Халал индустрияның игiлiгiн көретiн сәт таяу

Пятница, 16 Январь 2015 04:27 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5666 раз

Ел нарығында «Халал экономика», «Халал индустрия» термині  көптен бері айтылып жүр. Тіпті, соңғы кездері банк, медицина, парфюмерия, фармакология салаларында да халал қызмет көрсетіле бастағаны да рас. Шынында, жаңа индустрияның қоғам үшін қажеттілігі неде?

9d726a229eb2b9e6a96ea466175d07b7Әрбіріміз де дүкенге, базарға кіргенде тауарды ұстап тұрып: «Мынау халал ма? Қай жердікі?» деп сауалды жаудырамыз кеп. Кім де болсын таза тамақ ішкісі, сапалы бұйым тұтынғысы келеді. Халал өнімдер тек тамақ өнеркәсібімен шектелмейді: ауылшаруашылық және кондитерлік өнімдер, туристік және сақтандыру қызметі, мейрамхана, конақүй қызметі, косметика және парфюмерия, фармокология, клиника салалары, т.б халал қызмет ұсына бастады.
Елімізде халал өнімін шығарушы кәсіпорындардың саны 400-ге жуықтапты. Оның 37-сі – дүкен, 65-і – кафе, 86-сы ет шығаратын кәсіпорын. Қонақүйлер мен демалыс орындарының саны – 9. Павлодар қаласында «Halal stom» емханасы ашылған таяуда. Жұрт халал өнімге неге құмар? Өйткені, мұсылман қауым үшін шошқаның еті, терісі, тіпті қылшығы болсын, яғни шошқаға қатыстының бәрі харам болып есептеледі. Ұсақ-түйек теріден жасалатын заттар, мәселен, қолсағаттың бауына дейін, сөмке, аяқ-киім, сырт күртешенің бәрі шошқаның терісінен тігілуі де мүмкін ғой. Халал тауарларға деген сұраныс тек мұсылмандардың арасында ғана емес, өзге дін өкілдерінің ортасында да етек жайған. Бұл, халықтың таза, сапалы өнімді тани бастағандығының айғағы.

Малай стандарты тиімді ме?

Халал индустриясының Қазақстанға келгеніне де он жылға таяды. 2005 жылы қараша айында ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының бұйрығымен «Халал» стандарттау жөніндегі техникалық комитет өз қызметіне кіріскен болатын. «Қазақстан Қажылар Қауымдастығының» төрағасы Марат Сәрсенбаев жетекшілік ететін комитет  пайдалы, шариғат талаптары бойынша дайындалатын өнімдерді шығару ісінің жолға қойылуын, яғни халал индустрияның дамуын қадағалау, халал өнімдерін шығаратын мекемелерге арнайы сертификат берумен айналысты.
Сол кезден бері Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 57 мемлекет халықаралық талаптарға негізделген Малайзияның MS 1500:2004 стандартын құп көрген. Біз де осы стандартты енгізіп келдік. Бүгінде әлемде 1,5 миллиардтан астам адам осы стандартты пайдаланады. Мысалы, Малай елi киiм-кешек, аяқ-киiм, жиһаз өнiмдерi доңыздың терiсiнен жасалмауын қатаң бақылауда ұстаса, Мысырда косметика мен фармацевтикада харам нәрселердiң қолданылмауын қадағалайтын арнайы ұйым бар.

Адал астың пайдасы  

Жалпы, шариғатта «Халал» сөзінің мағынасы – «рұқсат етілген», «дұрыс» дегенге саяды. Әр мұсылман адал кәсіппен шұғылданып, адал табыспен күн көруге жіті көңіл бөлуі тиіс. Біреу білер, біреу білмес, бұған дейін ет комбинаттарында мал токпен немесе ауыр балғамен басынан ұрып қинап өлтірілетін. Бірқатар жерлерде әлі де бар. Алланың атын айтып, қолмен бауыздалмай, осылай қинап өлтірілген малдың қаны етте қалып қояды. Қан – бүкіл аурудың көзі. Қанды жеу, Құранда айтылғандай, өлексені жегенмен бірдей емес пе?!
Ал, шұжық өнімдерінің дені шошқа майынан жасалады. Демек, оны да бақылау маңызды іс. Шошқа – ауру таратушы бірден-бір жануар.
    
Оңтүстікте отыздан астам кәсіпорын бар

Жоғарыда айтқан 400-ге жуық кәсіпорынның 32-сi Оңтүстiкке тиесiлi. Атап айтқанда,  «Шымкент-құс», «Арай» май зауыты, «Қарқын 2030» ЖШС  «Нәрлен» сауда белгiсiмен шығаратын тауарларын және «Пионер», «Stream Gold» кондитер өнiмдерiн шығаратын фабрикалар, сондай-ақ, «Шымнұр» дәмханасы халықтың халалға деген сұранысын қанағаттандырып отыр.
Облыстың әр аудан, қалаларында халал мал сою бекетi мен шұжық және жартылай фабрикат өнiмдерiн дайындайтын цех ашылып, пайдалануға берiлдi. Жаңа технологиямен жабдықталған заманауи ет өнiмдерiн дайындайтын өндiрiс орындары да көптеп ашылып жатыр. Ең бастысы, мұнда қасаптар Алланың атын атап, қан шығарып, адал бауыздайды. Мұсылмандыққа жаппай бет бұра бастаған халқымыз халал етiлген мал өнiмдерiн тұтынуға құмбыл екені содан.  
Халал стандарттау кәсіп пе?

 «Адал» сөзін жарнаманың құралына айналдырып, табыс тауып жүргендер де аз емес. Тіпті «халал» деген кейбір шұжықтардың өзінен шошқа майы мен еті табылып отыр. Міне, осындай даулы жағдайлардан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да батыл қадамға барды. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қолдауымен былтыр қараша айында діни басқарма жанынан «Халал өнімдерді стандарттау» бөлімі ашылды. Бұл  – ел мұсылмандары үшін үлкен жаңалық. Стандарттау бөлімін ашуға бір жарым жыл дайындық жүргізілген. Еліміздің әр облысынан келген 250-ден астам имам халал ұғымына байланысты білімдерін жетілдіріп, тиісті сертификат алды.
– Рас, халал стандарттау бір кәсіпке айналып кеткен сияқты. Егер бұл кәсіпке айналатын болса, бүгінгі халал нәрсенің ішіне арам нәрсе де араласады. Жалпы, бүгінгі таңға дейін халалға байланысты Қазақстанда қандай да бір жүйе қойылмаған. Жапа-тармағай әркім қолынан келген нәрсесін жасап жатыр. Міне, біз осы мәселені бір жүйеге қойсақ. Халалдың мәртебесін көтерсек деген ниетпен бастап отырмыз, – деген еді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан Малғажыұлы журналистерге берген сұхбатында.

Ислам банктеріне иек артамыз

Халал кәсіпорын ашу үшін  ешбір үстемесіз Ислам банктеріне жүгінуге тура келеді. Шетелде бұл мәселе әлдеқашан шешімін тапқан.  Ислам қаржыландыру жүйесінің маңыздылығы сол – мұнда ақшаны несиеге беріп, одан үстемеақы алу харам саналады. Бүгінде әлем елдері бойынша 50-ден астам елде 300-ге тарта Ислам банкі жұмыс істейді. Олардың активтері шамамен 700 млрд. АҚШ долларына тең. Ислам банктерінің қызмет ету аумағы тек араб елдерінде ғана емес, АҚШ, Канада, Ұлыбритания елдерінде де қанат жайған.
Міне, бізге керегі де осы. Ислам банктері Қазақстанға да келіп үлгерді, бастысы. Демек, халал кәсіпорындардың жұмысы одан әрі жанданады деген сөз. 

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.