқа ден қойған. Әдетте базбіреулер зейнеткерлікке шыққан соң жан тыныштығын ойлап, қол қусырып отырады. Ал Әдіһам атамыз кемелденген қарттық кезеңінде қолына қалам алып, жазуды жанына серік етіп, «Аталы сөздерін» жарыққа шығарды. «Үш бәйтерек», «Ақжалдың ақыры», «Саттар Ерубаев», «Дала мен дана» кітаптары және «Ордабасы» баспасынан шығармаларының үш томдығы жарық көрді.Ұзын саны 15 кітаптың авторы атанды. Өлке тарихы мен әдебиетіндегі көптеген тың деректерді тапты. Сөйтіп, аз ғана уақыттың ішінде ол кісінің зердесінен шыққан дүниелер халқы сүйіп оқитын кітапқа айналып, көпшілік жаттап алып, кәдесіне жаратып жүрген аталы сөздері ел аралап кеткені қашан!. Әдебиет сүйер, сөз қадірін білер қауым оған жақсы пікірін әлдеқашан беріп қойған. Ойшыл қария өзінің шығармашылығы мен зерттеулері жайында таңды таңға ұрып айта берер-ау, бірақ, оған уақыт һәм қазіргі ахуалы мұрсат бермейді. Айтуға ауыр болса да, алдымен соғыс жайын сөз етуге тура келіп тұр.
Бірінші лирикалық шегініс
Әдіһам ақсақал Ленинградтың түбінде Бауыржан Момышұлымен бір дивизия, бір полкта жаумен шайқасқан. Даңқты Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның 23-полкының құрамында әлі 18-ге тола қоймаған балаң жігіт те бар еді. Қаһарман жауынгерлер қатарында 900 күн дегенде Ленинград қоршауын жаудан азат етуге қатысты. Сондай сұрапыл сәттердің бірінде, яғни, 1944 жылы аяғынан және басынан оқ тиіп, ауыр жараланады.
– Соғыста жүргенде Рамазан Елібаев дейтін композитор болатын. Қолында – мылтығы, арқасында – баянын арқалап жүреді. Кездескен адамына «Каталөгің аман болсын!» дейтін. Онысы «басың аман болсын!» дегені. Сол «каталөгімді» аман сақтай алмадым, қарағым. Оқ тесіп өтіп кетті, ішінде қалып қойды. Бастың ішіндегі қай тесігін жыртып кеткенін ешкім біле алмады. Бас тола қан. Бұрқылдап тесіктен ағып тұрады. Горький (қазіргі Нижний Новгород) қаласындағы жүйке аурулары ауруханасы сол кездегі ең мықты госпиталь екен. Сонда арнайы дәрігерлер алдырып, 6 ай емдеп, қатарға қосты. Тесікті үлкейтті, сындырды. Ол кезде денені уақытша жансыздандыратын дәрі-дәрмек деген атымен жоқ. Әр сындырғанда жаныңды көзіңе көрсетеді. Оғын алып, қан-сөлін тазалап, терісін керіп, қайтадан тесігін жауып қойды. Сонымен сүйегі жоқ, терісі бар баспенен 40 жыл жұмыс істедік қой, – деді әр сөзін ақырын түйіндеп айтқан ақсақал. Бүгінде қарияның көз жанары сөне бастаған . Бастың ауыр жаралануының салдары қос шырағына да әсер етпей қоймапты.
– Ұлы Отан соғысы кезінде И.Сталиннің «Соғыста өлмеген солдат, тіріде жүріп өлуге тиісті емес!» деген бұйрығы болған екен. «Жараланып келгеннен кейін әскери ауруханада қорлықпен көз жұмғандар аз болған жоқ. Сонда өлім мен өмірдің арасында жатқан әрбір солдатты түнде КГБ-ға алып кетеді екен. Ар жағын өзіңіз бағамдай беріңіз, – деді майдангер жаралы күндерді еске алып.
«Ал енді соғыстан бір эпизод айтып берейін. Колмь дейтін төбенің үстінде орналасқан қаланың түбінде тұрдық. Асты су, айналасы батпақ. Барлық жерге жертаса (окоп) қазып, мина қойып, сым тартып тастаған. Немістермен арамыз тым жақын. Бізге басшылар қалың орманның ішіндегі биік қарағайдың үстінен отыратын орын істеп берген. Үш жігіт немістердің жүрісін, бағытын үш-төрт күн кезекпен бақыладық. Менімен ауысқан бір жігітті немістер байқап қойған екен. Қарағайдың үстінен атып түсірді. Өлі-тірі екенін біле алмай кеттім». Әдіһам ата бұдан кейін соғыс жайын қозғамады. Аяусыз жаншылған қарт жүрегіне жүк түсетіні мәлім ғой. Біз де ол турасында көп сөз суыртпақтамадық. Тек Бауыржан Момышұлымен майдан даласынан оралғаннан кейінгі арақатынасы туралы сұрағанымызда:
– Соғыстан қайтқан соң жұмыстан босамадым. Бауыржанмен араласа алмадым. Тек Оңтүстікке келген бір сапарында ғана жолығып қалып, аз-кем тілдестік, – деді. Сонымен бірге қария қатарының кеміп қалғанын да айтып ауыр күрсінді. – Ең ауыры, жұбайым Балдайдың арамыздан кетіп қалғаны болды, – деді және терең тыныстап. Бес ұл, бір қыздан 40-тан астам немере-шөбере көріп отырған Әдіһам ата әу бастан Үкіметтің қамқорлығына сүйеніп үйренбеген. Бес күндік фәниде барлығына маңдай тер, адал еңбегімен қол жеткізген. «ҰОС ардагерлеріне коммуналдық төлемге аз-кем жеңілдік жасайды. Бірақ, оның өзі мардымсыз. Сондықтан әуелі Құдайдың, одан кейін балалардың қамқорлығындамыз», – деді.
Екінші лирикалық шегініс
Әдіһам ата бірнеше кітабын ұсынды. Сөмкеме қуана-қуана салып алдым. Содан бері «Әдіһам әлемі» еріксіз баурап алды. Белгілі журналист ағамыз Жанболат Аупбаевша айтқанда, менің көз алдымда «Ашылмаған арал» ашылды. Оның «Аталы сөздерінің» өзі не тұрады?! Әрбір сөзін оқисың да, ойға шомып кетесің.
«Тұлпар туған биенің,
Шабысына мін тақпа.
Жарлысың деп жігіттің,
Табысына мін тақпа». Автор дәл қазіргі заман келбетіндегі әлеуметтік құбылысты бір ауыз сөзбен сипаттап отырғандай. Мұндай қанатты ойлар мен нақыл сөздер аталған кітапқа көптеп топтастырылған.
Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты Аян Нысаналы Әдіһам Шілтерханов шығармаларының қос томдығына жазылған «Дарын дарағы» атты алғысөзінде былай дейді:
«Әдебиетші Ә.Шілтерхановтың кеудесі – алтын көмбе. Ол қыршын жазушы Саттар Ерубаев, саңлақ суреткер Мұхтар Әуезов туралы айтқанда да, тың рухы әлем ашып, қаламгерлік қайрат танытады. Сіз құй сеніңіз, құй сенбеңіз, бірақ, ол ешкімді де бей жай қалдырмайды. Шабыт шуағымен жылытып, жүректерге шындық шоғын түсіреді. Бәлкім, бүгінгі оқырманға да сол керек шығар».
Ә.Шілтерханов қазақ әдебиетіндегі ашылмаған сыр сандық – Саттар Ерубаевтың жазылмаған өмірбаянын жазып, қалыпқа келтірген.
Қызметтегі жалынды жылдарында ауыл шаруашылығы саласында жүргенімен, болмысы – әдебиетші кейіпкеріміз ел басқарып, жұртпен араласпаса, осыншалықты көп білер ме еді, жоқ па?! Саттар өмірінің түрлі қырларын ашқан адамдарды да сол қызметте жүрген жылдары жолықтырады. Саттардың кіндік қаны тамған жерге барып, ағайын-туғаны, құрбы-құрдастарымен, оны жөргегінен білетін адамдармен сөйлеседі. Ол оқыған Ленинградтың мұрағаттарын да ақтарады. Саттар туралы әдебиет оқулықтарында мынадай қасаң дерек бар. «Саттар Ерубаев жастай жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленді. Комсомол органдарында жұмыс істеді». Кей жерлерде «теміржолшылар мектебінде оқыды» – деп те жазылады. Бұл көпе-көрнеу бұрмалау.
Саттар жетім емес, ата-анасының бауырында өскен, комсомол органдарында бір күн де жұмыс істемеген. Теміржолшылар мектебінің табалдырығын да аттамаған. Бұл деректерге жазушы Саттардың туыстары мен бірге оқыған жолдастарымен сөйлескен кезінде қаныққан. Бір ғажабы, Саттардың шығармашылығы өз өмірі туралы дерекке тұнып тұр.
– Мен өзімше Саттардың тұлғасын айқындадым, қайталанбас ерекше талант екенін, қазақта бір-ақ Саттар барын дәлелдедім деп ойлаймын. Оған неге өз дәрежесінде құрмет көрсетілмейді, насихатталмайды, бұл енді бөлек әңгіме, – деді Ә.Шілтерханов.
Бұдан бөлек қаламгердің әдеби айналымға қосқан еңбектері көп.
Жақында 300 жыл толатын «Ақтабан шұбырынды алқакөл сұламадан» туған «Елім-ай» дейтін әннің тарихын, «Алпамыс батыр» жырының тек қазаққа ғана тиесілі төлтумасы екенін тарихи тың деректермен дәлелдеді. Жазушының «Мұңлық-Зарлық», «Қамбар батыр», «Мәделі қожа» этнографиялық зерттеулерінде де қазаққа тиесіліні «шекпен жауып, өзіне қайтарады».
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Айтып-айтпай не керек, бүгінгі өскелең ұрпақ Әдіһам Шілтерханов хақында, оның майдандағы жанқиярлық қайталанбас ерлігі, әдебиет пен тарихқа қосқан сүбелі еңбегі жайында білуі тиіс. Құмның қойнауында халқымыздың өткеніне қатысты талай дүние жатқанын меңзеп, «Құмға ғашық қария» деп жазды журналист Бейсенкүл Нарымбетова апайымыз. Ал ақын Нармахан Бегалиев бір сұхбатында Әдіһам Шілтерханов туралы: «Шаруашылықта көп өмірін өткізіп алды әрі өзін-өзі көрсетуге көп ұмтылмайтын адам. Әдіхам өте қарапайым жазады, қарапайым жаза отырып көп нәрсені аңғартады», – деген екен. Ал белгілі журналист Нұртөре Жүсіпке осындағы бір жігіттер «Оқитын бірдеңе табыла ма?» дегенінде жазушының үш томдығын апарып беріпті. Сонда Нұртөре: «Мен мынандай жазушыны осы кезге дейін неге білмегенмін? Туындылары керемет екен ғой», – деген көрінеді. Қысқасы, әр қазақтың үйінде, үнінде, жүрегінде Әдіһам Шілтерханов есімі жатталып, туындылары кітап сөресінде тұрса, одан әркім өзіне жаңа бір әлем, тың арал ашып, соның кеңістігінен кемел дүниелер табары анық.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру
Среда, 03 Май 2017 06:16халық денсаулығын нығайтуды көздейді
Елбасы екінші жартыжылдықтан бастап елімізде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) енгізіле бастайтынын айтты. Президент өзінің 2014 жылғы 17 қаңтардағы Жолдауында да осы мәселені көтерген еді. 2015 жылы ҚР «Міндетті мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру» туралы Заңы қабылданды. 2016 жылы МӘМС Қоры құрылды. Зерделеп қарасақ, бұл бір күнде қабылданған шешім емес. 3-4 жылдың көлемінде ашықтық қағидасына сүйеніп, халықтың қарауына, қабылдауына уақыт берілді.
Соның нәтижесі болар, өткен бір апталарда еліміз бойынша 140 мыңнан астам азаматтың МӘМС жүйесіне тіркелгені белгілі болды. Қазір өңірлерде аталған жүйе туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да қызу жүргізілуде.
Осыған байланысты жуырда Астана медициналық университетінің қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының профессоры, республикалық штаттың мүшесі Серік Ибраев өңірімізде болып, бірнеше аудан мен Шымкент қаласында халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
– МӘМС жүйесін бір сөзбен «әлеуметтік әділдік пен қаржылай жауапкершілік» деп түсіну керек. Әлеуметтік әділдік дегеніміз – әрбір сақтандырылған қатысушының жалақысынан белгілі бір мөлшерде жарна аударылады. Олар бірдей сақтандыру пакетіне ие болады. Бұған дейін денсаулық сақтау саласының шығыны тек қана мемлекеттің мойнында болып келді. Енді қаржылай жауапкершілік, яғни денсаулық сақтау саласының ауыр жүгі мемлекет, жұмыс беруші және әр адамның өз мойнында, – деді.
Демек, бұл жүйе денсаулық сақтау саласының қаржылық орнықтылығы үшін өте қажет. Барлық сақтандырылған азаматтардың жынысына, жасына, əлеуметтік дəрежесіне, тұрғылықты жеріне жəне табысына қарамастан медициналық жəне дəрілік көмекке тең қолжетімділікке кепілдік береді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – денсаулық сақтаудағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың түрі. Сақтандырылған жағдай бойынша науқасқа жинаған қаржы медициналық көмек көрсетуге кепілдік болады.
Серік Ескендірұлының айтуынша, елімізде 18 миллионға жуық адам бар болса, оның 10 миллионын Үкімет өз мойнына алып отыр. 6 миллионға жуық қызметкерлер үшін жұмыс берушілердің төлем үлесі 1-шілдеден бастап 1% болады, ал 2022 жылға дейін 3%-ға жеткізу көзделген. Өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін 200 мыңнан астам азамат (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіпқой медиаторлар) бар. Бұлар айлық жалақысының 3%-ын жарна ретінде аударып отыруы керек.
Тиімділігі неде?
МӘМС жүйесін зерттеп, зерделей келе, оның тиімді тұстарының көп екендігіне көзіміз жетті. Осы орайда Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Марат Ташимовтың пікірін келтіргенді жөн санадық.
– Кез келген мемлекеттік жəне мемлекеттік емес клиникаларда медициналық көмек ала аласыз. Бұл жерде Сізге медициналық көмектің барлық түрлері көрсетіледі (дəрігердің қабылдауынан бастап, жан-жақты зерттеулер мен қымбат оталарға дейін). Мұнда кеткен шығындарды Қор төлейді. Сапалы медициналық көмек пен ұйымдарды іріктеуді Қор өзі қадағалайды. Әр клиника Сізге жоғары білікті медициналық көмек көрсетуге мүдделі болады, себебі Қор ауруханаларға жəне емханаларға көрсеткен сапалы медициналық қызмет үшін қаражат төлейді жəне олардың көрсетілуін қатаң бақылайтын болады. Тегін жəне қолжетімді дəрі-дəрмектер. Сіздің мемлекет белгілеген ауру түрлері бойынша дəрілік заттарды тегін алуға құқығыңыз бар. Сіз бұл дəрілік заттарды еліміздің кез келген дəріханаларынан ала аласыз жəне олар бұл дəрілердің сапасы мен қауіпсіздігіне жауапты. Қор дəріхана қызметтеріне ақы төлеуді өз міндетіне алады. Құқығыңыз бен мүддеңіз қорғалады. Егер емделген кезде емнің сапасы төмен болса немесе сізді емдеуден бас тартып жатса, онда Қорға жүгіне аласыз, Қор құқығыңыз бен мүддеңізді қорғай алады. Сіздің өтінішіңіз бойынша тексерулер жүргізіп, шаралар қолданылады. Өз денсаулығыңыз жайында толық мəлімет ала аласыз. Жаңа электронды денсаулық сақтау жүйесі ұйымдастырылатын болады. Осының шеңберінде Сіздің жеке кабинетіңіз ашылады. Бұл жерде емханаға келгеніңіз, стационарда емделгеніңіз, сараптама, зерттеулер қорытындысы, дəрігерлердің қорытындысы мен ұсыныстары туралы барлық ақпараттар болады.
Енгізуден кейінгі нәтижесі қандай?
ХАЛЫҚ ҮШІН
• Сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі
• Халық қажеттілігіне сай денсаулық сақтау жүйесі
• Денсаулықты жақсарту, өмір ұзақтығын арттыру
• Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді кеңейту
• Денсаулық сақтаудағы бейресми төлемдер деңгейінің төмендеуі
МЕМЛЕКЕТ ҮШІН
• Медициналық көмекпен әмбебап/жалпыға ортақ қамту
• Азаматтардың ортақ жауапкершілігі
• Тұтыну көлемдерін теңгерімдеуге мүмкіндік беретін денсаулық сақтаудың қаржылық тұрақты жүйесі
• Денсаулық сақтаудың нарықтық тетіктерін жетілдіру
• Жеке денсаулық сақтауды және денсаулық сақтау индустриясын дамытуға ынталандыру (қосымша жұмыс орындары және технологиялар)
• Қаржы ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру
• Ресурстарды қолдану бойынша қоғам алдындағы есептілік
ҚЫЗМЕТ БЕРУШІЛЕР ҮШІН
• Қызметтің тиімділігіне сәйкес тұрақты қаржыландыру
• Басқару және менеджменттің жаңа корпоративтік тәсілдерін енгізуді ынталандыру
• Еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру: бәсекеге қабілетті жалақы алу мүмкіндігі
• Жаңа медициналық технологияларды енгізу. Түпкілікті нәтижеге бағдарлылық
• Негізгі құралдарды уақытылы жаңарту
Төлем жасамаса не болады?
- Сіздің қызметкеріңіз өз тарапынан денсаулық сақтауға құқығы жоқ болғандықтан наразылық тудырады;
- Сіз Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы денсаулық сақтау» Заңына сәйкес жауапты боласыз және сізге айыппұл салынады;
- Сіз Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес жауапты боласыз, сондай-ақ, айыппұлдар қолданылуы мүмкін.
- Сіз МӘМС мүшесі бола алмайсыз және медициналық сақтандыру жүйесі бойынша денсаулық сақтау қол жеткізу құқығы жоқ болады. Алайда, сіз мемлекет кепілдік берген медициналық көмектің көлемін пайдалана аласыз. Оның ішіне кіретіндер:
• жедел жәрдем және санитариялық авиация;
• әлеуметтік маңызды аурулар және төтенше жағдайда медициналық көмек алу;
• профилактикалық вакцинация;
• 2020 жылға дейінгі амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамту бар амбулаториялық-емханалық көмек.
Тобықтай түйін. Бір байқағанымыз, халықтың МӘМС-ке қызығушылығы жоғары. Былай қарағанда, ауырып қалсақ, қомақты қаржы жұмсаймыз. Ал МӘМС жүйесіне тіркелсек, ай сайын жалақыдан белгілі бір мөлшерде жарна аударып отыру арқылы бағалы медициналық көмекке тегін қол жеткіземіз. Миллиондарға бағаланатын отаны тегін жасатқанның несі жаман?!
Мемлекет кім үшін төлейді?
1) балалар;
2) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Ардақты ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар;
3) Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер;
4) мүгедектер;
5) жұмыссыздар ретінде тіркелген адамдар;
6) интернат ұйымдарында білім алатын және тәрбиеленетін адамдар;
7) техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі, жоғары білім, сондай-ақ резидентура нысанындағы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқитын адамдар;
8) баланы (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) күтіп-бағу бойынша демалыста жүрген әйелдер;
9) жүкті әйелдер, сондай-ақ бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) тәрбиелеп отырған әйелдер;
10) зейнеткерлер;
11) әскери қызметшілер;
12) арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;
13) құқық қоғау органдарының қызметкерлері;
14) соттың үкімі бойынша жазасын сот-атқарушылық жүйе мекемелерінде (пенитенциарлық) өтеп жүрген адамдар (ең төменгі қауіпсіздік мекемелерін қоспағанда);
15) уақытша ұстау изоляторында және тергеу изоляторында ұсталатын адамдар.
Қазақы қалжыңның «Үлкен үйі»
Пятница, 28 Апрель 2017 09:08Бүгін біз «Асыл арна» эфиріндегі «Үлкен үй» телехикаясының түсірілім тобына барамыз. Міне, қаланың іргесінде орын тепкен «Алаш» базары маңындағы Шағала көшесі, №87 үйге табан тіредік. Есік ашылды. Иә, иә, көк жәшіктен тамашалайтын дәл сол үй, тапшан, аула, кейіпкерлер... Әбдіразақ ақсақалдың үлкен үйіне баспалдақпен көтерілдік. Фильмдегі шай ішіп отырып, қаншама тағылымды ойлар айтылатын сахна көзімізге оттай басылды. Түсірілім тобы кезекті түсірілімге дайындық үстінде екен. Дубль 1, 2, 3!..
«Асыл арна» телеарнасынан көрсетілетін телехикаяның режиссері Мақсат Оспановпен түсірілім арасында сұхбаттасып үлгердік. Кәсіби киногер бұған дейін 14 фильм түсірсе, оның ішінде «Ауылға бір қыз келді», «Өкініш», «Бізді күтер бір бақыт», «Мент», «Алтын ұя» туындылары көрерменге жақсы таныс. Ендеше сәті түскен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– «Үлкен үй» телехикаясы – тағылымға толы, үлкенге де, кішіге де ой салатын тың туынды. Жалпы, «Асыл арна» эфиріндегі қай-қай шығарылым да имандылыққа, инабаттылыққа, жақсылыққа, ізгілікке шақырады ғой. Ал «Үлкен үй» көрерменнің қабылдауына да жеңіл, жүрекке жетеді. Идея кімдікі?
– «Үлкен үйдің» идеясы – «Асыл арнаның» Бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Мұхамеджан Тазабек ағамыздыкі. Арнаның Бас продюсері – Ерлан Әбдірұлы. Жалпы біздің арнаны тек діни бағыттағы емес, отбасылық арна деп те қарастыру керек. Діни басқарма имамдарының уағызы да, балаларға арналған мультфильмдер топтамасы да, деректі фильмдер де, сериалдар мен көркем фильмдер де бар. «Асыл арнаға» жұмысқа келгеніме бір жылдай болды. Осы уақыт аралығында «Үлкен үй», «Бір келіншек» телехикаялары түсірілді. Бұлардан бөлек толықметражды фильмдер көп. «Үлкен үйдің» сценарий авторы – белгілі журналист Мұрат Есжан. Қазір АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында киносценарист мамандығы бойынша білім алуда.
– «Үлкен үйді» тек қана комедия деп қарастырамыз ба, әлде?..
– Комедия деп біржақты айтуға келмейді, терең философияға құрылған күрделі туынды деп те айта алмаймыз. Қарапайым қазақы қалжың арқылы тәлім-тәрбие ұсынатын туынды. Әзіл арқылы әр бөлімнің түйіні жасалады. Мысалы, көршінің тауығы ауласына жұмыртқалаған соң, оны өзімдікі екен деп қуырып жеу де ұрлыққа жатады. Үйдің үлкендері жастарға «Көршіге апарып беріңдер!» деп ақыл айтады. Мұның өзі ғибрат қой. Бір бөлімінде комедия, енді бірінде драма кездеседі. Мысалы, әйелі мен күйеуі болмашы нәрсеге келіспей қалады. Қу дүние жеткізбей, әйелі жиһазға, күйеуі басқа затқа жұмсағысы келеді. Содан келіспеушілік туындайды. Астарына үңілсек, адамды жылататын жағдайлар орын алады, яғни, драмаға толы.
Танымал тұлғалар тартылған
– Актерлердің ойыны шынайы. Бұл жолы да телехикаяның шығармашылық құрамы сол актерлерден тұра ма? Әлде өзгеріс бар ма? Әбдіразақ ақсақалдың рөлін сомдаған белгілі актер Ошат Рахимовтың өткен жылы дүниеден озғанын білеміз. Ол кісінің рөлін енді кім сомдайды?
– Ошат атамыз фильм түсіріліп біткеннен екі-үш күннен кейін қайтыс болды. Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының майталман актерi, Қазақстан Республикасына еңбек сiңiрген әртiс Ошат Рахимовтың фильмдегі образы – үлкен үйдің, қала берді тұтас бір ауылдың абыз ақсақалы болды. Ол кісінің рөлін басқа адаммен жалғастыруға болатын еді. Бірақ біз сыншыл халықпыз ғой. «Әжесі тұрмысқа шығып алған ба?!» деген қаңқу сөздер болмас үшін ақсақалдың рөлін осымен тоқтаттық. Екінші жағынан, театр тарланының өмірден өткенін бүткіл Қазақстан біледі. Редакция алқасымен ақылдаса келе, қарияның рөлі тоқтайтын болды. Қайта үйдің үлкені, Әбдіразақ ақсақалдың көзі тірісіндегі үлгі-өнегесі екінші маусымда да жастарға үлкен ой салады. Өтірік айтпас бұрын: «Атам өтірік айтпа деп еді ғой!» деп атасының сөзін жиі еске алып отырады. Қалған актерлер негізінен өзгерген жоқ, сол құрам, керісінше, жаңадан актерлер қосылуда. Актерлерді тізбектейтін болсам, Уәлибек Әбдірайымов, Жүсіп Ақшора, Нұржан Құлшынбаев («Шаншар»), Күлия Рахымбердиева (Ж.Шанин атындағы драма театр), Майра Мақұлбекова [Түркістандағы Р.Сейітметов атындағы драма театры], Дәурен Жұмаділов, Берік Тұрсынбеков, Қарлығаш Тұрсынбекова («Шымкент-шоу»), Нұржан Төлендиев, Нартай Сүлейменов («Алдараспан»), Абай Аязбаев («Нысана»), Жұлдызай Дүйсенбекова («Мафия мен тақия»), Төреғали Төреәлі сияқты белгілі өнер өкілдері ойнайды. Бұл жолғы құрам былтырғыдан да мықты. Басында бұл туындыны тек үйдің ішінде ғана түсіріледі деп қарастырғанбыз. Келе-келе кейбір эпизодтарды далада түсіре бастадық. Сөйтіп, локациялық ауқымымыз да үлкейіп кетті. Бірінші маусымда телехикаяның бас операторы Манат Ешбай болса, екінші маусымды Еркін Сәтенов бауырымыз таспалап жатыр.
– Сырттай қарағанда, барлығы бір ауылда түсірілгендей көрінеді. Түсірілім орнын қалай таңдайсыздар?
– Басында түсірілім орнын Түлкібас деп алғанбыз. Ол жақ қалаға қашықтау болған соң, актерлердің барып-келуіне қиын болды. Негізінен Шымкент қаласында түсіреміз, кейбір қосымша эпизодтарды Бадамның төңірегінде, кейде Бозарықтың арғы жағындағы ауылдарда түсіреміз. Түлкібас, Ақсу-Жабағылы жақта да бір сериямыз таспаланды. Ауылдың табиғаты оқиғаға сәйкес келуі керек. Шымкенттің ең көрнекті демалыс орындары мен қаланың әсем жерлері де біздің туындыда көрініс табады. Ұйымдастыру жұмыстарына қолдау көрсеткен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне, облыстық Ішкі істер департаменті басшыларына, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарына, Түлкібас ауданы әкімдігіне алғыс айтамын.
– Ауыл адамдары түсірілім барысын қалай қабылдайды? Үйреніп те кеткен болар...
– Жергілікті тұрғындар жақсы қабылдайды. Кейде аппараттарды электр тогына жалғау үшін ауыл адамдарына өтініш айтуға тура келеді. Өткенде бір атамыз үйінен үлкен тостақпен қолдың айраны мен таба нанын алып шығып, ұсынып жатыр. Біздің шығармашылық топтағы қыз-жігіттердің көпшілігі қалалық, ауыл адамдарының ақ пейілдеріне бір жағынан таңырқаса, бір жағынан риза болды. Ауылдағы ағайынның пейілі кең ғой, шіркін. Бізге арнап арнайы дастархан жайған ауыл тұрғындары да болды. Кейбір көрермендер тарапынан «Неге таңдау Шымкентке түсті?» деген сауал қойылады. Оңтүстікте жергілікті кәсіби актерлер көп. Сценарий
Дәурен Жұмаділов пен Жүсіп Ақшораның болмысына арнайы тапсырыспен жазылды. Шымкентке көктем шуағы ерте түседі. Басқа өңірлерде әлі қар еріп үлгермегендіктен, түсірілімге қолайсыздық тудырар еді. Көктемде табиғат бір айдың ішінде сарғайып кететінін ескеріп, Шымкентті таңдадық. Мамыр айының соңында, ораза уақтысында фильмді көрерменге ұсынсақ деп отырмыз. Соған орай түсірілімді ерте бастап кеттік.
Отандық сериалдардың арасында рейтингі жоғары
– Түсірілім барысында кадрдан тыс қызықтардың болып жататыны белгілі. Сіздерде есте қаларлықтай, қыран-топан күлкіге қарық болған қандай қызықтар орын алды?
– Кейде актерлер тойдан немесе қосымша фильмдердің түсірілімінен келеді. Сондай бір сәттерде сценарийде жоқ әрекеттерді айтсам, кейбірі дұрыс қабылдайды, біреуі: «Сценарийде ондай жоқ еді ғой!» - деп қалады. Сценарийді оқыған, оқымағанын көбінесе содан білемін. Мысалы Дәуренге: «Қақпадан кіресің де, тапшанның астына тығыласың!» десем, «Болды, болды, дайынмын ғой!» деп орындай береді.
Есте қалған оқиға, Дәуреннің туған күні кезінде:
– Қосымша сценарийдегідей қоқысты алып көлікке барасың, - деп 5-6 дубль жасатқыздым. Көліктің есігін ашайын деп жатқан кезде есік ашылып кетеді немесе біреу жолдан өтіп кедергі жасайды. Соңында есікті ашып қалғанда, ішінде актерлер, әріптестер гүл шоқтарымен, тәтті тортымен ән айтып құттықтады. Сол кезде де Дәуреннің сценарийді оқымағанын білдік (күлді). Түсірілімі көп болғаннан кейін оны да түсінуге болады, оқып үлгермейді. Кейде 7-ші серияны түсіріп жатып, 5-ші сериядағы бір эпизодтарды қайта түсіруге тура келеді. Сондай кезде актерлер сценарийден шатасады. Жүсіп Ақшора іспетті актерлер импровизацияға жақын. Жазылғанда бөлек, ойнағанында бөлек. Біздің айтқымыз келгенді кейде өздері ізденіп, ой қосады.
– Нұржан Төлендиевтің қыз қуып келген бөліміндегі қолына тас алып кіретін тұсы өте сәтті шыққан. Көрерменді риясыз күлдіреді. Өзіміз көзімізден жас аққанша күлдік...
– Тас алып кіру деген сценарийде болмаған. Мен актерлерге:
– Есікті тарсылдатып ұрып кіресіңдер. Мотор! - десем, олар қолдарына тас алып кіріп тұр. Бір қарасам, операторлардың бәрі камераның қасынан кетіп қапты. Жерде күлкіден бүктетіліп жатыр. Олардан мұндайды күтпедік. Таспен үй иелерін ұрады екен десек, итті ұру үшін алған екен. Бұл да актерлердің ізденісі. Бұл кісілердің барлығы сахнаның адамдары ғой, оқиғалар жанына жақын болған соң ба, шынайы ойнайды.
– Фильмнің рейтінгі жоғары екенін білеміз. Екінші маусымды түсіруге рейтингтің жоғары болуы әсер еткен болар?
– Интернеттегі ең аз көрілім – 200-300 мың. Ең жоғарғысы – 500 мың. Екі-үш аптаның ішінде сондай болған. Қазір қандай екенін көргенім жоқ. Кейбір отандық фильмдердің жылдық көрілімі 20-30 мың, «Үлкен үйдің» көрілімінің жартысына да жетпейді. Басшылар да фильмді қайта түсіруге осындай көрсеткіштерге сүйенді деп ойлаймын. Фильм прайм-тайм уақытта, яғни түнгі 22:15-те беріледі, күндіз түскі ас кезінде қайталанады. Оған дейін барлық арналарда үнді, түрік сериалдарының жарысы болады. Сондықтан көрерменге ыңғайлы уақыт сол деп шештік.
Сұхбаттасқан
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ