×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Бiрлiк пен бауырмалдық – елдiктiң бастауы Избранное

Пятница, 26 Февраль 2016 06:24 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4331 раз

17Ортақ мүддеге ұйысқан халқымыз биыл алғаш рет Алғыс айту күнін атап өтеді. ҚР Президентiнiң Жарлығымен, 1 наурыз – Алғыс айту күні ретінде бекітілген мереке. Бұл туралы Елбасы: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір біріне мейірбандық танытып, адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деп атап өткен болатын.
Жалпы 20-шы ғасырдың басында қазақ жеріне бес жарым миллионнан астам ұлттар жер аударылған. Қиын-қыстау жылдары қазақ халқы қуғын-сүргінге ұшыраған түрлі ұлттарға көмек қолын ұсынды. Сол себепті де, этномәдени орталықтардың өкілдері бүгінде «Алғыс айту күні қазақстандықтарды бір-біріне жақындастарып, біртектілік пен біртұтастықты нығайта түседі», – деп санайды.

Тыныштық пен құрметтiң мерекесi


risbayИсамуддин РЫСБАЙ, 

Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Қазақстандағы әр этнос өкілінің өмірлік өз тарихы бар. Сондықтан, олар 1 наурыздың Алғыс айту күні болып аталуын тек ризашылық қана емес, тарихтан сыр шертетін тағылымды мереке деп қабылдайды. Бүгінде елімізде 137 ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Бұл бағытта облыс деңгейінде жиырма ұлттың мәдени орталықтары жұмыс істеп жатыр. Бұл орталықтардың қала, аудандарда 71 филиалы бар.
Бүгінде зерттеушілеріміз патша үкіметінің күштеуімен 1690-1990 жылдар аралығында қазақ жеріне 7 миллионнан астам адамның көшірілгенін айтып жүр. Ендеше, осыншалық түрлі ұлттар мен ұлыстардың қоныстану үдерісін шынайы бағалап, дархан пейілін таныта білген аға ұрпақтың кіршіксіз көңілі үшін бүгінгі диаспора өкілдерінің айтар алғысы шын мәнінде, аса құптарлық дүние. Сол себептен де, Алғыс айту күні – бұл ең алдымен елімізде тыныштық пен өзара сенімділік, барлық қазақстандықтардың бір-біріне деген құрметтің орнығуына негіз болатын идея. Мереке бірнеше бағытты қамтиды. Бұл қатарда халқымыздың «Асар», «Жылу», «Сүйінші» және тағы да басқа дәстүрлерін қамти отырып, біздер, ардагерлер кеңесі жан-жақты шаралар ұйымдастыру, түрлі қайырымдылық жиындары, көрмелер, кездесулер өткізу ойымызда бар.
Елбасы айтқандай, тарихтан тәлім ала отырып, біз келешегімізді бірге құрамыз. Яғни, болашағымыз қандай болатыны өзімізге байланысты. Бүгінде, ел Тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде этносаралық түсіністіктің шынайы моделі құрылды. Бұл көбінесе Қазақстан халқының тарихи естелігі арқасында жүзеге асты. Күнтізбеде жаңа белгіленген «Алғыс айту күнінде» дәстүрді жалғастырып, аға ұрпаққа құрмет көрсетіледі. Бұл күн ендігі жерде қазақстандық бірліктің, бауырмалдықтың күніне айналмақ.


uighyrҚазақ елiнiң дархан пейiлiне қарыздармыз

Бахадыр САЛИМОВ,
облыстық ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы:

– Биыл мемлекетте ұлттар татулығы мен бірлігін жаңа деңгейге көтеретін ерекше мереке пайда болды. 1 наурыз Елбасының Жарлығымен Алғыс айту күні болып бекітілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келген бұл мереке ұлыстар достығын нығайта түсері анық.
Тарих қойнауында қалған Патша империясы Қазақстанға көпэтносты халықты мұра етті. Олар күштеп қоныстандыру, сталиндік репрессия, тың игеру кезінде қазақ жеріне қоныс тепті. Бүгінде бәрі бір шаңырақ астында ғұмыр кешуде.
Жалпы, ұйғыр халқы Қытайдан қазақ жеріне XIX ғасырдың 70-80-жылдары көптеп қоныс аудара бастаған. Тағдырдың талқысына түскен ұйғырлар бұрынғы отырған жерлеріндегі өңделіп бапталған жерлерін, жеміс беріп тұрған бау-бақшаларын, үй-жайларын түгел тастап кеткен болатын. Сондықтан да алғашқы жылдары едәуір қиындықты бастарынан қешіруге мәжбүр болды. Алғашқы кездері мұнда жер кепелер мен күркелерде тұрды. Себетін тұқым, бағатын мал, құрылыс материалдары да жетіспеді. Осындай қиын сәттерде өмірдің теперішін көрген диаспора өкілдеріне жергілікті қазақ халқы қол ұшын созды. Қолда барын бөлісіп жеп, қайыршылық жағдайындағы халықтың тұрмыс жағдайын түзеуге жәрдемдесті. Тек ұйғыр халқы емес, татарлар, ингуштер, орыстар, немістер, тағы басқа ұлттар жергілікті ұлттың үлкен қолдауын сезінді. Бұл тағдырдан теперіш көрген ұлыстарға өзекке теппеген қазақ елінің дархандығын көрсетеді.
Бүгінде, облыс аумағында 4 мыңға таяу ұйғыр халқы мекен етсе, бұл қатарда Шымкент қаласында тұратын 1 жарым мың этнос өкілі жергілікті тұрғындармен туыстық қарым-қатынаста ғұмыр кешуде.
Бұл мереке – тек қазақ халқына алғыс айту, түрлі этностардың өзара сыйластығы ғана емес, бұл әрқайсысымыздың бір-бірімізге деген құрметіміз, отбасындағы түсіністік, жас ұрпақтың ата-аналарына, үлкенге деген құрметі, яғни бұл – бір шаңырақ астында өмір сүріп келе жатқан барша адамдарды жақындастыруға бағытталған мереке. Көптеген ұлт өкілі бірлікте, татулықта күн кешіп жатқан біздің мемлекет үшін бұл әсіресе маңызды күн болады деп есептейміз.


Ұлттар достығы мен махаббатын арттырады

grekДмитрий СИДИРОПУЛО,
облыстық грек этномәдени бірлестігінің төрағасы:

– Жалпы, алғыс айту күнін айрықша атап өту үрдісі – АҚШ және Канада елдерінде қалыптасқан. Онда қараша айының әрбір төртінші бейсенбісі мерекелік мәртебеге ие. Мерекенің ешбір дінмен байланысы жоқ. Жергілікті тұрғындар не үшін алғыс айту керек екендігін ойланады. Өз кезегінде, бұл күні барлық отбасы міндетті түрде дастарқан басына жиналып, туыстарына жақсылық жасауға асығады, жақындарын қуанту үшін түрлі тосын сыйлар ойлап табады. Қаладағы метроларда ерекше үстелдер орнатылып, адамдар ақша, азық-түліктерін қайырымдылыққа әкеліп қояды. ХVІІ ғасырдан келе жатқан әр түрлі киімдерді киген тұрғындар шеруге шығып, думанды кештер ұйымдастырады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келген бұл мереке ұлыстардың өзара достығын нығайта түсеріне сеніміміз зор. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылы бір мүддеге біріккен халықтың ғана дамудың таңғажайып шыңдарына жете алатынын көрсетті. Елбасы ұсынған 5 реформаның төртіншісі біртектілік пен бірлік деп аталады. Ол түрлі тарихи себептермен қазақ топырағына табан тіреген этностардың «Мәңгілік ел» идеясы төңірегіне топтасуын көздейді. Ұлттық біртектілік басты міндеті - этностардың түптің түбінде Қазақстанның патриотымыз, азаматымыз, Қазақстанның даму жолдары, даму мақсаты біздің де ісіміз деп түсінуі. Біртектіліктің бастауы – азаматтық патриоттық болу керек.
Осы орайда, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың күні кешегі Қазақстан Халқы Ассамблеясында айтқан лебізі әрбіріміздің көкейіміздегі сөзіміз болғаны даусыз. Яғни, Елбасы айтқандай, Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді. Бүгінде Шымкент қаласын мекен ететін 600 грек этносының атынан, күллі қазақ еліне жүрекжарды алғысымызды жеткізгім келеді.


Жергілікті халықтың жанашырлығын сезiнемiз

gruzinЗаал БОЧОРИШВИЛИ,
облыстық грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы:

– ҚР Президентінің Жарлығымен Алғыс айту күні болып жарияланған 1 наурыз – бұл ең алдымен қазақ халқына деген алғыс деп санаймын. Бiздер, грузин диаспорасы үшiн қасірет-қайғысы мол жылдарда қазақтар бiздi құшақ жая қарсы алды. Ас-суымен, баспанасымен бөлiстi. Мiне, қазақ халқының арқасында бiз аман қалдық, өсiп-өндiк. Сондықтан, бұл алғыс тек мереке күнi ғана пайда болмауы керек.
Кеңестер одағының өзге де халықтары секілді грузиндер де саяси қуғын-сүргінді бастарынан кешті. Бүгінде грузин диаспорасының еліміздегі өкілдері негізінен медицина, құрылыс, гидроэнергетика, шағын кәсіпкерлік салаларында еңбек етуде.
Ел тәуелсіздігінің аз ғана мерзімінде республикамыз даму мен тұрақтылық жолында әлемдік қауымдастықты мойындатып, экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан жоғары табыстарға қол жеткізді. Бұл әрине, ел ішіндегі ұлтаралық және конфессияаралық өзара келісімдердің нәтижесі. Мұраттар бірлігі мен ынтымақты еңбектің жемістері еді. Сол себептен де, 1 наурыз – «Қазақстандағы халықтардың бір-біріне және қазақтарға алғыс айту күнін» лайықты атап өтуге облыстағы грузин этносы да мүдделі екенін әрі зор жауапкершілікпен қабылдайтынын атап өткім келеді.