Әскерге «күрең берет» кием деп бар...

Пятница, 31 Октябрь 2014 06:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 9701 раз

Генерал болуды армандамайтын сарбаз жоқ. Әскери өмірдің мәнін ұққан сарбаздардың «күрең берет» бас киімін киюді де мақсат-мұрат тұтатындарына көз жеткіздік. Бар екен отанын, елін жаудан қызғыштай қорғайтын ерлер. Еліне қалқан болар сарбаздар.

DSC00471

Әскери өмірдің қиындығын әскерге барғандар біледі. Республикалық Ұлттық ұланның сайыпқыран жауынгерлері арасында «Бүркіт» арнайы жасағына қабылдау сынағы жыл сайын өтеді. Биыл ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6506 әскери бөлімінің далалық оқу-жаттығу орталығы сынақ алаңына айналды. Нағыз ердің сойы ғана шыдай алатын сынаққа бастан-аяқ біз де куә болдық. «Күрең берет» бас киімін киюді әрі «Бүркіт» кеуде белгісін тағу құқығына ие болу үшін жанқиярлық ерлік керек. Құрыштай шыныққан әскерлердің өзі мұндай сынаққа ойланып барады.  

«Бүркіт» арнайы жасақтары ҚР Ұлттық ұланының құрылымдық бөлімшесі. Еліміздің әр өңірінде арнайы жасақтар бар. Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, мемлекет қауіпсіздігі мен ел азаматтарының өміріне қатер төндіретін , аса ірі, айуандықпен жасалған қылмыстарға қарсы жедел әрекет ету осы бөлімше жауынгерлерінің басты міндеті. 

Сынақтың қатаң болу сыры да осында. Арнайы бөлімшенің  жауынгерлері күн сайын ең кемі алты  сағат бойы шеберліктерін шыңдайды. Ұдайы тактикалық-арнайы жаттығулар, саперлік, су астында жүзу, таудағы жаттығу, құралайды көзге атқан мергендік, оққағарлық, қоян-қолтық ұрыстан шеберлік, мұның бәрі «Бүркіт» жасағы жауынгерлерінің күнделікті мызғымас қимыл-әрекеті.

Әуелде республика бойынша екі жүзге жуық жауынгер сынақтан өтуге өтініш беріпті. Електік кезеңдерден іріктелген соның 68-іне ғана сынақ тапсыруға рұқсат берілген. «Ақтастағы» сынақ алаңындағы екі күндік дайындық жаттығулардан 22 сарбаз іркілмей өтіп, соңғы кезеңге қатысуға мүмкіндік алды. Намысты қайрайтын, жігеріңді жанитын нағыз сұрапыл сынақ та осы. 75 шақырымдай жерді жүгіріп өтіп, одан өзге түрлі 16 нормативтік сынақты тапсыру, ең аяғы мәреге жетіп, қоян-қолтық ұрыс түрінен жекпе-жектік айқасқа түсуге екінің бірінің дәті шыдамайды. Спорттық дайындықтың, жеке басының моральдық-психологиялық тұрақтылығына, атыс қаруларын шебер меңгеру де сынаққа түсер сәт.

Соңғы сынақ күні үміткерлер таңғы сағат төрттен бастап жүгіріп, он бес шақырымды басып өтті. Одан әрі қарай 16 нормативтік сынақ түрлері де сарбаздар үшін нағыз қан майданның өзі болды. Автоматтың тарсылы мен минаның  гүрсілі санаңды селк еткізеді-ай.  22 сарбаз осындай «қан майданнан» тауы шағылмай өткеніне куә болдық.

Сарбаздардың іс-қимылын жіті бақылаушылардың арасында сыйлы қонақтарды кезіктірдік. Олардың арасында Республикалық Ұланның бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Альберт Маткаримов, бас қолбасшының тәрбие және әлеуметтік құқық жұмыстары жөніндегі орынбасары, полковник Мұхаметқали Сатов, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы және 6506 әскери бөлімінің басшылары бар. Мұнан бөлек, РФ ІІМ Ішкі әскерлерінің 3179 әскери бөлімі командирінің орынбасары Александр Белоглазов, Белоруссия Республикасы ІІМ 3214 әскери бөлімі командирінің орынбасары Владимир Жизневский, ҚХР Халықтық қарулы полициясының өкілі, полковник Фэн ХЭ де тәжірибе алмасу мақсатымен шақырылған. 

Сынақтың нәтижесіне  сарбаздардың да, басшылардың да көңілдері тоқ. Биыл республика бойынша 22 жауынгер «күрең берет» бас киімін киіп, «Бүркіт» кеуде белгісін тақты. Бұл – салыстырмалы түрде айтқанда, жақсы көрсеткіш. Бұған дейін мұндай мәртебеге онға жетер-жетпес сарбаз ие болатын. Соңына қарай құрметті қонақтар баспасөз мәжілісін өткізіп, сынақтың қорытындысына жоғары баға берді. Қиындыққа мойымаған сарбаздарға көптен күткен «күрең берет» тапсыру салтанаты өтті.

Последнее изменение Пятница, 31 Октябрь 2014 11:34
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.