Ұлттық өнер ұлықталды Избранное

Среда, 19 Июнь 2024 06:43 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 324 раз

Қазақ үшін қай уақытта да жыршы-жырау, ақындардың орны ерек. Олар қандай жағдай болса да халықтың рухын көтеріп, қайратын асқақтатып отырады және рухани ағартушылық бағыттағы қызметін тоқтатқан емес. Шымкентте де елдің рухын көтеретін осындай керемет бір кеш өтті.

SalKar

 

Шырайлы қаламызға еліміздің барлық өңірлерінен терме дейтін текті өнердің жүгін арқалаған жыршы-термешілер келіп, оңтүстік аспанын әуелеген ән-жырға толтырды. Сонау 2000-шы жылдары Шалқар Әбіш негізін қалап кеткен терме байқауы қайта жаңғырып, «Шалқар термесі – 2024» III-ші республикалық байқауы өтті. Ұмытылып бара жатқан қазақтың киелі өнерін жандандырған Шалқар Әбішұлының ұрпағы мен «Шалқар мұрасы» қоғамдық қоры ұйымдастырған шараға 21 жас жыршы-термеші қатысты. Байқаудың мақсаты – жыр-термені жас ұрпақтың санасында жаңғырту және төл өнердің жаңа есімдермен толығуына үлес қосу.
Жалпы, терме – ақылы мен нақылы, ғибраты бар өлеңді әуен, ғасырлар бойы жасап келе жатқан текті, тегеурінді өнер. Терме жас ұрпақты ата-бабасының өсиетін, өмірлік қағидасын қадір тұтуға үйретеді.
Додаға түскен термешілерге мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев, белгілі жыршы Елмұра Манасқызы, жыршы, сазгер Әбдіберік Әділбеков, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков, термеші Жақып Сыпабаев, мәдениет саласының үздігі Ұлықпан Жолдасов төрелік етті.
Байқауға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

SalKar-1


– Өнермен ауызданып, жырмен жұбанған, аталы сөзге тоқталып, баталы сөзге бас иген xалқымыз ұлттық өнерді әрдайым жоғары бағалаған. Қазақ халқының өлмейтін, халықпен бірге жасайтын қазыналы өнерін насихаттап жүрген жыршы-термешілерімізге сәттілік тілеймін! Бұл байқау өміршеңдігін жоғалтпайтын жоба болады деп сенемін. Шалқар ағамыз негізін қалаған байқау ары қарай жалғасын тауып, терме мен жыраулық өнерін дамыта береді деп сенеміз. Оған қолдау да көрсетеміз, – деді Сәрсен Абайұлы.
Әке аманатын ардақтап, мұрасына қиянат жасамаған ұрпағы жыр кешін жоғары дәрежеде ұйымдастырған. Шақырылған қонақтар да аз емес. Сонау Астана қаласынан жас көрермендер театры да өз шашуларын ала келіпті.
Байқау қатысушалары бірінші кезеңде Шалқар Әбішұлының термесін орындап шықты.
– Қазір жыраулар жауапкершілігі өте ауыр кезеңде тұр. Себебі ұлттық дәстүрге батыс мәдениеті килігіп, көлеңкелеуде. Осындай құбылмалы кезеңде біз еш қаймықпай, бұрынғы салт-жоралғының қалпын бұзбай әрі қарай жалғастыруымыз қажет. Кейінгі буынға осы дәстүрді жаңғырту арқылы ғана сақтап қала аламыз. Қазір жыр өнерінің насихаты жоқ емес. Мына өткізіліп отырған байқау соның айғағы, – дейді Сыр өңірінен келген қатысушы, жырау Күнсұлу Түрікпен.
Шымкентті екі күн жырға толтырып, терменің өсиетіне қанықтырған байқау мәресіне жетті. Шалқар Әбішұлының 80 жылдығы мен термені насихаттау мақсатында ұйымдастырылған кештің қорытындысы «Түркістан» сарайында дүркіреп өтті. Кеште елімізге танымал әнші, жыршылар өнер көрсетті.

SalKar-2


Жыр додасы Астана жас көрермендер театры сахналаған Шалқар ақынға арналған қойылыммен басталды. Ақынның туылғаннан өмірінің соңына дейінгі ғұмыр жолын суреттеген қойылым көрермен жүрегіне жетті.
Салтанатты жиынға Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Басқарма басшысы терме байқауы алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізілетінін айтты.
Мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев бастаған қазылар шешімімен бас жүлде – автокөлік Қызылорда қаласынан келген Марат Сүгірбайдың қанжығасына байланды. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дәстүрлі музыка өнері және хореография» білім беру бағдарламаларының оқытушысы, тарих ғылымдарының магистрі, Мәдениет саласының үздігі.
Ал, 1-орын мен 1 миллион теңге ақшалай сыйлық жерлесіміз Ербол Қалмырзаевқа бұйырды. Жүлделі орындардан бөлек «Ең жас термеші» номинациясын Аяжан Акиева иемденсе, Шалқар ағамыздың жары Мариям анамыздың «Ананың ақ тілегі» жүлдесі Оразалы Игілікке бұйырды.

С.ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Махаббат аралы