Бағымызды асыратын балуандарымыз бар

Пятница, 24 Апрель 2015 06:26 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 5568 раз

Мұратбек ҚЫПШАҚБАЕВ, Шымкент қалалық №10 күрес мектебінің директоры

 

11167675 642427692553834 6240718543336466711 n

2004 жыл. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы...Дзюдодан Азия біріншілігінде бес қазақ финалда күресті. Жеңіл салмақтың жүгін көтерген Базарбек Доңбай, Мұратбек Қыпшақбаев өз үйіндегі татамиде жеңілуді ар санап, чемпион атанды. Болашақ Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Асхат Житкеев те кәріс балуанының қабырғасын сөгіп еді-ау. Үш алтын еншілеп, жалпы есепте үшінші сатыға жайғасқанбыз. Кәрістер көш бастаған, жапондар екінші сатыға орныққан.
Осы бәсекеде Мұратбек Қыпшақбаев қытай, кәріс, моңғол балуандарының жауырынын жерге тигізіп, әбден күшіне мінген. Олимпиада жолдамасы қолда. Афины ойындары алдындағы дайындығының зор екенін осылай байқатып еді. Әттеген-айы, Грекия жерінде болгариялық Георгиев біздің ұланды жүлдеден айырды.
Мұның бәрі тарих, естен кетпес оқиғалар. Сол 2004 жылдары есімін тарихқа жазып қалдырған Мұратбек Сұлтанбекұлы бүгінде мемлекеттік қызметте. Шымкент қалалық №10 күрес мектебінің директоры. Енді шәкірт үшін шырылдайды.
«Кінәні біреуден көрмеймін. Өкпем өзіме. Азия чемпионатына тыңғылықты дайындалып, жеңімпаз болғаннан кейін, сенімділік нығайды. Сол кездегі бабыммен Олимпиадада жүлдеге жете аламын деп ойлаппын. Мұным қателік болды. Жаттығуды күшейтуім керек екен. Жастығымның кесірі ғой» дейді білікті маман сол кездерді еске алып.     


Астанада өтетін әлем чемпионатынан күтері мол. Өзі басқаратын мектебінің бүгінгі тыныс-тіршілігі, қазақ дзюдосы жайында көңілге қонар пікірлерін айтты. Әңгімеміз күрес мектебінің қазіргі жетістіктері жайында өрбіді.
– Мектеп 2011 жылы 10 тамызда ашылған. Атауы айтып тұрғандай, күрестің бес түрін  дамытуға күш салып жатырмыз. Дзюдодан бөлек, еркін күрес, грек-рим, қазақ күресі және самбо күресінен дарындарды тәрбиелеп шығаруымыз керек. Бапкерлерді мектеп ашылған кезде іріктеп алып, жұмысты нөлден бастадық. Жеңістеріміз де баршылық. Өткен жылы самбошы Гаухар Тұрмаханова жапон жерінде әлем чемпионы атанды. Грек-рим күресінен Мұхамедәлі Мамырбек деген шәкіртім де жасөспірімдер арасында әлем чемпионатына қатысты. Тәжірибесінің аздығынан ғой, уысында тұрған жүлдеден айырылып, бармақ тістегені. Қола жүлде үшін белдесуде 9:2 болып ұтып тұрған. Бітуге отыз секунд қалғанда 12:9 есемібен жеңілді. Қандай өкінішті жағдай. Мен оны естіп, бір аптаға жуық ұйықтай алмай жүрдім. Ол балуан біздің алғашқы түлегіміз ғой. Үш жарым жыл ішінде әлем чемпионатына қатысып, үшінші орын үшін ұтылу деген жетістік, әрине. Содан үміт күтеміз. Оның туған інісі де біздің мектептің шәкірті.
Дзюдошы, өзімнің жеке шәкіртім Ғабит Есімбетов деген балуан мектептің атын асқақтатып жүр осы күні. Түрлі халықаралық турнирлердің жеңімпазы.
Бапкерлер де жеткілікті. Ел білетін Базарбек Доңбай сынды бапкерлеріміз бар. Жеңіс Бекбасаров деген бапкеріміз күрестің әліппесін жақсы үйретеді. Ата-аналар көбіне соған береді балаларын. Құрал Орынбасар балғындарды самбо, дзюдоға бірдей баптайды.
Оларға ең алдымен жағдай жасау керек. Құдайға шүкір, спорт залымыз өте керемет. Грек-рим, еркін күрес, қазақ күресі, самбошылар үшін төрт бірдей кілем жатыр. Төрт комплект татами бар. Көп жерде мұндай зал жоқ. Бұл біздің артықшылығымыз. Қазақстан құрамасының бас бапкерлерін үнемі шақырамын. Біздің залда жаттығыңдар деп. Әрі біздің балуандар да тәжірибе жинайды. Құрама командамен дайындалған пайдасы зор ғой. Кезінде қала басшылары жағдайды түсініп, кілемдерді алып берді. Барлық жағдайды жасап берген соларға рахмет айтамын әуелі.. Кеше қала әкімдігінің ашық кубогын де дүркіретіп өткіздік.
Осы қыркүйек айында мектебіміздің ашылғанына толық төрт жыл толады. Әлі бір Олимпиадалық цикл өткен жоқ. Күрес қазақтың оң жамбасына келетін спорт десек, жеңістеріміз әлі алда.

«Олимпиадаға жолдама алар шәкiрттерiмiз бар»

– Рио ойындарының басталуына да бір жыл қалды. Оңтүстік балуандарының додаға дайындығы қалай? Кімдер жолдамаға жақын тұр?

– Қазір дзюдо күресінің жолдамалары рейтингтік ұпайларға байланысты беріледі. Әрбір балуан төрт жыл күресіп, өз мықтылығын дәлелдеу керек. Әлем және Азия чемпионаттарында, халықаралық турнирлерде. Бұрын 32 еді, қазір 24 спортшының қатарына кіруді көздейсің. Неғұрлым ұпайың көп болса, соғұрлым жақсы. Олимпиада ойындары жақын қалғанда әлемдік дзюдо федерациясы рейтингтік ұпайларды жариялайды. Біздің де дайындығымыз көңілдегідей. Оңтүстік білекті балуандардан кенде емес. Жолдамадан үмітті 2-3 ер, 2-3 қызымыз бар. Оңтүстік өңірі Ғабит Есімбетов, Самат Есен деген жігіттерімен, Альбина Амангелдиева, Александра Подрядова сынды аруларымен мақтанады.
Ғабит Есімбетов мамыр айында Әзірбайжан астанасы Баку қаласында өтетін Гранд-Слэм турниріне дайындалып жүр. Бас бапкер соған қоспақ ниетте. Қазір Алматыда оқу-жаттығу жиынында. Ғабит биыл ғана 66 келіге ауысты. Бұрын 60 келіде күресетін. Ақпан айында Германияның Дюссельдорф қаласындағы турнирге қатысып келді. Екі қарсыласын жеңіп, үшіншісінен ұтылды. Өзіміз талдау жасап, әлі физикалық күші кемшін екенін байқадық. Ал Самат Есен жарыстарға енді аттанады. Ересектер сапына биыл ауысты өзі. Жастар арасында әлем біріншілігінің күміс жүлдегері болу да оңай іс емес. Азияның бірнеше дүркін чемпионы. Енді ересектер арасында да өзін дәлелдеуі тиіс.

– Қазақ елінің намысын қорғауға Моңғолиядан балуан келіпті. Оның әлеуеті қалай?

– Отгонцецэг Галбадрах – әлемдік рейтингте 8-9 орында тұрған балуан. Бірқатар Гран-При жарыстарын ұтқан. Ташкентте, Чехияда өткен Гран-При жарыстарын. Ол қыздың қазір құжат мәселесі аяқталуға жақын қалды. 48 келіде нақты күреседі деген балуанның бірі сол. Болашақта Оңтүстіктің намысын қорғайды. Басқарма басшысы Әлібек Нұртаев осы мәселе бойынша Федерациямен толық жұмыс істеп жатыр. Бәрі ойдағыдай болса, Олимпиада және әлем біріншілігінде жүлде салатын балуанның бірі ол. Шыны керек, біздің өңірде қыздардың нәтижесі сәл төмендеу. Міне, осындай тәжірибелі спортшылар оларды ынталандырады. Солармен күресіп шеберлігі шыңдала түседі. Бұл салмақта Александра Подрядова деген қызымыз бар. Ол екеуі жарыста күреспеген екен. Оқу-жаттығу жиындарындағы белдесуін көрдім. Моңғол қызының басымдылығы көрініп тұр. Физикалық жағынан басымдау.

– Александра Подрядова Олимпиадаға қатысқан, тәжірибелі қыз ғой. Ол бабында ма?

– Иә, оны тізімнен сызып тастауға болмайды. Бірқатар Гран-Приді ұтқан тәжірибелі спортшы. Жастар арасында әлем біріншілігінде қола жүлде алды. Соңғы Қазақстан чемпионатын да ұтты. Қазір оның салмағын ауыстырсақ па деген ой бар. Қайта-қайта салмақ қуып, шаршап жүргендей. Оны болашақта 52 келіде көріп қаларсыздар. Сәл физикалық жағына мән беру керек оның.
Мінеки, әлеуетті спортшыларымыз осылар. Самат Есен, Ғабит Есімбетов, Подрядова, Галбадрах жаттығуды күшейткен. Бәрі өздерінің қолдарында. Ерінбей жаттығып, жұмыс істесе бәрі де әлем чемпионатына, Олимпиадаға барады. Сәтін салса. Қазір бесінші нөмірлі балуандарға дейін мүмкіндік беріліп жатыр. Соны ұмытпайық. 

«Астанада бiр қазақтың баласы әлем чемпионы болса...»

– Биыл қазақ топырағында әлем чемпионаты өтеді. Тарихта тұңғыш рет. Мұнда неге мән беруіміз керек?

– Әлем чемпионаты үлкен мүмкіндік. Жалпы Орта Азияда бірінші рет өтпек. Бұл біздің дзюдо спорты үшін үлкен мәртебе. Дзюдо күресін одан әрі дамытуға мүмкіндік тумақ. Қазақстан дзюдо федерациясына рахмет айту керек. Сондай алпауыт елдердің арасынан байқауда жеңіп шықты. Мұндай құқықты бекерден бекер бере салмайды. Дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышев, Тимур Құлыбаев сынды басшылар жұмыс атқарып отыр.
Біріншіден, бұл еліміз үшін тарих болса, екіншіден, спортшыларға үлкен күш. Өз үйіңде күресу үлкен жауапкершілік. Ерекше күш-қуат береді. Халықтың қолдауын сезінесің. Өзіміз де сол сезімді бастан кешірдік қой кезінде. Одан кейін, жақсы күрескен балуандардың ұпайлары көбейеді. Мүмкіндігі артады. Алғашқы жолдамалар да үлестіріледі.

– Қазақ жігіттері әлі күнге дейін әлем чемпионатын ұта алмай жүр. Осы олқылықтың орнын толтыруға зор мүмкіндік әрі...

– Міне, осыған барлық жағдай жасалынып жатыр. Елдос Сметов, Азамат Мұқанов, Дастан Ықыбаев деген дарынды жігіттер бар. Ислам Бозбаев та қатарға қосылды. Жарақатынан енді айығып, таяуда ғана Самсунде қола жүлде алды. Ықыбаев Тбилисиде күміс жүлде алды ғой. Негізі, алтын Дастандікі еді. Ол лақтырған, төрешілер қарсыласына беріп жіберді. Құдай қаласа, алу керек енді өз жерімізде.

– Өзіңіз 66 келіде белдестіңіз. Бүгінгі өз салмағыңыздағы ізбасарларыңызға көңіліңіз тола ма?

– Шынын айту керек, біздің уақыт пен қазіргі кездегі жағдайды салыстырып қарар болсақ, көп нәрсе өзгерген. Дзюдоның ережелері де өзгерді. «Біз күрескенде де осындай федерация болса ғой» деп айтып қоямыз кейде. Біздің уақытта әлемдік федерациямен қарым-қатынас қазіргідей емес еді. Қазір Гран-При турнирлері өтіп жатыр өзімізде. Дәрумендер де жеткілікті. Федерация бар жағдайды жасап қойды. Жағдай түзелді, саясаттың дұрыс болуының арқасында осындай жағдайға жетіп отырмыз. Мен белдескен салмақта Азамат Мұқанов әлемнің күміс жүлдегері атанды. Бұл – өте қуанарлық жағдай. Жақсы жұмыстар көп. Ізбасарларыма көңілім толады. Осындай нәтиже болғанда неге толмасқа? Азамат Олимпиадада алтын медаль алса, қуаныш еселене түсер еді. Қазір балуандардың деңгейі әлдеқайда өскен.. 60, 66, 73, 100 келі салмақтарда мықты спортшыларымызбен көпшілік санасады.

«Спортқа өкпем жоқ, өкпе өзiме»

– Спорттан кетуге не себеп болды? Осыны оқырмандарға айтып берсеңіз...

– Олимпиададан кейін 2005 жылы әлем біріншілігінде күресіп, жолым болған жоқ. Одан кейін жаттығуға деген ықыласым да азая бастады. Біреу сүйрелеп жүргендей күй кештім. Өз-өзімді қинамай кеткенім дұрыс деген шешім шығардым. Қырып-жойдым демеймін, шамам келгенше күрестік. Ешкімге ренішім жоқ. Одан кейін спорттан кетуімнің бірден бір себебі – салмақ қууым. Олимпиадаға 6 келі салмақ қуып белдестім.
Спортқа өкпем жоқ, өкпем өзіме. Дзюдо күресін 1996 жылдан бастап, тура он жыл ел намысын қорғадым. Күресті самбо, қазақ күресінен бастағанмын. Ең алғаш күрестің әліппесін үйреткен Жанпейіс Жабаевқа алғысым шексіз. Дзюдо күресінде Юрий Ким, Александр Баранов секілді ұстаздарыма да рахмет айтамын.
Өзімнің шықпаған биігіме шәкіртім Ғабит Есімбетов жетсе екен деген арманым бар. Өзімнің ұлым Олимпиада, әлем чемпионы болса екен деп те армандап қоямын (күліп). Үлкенім алты жасар, әлі жас. Олимпиада, әлем чемпионатында көк байрақты желібреткен қазақтың қайсыбір баласына үлесімді қоса алсам, сол арманымның орындалғаны деп білемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Тағабай ҚАСЫМ

Последнее изменение Пятница, 24 Апрель 2015 06:51
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « Батыл бол! Бiрiншi бол! Күш атасын танымас »