Табысты болам десең, құлпынай ек

Среда, 19 Февраль 2020 03:54

Көктем мезгілі де жақындап қалды. Осы кезде жер үйде тұратын азаматтар, әсіресе, қаланың іргесінде қоныс тепкендер қолдарына күрек, кетпендерін алып ауласындағы егістігінде дала жұмыстарына кірісетіні ақиқат. Көпшілігі көктемде қандай дақыл егетінін осы бастан ойластырып жүрген де болар. Осы ретте мамандар жыл сайынғы дәстүрлі көкөністермен қатар құлпынайдың «виктория» сұрпын егуге кеңес береді.

klubnika v teplice 11 17073245

Бизнес-жоспарға сәйкес бұл жобаны жүзеге асыруға 1,5 млн. теңге ақша жаратылады. Және оның пайдасын 8 айдан соң көруге болады. Жоба бойынша құлпынай егістігінің көлемі 800 шаршы метр деп қарастырылған. Онда тамшылатып суару жүйесі қолданылуы керек. Құлпынай жылыжай кешенінде өсіріледі. Әсіресе ішкі нарықта ауыл шаруашылығы өнімдеріне тапшылық туындаған маусымдық кезеңде құлпынай саудасынан әжептеуір пайда табуға болады.

Жалпы құлпынай күй талғамайтын, яғни кез келген жерде өсе беретін және климатқа онша тәуелді емес жидек. «Виктория» сұрыптысының биіктігі 30-35 сантиметрге жетеді. Жапырақтары үшқұлақты қалың болып келеді. 100 грамм құлпынайда 36,9 ккал калория бар. Сондықтан да ол диеталық тағам түріне кіреді. Құлпынай дәмді жидек қана емес, тамаша десерт әрі емдік тағам болып саналады. Оны жеген адамның асқа деген тәбеті ашылады. Ас қорыту жүйесі жақсарады. Құлпынай сонымен бірге тер шығаратын, несеп айдайтын қасиетке де ие. Сол үшін құлпынай өсіру ауыл шаруашылығындағы табысты кәсіптің біріне жатады.

Қазақстанда бұл жидектің «Елизавета ханшайым», «Зенга Зенгана», «Русановка», «Источник», «Эверест» және «Фестивальная» сұрыптары өсіріледі. Олардың ішінде «Виктория» да бар. Бұл сұрыптардың барлығының да түсімділігі жоғары. Және зиянкестерге төзімді боп келеді. Агрономдар құлпынайдан жақсы өнім алу алдымен сұрпына, содан соң күтіміне байланысты екенін айтады.
Құлпынай егілетін жылыжай берік болуы тиіс. Яғни онда температуралық режим жыл бойы бірқалыпты деңгейде сақталып тұруы керек. Сондықтан жылыжайға автоматты жылыту жүйесін орнатқан жөн. Ондағы температура 20-25 градустан аспауы қажет. Ауа ылғалдылығы да өсімдіктің вегетациялық кезеңіне байланысты өзгеріп отырады. Мәселен, тұқым еккенде 80-85, тамырынан енді өсіп шыққан кезде 75, гүлдегенде 70 пайызды құрауы тиіс.

Қыс мезгілінде өсірілген құлпынайға тәулігіне 14-17 сағат күн түсіп тұрса, өнімділігі жоғары болады. Өйткені күн сәулесі фотосинтез процесін қарқындатып, жидектің жылдам өсуі мен тез жетілуіне оң әсерін тигізеді. Егер ауа райы бұлыңғыр болса, қолдан жарықтандырып, өсімдікке түсетін жарық сәулені үзбеген жөн. Есеп бойынша 1 шаршы метрге 1 шам орнатылады және ол көшеттен 1 метр биікте орналасады.

Жылыжайда құлпынай тұрақты түрде суарылып отырады. Су шығынын үнемдеу үшін тамшылатып суару жүйесі қолданылады. Бұл әдістің тиімділігі сол, өсімдік уақытылы суарылады әрі тіршілік нәрі әрбір көшеттің тамырына дейін барады. Жылыжайда құлпынай жыл бойы өсіріледі. Дегенмен қаңтар, ақпан айларында жерді демалдырып, топырақты құнарландырып алған абзал.

Бүгінде ішкі нарықта жергілікті тауар өндірушілер тұтынушыларды отандық өніммен толық қамтамасыз ете алмай отырғаны шындық. Тек күзгі жиын-терім науқанында сәл де болса құлпынайға деген сұраныс азаюы мүмкін. Басқа кезде сауда нүктелерінде шетелдік өнімдер самсап тұрады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ауыл шаруашылығы саласының мамандары қосалқы шаруашылықты дамытып, адамдарды жаппай диқаншылықпен айналысуға шақырады.

Егер есігінің алдында 5-6 сотық жері бар қала тұрғындары әртүрлі дақылдар егіп, жақсы өнім алып жатса, бұл біріншіден, өзін және отбасын табиғи әрі экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз еткені, екіншіден, бәрі өзінен болып тұрған соң баға тұрақсыздығы, инфляция дейтіндер қалтасына, отбасылық бюджетіне оншалықты әсер ете қоймайды.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ

Шымкент қаласы Маятас елді мекенінің тұсында Бадам өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары қолға алынды. Жағалауға топырақ үйіліп, биік дамба салынып жатыр.

Бадам

Департамент мамандарының айтуынша, алда-жалда көктемде су тасқыны бола қалса, алдымен осы елді мекенге қауіп төнеді екен.
Қазір өзен суы қалыпты деңгейде. Дегенмен, Түркістан облысының Төлеби, Қазығұрт аудандарының таулы аймақтарында қар қалың. Биыл қар жылдық орташа нормадан 12 сантиметрге артық жауған. Қардың көбесі сөгілгенде Бадам өзеніне қызыл су келуі мүмкін. Сондықтан алдын ала сақтық шараларын қолға жөн.

Маятастықтар соңғы жылдары өзен жағалауы опырылып, тұрғын үйлерге жақындап келе жатқанына алаңдаулы. Қазір жергілікті әкімдіктің өкілдері жағалауға жақын орналасқан үйлердің құжаттарын тексеруде. Ал, төтенше жағдайға жауапты сала мамандары тасқын судың алдын алу шаралары бақылауда екендігін жеткізді.

— Көктемге қарай Бадам өзенінің маңындағы елді мекендер мен салынып жатқан құрылыс нысандарын су басуы мүмкін екенін айтқым келеді. Өзен суы қазірдің өзінде жағаға жақын қалған. Сол себепті Бадам өзенінің арнасын бұру және жағалауды бекіту жұмыстары қолға алынуда. Бұл қауіпсіздік үшін қажет, –деді қалалық ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы Арман Алпысбаев.
Айта кетейік, Шымкент қаласының аумағынан екі бірдей тау өзені Бадам мен Сайрам су ағып өтеді.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында қала әкімі Мұрат Әйтенов 2019 жылы атқарылған жұмыстар бойынша тұрғындарға есеп берді. Есепті кездесуде М.Әйтенов қаланың экономикалық және әлеуметтік дамуына тоқталып, алдағы жылы іске асырылатын жұмыс жоспары туралы баяндады.

 DSC8923

— Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанды. Биыл Шымкенттің 2200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында аталып өтеді.
Президент өз Жолдауында әкімдерге халықты мазалайтын проблемаларды жедел шешуді тапсырды. Осы мақсатта – бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша көп жұмыс істеу қажет. Инфрақұрылым, баспана, білім және медицина, қауіпсіздік саласы да назардан тыс қалмайды, – дейді қала әкімі.

М.Әйтенов 2019 жылы ауқымды жұмыс атқарылып, мақсатты индикаторларға қол жеткізілгенін айтты. Атап айтқанда өнеркәсіп өнімі 2018 жылмен салыстырғанда 15 пайызға өскен. Ауыл шаруашылық өнімі 6,3 пайызға, жаңа тұрғын үйлер 19,2 пайызға, ал, бөлшек сауда 7,1 пайызға көбейген.
Әкімнің айтуынша, экономикаға қуат беретін басты сала – өнеркәсіп.

—Республика бойынша индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы іске асырылуда. Шымкентте бағдарлама аясында 3 жылда 24 кәсіпорын ашылды. 1300 тұрақты жұмыс орны пайда болды. Қазір қалада 2 индустриялды аймақ бар. Бірақ, онда бос жер жоқ. Электр қуаты жетпейді. Газ қысымы төмен. Бұл проблемалар өндірісті дамытуға кедергі келтіреді. Осы мақсатта алдағы 3 жылда жаңадан 2 индустриалды аймақ ашылады, – деді ол.

– Биыл субсидия көлемін 4 млрд. теңгеге дейін көбейттік. Алдағы 3 жылда 7 сүт фермасы ашылады, 36 мың ірі қара бордақыланады. Үлкен 3 құс фермасы іске қосылады. 1600 гектар қарқынды бау егіледі. 92 гектар өндірістік жылыжай салынады. Бұдан бөлек, агроиндустриалды аймақ жобасы іске асырылады. Бұл өнім көлемін 40 млрд. теңгеге жеткізуге мүмкіндік береді, – деді әкім.
Есепті жиында шаһар басшысы шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жоспарымен бөлісті. Яғни, алдағы үш жылда бизнестің жол картасы және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 300 жобаға қолдау көрсетілмек. Ондағы жобалардың құны - 3,3 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде салада жұмыс істейтіндер саны 148 мыңнан 175 мың адамға дейін көбейеді. Жалпы өнімдегі үлесі 27 пайыздан 33 пайызға жеткізілмек.

Қалада инженерлік инфрақұрылым – өзекті мәселе. Қала әкімі оның бірнеше себебі бар екенін айтты. Халық саны жедел өсуде. Жаңадан 41 елді мекен қалаға қосылды. Магистралды жүйелер жоқ. Қаржы да тапшы екен.
Әкім осының бәріне қарамай инфрақұрылым барынша дамытылатынын айтты. Атап айтқанда, Жолдардың өткізу қабілетін көтеру үшін 13 магистралды жол қайта құрылады. 2 үлкен жолайырық пен 5 көпір салынады. Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 айналма жолы, №1 автожол, Адырбеков көшесін қайта құру, Әл-Фараби көшесінің жалғасын салу жоспарлануда.

Сауалына – жауабы

 DSC8866

Кездесуде тұрғындар өздерін мазалаған мәселелер бойынша сауалдарын қойды. Мұрат Дүйсенбекұлы тұрғындардың сауалдарына толық әрі жан-жақты жауап берді. Мәселен, Жаңаталап тұрғын алабының тұрғыны Әбдіғани Әміров өз елді мекенінде ауыз су мәселесінің қашан шешілетінін сұрады.

— Қазір қаланың солтүстік шағын аудандарында ауыз су құбырының қуаты жетіспейді. Проблеманы шешу үшін 3 магистралды құбыр салу қажет. Қаладағы 81 елді мекеннің 63-і ауыз сумен толық қамтылған. 10-ы жартылай қамтылса, 8 елді мекен тіршілік нәрін тасып ішеді. Қамтылу деңгейі 94,7 пайызды құрап отыр. Биыл қалалық бюджеттен осы мақсатқа 441 млн. теңге қаралды. Бұл қаржыға 8 елді мекенді сумен қамтитын 2 магистралды құбыр құрылысы басталады. Қазір мердігер анықталуда. Сонымен қатар шеткі 5 елді мекенді сумен қамтитын магистралды құбыр салынуда.
Нәтижесінде суды тасып ішетін 8 елді мекеннің мәселесі толық шешіледі. Соның ішінде Сіз өмір сүретін Жаңаталап тұрғын алабы да бар. Жалпы, алдағы 3 жыл ішінде жартылай қамтылған 10 елді мекеннің проблемасы да шешімін табады. Қалаға жетіспейтін 90 шақырым магистралды су құбыры да тартылады, – деді М. Әйтенов.

Ал, Қаратау ауданы Таскен елді мекенінің тұрғыны Гүлжамал Исаева электр жарығының сапасы нашар екенін айтты.

—Таскен елді мекенінің «Жаңа құрылыс» деп аталатын бөлігінде электр қуаты сапасыз әрі тұрақсыз. Бұл елді мекеннің атауы «Жаңа құрылыс» болғанымен оның салынғанына да 15 жылдан асып барады. Біздегі 10 трансформатордың 5-еуі жеке меншік. Бағаналар да талапқа сай емес. Көпшілігі шіріп жатыр. Ауа райы құбылса болғаны үйімізде жарық сөніп қалады. Бұл мәселені жыл сайын айтып келе жатырмыз. Мәселеміз қашан шешіледі?, – деді ол.

Бұл сұраққа байланысты қала әкімі соңғы 3 жылда 10 елді мекенге электр желісі тартылып, 2 қосалқы станция салынғанын айтты. Оған бюджеттен 9,7 млрд. теңге жұмсалған.

— Қазір қаланың солүстік бөлігінде электр энергиясының сапасы төмен. Проблеманы шешу үшін Бозарық қосалқы станциясы салынуда. Оның қуаты сағатына 220 МВт құрайды. Шілде айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Ақжар» және «1-М-1» қосалқы станциялары да салынуда. Қуаты – 110 кВ. Құрылысы келесі жылы аяқталады. Осы қосалқы стацияларды іске қосу арқылы 35 елді мекеннің мәселесі оң шешіледі. Ал, Таскен елді мекенінің «Жаңа құрылыс» бөлігіне сапалы электр қуаты биыл жеткізіледі, – деді М.Әйтенов.

Кездесуден кейінгі кездесу

Есепті кездесуден кейін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қала әкімінің қабылдауына жазылған екі жүзден астам тұрғынның ешқайсысы назардан тыс қалған жоқ. Бұл күні өтініш білдіруші азаматтардың барлығы Мұрат Әйтеновпен, сондай-ақ, қала әкімінің орынбасарлары және аудан әкімдерімен тікелей тілдесу мүмкіндігіне ие болды.

 DSC8756

Тұрғындардың басым бөлігі жұмысқа орналасу, баспана мен атаулы әлеуметтік көмек тағайындау секілді мәселелерді қозғады. Сонымен қатар, аулаларды абаттандыру, қоғамдық көлік, көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу секілді тақырыптар да қозғалды. Қала әкімі әрбір өтініш берушінің мәселесін мұқият қадағалайтынын айтты. Сөйтіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Сол күні қабылдауға кіре алмаған тұрғындарды қала әкімі ертесіне «Көрме» орталығында тағы да қабылдады. Осылайша, қаланың жақында тағайындалған жаңа әкімі тұрғындармен тығыз байланыс орнатуға, халыққа жақындай түсуге бейіл екенін көрсетті. Мұның өзі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғаммен сындарлы диалог орнату бағытындағы саясаты Шымкент қаласында ойдағыдай жүзеге асып жатқанын аңғартады.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Birgemiz» атты республикалық Волонтерлер фронт-офисінің ашылу рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы волонтерлік жобаларды үйлестіретін әрі қоғамдық мониторинг жасайтын және волонтерлікті бүкіл еліміз бойынша оқытып, насихаттайтын фронт-офистің жұмысымен танысты. Сондай-ақ Мемлекет басшысына «Qazvolunteеr.kz» онлайн-платформасы көрсетілді.

4a3f45025cc9ee496c488f4666333149

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Волонтер жылында көптеген ауқымды жобалар қолға алынатынын атап өтті.

– Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – көне заманнан келе жатқан дәстүр. Бұл дәстүрді міндетті түрде сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын АСАР дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қиын-қыстау уақытта Қазақстанға жер аударылып келген көптеген ұлт өкілдерін қазақ халқы бауырына басып, бір үзім нанымен бөліскенін атап өтті.

– Волонтерлік нақты істермен көрінетін патриотизмнің жоғары деңгейін білдіреді. Отанға деген махаббат үлкен ұрандар мен бос декларациялар емес, бұл – күнделікті еңбек, соның ішінде халықтың игілігі үшін шынайы атқарылатын қайырымды істер. Бұл – күнделікті еңбек, бұл – адамның болмысы, бұл – терең білім, жоғары мінез-құлық мәдениеті. Өзгенің дүние-мүлкіне қол сұғатын, тонаушылықпен айналысатын, жалған патриоттық ұрандарды тарататын адамдар патриот емес екенін түсінуіміз керек. Мұндай адамдар заң бұзған болып саналады, яғни, олар – қылмыскерлер, қылмыстық элементтер. Сондықтан олар қоғам мен мемлекет алдында заңға сәйкес жауап беруі тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, патриотизм, қоғамға қызмет ету және игілікті іс – адамның тұлғалық және рухани дамуының жоғары деңгейінің жарқын көрінісі.

– Волонтерлік қызмет реформаларды жүзеге асыруда, жалпы мемлекетімізді жаңғыртуда маңызды рөл атқарады. Яғни, волонтерлер өздерінің іс-әрекетімен аса маңызды реформаларды жүзеге асыруға нақты үлес қосады. Еңбекқорлық, әлемге ашықтық арқылы біз озық технологияға және жоғары еңбек өнімділігіне негізделген жаңа экономика құра аламыз. Волонтерлік идеясын белсенді ілгерілету отандастарымыздың ой-санасының жаңа парадигмасын жаңғыртуға ықпал ететін болады, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлер алдында сөйлеген сөзінде белсенді ұйымдарды атап өтті. Атап айтқанда, ол қиын тұрмыстық жағдайға тап болған адамдарға көмек қолын созуға дайын мыңдаған белсенділері бар ұлттық еріктілер желісінің, «Lider.kz», «Best for kids», елордалық «28 петель» клубы мен «Қамқоршылар клубының» жұмысына жоғары баға берді.

– Қазақстанда волонтерліктің бірте-бірте жалпыұлттық сипатқа ие болып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл үдеріс Волонтер жылында атқарылатын іс-шаралардың арқасында азаматтарымызды одан әрі біріктіре түсетініне сенімдімін. Игі істер біздің мәдени бірегейлігіміздің ажырамас бөлігіне айналды. Елімізде 200-ден астам волонтерлік ұйым бар. Онда 50 мыңнан астам еріктілер жұмыс істейді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарын жаһандық және аймақтық мәселелерді шешетін халықаралық волонтерлік бастамаларға белсенді түрде тартуды ұсынды.

ffff3c1d161a0505bff3197932fafbb3

– Қазақстан 116 елдің 20 миллионнан астам еріктілерін біріктіретін Дүниежүзілік экологиялық «World Clean up day» науқанына қосылуға дайын. Отандастарымыздың БҰҰ, ЮНИСЕФ, AIESEC ұйымдарының еріктілік бағдарламаларына және басқа да халықаралық бастамаларға атсалысуы әртүрлі мемлекеттердің тәжірибесімен танысуға және елімізге үздік волонтерлік тәжірибені тартуға мүмкіндік береді, – деді Президент.

Президенттің пікірінше, мемлекет волонтерліктің инфрақұрылымын қалыптастыруға қолдау көрсетуі тиіс. Оның ішінде, аймақтық фронт-офистер барлық еріктілерге өз идеяларын немесе нақты волонтерлік жобаларын іске асыруға көмектесуі қажет.

– Волонтер жылы – кезекті науқан емес. Осыны халыққа түсіндіруіміз керек. Еріктілік – ел үшін, қоғам үшін адал қызмет. Волонтерлік халқымыздың өмір салтына айналуы керек. Оны тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және болашақ сипаты ретінде дәріптеуіміз қажет. Еріктілердің бойындағы қайрат-жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Еліміздегі әр ауыл-аймақ осы маңызды жұмыстан тыс қалмайды деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Іс-шара соңында Қазақстан Президентіне «Birgemiz: Asyl mura», «Birgemiz: Bilim», «Birgemiz: Saýlyq», «Birgemiz: Sabaqtastyq», «Birgemiz: Taza Álem», «Birgemiz: Úmit» секілді жобалар таныстырылды.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында қаланы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

А 3

Жиында Шымкентті дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру, әлеуметтік-экономикалық жағдай, инфрақұрылымдық құрылыс, электрмен және газбен жабдықтау, сондай-ақ, қаланың 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесін алуы аясында өткізілетін іс-шараларға дайындық мәселелері сөз болды.

Бұл жөнінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов және энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов баяндады.

– Биыл Шымкент ТМД-ның мәдени астанасы атанып отыр. Осы жылдың ресми ашылуына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қатысады деп жоспарланған, – деді А. Мамин.
Үкімет басшысы әлеуметтік-экономикалық және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін уақытылы шешудің, сондай-ақ ТМД-ның мәдени астанасы жылы аясында жоспарланған барлық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар тиісті мемлекеттік органдарға және Шымкент қаласының әкімдігіне екі апта мерзім ішінде сумен, электрмен және газбен жабдықтау, тұрғын үй құрылысы және көлік салаларында инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мәселелерін қарауды тапсырды.

А 5

Іс-сапар аясында А. Мамин Шымкент қаласындағы халықаралық әуежайдағы өткізу қабілеті сағатына 2000 жолаушыны құрайтын жолаушылар терминалының салыну барысымен танысты, оны биыл қазан айына қарай аяқтау жоспарланған.

«Оңтүстік» АЭА аралау кезінде Үкімет басшысына 1700-ден аса жаңа жұмыс орнын құруды қамтамасыз ететін 23 жоба туралы баяндалды. Іске асырылып жатқан бұл жобалардың жалпы сомасы 58,8. млрд теңге болып отыр. Ірі перспективалы жобалардың бірі ретінде 2020-2025 жылдары салынатын сорғылау жабдықтары мен құбыр арматурасын өндіретін зауыт құрылысы таныстырылды. Жобаның құны — 26,5. млрд теңге, 1500 жұмыс орны құрылады.

Премьер-Министр ұзақ жылдардан бері жұмысы тоқтап қалған тігін және жіп иіру тоқыма фабрикаларына барып, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ-ның оларды іске қосу және
Қазақстанның тоқыма кластерін одан әрі дамыту жобаларымен танысты. Кәсіпорындарды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр, бұл 800-ге жуық жаңа жұмыс орны мен
Қазақстанда өңделетін мақта көлемінің екі есе өсімін қамтамасыз етеді.

Үкімет басшысы археологиялық қазбалар кезінде табылған «Шымкент қалашығы» (Цитадель) реставрациялау және музейлендіру жобасының іске асырылу барысын тексерді. Мұнда ежелгі дәуір музейі, галерея, амфитеатр салынатын болады. Жобаның тарихи құндылығы зор және ол Шымкенттің тартымды туристік нысанына айналады.
Өңірдің туристік әлеуетін дамыту аясында А. Мамин сонымен қатар Шымкент қаласынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан Түркістан облысы Төле би ауданындағы Қасқасу шатқалына барып, «Қасқасу» туристік рекреация кешенінің жобасымен танысты.

Шымкентте ерте көктемде ең алғаш гүлдеп, қала келбетіне ерекше сән беретін 1 миллион 300 мың дана қызғалдақ гүлі егілді.

3-3-6

ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесін иемденген шаһар қонақтар мен туристерді құлпырған әсем гүлдермен қарсы алмақ.
Шымкенттің символы болып табылатын қызғалдақтардың басым көпшілігі голландық сұрыптағы сары, қызыл, көк, қызғылт және күлгін түсті.

Қызғалдақтың гүлдеу маусымы аяқталғаннан кейін, орнына басқа да жаздық гүлдер егіледі. Биыл олардың саны екі есеге артпақ. Яғни, 2 миллионға жуық жаздық гүл көшеттерін отырғызу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, осы жылы көктем және күз айларында көпжылдық 25 мыңнан астам раушан гүл көшеттері мен 90 мың лигуструм бұтақшалары, 30 мың қылқан және жай жапырақты ағаш көшеттері отырғызылмақ.

Қаланы көгалдандыру ісіне жауапты мамандардың айтуынша, гүлдер суретшілердің бірлесіп сызған эскизіне сай егіледі.

Қордайдағы жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар лауазымды тұлғаны қызметінен босатуды тапсырды.

a2490a1372bed850c678894c391bdcc4

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметовке Жамбыл облысы, Қордай ауданында кісі өліміне, тұрғын үйлердің қирап, азаматтардың дүние-мүліктерінің бүлінуіне әкеп соқтырған оқиғаға байланысты облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары С.Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Б.Байтөлені жұмыстарына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды, деп жазған еді Ақорда сайтында.

Сонымен қатар, күні кеше Жамбыл облысының әкімі лауазымынан Асқар Мырзахметов босатылды.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болып келген Бердібек Сапарбаев ҚР Президентінің Жарлығымен Жамбыл облысының әкімі қызметіне тағайындалды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ҚР Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевқа Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы А.Оразалиевті және Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы
А.Айқымбековті қызметінен алуды тапсырды.

Еске салайық, 7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасап, үкіметтік комиссия құруды тапсырды.

Бердібек Сапарбаев басшылық еткен үкіметтік комиссия аудан тұрғындарымен кездесті, Қордай ауданында түнгі қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуін тексерді, этно-мәдени бірлестік басшыларымен жүздесті, қаза тапқандардың үйіне барып, көңіл айтты. Зақымдалған нысандарды қалпына келтіру жұмыстары басталды.

ҚР ІІМ мәліметінше, Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік көршілес ауыл тұрғындары арасында басталған.

Майдангерге қоларба әперді

Среда, 12 Февраль 2020 03:59

Қаратау ауданында халықтан түскен арыз-шағымдар қараусыз қалмайды. Оның бір дәлелі, қаратаулық 99 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Қаражан Естемесовтің шағымы жедел қаралып, әкімдік қайырымды іс жасады.

77

Жуырда Қаратау ауданы әкімі Абзал Әліқұлов Нұртас тұрғын алабында халық алдында есеп берді. Жиналған халық әкімге өздерінің тілек-талаптарын жеткізді. Солардың бірі – «Нұрсәт-3» шағ-
ынауданының тұрғыны 99 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Қаражан Естемесовтің келіні төсекке таңылған атасының денсаулығына байланысты аулаға да шыға алмай қалғандығын айтып, мүгедектік арба алып беруін сұраған еді.

Осыған орай, аудан әкімі Абзал Шымкентбайұлы, халықты әлеуметтік қорғауға қолдау көрсету бөлімінің басшысы Нұржан Дүйсенов, Қаратау аудандық филиалы ардагерлер кеңесінің төрағасы Асылбек Тоқмағанбетов майдангер қарияның шаңырағында болып, жағдайымен танысып, Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ, қарияға қажетті қоларбаны табыс етті.

Ғасырмен құрдас ардагер әкімдіктің өтінішіне құлақ асып, ілтипат көрсеткеніне шынайы алғысын білдірді.
Айта кетейік, Қаратау ауданында 12 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады.

Бақытгүл АМАНОВА,
Қаратау аудандық
филиалы ардагерлер
кеңесінің хатшысы

Страница 10 из 369