×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Бәрi де тұтынушылар үшiн

Пятница, 13 Февраль 2015 04:21

Өңір тұрғындарын «көгілдір отынмен» қамтып отырған «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның облыстық филиалы халыққа қызмет көрсету операциялық бөлімін ашты.

20150212140731Салтанатты жағдайда пайдалануға берілген бөлім қызметіне облыстық мәслихат хатшысы Құдайберген Ержан, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Мамытбеков, Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды сәт-сапар тілеп, лентасын қиды.
– «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның белсенді қызметінің нәтижесінде қала аумағында өткен жылы 11 шағынауданда газдандыру жүйесі жүргізілді. Оның 7-уі бүгінгі таңда пайдалануға беріліп, ондағы 25 мың тұрғынға абонент беру жұмыстары жалғасуда, – деп атап өтті құттықтау сөзінде білдірген қала әкімі Дархан Амангелдіұлы.
Бұл тұсаукесер – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның пилоттық жобасы болып табылады. Яғни, халыққа коммуналдық қызмет көрсететін компаниялар арасында осындай бөлім ашып отырған алғашқы мекеме.
Ұзын-сонар кезек пен тар бөлмелер абоненттік бөлімнің келушілерге сапалы қызмет көрсетуіне айтарлықтай кедергісін тигізіп келген еді. Енді жағдай өзгерді. Компания филиалына түрлі мәселемен келетін тұрғындарды қызметкерлер кіреберістен күтіп алып, сұрақтарына жауап беруге әзір. Мұнда бір терезе қағидасы бойынша, күту залы, кеңес беру, құжаттандыру және тіркеу бөлімдері, сонымен қатар, дайын құжаттарды беру секторы қалтқысыз қызмет көрсетпек.
Шара барысында саll-орталықтың да тұсауы кесілді. Ендігі жерде абоненттер 92-11-77 телефон нөміріне хабарласып, операторлардың көмегімен маман кеңесін ала алады. Орталық жұмысын барынша оңтайландыру мақсатында, әрбір қоңырау шалушының операторлармен әңгімесі жазылып, қызметтің қай деңгейде көрсетілгені басшылық тарапынан лайықты бағаланып отыратын болады.

Сапалы әрі экологиялық тиімді

Пятница, 06 Февраль 2015 04:19

Шымкентке газбен жүретін 200 автобус әкелінді

Шымкент қаласының қоғамдық қызмет көрсету саласы тағы 200 жаңа жолаушылар автобусымен толықты. Орталық Әл-Фараби алаңында сап түзеген автобустарды қала тұрғындарының игілігіне тапсыру үшін облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев пен Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жаңа техникалардың өзіндік мүмкіндіктерімен танысып, ресми түрде іске қосылған «Эко нұр» көлік газ толықтырғыш компрессорлық бекетінің ашылу рәсіміне қатысты.

avtobus1  avtobus2 

«Green bus company» ЖШС-i бұл ретте аталмыш тасымал көліктерін автобус шығару саласында әлемде көшбасшы болып табылатын Қытай Халық Республикасының «Ютонг» және «Голден дракон» зауыттарынан сатып алыпты. Сығымдалған метан газымен жүретін, экологиялық тұрғыдан алғанда таза әрі сыйымдылығы үлкен мұндай автобустар Шымкент қаласына алғаш рет жеткізіліп отыр. Автобустардың жалпы құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. Бұл үшін қажетті қаражатты серіктестікке «Qazaq Banki» АҚ ұсыныпты.

– Жаңа жеткізілген автобустар қаланың экологиялық ахуалын жақсартуда тиімді қадам болып отыр, – дейді «Green bus company» ЖШС-нің директоры Б.Күлішев.
avtobus5Ұзындығы 10 метрге жететін, жалпы сыйымдылығы 85 адамға лайықталған 120 автобустың әрбірінің құны 85 мың АҚШ долларын құрайды. Ал, 80 автобустың жалпы сыйымдылығы 70 адамға лайықталған. Тиісінше, бағасы 65 мың АҚШ долларына тең. Жаңа автобустар диспетчерлік бақылауды реттеу үшін GPS навигаторларымен және жолаушылар үшін тегін қызмет көрсететін WI-FI интернет желісімен қамтылған. Айта кетейік, бүгінде келісім-шартының әрекет ету мерзімі аяқталған 5 бағыт бойынша (№19, 60, 76, 135, 74) ашық конкурс ұйымдастырылуда. Аталған конкурсқа «Green bus company» ЖШС-де өтінім беріп, үміткер ретінде тіркеліп отыр.
Сонымен қатар, «Эко нұр» көлік газ толықтырғыш компрессорлық бекеті де іске қосылды. Автопарк базасының жалпы құны – 500 миллион теңгені құрайды. Әзірге база қызметінде 1000-ға жуық жұмыс орнының ашылуы жоспарлануда. Бекетте орналасқан заманауи құрылғылар бір мезетте 8 автобусты газбен толтыра алады.

Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаевтың халық алдында есеп беру кездесуі «Қазығұрт», «Самал-3» шағынаудандары мен «Жаңаталап» тұрғын алабында болып өтті. Жиын барысында көпшілікке арнайы слайдтар арқылы соңғы бір жыл уақыт ішінде аудан аумағында атқарылған тірліктер бейнеленіп көрсетілді. Сондай-ақ, Ахмет Өтегенұлы өз баяндамасында өткен жылдағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, аймақтық бағдарламаларды жүзеге асыру шеңберінде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Жарыссөзге шыққан тұрғындар аудан басшысына негізінен, коммуналдық қызмет сапасын жақсарту, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық көліктерге деген мұқтаждығын айта отырып, ой-ұсыныстарын аманат етіп жатты. Есепті кездесулер барысында жергілікті тұрғындар тарапынан аудан басшысының жыл бойы атқарған жұмысы «қанағаттанарлық» деп бағаланды.

Атқарылған іске тоқмейілсуге болмайды

DSC 0102«Қазығұрт» шағынауданындағы №66 орта мектебінің ғимаратында өткен аудан әкімінің есепті кездесуіне жергілікті аумақтың тұрғындары көптеп жиналды. Қараша халықтың алдында жыл қорытындысын жария еткен аудан басшысы өз есебінде оңды жетістіктерді атап өтумен қатар, өзекті мәселелер мүмкіндігінше шешімін табатынын мәлімдеді. Қаланың Бас жоспарына сәйкес, өткен жылы ауданға 12 елді мекен қосылды. Осыған байланысты, аудан аумағының көлемі ұлғайып, атқаратын жұмыстардың ауқымы кеңейді. Халықтың саны едәуір артты. Ендігі жерде, ауданға жаңа қосылған елді мекендерді жылумен, электр қуаты, көгілдір отын және сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, жол құрылысын салып, көріктендіру жұмыстарын жүргізу – күн тәртібіндегі дүние. Аудан әкімі аппараты жұмысының басты мақсаты – халыққа өмір сүруге барынша қолайлы жағдай жасау. Баяндамасын осылай қорытқан аудан әкімінің діттеген негізгі ой-пікірі осыған саяды.  
Жарыссөзге алғаш болып шыққан облыстық мәслихат депутаты Шәріпбек Жамалбек бүгінгі заман талабына сай, тұрғындарды үнемшілікке шақырды.
– Қазіргі таңда, облыс бюджеті 470 миллиард теңгені еңсерді. Десек те, бүгінгі құбылмалы баға барға тоқмейілсуге мүлдем болмайтынын ұқтыратындай. Әрине, жол, жарық, көгілдір отынның қажетті деңгейде жеткізіліп, әлеуметтік нысандардың көптеп салынуы – барлығымыздың көкейімізде бар дүние екені даусыз. Сол себептен де, ертелі-кеш игілігін көрсетер қайсыбір істе шыдамдылық байқатқанымыз жөн, – дейді облыстық мәслихат депутаты.
Сондай-ақ, жарыссөзге шыққан қалалық мәслихат депутаты Ғалымжан Әмірбеков, Еңбек Ері Қуандық Әзжігітов, Абай аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Төлеген Базарбайұлы аудан әкімдігінің толымды істеріне көңілі толатынын білдіріп, өзіндік ой-ұсыныстарын да жеткізді.

Коммуналдық қызмет сапасы толғандырады

DSC 0114«Самал-3» шағынауданындағы №97 орта мектебінде жергілікті тұрғындармен өткізген есепті кездесуінде аудан басшысына жолданған сауалдар легі аз болмады. «Шұғыла» шағынауданының ауыл биі Амантұр Бегімбетов мектепке барар жолдарға аяқжол салып беруді сұраса, «Қызылжар» елді мекенінің тұрғыны Бастархан Байжанов шағынаудан тұрғындары білім ұясына мұқтаж екендігін жеткізді. «Самал-3» шағынауданының тұрғыны Құлман Нұрсұлтан қала ішін ретсіз жатқан қоқыстардан тазартып, Арғынбеков көшесімен жалғас тармақталған көшелерге асфальт салу жайын сұранды. Жергілікті тұрғындар Гүлжахан Юсупова, Тамара Құрамысова, Нышан Темірбаев сынды тұрғындардың айтар ойы да нақ осы қыс ауасында жаяу жүргіншілер жолына зәрулігі болды. Сауалға орай, аудан басшысы Ахмет Өтегенұлы ауданда өткен жылы 190 шақырым көше жолдарына шағал тас төселгенін айта келе, қазіргі таңда әлі де 248 көше шағал тас төсеуге «сұранып» отырғанын жасырмады. Жиынды қорытындылаған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова бұл сауалдарға да нақты жауап берді.
– Өздеріңіз білесіздер, Шымкент қаласының 5 жылдық «Даму» бағдарламасы бойынша әлеуметтік карта сызбасы дайындалып, бұл үшін 27 миллиард теңге ұсынылған болатын. Жаһандық дағдарысқа орай, алдағы наурыз айында қала бюджеті тағы бір нақтыланып, меже-міндеттер белгіленетін болады. Сол себептен де, бастапқыда шағал тас төселуі тиіс көшелердің бірқатары жоспардан алынуы да ғажап емес, – дейді Гүлжан Мамытқызы.
Жалпы, жарыссөзге шыққан азаматтар аудан әкімінің жылдық қорытынды есебін қанағаттанарлық деп бағалады.

«Қалалық» атанғандардың айтары көп

Абай ауданы әкімінің жергілікті тұрғындармен есеп беру кездесуі «Жаңаталап» тұрғын алабында орналасқан №81 орта мектебінде де болып өтті. Бұл жолғы есепті кездесуге Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.
Есепті кездесудің орнын белгілеу барысында Абай ауданы әкімінің мұндағы аймаққа айрықша маңыз беруінің өзіндік себебі де бар. Сайрам ауданынан жаңа қосылған, бүгінде «шымкенттіктер» атауын иеленген тұрғындардың расында, аудан басшысына айтар ой-ұсыныстары мен өзіндік мұң-мұқтаждықтары да жетерлік еді. Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаевтың баяндамасынан соң, жарыссөзге шыққан жергілікті тұрғын Тұрғымбек Егембердиев ең алдымен, Бадам өзенінің бүгінгі хал-ахуалына алаңдаушылығын білдірді. Оның пікірінше, өзен жағалауынан қазып алынған құм мен тас «ұрлығының» салдарынан, Жаңаталап тұрғын үй алабында орнатылған алып көпір құлаудың аз-ақ алдында тұр. Бүгінгі таңда күрмеуі күрделене түскен бұл сауалға толыққанды жауап берген аудан басшысы өз тарапынан құқық қорғау қызметкерлері мен жергілікті ақсақалдар алқасы, сонымен қатар, БАҚ өкілдерімен бірлесе, ендігі жерде арнайы рейд жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырып отыратынын мәлім етті.
Сондай-ақ, жарыссөзге жазылған Абай ауданының прокуроры Әбдімүтәліп Мұстафаев бүгінгі таңда өзекті болып отырған жасөспірімдер арасындағы қылмыс мәселесіне көпшіліктің назарын аударды. Тек өткен жылы аудан аумағында жасөспірімдердің қатысуымен 64 қылмыс орын алыпты. Осындай олқылықтардың алдын алып, қылмыс дерегін біршама төмендету мақсатында, аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен 19 мобильді топ құрылып, нәтижелі жұмыстың атқарылып жатқанын айтып, аудан прокуроры әкімдік қызметкерлерінің үйлесімді тірлігін жоғары бағалап өтті. Ал, жергілікті ауыл биі Арыстан Айдарқұлов осындағы орта мектептің мұң-мұқтаждығына тоқталды. Әсіресе, қыс аязында оқушыларға мектепке жеткізетін аяқжол сүрлеуі мен көше бойын жарықтандырудың қажеттілігі байқалады. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының Батыры Төлеген Тәжібаевтің есімі берілген аталмыш мектептің атауы қала аумағында екінші рет қайталанып тұрғандықтан, жаңа есімді қажет етеді. Сол себептен де, жергілікті тұрғын көпшіліктің ортақ ұсынысы ретінде аталмыш білім ұясына Мангельдин атауын беруді сұрады. Өзара еркін сұрақ-жауап жағдайында өрбіген кездесуде жергілікті тұрғын Бақтыбек Балабеков қоғамдық көлік пен сапалы ауызсуға әлі күнге зәру екендігін, тұрғылықты мекен-жайы Шымкент қаласының иелігіне ауысуы себепті, тұрғын үйінің құжаттарын түгендеу шарасы барысында бірқатар қиындықтар туындап отырғанын жеткізді. Бұл мәселеге де түсіністік танытқан аудан басшысы ендігі «шымкенттік» атанған аумақ тұрғындарына құжат дайындау ісінде лайықты жәрдем ұсынылатынын мәлім етті.
Аудан басшысының жергілікті тұрғындармен өткен есепті кездесуін Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қорытындылады.
– Жалпы, өткен жыл қала халқы үшін табысты өтті деуге негіз бар. Бүгінгі кездесуде көпшілік тарапынан қойылған сұрақтардың дені – коммуналдық қызметке қатысты болды. Бұлай болуы заңдылық та. Осы орайда, жалпы қуат күші 220 кВт-тық «Бозарық» электр станциясының құрылысы салынып жатқанын айта кеткеніміз жөн. Өз кезегінде, станция іске қосылған мезетте қала тұрғындары үшін электр қуатының жеткіліксіздігі мәселе туындатпауы тиіс. Сонымен қатар, қазіргі таңда, аудан әкімдіктерінің құзіреті ұлғайтылуда. Яғни, әрқайсысының өз алдына жеке бюджеті қаралатын болады. Сол үшін де, биыл қала аумағындағы құрамдас төрт ауданға 818 миллион теңге берілуде. Жалпы, қала тұрғындары тарапынан түскен сауалдар толығымен зерделеніп, лайықты жауап берілетін болады. Бұл қатарда, өткен жылы тұрғындармен есепті кездесуде маған барлығы 69 сауал келіп түскен болса, бүгінде соның 42-сі тиісті нәтижесін тапты. Қалған 27 сауал өз уақытымен орындалатын болады, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Жиылған көпшілікке алғыс сезімін білдірген шаһар басшысы аудан әкімі Ахмет Татыбаевтың өткен жылғы атқарған жұмысына «қанағаттанарлық» деген бағасын берді. 

Бағдарлама аясында республикалық бюджеттен бөлінген 210 миллион теңгеге 34 көппәтерлі тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда, ондағы жөндеу жұмыстары аяқталып, мемлекеттік қабылдау актілеріне сәйкес толығымен тапсырылған.

DSC 1053Бүгінгі таңда Шымкент қаласында апатты жағдайда 4 көппәтерлі тұрғын үй тіркелген. Оның бірі, яғни, Ақназархан көшесі №62 үй өткен жылдың желтоқсан айында қала әкімдігінің қаулысына сәйкес бұзылды. Бұдан бөлек, Абай даңғылында орналасқан №9, Гагарин көшесіндегі №112, Төле би көшесінің бойындағы №15 үй және Қазыбек би көшесінде орналасқан әкімшілік ғимараты апатты жағдайда деп танылуда.
Жалпы, Шымкент қаласында 1917 көпқабатты үй тұрғын үй қорын құрайды. Оның 1343-і ОҚО әділет департаментінде кондоминиум нысаны ретінде тіркелген. Өзге 574 көпқабатты тұрғын үй биыл әділет басқармасында тіркеуге алынуы тиіс.
- Өткен жылы Шымкент қаласының тұрғын үй қорына түгендеу жұмыстары ұйымдастырылды. Нәтижесінде, сейсмонығайтуды қажет ететін 40 көпқабатты тұрғын үйлердің тізімі бекітіліп, төлқұжаттары мен техникалық зерттеу қорытындыларын дайындау үшін бағдарлама әкімшісі - қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне тапсырылды, – дейді Шымкент қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Әлзақов. - Сонымен қатар, Шымкент қаласы Әділет басқармасының мәліметіне сәйкес, қаладағы Тәуке хан даңғылы №33/2 үй, №22 пәтер бойынша жылжымайтын мүлікке меншік құқықтары тіркелмегендігі анықталды. Қазіргі таңда, аталған пәтерді қаланың коммуналдық меншігіне өткізу жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беріліп, жұмыстар жүргізілуде.
«ҚР тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасының» шеңберінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы ауқымды жұмыстарды атқарды. Атап айтқанда, бағдарламаның 2-ші бағытына сәйкес, Шымкент қаласында 6 көпқабатты тұрғын үйде (Тәуке хан даңғылы №29, 31, 33/1, 33/2, 33/3 және Қонаев гүлзары №7) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Республикалық бюджеттен қаралған 343,7 миллион теңге қаржы толығымен игеріліп, 2013 жылдың 4 сәуірінде мемлекеттік қабылдау актілеріне сәйкес, нысандар қабылдап алынды.
Бағдарламаның 1-ші механизмі бойынша 225,5 миллион теңгеге қаладағы 24 көпқабатты тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен аяқталды. Қазіргі таңда, 24 үйдің 23-нің мемлекеттік қабылдау актісі толтырылып, нысандар қабылданып алынған. Тек, Теріскей шағынауданындағы №52 көпқабатты тұрғын үй бойынша тұрғындардың өтініштері ескеріліп, қосымша инженерлік жүйелер жөндеуден өткізілді.
Сондай-ақ, бағдарлама аясында республикалық бюджеттен бөлінген 210 миллион теңгеге 34 көппәтерлі тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда, ондағы жөндеу жұмыстары аяқталып, мемлекеттік қабылдау актілеріне сәйкес толығымен тапсырылған.
- Бағдарламаның мақсаты - тұрмыста халықты қолайлы жағдаймен қамтамасыз ету болып табылады. Сондай-ақ  бағдарлама күрделеніп қалған тұрғын үй шаруашылығының мәселелерін шешуге жол ашып, коммуналдық инфрақұрылым желілерін жаңғыртуға, тұрғын үйлердің қолайлы үлгісін жасауға мүмкіндік береді. Бүгінде аталмыш бағдарлама өз жемісін беруде. Сондықтан, бұл мақсаттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, - дейді Берік Исабайұлы.
Биыл Шымкент қаласында аталмыш бағдарлама шеңберінде күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған 86 көпқабатты тұрғын үйдің құжаттары толығымен дайындалып, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты құрылыс, тұрғын  үй-коммуналдық шаруашылығы және жер ресурстары комитетіне өткізілген. Сонымен қатар, ағымдағы жылға энергоаудит жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында 95 үйдің тізімі бекітіліп, бағдарлама әкімшісі – қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне жолданды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лы­ғы саласын жаңғырту бүгінгі мақсатты жұмыс­тың маңызды салаларының бірі болып табы­лады. Сондықтан, жұртшылықтың мұны түсініп, жан-жақты қолдау көрсеткені абзал.

Жастар арасында үздіктер анықталды

Пятница, 19 Декабрь 2014 04:10

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында облыстық опера және балет театры ғимаратында түрлі салаларда еселі еңбегімен есімі көпшілікке танымал болған шымкенттік 23 азамат «Үздік» аталымы бойынша жоғары марапатқа ие болды. Марапат иелерінің қатарында өз ісінің үздік мамандары, яғни, педагогтар, дәрігерлер, спортшылар, журналшылар, кәсіпкерлер мен полиция қызметкерлері де бар.

sabit tastanbekБілім және ғылым саласы бойынша тағайындалған үздік марапат иесін профессор Л.Ташимов табыс етсе, мәдениет және спорт саласы бойынша А.Леубаева мен облыстық «Оңтүстік Цирк» мекемесінің директоры А.Алиев, ақпараттық қамтамасыз ету саласы бойынша «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Б.Тайжан мен «Отырар» телеарнасының бас редакторы З.Оралбаева,  қоғамдық өмір саласы бойынша қала әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов пен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары В.Доронин сый-сияпаттарды табыстады.
– Бүгінгі шара көшбасшы болуға лайық жас өскелең қауым үшін ісіне жаңа тың серпін беріп, азаматтарымыздың ұлтжанды болып қалыптасуына өз ықпалын тигізері сөзсіз, – деп атап өтті Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов. Марапатқа ие болған жастар арасында біздің әріптесіміз, «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі Сәбит Тастанбек те бар. Ол «Үздік жас баспасөз тілшісі» номинациясына ие болды.
DSC 0522– Мұндай марапаттың талапты жастар қауымы үшін аса маңызы зор, – дейді әріптесіміз. – Бұл тек өз ісіңе берілген лайықты баға ғана емес, ары қарай ынталанып, озық деңгейде қалыптасуыңа жасалған қолдау деп білемін. Мемлекет басшысы қай кезде де жастар – елдің болашағы екендігін айтып келеді. Қазақ елінің түрлі саладағы әлемдік ареналарда қол жеткізген оңды істерінің барлығы да осындай жастарға деген зор құрметтің нәтижесі болса керек.

Әдеби ортаны қалыптастыру маңызды

Пятница, 19 Декабрь 2014 03:46

Облыстық ардагерлер кеңесінің ғимаратында өңірдің ақын-жазушылары мен зиялы қауымының басын қосқан ҚР Жазушылар Одағының облыстағы өкілдігі өткен жылды қорытындылап, алдағы басым міндеттерді белгілеген келелі кеңесін өткізді. Жиынға ҚР Жазушылар одағы басқарма басшысының орынбасары Жанарбек Әшімжан, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов қатысты.

DSC03687Жылқы жылы өңірдің зиялы қауымы үшін айтарлықтай нәтижелі болды. Қоғамның түйткілді дүниелерін негізге алған бірқатар ақын-жазушылардың ғылыми еңбектері мен шығармалары жарық көрді. Бірқатары есімдері еленіп, түрлі сый-дәрежелерге ие болды. Әйтсе де, белгіленген меже-міндеттерге қол жеткізіп, оқырманның шынайы бағасына ие болу үшін екіжақты байланысты қамтитын үлкен әдеби ортаны қалыптастыру маңызды болмақ. Осы орайда, ҚР Жазушылар Одағының облыстағы басшысы Бақытжан Алдияр бүгінгі күннің негізгі қажеттіліктеріне тоқталып өтті.
– Оқырман қауымның арасында жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын өз дәрежесінде насихаттап, дәріптеу үшін, ең алдымен, Одақ жанынан ақылдастар алқасын құрған жөн болатын секілді. Сонымен қатар, жаңа жарық көріп жатқан шығармаларын зиялы қауым өздері орталық кітапханаларға табыстап, оқырмандар кешін жүйелі түрде ұйымдастырарлықтай жағдай жасағанымыз дұрыс. Жас талант иелерінің өлең-жырларын тұрақты түрде жергілікті БАҚ беттерінде жариялап, өсер ұлдың арқасынан қақсақ, Жазушылар Одағына деген көпшіліктің сенімін нықтай түсері анық, – дейді Б.Алдияр.
Сондай-ақ, кеңес барысында белгілі ақын-жазушылар Құлбек Ергөбек, Мархабат Байғұт, Ханбибі Есенқарақызы, Мұхтар Шерім сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Елбасы ашқан нысандар

Пятница, 12 Декабрь 2014 11:23

халыққа қызмет көрсете бастады

DSC 0105Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың өткен аптада Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында Шымкент шаһарының жаңа келбетін танытатын бірқатар нысандар ашылып, ел игілігіне берілген еді. Елбасы ашқан нысандардың өңір тұрғындары үшін өзіндік мән-маңызы мен құндылықтарын дәріптеп, көпшілік оқырманға кеңінен таныстыру мақсатында облыстық мәдениет басқармасының басшылығы БАҚ өкілдерінің қатысуымен арнайы пресс-тур ұйымдастырды.

Тілшілер қауымы тоқтаған алғашқы нысан - Шымкенттің тарихи-мәдени аймағында орналасқан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы болды. Тарихи жәдігерлермен танысу мүмкіндігіне ие болған балалар үйінің тәрбиеленушілері де адамзат тарихындағы алғашқы дәуірлерден бастап күні бүгінге дейінгі тіршіліктің сан қырынан  сыр тартатын жауһар мұрағаттарды тамашалады. Мұражай директоры Гүлнар Саматқызының айтуынша, жинақталған дерек қоры қазақ жерінде қоныстанған ежелгі тайпа адамдарының күнделікті тыныс-тіршілігін толығымен зерделеуге жеткілікті. Қос қабатты ғимаратқа орналасқан мұражай негізінен, 4 залдан тұрады. Жоғары қабатта ежелгі дәуірлерден сыр шертетін құнды әшекей бұйымдар мен көне ыдыс-аяқ сынықтары, адамдардың жеке қорғанысы мен қауіпсіздігі үшін қажетті қару-жарақ заттары қойылған. Мұражай ғимаратының төменгі қабаты қазақ хандығының құрылу кезеңінен бастап, бірнеше ғасырлар бойын қамтыған өзіндік тыныс-тіршілігін сипаттаған жәдігерлер, сонымен қатар, қазақ елінің бүгінгі тәуелсіздік жылдарындағы теңдессіз бағаға ие құнды дүниелермен өрнектелген.
– Қазақ хандығы кезеңіндегі жылдардың өзіндік бейнесін сипаттайтын мұражай залында еліміздің ешбір бұрышынан кезіктіре алмайтын жәдігерлерді келуші көпшіліктің назарына ұсынуға мүмкіндігіміз бар, – дейді мұражай директоры Гүлнар Аренова. – Атап айтқанда, мұндағы Кенесары ханның қылышы мен қынап қабы талай жанның қызығушылығын оятары сөзсіз. Бұл жәдігерді 1936 жылы ханның немересі, Сыздық сұлтанның баласы Әлібек ақсақал өз қолымен мұражайға әкеп табыстаған. Міне, бүгінде, осы асыл дүние жаңа ғимараттың келбетін айшықтай түсуде.
DSC 0944Тек бұл ғана емес, сол кезеңдердегі қазақ жауынгерлері қолданған ұрыс қарулары мен киімдері, ат әбзелдері, тостаған-табақтары бүгінде мұражайдың төрінде орналастырылған. Тіпті, күрес әлемінде қарсылас шыдатпай, жауырыны жерге тимей өткен қазақтың атақты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының ұзақ жылдар тұрақ еткен киіз үйі де бүгінде осы мұражайдың негізгі экспонаты ретінде аталады.
–Шын мәнінде, облыс орталығында қоныс тепкен аса жоғары мән-маңызға ие осындай орталықтардың болуы, сөз жоқ, қала тұрғындары мен қонақтарына үлкен әсер сыйлары анық, - дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова. – Шымкент қаласының еліміздегі үшінші қала мәртебесіне лайық болуы үшін шаһардың туристік мүмкіндіктерін де қолға алу бүгінгі таңда басты назардағы дүние. Осы орайда, шаһардың тарихи-мәдени аймағындағы «Наурыз» алаңы, Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, демалыс орындары пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Бәйдібек би ескерткіші бой түзеп, қалаға келетін меймандар үшін заманауи қонақүй ашылды. Бүгінде этнобақтың құрылысы қарқынды жүргізілуде.
–Өңірдің шежірелі тарихы мен көркем табиғатынан сыр шертетін рухани құндылықтар келушілер үшін жан-жақты қамтылып, дәріптелетін болады, – дейді орталық директоры Қайырғали Медет. – Сонымен қатар, түрлі ұлт өкілдерінің құт мекені болған өңіріміздегі өзге халықтың да рухани-мәдени ғұрпы жинақталып, зерделенеді.
Осы кеште өздерінің таңғажайып әсерлерімен бөліскен бүлдіршіндер мүмкіндік болса, аталмыш орындарға қайта келгісі келетінін айтып жатты. Мұнан әрі жасөспірімдер осы аймақтағы «Наурыз» алаңы мен көл аумағындағы демалыс орындарын да тамашалады.
Иә, мемлекет басшысы алдындағы таныстырылым кезінде ашылған бұл нысандарға алғашқы көрермендер де қадам басты. Өз кезегінде, бұл аумақ тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының бірі болып, туристерді тартуға жаңа серпін бермек.

 

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған ақпараттық-насихат тобы Шымкент қаласына келді. Жер-жерлерде көпшілікпен кездесу ұйымдастыруды ойға алған топтың құрамында білікті де тәжірибелі имам-ғалымдар, теологтар мен дінтанушылар бар.

00218Облыстық орталық мешітте жергілікті БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізген ақпараттық-насихат топ мүшелері атқарылған жұмыстардың қорытындысын мәлімдеп, алдағы мақсат-міндеттері туралы әңгімеледі.
– Апта ішінде арнайы жасақталған топ шалғай ауылдарда жергілікті тұрғындармен кездесіп, ондағы қажеттіліктерге көңіл аударды. Сонымен қатар, әр түрлі режимдегі түзеу мекемелеріндегі  жазасын өтеушілерге адамгершілік құндылықтарды насихаттады, – дейді облыстың бас имамы Ахметжан Керімбек.
Айта кетейік, ақпараттық-насихаттық топтың негізгі мақсаты – дәстүрлі дініміз – Исламның құндылықтарын дәріптеу, халықтың діни сауатын арттыру, қалың бұқара арасында ҚМБД-ның әлеуетін арттырып, алға қойған бағыттармен таныстыру. Сондай-ақ, ҚР Президенті
Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау, ел арасында деструктивті, жат ағымдардың таралуының алдын алып, ақпараттық насихаттау болып табылады.

Страница 36 из 37