Дауыс беру – азаматтық ұстанымыңды бiлдiру

Пятница, 03 Апрель 2015 06:20 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5284 раз

Сәуірдің аяғында өтетін кезектен тыс Президент сайлауына дайындығымыз қалай? Сайлаушылардың белсенділігі ше? Елдің басшысын сайлау елдіктің сыналар сәті.

Шымкент қаласында сайлауға дайындық қызу жүріп жатыр. Орталық сайлау комиссиясының Қаулысы бойынша бекітілген күнтізбелік іс-шаралар кезең-кезеңімен атқарылуда. Сайлау учаскелерінде қарбалас шақ.  Үгіт-насихат жұмыстарының да қызған кезі.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев сайлаудың әділ өтуі сайлау учаскелерінің мүшелеріне байланысты дейді. Оның үстіне сайлаушылары ең көп өңір біздің облыс.
Шымкент қаласында 222 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Оның ішінде қалаға Сайрам ауданынан қосылған елді мекендерден – 34, Төлеби ауданынан – 8, Ордабасы ауданынан – 2 сайлау учаскесі бар. Бүгінгі күнге дейін 339 644 адам дауыс беруге тіркелген. Ал, облыста 1029 сайлау учаскесі бар және әзірге 1 миллион 255 мың 634 адам сайлаушы болып тіркелген.
Сонымен бірге, қазірдің өзінде облысқа ЕҚЫҰ-нан екі байқаушы келді. Барлық сайлау учаскелерін тиісті норматив бойынша  жабдықтау жұмыстары қолға алынған. Дауыс беру кабиналары, жәшіктерімен қамтамасыз етілуде. Қазір қажетті жабдықтар, методикалық әдістемелік құралдары  сайлау учаскелеріне үлестірілген. Әлібек Кәденұлының айтуынша, облыстық сайлау комиссиясының мүшелері барлық қала-аудандарда семинар өткізген. Сайлауға дайындық барысы осындай. Әр кандидаттың штабтары да өз қаржыларының есебінен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Облысқа халықаралық бақылаушылар келеді. Олар кез келген сайлау учаскелеріне кіріп, жағдайды бақылай алады. Сайлауды заң шеңберінде, әділ де ашық, халықаралық талаптар бойынша өткізуге күш саламыз» – дейді Әлібек Кәденұлы.
Президенттік сайлауға қатысып, дауыс беру азаматтық ұстанымыңды білдіру, еліңнің болашақ дамуына үлес қосудың қарапайым жолы. Ал дауыс беруге шымкенттік сайлаушы үшін барлық жағдай жасалуда.    

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.