Қоғамдық көлiктерге талап күшейедi

Пятница, 14 Ноябрь 2014 05:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3421 раз

Бұдан былай қоғамдық көлік жүргізушілеріне, компания өкілдеріне тәртіп те, талап та қатаңдатыла бермек. Тәртіпке бағынбаудың соңы немен аяқталып жатқанын көріп те, біліп те жүрміз. Жүйткіген жүргізушілердің адам өмірінен асқан қымбат қазына жоқ екенін ұмыт қалдыратыны өкінішті. Жолаушылар тасымалы қызметі сапасын жақсарту, тәртіпсіздікті жою мақсатында жүргізілген рейдке қала әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов қатысып, бірқатар кемшіліктер бойынша ескерту жасады.

DSC 0970Бәрі де қозғалыс жиілігін сақтамаудан басталады. Әйтпесе, жолаушылар тасымалдау саласының жұмысын ширататын да, кері тартатын да осы жиілік. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің диспетчерлік қызмет орталығы ЖШС-і мамандары да ұдайы жиілікті бақылап отырады. Бірақ, әлі де тәртіп бұзушылық тыйылар.
Қаладағы қоғамдық көліктердің жолаушылар тасымалдау жиілігі, көліктердің техникалық және санитарлық жағдайына, жүргізушілер мен кондукторлардың киім үлгісіне қатысты рейдтік іс-шаралар да ұдайы өткізіледі. Қыс мезгілі жақындаған сайын оларға жүктелер міндет те, бақылау да күшейе түседі. Көліктер қысқы мезгілге қаншалықты дайын? Доңғалақтар ше?
Қоғамдық көліктердің жолаушылар тасымалдау жиілігіндегі бей-берекетсіздіктерге рейд барысында біз де куә болдық. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшылары мен мамандары, жол полициясы өкілдері бірлесе «Автонұр» аялдамасы маңын кешкі сағат
8.00-ден бастап бақылады. Бағыттағы автобустардың жиілігін тексеру үшін. Қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаев жағдайды түсіндіріп жүр. Рейд барысында №47, 52, 135, 40, 105 бағыттағы автобустардың жиілігін тексеріп, бірқатар заңсыздықтарға тап болдық. Бөлім басшылары қара түнектенген №40, 105 бағыттағы автобустардың «тонировкасын» сол мезетте-ақ алып тастады.
Одан кейін, қалалық №1 автопарктың алдын бақылап, автобустардың уақытына жетпей ерте тоқтауы тексерілді. Мұнда №35 бағыттағы автобустың неліктен жарты сағат  ерте келгенін сұрап едік, жүргізуші мен кондуктор «бұзылып келе жатырмыз» деп жауап қатты.
2566Әрине, қозғалыс жиілігін сақтамаған көлік компанияларына ескерту беріліп, айыппұл салынады. Жарқын Мұстафинұлының айтуынша, жыл басынан рейдтік тексерулер барысында көлік компанияларға 285 ескерту берілген. Оның ішінде: экология талаптарына сәйкес келмейтін қоғамдық көліктерді бағытқа шығарған – 61, бекітілген киім үлгісі, тиісті құжаттары болмағаны – 139, қозғалыс жиілігін орындамаған – 67 және GPS треккер қондырғылары орнатылмағаны үшін – 18 ескерту.
Тұрақты ұйымдастырылған рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде, қозғалыс жиілігін сақтамаған 12 компанияға шілде айында жалпы мөлшері  231 440 теңге, қыркүйек айында 19 компанияға – 740 800 теңге айыппұл салыныпты. Қалада 33  көлік компаниясы 86 бағытта, 1244 кесте бойынша жолаушыларға қызмет көрсетеді. Оның ішінде: 58  автобус бағытында – 844,  28  шағын автобус бағыты бойынша 400 кесте.
Келесі жылдың қаңтар айының бірінен бастап барлық қоғамдық көліктерде GPS қондырғылар болуы тиіс. «Қазірдің өзінде 750 автобуста қондырғы орнатылған. Жаңа жылға дейін бәрі де қамтылуы керек. Егер, көлік компаниялары тәртіпті бұзса, онда шартты үземіз. Ары қарай сотқа жолданады», – дейді Жарқын Мұстафинұлы.
    Осы аптада рейдтік тексерулер тағы да жалғасты. Қала әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов, қалалық ІІБ жол полициясы басқармасының, диспетчерлік орталық қызметкерлері де қоғамдық көліктердің жолаушылар тасымалдау жиілігіндегі бей-берекетсіздік анықталды.
Жолаушылар да, қоғамдық көліктер ағыны да көп «Военкомат» аялдамасы маңында жүргізушілердің  өздері кептеліс жасайды. Тіпті, автобустардың өз уақытынан жарты сағат, он бес минут, он минут кешігіп немесе ерте келгендері анықталды.
«Аялдамада ары кеткенде үш автобус болу керек. Жеті автобустың кептеліп тұрғанына не жорық? Неге бұлай? Көлік компанияларының құқығын қорғап жүрміз бәріміз де. Ал жолаушының кім қорғайды?» – деп қала әкімінің орынбасары да әр жүргізушіні сөзге тартып, ескерту жасады.
Мәлім болғандай, жоғары базар аумағындағы «Әскери комисариат» аялдамасы маңында өткен рейдте ешбір автобустың кестемен жүрмейтіні анықталды. Жарты сағат бойы біз соған көз жеткіздік.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.