Шымкент – қауіпсіз қала дейтін деңгейге жетудің жолдары бар ма?
Пятница, 18 Ноябрь 2016 06:18Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыс прокуратурасы «Шымкент – қауіпсіз қала» жобасын іске асыруда. Осы жоба аясында атқарылып жатқан іс-шараларды талқылау мақсатында жиын өтті. Жиында сөз алған Әл-Фараби ауданы прокуроры орынбасарының әділет кеңесшісі А.Меңлібаев баяндама жасады.
«ҰРЛЫҚ-ҚОРЛЫҚ» ДЕСЕК ТЕ...
«Қазіргі кезде қоғамдық орында және автокөліктерде қалта ұрлығы оқиғасы көп кездеседі. Жоба негізінде қалта ұрлығынан бөлек жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмау, жезөкшелік қызметін жою, аялдамада автобус жүргізушісіне уақыт айтып тұратын «секундомерлерді» құрту, кондуктордың қоғамдық көліктің барар бағытын бар даусымен айғайлап, жолаушы жинауы сынды құқық бұзушылықтар мен қылмысқа тосқауыл қою мәселесіне талдау жасалған.
Облыс бойынша 2016 жылдың 10 айында 31 829 қылмыс тіркелсе, оның 19 886-сы, яғни, 65 % Шымкент қаласында орын алған. Осы қылмыстың 10 999-ы (2015 ж.-9111) бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы, яғни ол 55%-ды құрайды. Қала бойынша бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы өткен жылмен салыстырғанда 21% немесе 1888 қылмысқа өскен.
Ал Әл-Фараби ауданында 2016 жылдың 10 айында 6561 (2015 жылы 7104) ұрлық тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 7,6 %-ға төмендеген. Алайда, аудан көлемінде ұрлық көрсеткіші өсуде. Яғни, былтыр осындай 3045 қылмыс тіркелсе, биыл ол көрсеткіш 3444-ке жетіп, 13%-ға өскен.
Аудан көлемінде тіркелген бұл қылмыс түрінің 1115-і немесе 32,3 %-ы қалта ұрлығы, 412-сі немесе 12%-ы пәтер ұрлығы, 364-і немесе 10,5%-ы ауладағы және көшеде тұрған автокөліктердегі ұрлықтар.
Талдау барысында анықталғандай, қоғамдық көлікте орын алған қалта ұрлығы – 449 немесе 40%. Төлеби көшесінде орналасқан «Жоғарғы» базарда және ірі сауда орталықтарында 343 ұрлық тіркелген. Қалта ұрлығы қоғамдық автобустың барлық бағытында орын алады, оның ішінде №12,102,125,69,84,121,135 және 17 бағыттағы автобустарда жиі кездеседі, – деді А.Меңлібаев өз баяндамасында. Сонымен қатар автор қала көлемінде қылмыстың алдын алу бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын айтып, бірлесіп күресуге, жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Қоғамдық көлікте қалта ұрлығын болдырмау үшін автобус иелеріне бейнекамера қоюды ұсынды. Себебі, қылмыс орын алған жағдайда полиция қызметкерлері қылмыс жасаған тұлғаларды оңай анықтай алатынын жеткізді. Қалта ұрлығын кәсіп еткен тұлғаларды танып, полиция қызметкерлеріне тапсырған кондукторға қаржылай сыйлық беру мәселесін де көтерді.
ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ ҚЫЛМЫС ӨРШІП ТҰР
Жиында сөз алған Әл-Фараби ауданының жергілікті полиция бөлімінің басшысы Ерғали Кенжебаев ауданда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршіп тұрғанына тоқталды.
– Әл-Фараби ауданының полиция қызметкерлері түнгі сағат 23.00-ге дейін жұмыс істейді. Себебі, жасөспірімдер қылмысы көбінесе түнгі уақытта орын алады. Аудандағы жасөспірімдердің 60-70 пайызы кафе, түнгі клуб, ойынхана, компьютер орталығын жағалап жүреді. Мысалы, кафеге барған соң сыра ішеді, оның арты төбелес, атыс-шабысқа ұласады. Ал ол балалардың ата-анасын бөлімшеге шақырсаң, олар: «Менің баламды көріп қалдың ба, жұрттың баласы да тайраңдап жүр ғой» деп дауласа кетуге дайын. Бізді, полиция қызметкерлерін қарғап-сілейді. Жеме-жемге келгенде осындай жағдайлардың бүкіл қоғамға кесірін тигізіп жатқанын ұғынбайды, – деп ата-аналарды бала тәрбиесіне мұқият қарауға шақырды.
Қалта қағуды кәсіпке айналдырған «Таяуда күнделікті қалта ұрлығымен айналысатын бір орыс азаматшасын құрықтадық. Еңбекші ауданының тұрғыны, екі баласы, күйеуі бар. Күн сайын балабақшадан қайтып келе жатқандай сөмкесіне балаларының киімін толтырып алып автобустарға ұрлыққа шығады. Түріне қарап, «осы әйел ұрлық жасайды-ау» деп ойламайсың. Тергеу барысында ол азаматша қалта ұрлығымен күнделікті 30-40 мың теңге тапқанын айтып салды. Ол – мұны кәсіпке айналдырған. Осындай азаматтардан сақ болайық!» – деп Ерғали Кенжебаев тұрғындарды сақтыққа, әмиян мен қолсөмкеге, ұялы телефонды сыртқы қалтаға салып жүруге абай болуға шақырды.
«СЕКУНДОМЕР» ЖҰМЫСЫНА, КОНДУКТОРДЫҢ «АЙҒАЙЫНА» ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН
Аялдамада автобус жүргізушісіне уақыт айтып тұратын «секундомерге» де тыйым салынған. Полиция қызметкерлері осылай дейді. Егер де қоғамдық көлік жүргізушісі оларға ақша бермесе, онда өз-өзінен бұл жұмысты тастап кететіні сөзсіз. Сала мамандары жуырда ғана бір «секундомерді» аңдып жүріп, ұстап, әкімшілік жазамен 15 күнге қамапты.
– Қазіргі кондукторды – кондуктор деп айта алмаймыз. Бейне бір жаршы сияқты. Бар дауысымен айғайлап, жолаушының да, төңіректегінің де мазасын алады. Бұл – дұрыс емес. «Айғайлаған кондуктор» әкімшілік жазаға тартылуы тиіс. Егер сіз сондай кондукторды көрсеңіз, полиция қызметкеріне хабар беріңіз, – деді
Е.Кенжебаев.
АҚИЫҚ АҚЫННЫҢ КӨШЕСІНЕ КІР КЕЛТІРІП ЖҮР
«Қаламыздағы Т.Айбергенов көшесінде жезөкшелер тұратыны жасырын емес. Олар, біріншіден – Қазақстан Республикасының азаматы. Салық комитеті олар жалдайтын пәтерлерге патент берген. Сондықтан біз бас салып оларды құрықтай алмаймыз. Пәтеріне патент берілмеген жезөкшелерді құрықтап, ҚР «Әкімшілік құқық бұзу» кодексінің 449-бабына сәйкес 15 тәулік қамауда ұстадық. Бірі кетсе, екіншісі келіп алады. Әнеугүні бір ақсақалымыз: «Айбергеновтей абыз ақынның атына берілген көшеде лас әрекеттер орын алуда» деп шағым айтты», – дейді полиция бөлімінің басшысы.
Біздің әрқайсымыз – қоғамның мүшесіміз. Егер де жасөспірім түнгі уақытта клуб жағалап жүрсе, қоғамдық көлікте қалта ұрлығы көбейіп кетсе, кондуктор «айғайлап», тұрғындардың тыныштығын бұзса, аты дардай ақынның көшесінде жезөкшелер «тайраңдап» жүрсе, онда оған әрбіріміз жауаптымыз. Себебі, қылмыс немесе құқықбұзушылық орын алса, ол қоғамға қауіп төндірумен қатар әрбіріміздің тұрмыс-тіршілігімізге, өмірімізге көлеңке түсіреді.
«Достықтың» көшеттері қаланың көркін кіргізбек
Пятница, 18 Ноябрь 2016 05:39Өңіріміздегі этномәдени бірлестіктер төрағалары мен белсенді мүшелері облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың «Оңтүстікті жасыл желекке айналдыру» туралы бастамасын қолдау ретінде Шымкент қаласындағы «Қазына» этно-тарихи кешені аумағына көшет отырғызды.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған игі шараға облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі М.Қалмұратов, ОҚО ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы О.Рахманбердиев қатысып, Ұлт жоспарындағы 86-қадамда көрсетілген өңірлік мәдени-туристік кластерін құруды бүгінгі іс-шарамен тығыз байланыстырды.
Іс-шара барысында ассамблея мүшелері этносаябақтың өздері көшет отырғызған аймағын «Достық аллеясы» деп атау жөнінде ұсыныс білдірді.
Белсенді топ отырғызған елу түп ағаш келешекте қаламыздың келбетін ашып, тұрғындардың тынысын кеңейтері сөзсіз.
Этностарды қоғамдық бастамаларға ұйыстыру, қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту, патриотизмді дамыту, халқымыздың рухани-мәдени ортақтығы негiзiнде қоғамдық келiсiмдi қамтамасыз етуді мақсат еткен игі шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Суретті түсірген Д. ҚОЖАБЕКОВ
Төл теңге – тәуелсіздік тірегі
Пятница, 11 Ноябрь 2016 08:49Биыл төл теңгемізге – 23 жыл. 1993 жылы қарашаның 15-і күні ұлттық валюта қаржы нарығында айналымға енді. Елбасының Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді. Бұл — теңгенің тарихы үшін әжептәуір уақыт. Ұлттық валютаны шығару туралы шешім де, теңгенің дүниеге келуі де оңай болған жоқ. Егемендікті енді ғана алған жас мемлекеттің қаржы жүйесі құрылып бітпеген болатын.
Бұл экономиканың қатты құлдырап кеткен тұсы еді. Кеңес Одағы кезінде басталған инфляция қарқыны үдеп, оны тоқтататын халде емес едік. 1992 жылы Елбасы төл валютамызды енгізу туралы тапсырма берді. Ұлттық валютаны әзірлеу, шығару үшін қаражат та тапшы болды. Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Ғалым Байназаровтың бастамасымен үлкен реформалар жүргізіліп, ұлттық валютаның қажетті қаражаттық инфрақұрылымын жасау қолға алынды. Біраз тер төгудің нәтижесінде қаржы жиналды, алтын валюта қоры құрылды.
Дәл қазіргідей теңге бағамының күн сайын «құбылып» тұрған девальвация кезеңінде теңгеге қатысты қандай да бір мәлімдеме мен хабарламалар қай-қайсымызды да қызықтыратыны анық. Жуырда Ұлттық банк теңгенің тағдыры 30 қарашада өтетін ОПЕК (мұнай экспорттайтын елдердің ұйымы) кездесуінде шешіледі дегенді хабарлаған еді. Яғни, теңге бағамы мұнайдың нарықтағы бағасына тікелей тәуелді. Теңгенің айырбастау бағамы негізінен әлемдік қаржы, тауар нарықтарындағы баға ахуалының серпінімен және ішкі нарықтағы шетел валютасына деген сұраныспен айқындалатын факторлардың әсерімен қалыптасады.
Қазақстанның ұлттық валютасы 2016 жылы тұрақталады. Мұндай болжам «Самұрық-Қазына» АҚ Зерттеулер мен білімдерді басқару департаментінің бірінші ашық талдамалы есебінде айтылып, долларды теңгеге орташа айырбастау бағамы 2016 жылы 355 шамасында болады деген еді. Соңғы күндері теңге бағамы бір долларға шаққанда 341 болып тұр.
Ұлттық валютамыздың қазіргі жағдайына сарапшы көзімен үңіліп көрдік.
– Базардан, дүкеннен күнделікті қажетті тауарлар алуға ғана жарап, қазақстандықтардың өз болашағы үшін жиған қаражатында теңгеге деген орын тарыла түсті. Мысалы, теңгенің соңғы орасан құлдырауынан кейін еліміздегі жеке және заңды тұлғалардың депозиттерін доллармен ашуы, сақтауы тіптен арта түскен: кей екінші дәрежелі банктердегі салымдардың 80 пайызы АҚШ валютасына тиесілі екен! Әйтеуір, тоқсаныншы жылдары теңгені еселеп құнсыздандырған гиперинфляция ғана жоқ. Оған шүкір етеміз. Бірақ, қалған: жорғалаушы, жорға жүрісті инфляциялар, әсіресе соңғысы әзірге қалар емес, – дейді экономика ғылымдарының магистрі Құрманғали Нұрғалиев.
Sputnik Қазақстан агенттігі жүргізген сауалнамада сарапшылар Қазақстан ұлттық валютасы бағамының өсуі мүмкін екендігін айтып отыр. Мұнай толқынында «Асыл-Инвест» инвестициялық компания басқармасы төрағасының орынбасары Нұрлан Рахымбаевтың айтуынша, ұлттық валютаны нығайтудың басты факторы мұнай бағасының артуы болып табылады. Қазір нарықта мұнай бағасы бір баррельге 52 доллардан асады. «Прогресс жалғаса берсе, теңге бағамының нығаюына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, теңгенің нығаюы халық пен бизнес сұранысын туғызып, қосымша демеу болады», — дейді сарапшы. «Халық Финанс» инвестициялық компаниясының сарапшысы Асан Құрманбеков назар аударғандай, қыркүйектегі мұнай бағасындағы жағымды өзгерістер әсерінен теңге АҚШ долларына қатысты 1,4% нығайды. Бұл осы жылдағы ең жоғары нәтиже, бұл үрдіс қазан айында да жалғасын тапты. Сарапшының пікіріне сүйенсек, мұнай бағасының өсу үрдісі сақталатын болса, бұл жағдай теңгенің нығаюына оң әсерін тигізеді.
Ермек ерледі!
Среда, 09 Ноябрь 2016 06:24Осыдан біраз күн бұрын параолимпиададан Қазақстан құрамасының бір топ спортшылары Қытайдың Тайбэе қаласына өтіп жатқан қоларбада билеу жарысы бойынша Азия чемпионатына аттанған болатын. Күні кеше ҚР штаттық ұлттық командалар және спорттық резерв дирекциясының баспасөз қызметі қуанышты хабар жеткізді. Қоржынымызға 7 медаль түсті, оның үшеуі алтын, екеуі күміс, екеуі қола медаль.
Спортшылардың арасында біздің жерлесіміз Ермек Қалымбетов алтын медаль иеленді. 25 жасар Ермек Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, жеңіл атлетикадан республикалық параолимпиада ойындарының жеңімпазы.
Бүгінде жігерлі жігіт жылдар бойғы тынымсыз жаттығу мен еңбектің арқасында Азия чемпионатының бас жүлдесіне қол жеткізіп отыр. Туабітті жұлын жарақатына шалдыққан азамат қол арбада отырып-ақ биік белестерді бағындырып, би өнерінің шыңына жетуді мақсат тұтқан. Жас жігіттің басты арманы – өздігінен жүріп-тұру.
Арбаға таңылса да, армандары алға жетелеген Ермек жасөспірім шағында «мен неге мұндаймын?» деп өзіне де, ата-анасына да ренжіген. Тағдырдың жазуын, екі аяғын тең басып тұра алмайтынын кейіннен ақыл тоқтатқан соң түсініп, өз-өзін қолға алып, спортпен шұғылдануды тоқтатпаған. «Бала кезімде жүріп жүргендерге қарап қызығатынмын. Қазір солай ойлағаныма өкінемін. Бұл да Алланың берген сынағы. Оның бәрі балалықпен, пендешілікпен болды деп ойлаймын. Екі аяғым жүрмесе де, қолымнан келгеннің бәрін істеп жатырмын», – дейді Ермектің өзі. Ал анасы Шолпан Қалымбетова: – Ермектің еңбекқорлығының, дариядай дарыны, таудай талабы, таптырмайтын талантының арқасында жетістіктерге жетіп келеді. Ол – ерекше адам. Тағдырдың қатал сынына ұшыраса да, мойымай, армандарына қол жеткізуде, – дейді.
Сағы сынбаған спортшы бұл жолды ешқашан тастамайтынын айтты. Бүгінде ол облыстық мүгедектерді оңалту орталығында мәдени ұйымдастырушы болып қызмет етеді.
Кіл мықтылар бақ сынаған Азия чемпионатында бас жүлдені қанжығасына байлаған Ермектің жеңісі – Оңтүстіктің ғана емес, дүйім қазақтың жеңісі деп білеміз. Ендеше, жеңісіміз құтты болсын!
Сен ерледің, Ермек, тек қана алға!