×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай, Шымкент қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Жеңіс жолы» эстафетасы мәресіне жетті. Орталық саябақта 3 ай уақытқа созылған эстафетаны қорытындылаған «Ұлы Жеңіс ұрпағымыз» жиынында мектеп оқушылары сап түзеп, үздік деп танылған сахналық қойылымдарын орындады.

Айта кетейік, эстафета аясында барлық қала мектептерінде «Ерлікке тағзым» қамқорлық акциясы, «Жеңіс туы желбіресін!» рәміздік топтар байқауы, «Сұңқар» патриоттық саптық ән байқауы, «Ерлік даңқы мәңгілік!» өнер фестивалі ұйымдастырылған болатын. Қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығында өз бастауын алған эстафетаның «Мәңгілік алау» ұшқыны №1 мектеп-гимназиясына тапсырылған еді. Игі үрдіс жалғасын тауып, алау ұшқыны тиісінше  реттік нөмірімен мектептен-мектепке беріліп отырды.
– Мақсат – эстафета барысында жас талант иелерінің есімін көпшілікке кеңінен таныстыру, Отанды қорғау жолында кеудесін оққа тосқан жауынгер ағаларымыздың рухына тағзым ету, соғыс және тыл ардагерлерімен кездесу ұйымдастыру арқылы жасөспірімдерді ерлік рухында тәрбиелеу болып табылады. Эстафета аясында мектеп оқушылары арнайы альбом дайындап, көрме жұмыстарын да ұйымдастырды, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Ынтымақ Мәдиев.
Шара барысында патриоттық әндер шырқалып, көк аспанға шар ұшырылды. Сондай-ақ, оқушылардың арнайы дайындаған альбомдар жинағы қалалық мұражай қызметкерлеріне табыс етілді.

Мамыр айының 7 жұлдызында «Қазақ елі» алаңында өткен шараға ел аумағынан 270 соғыс ардагері қатысты. Бұдан бөлек, 6 ардагер мамыр айының 9 жұлдызында Мәскеудегі «Қызыл алаңда» өтетін шараға арнайы шақырту алды. Сейсенбі күні Оңтүстік өңірінің жұртшылығы Астанадағы әскери шеруге қатысатын 15 соғыс ардагерін Шымкент теміржол вокзалынан сәттілік тілеп, шығарып салды. Осы орайда, ардагерлер қауымы да қамқорлық пен ізгіліктің үлгісін танытқан жұртшылыққа ізгі тілегін жеткізді.


DSC 0631Исамуддин РЫСБАЙ,
Шымкент қалалық ардагерлер
кеңесінің төрағасы:

Қариялар – қазынамыз

– Бүгінде Шымкент қаласы бойынша 54 мыңнан астам зейнеткер бар болса, бұл қатарда, 183 соғыс ардагері, 6678 тыл ардагеріне айрықша құрмет үлгісі көрсетіліп келеді. «Самұрық-Қазына» және «Дегдар» қайырымдылық қорының тікелей демеушілік жәрдемімен ардагерлерге түгелдей үйді-үйлеріне сый-сияпаттар мен бір реттік жәрдемақысын жеткізіп бердік. Бұл қатарда, қала аумағында тыл ардагерлерінің қатары айтарлықтай ұлғая түскенін да баса атап өткен жөн. Себебі, біз қазіргі таңда Ұлы Отан соғысы кезінде ерте есейіп, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан сол кездегі балаң жастағы азаматтарға да тыл ардагері ретінде есепке алудамыз. Яғни, Ұлы Жеңістің дүбірін жақындатқан әрбір азаматтың еселі еңбегі ескеріліп, бүгінде оларға лайықты қамқорлық көрсетілуде. Тек ағымдағы жылы осы мақсатта 700-ден астам азаматқа «Тыл ардагері» дәрежесі берілді. Бұл қатарға енбей қалған азаматтардың әлі де мүмкіндігі бар. Яғни, есепке алу жұмыстары жалғасын табатын болады.


Айтжан БЕКНАЗАРОВ,
соғыс ардагері:

Әскери шеруге қатысу – үлкен мәртебе

– «Жаным арымның садағасы!» деген қағидалы сөзді жанымызға жалау етіп, қан майданда аянып қалмауға тырыстық. 19 жасымда оқ пен оттың бел ортасында жүріп, елді басқаншылардан азат етуді ғана ойладық. Сталинградтағы қанды шайқастар әлі күнге көз алдымда. Бір Алладан тілерім, ел басына мұндай зобалаң кезең енді қайтып оралмасын. Бейбіт дәуірдің, татулық пен тұрақтылығы қалыптасқан бүгінгі күннің қадірін білейік. Бүгінгі ұрпақты Ота­нын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары болуға, достық пен бірлік туралы түсінік беру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу – біздің де, бізден кейінгі буынның да азаматтық мін­деті. Әскери шеруге қатысуымның өзі бір үлкен қуаныш мен үшін. Және ол ардагерлерге көрсетіліп келе жатқан қамқорлықтың, еліміздегі бейбіт өмірдің, жақсы тұрмыстың арқасы деп білемін.


DSC 0631-1Абылай ҚАЗЫБАЕВ,
соғыс ардагері:

Ел үшін маңызы зор

– Елордада сән-салтанатымен атап өтілетін әскери шерудің маңызын жоғары бағалаймын. Біріншіден, аталған мереке – Қазақстан әскерінің расында да жетілгендігін, үлкен бір күшке айналғандығының айғағы болса, екіншіден – бұл күн барлық соғыс ардагерлерінің, қатардағы жауынгерлердің және әскери салаға қатысы бар азаматтардың төл мерекесі.
Расында да, қазіргі таңда Қазақстанның қарулы күштері биік белестерге жетті. Әуеде болсын, жерде болсын заманауи қару-жарақпен, техникамен толықтай жабдықталған. Ал, ең бастысы – біздің елде бейбітшілік пен тыныштық орнап отыр. Мұны да ел әскерінің бір үлесі мен жетістігі деп айтуға болады.
Қашанда ел-жұртымыз тыныштық пен бейбіт өмірден ажырамай, тек татулық пен тұрақтылықтың төрінде ғұмыр кеше бергей деп тілеймін.

Бейбiтшiлiк көшесi

Четверг, 30 Апрель 2015 06:04

Достығы мен татулығы шынайы жарасымын тапқан бірнеше ұлт пен ұлыстың өкілдері өмір сүріп жатқан «Қатынкөпір» шағынауданындағы Тельман елді мекені тұрғындарының тіршілігі еліміздегі бірліктің бір ауылдағы көрінісі іспетті.

Аталмыш елді мекеннің Бейбітшілік көшесіне келген сәтімізде көп нәрсеге көзіміз жетті. Бейбітшілік көшесі – елді мекеннің орталық көшелерінің бірінен саналады. Сырт қарағанда жинақы әрі кең көрінетін көше шын мәнінде, аты мен затына сай, тұрғындарының ішкі мәдениетін, өзара қарым-қатынасы мен тату тіршілігін айқындай түсетіндей көрінді.
– Мұнда жергілікті тұрғындардың басым көпшілігін өзге ұлт өкілдері құрайды, – дейді елді мекеннің ауыл биі Құдайберген Сұртаев. – Дегенмен де, ұзақ жылдан бері осы жерде тұрақтап қалған бұл отбасылар өздерін қазақ елінің азаматы ретінде сезініп, туған жерін түлетуге үлесін қосуда аянып қалған емес. Жергілікті ұлтпен қатар, бұл көшеден өзбек, әзірбайжан, орыс, татар, күрд халқының өкілдерін де кезіктіруге болады. Десек те, өзара қарым-қатынас барысында бұл азаматтар жергілікті ұлтқа көрсетілген сыйластықтың белгісіндей мемлекеттік тілде амандық-саулық сұрасып жатады. Бұл да болса, олардың татулығы мен тұрақтылығы қалыптасқан қоғамдағы өзіндік рөлін айқындайды.
Қашанда бастамашыл істердің ұйытқысы болып жүретін мұндағы жанұялар қатарында Асановтар отбасы да бар. Отағасы Орхан он саусағынан өнері тамған күй аспаптарының шебер. Өзінің жетекшілігімен аймақтағы бірнеше өнерлі жігіттердің басын қосқан отағасы «Давләт» атты музыкалық тобын жасақтапты. Түрлі мерекелік кештердің шырайын кіргізіп жүрген бұл топ мүшелері бірегей өнер ұжымы ретінде жоғары марапатқа ие болып жүр. Отанасы  Мелек апай да реті келгенде жергіліктің ұлттың салт-дәстүрін ұстанып,  ұлттық тағаммен дастарханын кең жаюға дағдыланған.
– Ұл-қыздарымыз түгел әкесіне ұқсап, күй аспаптарында ойнағанды жақсы көреді. Және аспаптарды ойнатуға айтарлықтай бейімі де бар. Әкесі өзі балаларының қарым-қабілетін аңғарғандығы болар, өткен жылы үлкен қызымыз Әминаны мектеп жанынан ашылған домбыра үйірмесіне жетелеп алып барды. Бүгінде қызымыз қазақтың бірқатар күйлерін үйреніп те алды, – дейді отанасы.
Бұл отбасы секілді, көшенің өзге тұрғындары да қай кезде болмасын, қоғамдық істерге аса белсенділік танытады. Көше бойын тазалап, айналасын, үй аулаларын таза ұстауға барынша көңіл аударады. Бұл жолы да, тұрғындар бар жақсысын сайланып, 1 мамыр мерекесіне орай қаланың орталық алаңдарында өтетін мерекелік кештерге белсене қатыспақ.

assambleia logoЕлдің мызғымас бірлігі мен бұлжымас татулығын ту еткен ең белді институттардың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл – 20 жыл толып отыр. Ірі датаның бағасы мен мәртебесін ескере отырып, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялағаны белгілі. Елдегі бейбітшілік пен келісімді, тұрақтылық пен татулықты сақтап, дамытудың бірегей тетігіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы шын мәнінде, бүгінде еліміздің өшпес құндылығы – Тәуелсіздікке тірек болған Ел бірлігінің ең басты тұтқасына айналды. Осы орайда, біз Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас инспекторы Тұрсынкүл Құрманбаевамен сұхбаттастық.

tursynkul– Тұрсынкүл Лесбекқызы, ұлыстың ұйытқысына баланған Оңтүстікте бүгінде қанша этнос өкілдері мекен етеді және олардың ұлттық болмысын сақтауда нендей тірліктер атқарылуда?

– Облыстық статистика департаментінің соңғы мәліметіне сүйенсек, өңірімізде 2 734 734 тұрғын бар. Оның ішінде қазақтар – 1 991 272. Одан кейінгі ең көбісін өзбектер, орыстар мен тәжіктер құрайды. Жалпы, облысымызда қазіргі таңда 106 этнос өкілдері тонның ішкі бауындай тату-тәтті өмір сүруде. Сондықтан бүгінде өңірімізде 20 этномәдени орталық және аудан, қалаларда олардың 51 филиалы жұмыс жасайды. Міне, осы ұйымдар арқылы әрбір этнос өкілдеріне ана тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап, тарихын танып-білу мен оларды өскелең ұрпаққа үйретуге барлық жағдай жасалып отыр.
Бұдан бөлек, «Қазақстан халқының достық фестивалі», «Рождество», «Қазақ романсиадасы», «Играй, гармонь!», «Сабантуй», «Офарин», «Масленица» секілді халықты ынтымаққа шақырған көптеген іс-шараларды өткізу дәстүрге айналған. Облыстық этномәдени орталықтар жанынан 11 жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Айта кететін мәселе, бұл жерде белгілі бір этнос өкілдерінің ана тілі оқытылып қана қоймай, мемлекеттік тілді үйретуге де үлкен мән беріледі. Сондай-ақ, өңірімізде өзбек, орыс драма театрлары көрермендерін қуантып жүр. Достық үйі, Достық мұражайы тағы бар.   
Мемлекеттік тілде жарық көретін мерзімді басылымдарды айтпағанда, өңірімізде 19 газет орыс, 11-і өзбек тілінде шығады.
Облысымыздағы 1021 мектептің 59-ы таза өзбек, 9-ы орыс, 3-еуі тәжік тілінде білім береді. Ал, 214-і аралас мектеп. Сонымен қатар, еліміздегі мемлекеттік және жалпыхалықтық мерекелерді тойлауға, өзге де маңызды іс-шараларды өткізуге облысымызда тұратын барлық этнос өкілдері бір кісідей атсалысады. Бұл олардың өзара сыйластықтарын арттырып, байланыстарын нығайта түсуде.
Облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы өңіріміздегі қоғамдық келісімді сақтау мен этносаралық татулықты нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Әрине, біз тек мәдени-көпшілік шараларды өткізумен ғана шектелмейміз. Қоғамдағы келісім мен этносаралық татулыққа байланысты мәселелер бойынша ғылыми-тәжірибелік конференциялар, жиындар және «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырамыз.
Бұдан бөлек, хатшылық жанынан жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, этномәдени орталықтардың жетекшілері, ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мүшесі болып табылатын арнайы ғылыми-сарапшылық топ құрылған. Ақсақалдар, аналар кеңесі мен жастар қанаты бар. Сонымен қоса, бейбітшілік, қоғамдық және этносаралық келісім мәселелері бойынша облыстық мәслихаттың «Ел бірлігі» атты депутаттық тобы жұмыс жасауда.

– Астанада «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» атауымен өткен Қазақ-стан халқы Ассамблеясының XXII сессиясынан қандай ой түйдіңіз?

– Еліміздегі этносаралық ынтымақ пен қоғамдық келісімнің ұйытқысы болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының бұған дейінгі сессияларында көтерілген тақырыптардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да зор маңызға ие. Мәселен, «Бір халық» бұл барлық қазақстандықтар үшін ортақ ұлттық мүдделер деген сөз. «Бір ел» бұл барлығымыздың Отанымыз ортақ екенін білдіреді. Ал, «Бір тағдыр» бұл – бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңіс жолдары.
XXІІ сессияның күн тәртібінде қаралған тақырыптың ауқымы кең әрі ол кездейсоқ таңдалып отырған жоқ. Өкінішке қарай, бүгінде әлемде ұлтаралық, конфессияаралық және аймақтық дау-дамайлар, жанжалдар орын алуда. Рухани, мәдени тұрғыдан дағдарыс та бар.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан қоғамдық һәм этносаралық келісімнің дүниежүзіне үлгі боларлықтай өзіндік моделін қалыптастыра білді. Біз осы игі істі әрі қарай жалғастыруымыз керек. Яғни елдегі бірлікті бекемдей түссек, одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Мемлекеттің экономикасының дамуы, халықтың тұрмысының жақсаруы мен барлық салалардың ілгерілеуі алдымен қоғамдағы саяси тұрақтылық пен этносаралық татулыққа тікелей байланысты екені даусыз. Осы уақытқа дейін табысты жүргізілген әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларға этносаралық келісім мен түсіністіктің арқасында қол жеткізілгенін көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азамат жақсы біледі.   Осы тұрғыдан алғанда сессия барысында  көтерілген салиқалы ой-пікірлердің маңыздылығына айрықша баға беруге болады.
Айта кетейін, сессия жұмысына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысып, баяндама жасады. Көп ұлтты еліміз үшін мәні мен маңызы зор Ассамблеяның кезекті отырысына Оңтүстік өңірінен де арнайы делегация барды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған топтың құрамында облыстық мәслихат хатшысы Құдайберген Ержан, сондай-ақ, облыстық қоғамдық бірлестіктің төрағалары бар. Сессия барысында айтылғандай, тәуелсіздік жылдары Қазақстан қоғамдық және этносаралық келісімнің дүние жүзіне үлгі боларлық өзіндік моделін қалыптастыра білді. Біз осы игі дәстүрді әрі қарай жалғастыра түсуіміз қажет.

Ассамблеяға жүктелген міндеттердің ішінде үштұғырлы тіл саясаты да бар. Сондай-ақ, Ассамблея халықтық өкілдіктің ерекше тетігі ретінде транспарентті мемлекеттің қоғамдық бақылау жүйесінде маңызды рөл атқаруы тиіс. Сонымен қатар, қоғамдық институттың алдында бұрынғысынша этносаралық қатынастар саласын саясаттандыруға жол бермеу міндеті тұр. Яғни, бұл – Ассамблея қоғамның радикалды үндеулер мен арандатушылыққа қарсы тұруына ықпал етуі тиіс деген сөз.

Елдік мәселелер талқыланған Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХІІ сессиясы қоғамдық институт алдына жаңа міндеттер жүктелді. Бұдан былай, қоғамдық институт өкілдері Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия жұмысында маңызды рөл атқаруға міндетті. Сол себепті де, институт жеті міндетті еңсеріп өтуі тиіс. Бұл қатарда тұтас ұлттың кілті бүкілқазақстандық мәдениет, қазақстандық ұлттық рухтың басты көзі – ортақ рухани-адамгершілік құндылықтар негізіндегі халық бірлігі, қоғам алдында өскелең ұрпақты патриоттық бағытта тәрбиелеу міндеттері тапсырылды. Ассамблеяға жүктелген міндеттердің ішінде үштұғырлы тіл саясаты да бар. Сондай-ақ, Ассамблея халықтық өкілдіктің ерекше тетігі ретінде транспарентті мемлекеттің қоғамдық бақылау жүйесінде маңызды рөл атқаруы тиіс. Сонымен қатар, қоғамдық институттың алдында бұрынғысынша этносаралық қатынастар саласын саясаттандыруға жол бермеу міндеті тұр. Яғни, бұл – Ассамблея қоғамның радикалды үндеулер мен арандатушылыққа қарсы тұруына ықпал етуі тиіс деген сөз. Ассамблея Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы әріптес елдермен арадағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету бойынша жүйелі жұмыс тізбесін қалыптастыратын болады. Бұл қадам қазақ елінің дипломатия саласын жаңа белестерге көтереді деп күтілуде.

– 20 жылдық мерейтой аясында облыстық Ассамблея хатшылығы тарапынан нақты қандай іс-шаралар жоспары түзіліп отыр?

– Ассамблея жылы қатардағы көп мерейтойлардың бірі емес. Бұл – Елбасы айтқандай, той тойлайтын емес, ой ойлайтын жыл. Еліміз Қазақстандағы түрлі мәртебесі бар, сан алуан қоғамдық немесе мемлекеттік институттардың мерейтойларын мемлекеттік деңгейде атап өтпейді. Дегенмен, Ассамблеяның орны ерекше. 1995 жыл – тәуелсіздігін дүйім дүниеге паш етіп, өзін егемен ел ретінде жариялағанына бірнеше жыл ғана болған Қазақстанның шекарасын шегендеп, мемлекеттілігін нығайтып, алдағы даму жолын айқындау мақсатында әлем­дік үрдістердің беталысын байыптап, барлай отырып, ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайта­ла­майтын бірегей Қазақстан жолын салуға кіріскен кезі болатын. Сол жылы көктемнің алғашқы кү­нінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Араға бірнеше апта салып, өзінің тікелей бастамасымен шақырылған Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында та­р­ихи баяндамасын жасады. «Мен елімнің Президен­ті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын. Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үй­лерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қа­лай­­мын», – деген Нұрсұлтан Назарбаевтың сөз­де­рі сол кездегі ең өзекті, ең маңызды мәселе ретін­де әр­бір қазақстандықтың жүрегінің төрінен орын алды. Арада 20 жыл өтсе де Елбасының бұл сөздерінің өзектілігі артып, күн өткен сайын өмір­шең­дігі айқындала түсті. Содан бері сынаптай сырғып тарихи оқиға­лары­ның маңызы тұрғысынан дәуірлерге татитын 20 жыл уақыт өтті. Осы жылдар аралығында Қазақстан қоғамының ішкі ықпалдасуының, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтудың біртұтас мемлекеттік және қоғамдық жүйесі толығымен қалыптасты. Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттің этностық саясатын қоғамдық келісім саясаты деңгейіне көтерген бүкілхалықтық институтқа айналды. Этносаралық қатынастарды реттеудің толық заңнамалық базасы құрылды. Ассамблеяға конституциялық орган мәртебесі берілді. Ассамблея институты қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттің арасындағы басты сұхбат алаңына айналды. Қазіргі таңда, Ассамблея жылын лайықты атап өтудің аймақтық жоспары жасалып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының ірі әлеуметтік акциялары мен жобалары жүзеге асырылмақ. Яғни, өткен ақпан-сәуір айларында «ҚХА – 20 ізгі іс» атты республикалық акция өткізілді. Акцияның нышаны – қасиетті Түркістан қаласынан жеткізілген, халықтың бірлігі мен берекесін бейнелейтін «Тайқазан» болды. Ассамблея жылының қорытындысы желтоқсан айында Қазақ-стан халқының форумында шығарылатын болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

Апат құрбандарын еске алды

Четверг, 30 Апрель 2015 05:14

Биыл Чернобыль атом электр станциясында орын алған әлемдегі ең ірі ядролық техногендік апатқа 29 жыл толып отыр. Бұл атом энергиясын пайдалану тарихында орны толмас қасіретке соқтырып, мыңдаған адамның өмірін қиған ең ірі апат болатын. 26 сәуір күні қала жұртшылығы Чернобыль құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, апат салдарынан зардап шеккендерді еске алу шарасын өткізді.

chernob– 1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль атом-электр стансасында болған апаттың зардабын жоюға 600 мыңға жуық адам қатысыпты. Апат орнына аттанған химиялық қорғау полкі құрамында 32 мың қазақстандық болған екен. Араларында медицина қызметкерлері мен студенттер тобы да бар. Жыл өткен сайын Чернобыль апаты зардаптарын жоюға қатысқан қазақ-стандықтар саны кеміп барады. Мәселен, Оңтүстік өңірінен 900-ден астам адам аттанған болса, бүгінде соның 500-і ғана арамызда қалыпты. Сондықтан да, біздің мақсатымыз оларды құрметтеп, ерліктерін тағзым ету, – дейді Чернобыль Одағы Оңтүстік Қазақстан облысы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Әшірбайұлы.
Чернобыль апатынан құрбан болған азаматтарды еске алу шарасына апат зардабын жоюға белсене атсалысқан 70-ке таяу ардагер арнайы келді. Олар сол кездегі оқиға сәттерінен естеліктер айтып, жастар қауымын заманның тыныштығын қадірлей білуге шақырды.

Уаһһабшылдық – кертартпа ағым

Пятница, 24 Апрель 2015 06:37

DSC06088Иманға бет бұрып, құлшылыққа құмартқан қазақ халқының ізгі амалға деген құлшынысы артқан мына заманда кейбір ағым өкілдері көпшіліктің көңілін күпті етуде. Олай дейтініміз, ағымдардың жағымсыз сипаттары асыл дініміз – Исламның кең таралуына айтарлықтай кедергі келтіруде. Осы орайда, үй ішінен үй тігіп, жалпы халық арасында жағымсыз пікір қалыптастырып жүрген ағымдардың бірі – уаһһабшылар саналады. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда елімізде өзін осы қатарға жатқызатын қандастарымыздың саны аз емес. Алайда, қалың бұқара аталмыш ағымның атауын естігені болмаса, оның мәнін, мағынасын, мақсатын біле бермейді. Ендеше, уаһһаби немесе сәләфи дегеніміз не, олар кімдер? Осы сауалдардың жауабын білу мақсатында біз Қаратау аудандық орталық «Байғұт баба» мешітінің бас имамы Берік Қалдаровты әңгімеге тарттық.

– Берік Жақыпбекұлы, елдегі бүгінгі діни ахуалды қалай бағамдайсыз? Кертартпа діни ағымдардың бағыт-бағдары жөнінде сипаттап өтсеңіз...

– Тәуелсіздік алуымызбен қатар, 1992 жылы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданған соң, елімізге жан-жақтан көптеген діни секталар ағылып келе бастады. Оның көбісі діни ұстанымы ұлт мүддесімен мүлде ұйыспайтын жат ағымдар еді. Діни ахуалдың күрделене түсуі, әрине, бұл – біздің қоғамымыздың дерті. Бұл дерттен арылу үшін ең алдымен әрбір отбасы балаға діни тұрғыдағы тәрбиені дұрыс беруі керек. Себебі, мектеп және өзге де қоғамдық құрылымдар баланың руханиятына көп көңіл бөлмейді. Ал, балалардың табиғатында 14-15 жастан бастап сенімділікке деген қажеттілік туындайды. Мектепте немесе отбасында өзінің осы сұранысын қанағаттандыра алмаса, көше кезіп үн-парақшалары мен кітаптарын таратып жүрген миссионерлердің айтқанына еріп кетуі ғажап емес. Алла Тағала Құран-Кәрімде: «Бір қауым өздерін өзгертпейінше, Мен оларды өзгертпеймін», – дейді. Яғни, біз қазіргі діни шиеленісті жағдайдан жол тауып шығу үшін, біріншіден, өзімізді-өзіміз өзгертуіміз керек.

– Қазақтың ұлттық мәдениеті мен мұсылмандық мәдениет бір-бірімен қаншалықты үйлеседі?

– Қазақ халқы қанша ғасырдан бері ислам дінін ұстанып келеді. Біз ата-бабамыз ұстанған Ислам дінін дәріптей беруіміз керек. Өйткені, ата-бабаларымыз мұсылмандық қағидаларды өзінің салт-дәстүріне кіріктіріп жіберген. Осыдан біз бұрын мұсылманшылдықты ұлттық мүддеден бөліп қарастырмайтынбыз. Ал, қазіргі жағдайға келетін болсақ, кейбір мұсылманшылдықты қатаң ұстағысы келген топтар ұлттық мәдениетке қарсы шығып отырғаны белгілі. Бұл, меніңше, дұрыс емес. Себебі, ұлттық үрдістерімізді исламға қайшы емес деп білемін.

– Уаһһабшылардың негізгі мақсат-мүддесі қандай? Олардың өзіндік ұстаным-бағыты қаншалықты деңгейде жүзеге асып отыр?

– Тарихқа зер салар болсақ, дәстүрлі Ислам шеңберінен шығып кетуші ағымдар аз болмаған. Олардың кейбірі уақыт өте келе жойылып кеткенімен, бірқатар идеялары мен принциптері қалып қойды. Бұл жайтты теріс пиғылды топтар өз мүддесіне жаратпай қоймады. Осы арқылы дәстүрлі Ислам дініне, сондай-ақ, қоғамның ұлттық ауызбіршілігіне кері әсерін тигізіп, халқымыздың салт-санасына қараспай, қалың жұртшылық арасында бүлік туғызып жатқанына ел куә. Біршама уақыт Ислам дініне жеткілікті көңіл бөле алмаған болсақ та, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін алғаннан соң, қазіргі таңда қазақ қоғамы діни ұйымдардың оңды-солдысына баға бере алатындай жағдайға жетті.
Жалпы, араб тілінен аударғанда «сәләф» сөзі тілдік мағынада «бұрынғылар, өткендер» ұғымын береді. Және бұл сөз Құран Кәрімнің бірнеше жерінде де кездеседі. Ислам әлемінде сәләфи-солихин атауы Мұхаммедтің (с.ғ.с.) заманынан бастап алғашқы үш ғасырда өмір сүрген мұсылмандар толқынына берілген. Олар Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сахабалары болған. Бұрынғы сәләфилер шынайы Ислам жолын ұстанушылар болса, қазіргілердің бағыты шын мәнінде олай емес. Қазіргі таңда әлемде сәләфия мен уаһһабизм сөзі қатар жүретінін білгеніміз жөн. Себебі, ағымды «белсенділікке» жетелеген Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың атына балау әлем мұсылмандары арасында орын алған.
Уаһһаби сөзі – осы ағымның негізін қалаушы Мухаммед ибн Абдулуаһһабтың көзі тірісінде оның соңынан ерушілерге берілген атаудан шыққан.

– Кертартпа діни ағымдардан зардап шеккен жандарды қалай сауықтырамыз?

– Осы орайда айта кеткім келеді, қазіргі таңда Қаратау ауданына қарасты аумақта барлығы 40 мешіт бар. Бұлардың ішінде 5 мешіт жанынан ашылған сауат ашу курстары қай кезде де келуші жамағат үшін қызметін көрсетуге әзір. Асыл дінімізге жаңа бет бұрған жастарды тәрбиелеп, тура жолды нұсқау үшін бізде қажетті базалық мүмкіндігіміз жеткілікті. Сонымен қатар, дін қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіру мақсатында Шымкент қалалық сондай-ақ, Алматы қаласындағы республикалық діни медреселерге оқуға тұрақты түрде жіберіп отырамыз. Бекітілген кестеге сәйкес, жергілікті жамағатпен тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырып, қоғамның түйткілді мәселелеріне зер салып, қажет болса, азаматтарға тиісті деңгейде рухани жәрдем көрсетудеміз. Нақ осы мерзімде қала тұрғындарын «Өткенге құрмет – елге құрмет» атауымен тазалық іс-шарасына жұмылдырудамыз. Яғни, өз тарапымыздан мазараттар мен мешіт айналасын таза ұстауға үндеп келеміз. Қала тұрғындарын діни сауаттылыққа тәрбиелеу – біздің айқын да негізгі межеміз болып қала бермек

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

Тегiн WI-FI!..

Пятница, 10 Апрель 2015 04:53

Шымкент қаласының саябақтарында тегін ғаламтор қызметі іске қосылды. Қала тұрғындары «Абай», «Орталық», «Тәуелсіздік», «Жеңіс», «Жастар» саябақтарында, сонымен қатар, «Нұрсәт» шағынауданындағы аллеяда WI-FI ғаламтор қызметін желтоқсан айына дейін тегін пайдалана алады. 

11096726 981456778572536 8719905726004830551 n– Бұл мақсатта қала бюджетінен 3 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр, – дейді «Шымкент жастары» МКК директоры Абзалбек Үбелтаев. - Тегін ғаламтор таңғы сағат 9-дан кешкі 23.00-ге дейін жұмыс істейді. Ғаламтор қызметінің жылдамдығы 8 МБ-ты құрайды. Бұл әлеуметтік желілерді пайдалануға, сайттарды қарауға, ән тыңдауға, видео көріп, тіпті оны жүктеп алуға жеткілікті.
Шымкент саябақтарында ғаламтор алғаш рет өткен жылы қалалық әкімдіктің бастамасымен пайда болған еді. Есепті мерзімде аталмыш ғаламтор қызметіне 3 мыңға жуық қала тұрғыны жүгініпті.
Ғаламтор қызметін пайдаланушылар үшін желі лимиті шексіз.

Жаңбыр жауғанда жұрт әбiржiмесiн...

Пятница, 03 Апрель 2015 06:36

«Сәуір болмай, тәуір болмайды» дегенмен, биылғы көктемде жауын-шашынның мол болатынын синоптиктер де мәлімдеп отыр. Ирригациялық жүйелерге деген мұқтаждық өз шешімін қалай табады? Осы сауалдардың жауабын іздеп, біз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандарын әңгімеге тарттық.

IMG 2674– Қала көшелерін ирригациялық жүйемен қамтамасыз ету бағытында іс-шаралар жоспары кезең-кезеңімен жүзеге асуда, – дейді аталмыш бөлімнің көріктендіру секторының меңгерушісі Бақдәулет Малимов. – Мәселен, тек өткен жылы қала аумағында ирригация жүйелерінің жұмыс істеу қабілетін қалпына келтіру мақсатында қала бюджетінен 27 миллион теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде, 16, 4 және «Забадам» шағынаудандарында ирригациялық жүйелерді құру жұмыстары жүргізілді. Жұмысты «Алмас» ЖШС-і мекемесі атқарып шықты. Сонымен қатар, өзен-каналдар мен ирригациялық жүйелерді тазалауға 45 миллион теңге қаржы қаралып, «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-гі тарапынан жұмыстар тиісті деңгейінде атқарылды.
Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес, бүгінде жаңадан қосылған елді мекендердің есебінен, бірқатар аумақтарда ирригациялық арықтарды жөндеу, қосымша көпір салу арқылы су айдау жұмыстарын жүргізу қажеттігі анықталып отыр. Атап айтқанда, «Тараз» шағынауданындағы Ерімбетов және
Сухе батор көшелеріне жиналған суды Нұрсәт шағынауданымен жүргізе отырып, дендросаябақ маңындағы терең сайға айдау, «Забадам» елді мекеніндегі қырат бойымен орналасқан үйлердің алдына арық салу, «Кіші Самал» шағынауданындағы суды айдау жұмыстары ағымдағы жылда атқарылмақ. Яғни, ирригациялық жүйелерді жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстары бойынша 32 мекен-жайға жобалық сметалық құжаттар дайындалған.
– Қалалық мәслихаттың шешіміне сәйкес, биыл бұл жұмыстар үшін 175 миллион теңге көлемінде қаржы қаралып отыр. Жоспарлы жұмыстарды жүзеге асырудың нәтижесінде, жалпы ұзындығы 10 009 метрді құрайтын ирригациялық
жүйелер қалпына келтірілмек. Бүгінгі таңда мердігерлерді анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсына құжаттар дайындалуда. Тиісті келісім-шарттар түзілгесін, аталмыш жұмыстарды атқаратын мекемелер анықталатын болады, – дейді Бақдәулет Алиакбарұлы.
Жоспарлы жұмыстарға кедергісін келтіріп тұрған шаруаның бірі – қаланың бірқатар көшелерінде арық арнасы мен көшенің биіктігі сәйкес келмеуде. Оның мәселесін мамандар шұғыл топтардың су сорғыларын іске қосу арқылы шешіп жатқанын жеткізді. Десе де, қала тазалығына қатысты мамандар жұртшылықты бірлесе жұмыс істеуге шақырып отыр. Салғырттықтың салдарынан, арық-атыздар қоқысқа толып, қолдан жасалған өткел, көпірлердің пайда болып жатқаны өзіміздің ішкі мәдениетіміз бен тәрбиемізге сын екенін ойланғанымыз жөн.

Страница 33 из 37