Өзіміздің өнімді тұтыныңыз...

Пятница, 13 Февраль 2015 04:26 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5219 раз

Оңтүстік индустриалды аймақтағы «ЮКОФ» ЖШС-і аяқ-киім фабрикасының жұмыс істей бастағанына жарты жылдан асыпты. Ел нарығына қажетті аяқ-киімдерді шығарумен елге белгілі кәсіпорынның жоспарлары да ауқымды. Таяуда фабриканың қазіргі тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып қайтқан едік.

DSC 0005Өткен жылдың тамыз айында толықтай іске кіріскен фабриканың жұмысы қарқынды. Әзірге үй ішіне арналған аяқ-киімдер өндірісін дөңгелетіп отыр. Фабрика өнімдері облыстан бөлек, Алматы, Астана, Ақтау, Түркістан қалаларына жөнелтіледі екен. Бүгінге дейін тігіліп, сатылған аяқ-киім отыз бес мыңнан астам.
Тігін цехында қаз-қатар отырған тігіншілер жұмысқа қызу кіріскен. Бәрі де жоғары білімді өз ісінің нағыз шеберлері.
Мамандардың басым бөлігі жұмыспен қамту орталығы арқылы, Жастар практикасы бағдарламасы бойынша орналасқан. Жалақы да қомақты. Көлікпен, тегін тамақпен де қамтамасыз етілген.
Осында Жастар практикасы бойынша келген қызметкердің бірі – Әйгерім Төлбекова. Төрт жыл оқыған дипломымен жұмысқа тұрғанына қуанышты. М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Тігіншілік» мамандығын биыл бітірген. «Фабрика ашылғаннан бері жұмыс істеймін. Өзім Арыс ауданында туып-өстім. Бос жүргенше жалақы тауып, әрі өнерімді дамыту үшін келдім. Кез келген аяқ-киімді тігемін», – дейді Әйгерім. Бір күнде 400 аяқ-киім тігетінін айтады.
Кәсіпорын биыл жазда туфли өндірісін бастамақ. Цехты іске қосу үшін Түркиядан мамандар келмек. Әрі қызметкерлер жаңа, заманауи технологияны да меңгереді. Кәсіпорын басшысы Санжар Тілегенов: «Біз әлі толық қуатпен іске қосылған жоқпыз. Әзірге штат аз. Туфли тігетін цехты іске қоссақ, тағы да қызметкерлерді іріктеп аламыз. Жұмысшыларымыз қазір тәжірибе жинақтаған. Кәсіпқой мамандар бәрі. Қазіргі уақытта Түркия елінің тігін компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз».
Қазір нарық заманы. Кез келген өнім бәсекеге қабілетті болу керек. Ертең кәсіпорын тоқтап, тұралап жатпауы үшін. Компания басшылары негізінен өнімдердің бағасы халыққа қолжетімді болуын көздейді. Мұндағы аяқ-киімдердің көтерме бағасы – 260 теңге. Өнімді сапалы әрі қолжетімді ету– кәсіпорынның ұстанған басты мақсаты. Санжар Тілегенов әзірге аяқ-киім материалдарының Қытайдан әкелінетінін жасырған жоқ. Өйткені, ыңғайлысы осы болып тұр.
Келешектің еншісіндегі жоспарлардың тағы бірі – модельді аяқ-киім өндірісі. Мұндай фабрика Қазақстанның өзінде жоқ. «Елімізде біз секілді алты ірі аяқ-киім фабрикасы бар. Негізінен олар мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Етік тігу бойынша мемлекеттік тапсырыс беруге қатысып жатырмыз. Бұл өндіріс те келешекте іске асар. Ал түптің түбінде модельді аяқ-киімдер өндірісіне көшуді қолға аламыз». Бұл – компания басшысының пайымы.
Оңтүстікте шығатын аяқ-киім брендімен қауышатын сәт те алыс емес. Санжар Тілегенов бастаған ұжым алдына осындай үлкен мақсат қойып отыр. .

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.