Махаббат аралы Избранное

Среда, 19 Июнь 2024 06:42 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 326 раз

Ғасыр жаңарған сайын – Уақыт та шыркөбелек айнала зымырайтынына мән бермей жатамыз. «Қалай заулап кетті?..» деп, ой тоқтататынымыз да, бәлкім жауабын тауып қалуымыз да мүмкін, бірақ... «Дейін» және «Кейін» де Уақыт тілі тап солай зымырайтынына көзіміз жетіп, мәжбүр қабылдаймыз. Мойындаймыз. Мойындағың келмесе – Оқиға мойындатады.

teatRR

 

Уақыт пен Оқиға. Тосын жайттың шешімімен Оқиғаға тап болғанда, өткен Уақыт қайыра оралып, сағат тілін – дойыр қамшыға айналдыра соқса, төтеп беруге қаншалық дайынбыз?..
Ғасыр тілі кезеңдер легінде қойнауға жасырынғанымен, адамзат санасы ортасына орай ұшталып, үшкірленіп, қыры молая түскенін көріп, таңырқайсың. Кері кеткенін мойындап күрсінесің. Өкінесің. Ашынасың. Күйрейсің.
ХХ ғасырда жазылған Ә.Тауасаровтың «Махаббат аралы» драмасы (режиссері Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері, театрдың көркемдік жетекшісі Қ.Қасымов, суретшісі ҚР еңбек сіңірген қайраткері Б.Срайлов) біз тілге тиек еткен адам санасының қатпарында жасырынған алуан сезім қақтығысына құрылған драмалық қойылым болып 6 маусым күні Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасынан өз көрерменіне жол тартты.
Ықылым заманнан Адалдық пен Азғындық адамзат бойында қатар шапқан жүйріктей бірде қалып, бірде озып келе жатқан мәңгілік пәлсапа. Адамның ең құпия әлем екенін ескерсек, бір адамның бойында озбырлық пен ізгілік, мейірім мен қатыгездік, махаббат пен тән тояты секунд сайын арпалысқа түсетінін өзіміз де сезбейміз. Өйткені, Уақыт тілі бет қаратпайды. Ышқынтсаң, қосағымен опырады. Мықтысы жарып шығады. Осалы күйрейді. Десе де, махаббат пен қарапайым адамгершілік тасын – нәпсінің құлына айналдырған жанның ар сотына түскені қаншалық маңызды?...
Маңызды!.. Тепереш шеккен жан үшін. Қоғам үшін, көрермен үшін маңызды. Егер әділетсіздік әділ бағасын алмаса, қоғам ендігі төңкеріліп кетер еді. Тек жаза сәті ұзап кетпесін деңіз. Қойылым небәрі үш кейіпкер арасындағы қақтығыстан туындайды. Өріледі. Өрбиді. Ойландырады. Жиіркендіреді. Тамсандырады.
Тұмса табиғат аясына келген Марат (арт.М.Дариев) пен Айнаны (арт.М.Ильясова) көргенде, үйреншікті «махаббат үшбұрышын» күтеміз. Орманшы (Е.Дүйсебаев) келген соң оқиға барысы өзгеріп, біз күткен «махаббат үшбұрышы» – өткен жылдар қасіретінің қамшысына айналып кетеді.
7 жыл... Дәрігер Мараттың тойымсыздығынан Орманшының жары ота үстінде мәңгілік әлемге аттанғанына
7 жыл. Орманшының жанын жегідей жеген күйік-дертін кінәлінің бетіне басуына, үздіксіз сыздатып тұратын, мүйізге айналған қасыреті жарып шығуына бақандай
7 жыл қажет болған... Күйзеле күткен сәтін Уақыт тілі алдына айдап әкеледі. Бала-шағасын анасынан айырған күнәһар қолына түскенде не істеуі керек?..
Нулы орманның ортасындағы аралға тап болған үшеудің қақтығысына құрылған «Махаббат аралы» мәңгілік тақырып – Адалдық пен Азғындық тақырыбына айналады. Сабырмен «асыға күткен» азғыны қолына келіп түскенде, Орманшы не істейтінін көргіңіз келсе, Шанин театрына келіп, қойылымның көрермені болыңыз, қадірменді Көрермен!

Сая ҚАСЫМБЕК,
Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.