×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Табыстар таразыланып, міндеттер белгіленді Избранное

Среда, 03 Февраль 2016 05:42 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3262 раз

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2015 жыл
қорытындысы бойынша халық алдында есеп берді

Республика көлемінде жер аумағы бойынша бірінші, тұрғындарының саны бойынша екінші орынға ие Шымкент қаласы бүгінде шын мәнінде, экономикасы тұрақталып, ажары айшықталып келеді. Әлеуметтік саланың деңгейі зерделеніп, ахуал-әлеуеті түзелді. Жаңа бой көтерген заманауи нысандары сәулеттік келбетімен көз тартып, қала тұрғындары мен қонақтарының көзайымына айналды. Қаланың даму деңгейін жоғары бағалаған ҚР Президенті Н.Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған әрбір сапарында Шымкентті еліміздің үшінші қаласы ретінде атап, оның жақын келешекте ірі мегаполиске айналарына айрықша сенім білдіріп келеді. Ендігі жерде, талап-міндеттердің үдесінен көрініп, түйткілді мәселелердің түйінін шеше білу – үлкен қажыр-қабілетті қажет етері сөзсіз. Шымкент қаласының әкімі қызметіне тағайындалған қысқа уақыт мерзімінде өзін жан-жақты қалыптасқан тәжірибелі басшы ретінде таныта білген Ғабидолла Әбдірахымов ең әуелі, қаланы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытудың стратегиялық бағытын айқындаған Тұжырымдамасын жүзеге асыруды көздейді. Бұл бағытта қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлының 2015 жылы атқарған жұмыстары бойынша қала әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жергілікті тұрғындарға есеп беру кездесуі өтті. Есепті кездесуге облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Жасұлан Естенов арнайы қатысып отырды.


Кәсiпкерлiк көкжиегi кеңейiп келедi

12670256 1693853270861033 5180274168462966964 nАлдымен, есепті кездесуге жиналған қала тұрғындарының назарына арнайы қойылған LED-экран арқылы қысқаша бейне хабар ұсынылды. Мұнан кейін баяндама жасаған қала әкімі өткен жылда қала бюджетін толықтырып, әлеуметтік салаға айтарлықтай дем берген кәсіпкерлік субьектілерінің бүгінгі ахуалына тоқталды.
Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы қала үшін үлкен маңызға ие екендігі белгілі. Бұл ретте, қала әкімінің баяндамасынан белгілі болғандай, қалада 120 мыңнан астам адам кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылған. Соңғы жылдардағы мемлекеттік қолдау механизмдері кәсіпкерліктің дамуына оң ықпалын тигізуде. Нақты айтқанда, қалада кәсіпкерлік субьектілерінің саны 74 мыңнан асып, шығарылған өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 315 миллиард теңгені құрапты.
2015 жылы индустрияландыру картасының шеңберінде жалпы құны 27,7 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба іске қосылып, нәтижесінде, 1000-ға жуық жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ, инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлер тарапынан өнеркәсіп кәсіпорындарын дамытуға инвестициялар салуға қызығушылық анағұрлым артып отыр. Осы мақсатта қаланың екі бірдей аумағында индустриялды аймақ құру жоспарланған. Атап айтқанда, Тассай елді мекеніндегі 89 гектар жерге индустриалдық аймақтың инженерлік-коммуникациялық жүйелерінің жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, бүгінгі таңда республикалық бюджет есебінен құрылыс жұмыстарын жүргізу қолға алынған. Сондай-ақ, Жұлдыз елді мекеніндегі 76,2 гектарды құрайтын индустриалдық аймақтың инженерлік жүйелерінің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.
Статистикалық мәлімет бойынша, өткен жылда қаладағы бөлшек сауда көлемі 248,5 миллиард теңгені құраған. Ал көтерме сауда көлемі 502,7 миллиард теңгеге жетіпті. Яғни, кәсіпкерлік саласындағы оңтайлы жұмыстар бүгінде табысты жүзеге асып келеді. Сондай-ақ, қала әкімі тұрғындарды толғандырған негізгі мәселелерді анықтап, нақты шешімін табу үшін әлеуметтік сауалнамалар жүргізілгенін мәлімдеді. Осының нәтижесінде, «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасы» дайындалып, аталмыш құжат облыс әкімдігі, депутаттар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен жиында таныстырылды. Және көпшілік тарапынан қолдау тапты. Тұжырымдамада айқындалған міндеттер 2016 жылдың бюджетіне енгізіліп, жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылмақ.

Игi бастамаларға лайықты қолдау қажет

 MG 6298Жарыссөзге шыққан облыстың Құрметті азаматы Байдулла Қонысбек ең алдымен, қала әкімінің басқару стилі мен халықтың мұң-мұқтажын тыңдай білу қабілетін жоғары бағалай отырып, көпшіліктің ойында жүрген бірқатар мәселелерді атап көрсетті. Яғни, қоғамдық көлік қызметінің сапасын жақсарту, «Ескі шаһар» аумағының сәулет-кескінін заманауи келбетте жаңарту, Қошқар ата, Қарасу өзендерінің жағалауларын абаттандыру жұмыстарын жалғастыруды ұсынды. Сондай-ақ, қаламы қарымды белгілі журналист Әмірсейіт Әлиевтің есімімен көше атауын беруді сұрады.
Бүгінгі жаһандық дағдарыс жағдайында ең әуелі, бірлесіп, жұмыссыздық пен бейқамдықтың алдын алу маңызды болмақ. Жарыссөзге шыққан белгілі кәсіпкер, базарлар қауымдастығының төрағасы Қайрат Балабиев осы орайда, шұлық шығаратын кәсіпорынға мүмкіндігі шектеулі 30 азаматты жұмысқа қабылдағанын жеткізіп, өзге де кәсіпкерлерді жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту бағытында қажырлы күш жұмсауға шақырды.
Ал өз кезегінде, ортақ мақсат-мүддеге ұйысқан қала тұрғындарын өзара ынтымақ-бірлікте болуға үндеген облыстық өзбек ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Икрам Хашимжанов бұл бағытта қала әкімі ұсынған Стратегиялық даму құжаты көпшіліктің көңілінен шығып отырғанын жасырмады.

Түйткiлдi мәселелер – күн тәртiбiнде!

 MG 6354Жиын барысы өзара сұрақ-жауап түрінде де өрбіді. Кездесуде тұрғындар қала әкіміне өз көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Қала тұрғыны Айзат Ілиясова көпқабатты тұрғын үйде жарықтандыру жұмыстары қаншалықты деңгейде жүзеге асып жатқанын сұрады.
– 2014-2015 жылдар аралығында қала аумағында барлығы 260 көпқабатты тұрғын үй аулалары жарықтандырылған, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы. – Биыл қалған 251 үйге жарық жеткізу мәселесі толық шешімін табатын болады.
«Қатын көпір» шағынауданының ауыл биі Пернеш Қазиев ондағы №56 жалпы орта мектебінің қазіргі ахуалын атап өтті. Яғни, 600 орындық білім ұясында бүгінде 2,5 мың оқушы дәріс алуда. Сондай-ақ, қала тұрғыны Әлібек ақсақал да Қаратөбе тұрғын алабындағы қос мектептің әбден тозғанын, күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететіндігін жеткізді. Бұл орайда, тұрғындардың сауалына жауап берген қала әкімі Ғ. Әбдірахымов
аталған шағынаудандарда жаңа мектеп ғимараттарын салу үшін ЖСҚ дайындалып жатқанын мәлім етті.
Қала тұрғыны Айзада есімді азаматша «Жаңаталап» тұрғын алабына балалар алаңшасын салуды ұсынды. Өз кезегінде, қала әкімі, тұрғынның сауалына орай, биыл қала аумағында 65 балалар алаңшасы және 15 спорттық алаңша салынатынын құлаққағыс етті. Ал қала аумағына жаңадан қосылған Маятас ауылынан келген Әбдімәлік Қаратаевты өз өтінішіне орай, қала әкімі арнайы қабылдайтын болды.
Сондай-ақ, «Тұран» шағын-ауданының бір топ тұрғындарының сәлемін жеткізе келген Айтқұл ақсақал әлі күнге ауыз су, көгілдір газ және электр жарығына зәру екендігін айтып, сұрақ қойды. Бұл орайда, қала әкімі нақты кесімін айтты.
– Бір кездері ауыл шаруашылығы мақсатында бөлінген жерлерге тұрғын үй ғимаратын салып алған азаматтардың қайсыбірінің де әрекеті көңілге қонбайды. Яғни, мұның барлығы заңсыз түрде жүзеге асырылған. Сол себептен де, ондағы тұрғындарды коммуналдық қызмет түрлерімен қамтамасыз етуге заң бізге мүмкіндік бермейді. Алдағы уақытта, шаруашылық жерлерін үлестіргенде, біз бұл мәселеге тым қатаң қадағалау жасайтын боламыз, – деді Ғ.Рахматоллаұлы. Айта кетерлігі, қала әкіміне жазбаша түрде жолданған сұрақтарға алдағы уақытта БАҚ беттерінде арнайы жауап берілмек.

Қала әкiмi өз қызметiне лайықты

 MG 6289Қала әкімінің жергілікті тұрғындар алдындағы кезекті есепті кездесуін облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов қорытындылады.
– Шын мәнінде, бүгінде берекелі істердің ұйытқысы бола білген қала әкімінің қызметіне барлығымыз да куә болып келеміз. Жасыратыны жоқ, Шымкентте жасалып жатқан жұмыс бар. Қазіргі таңда, Шымкент қаласының бюджеті 87 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде, 44 миллиард теңгені қала әкімдігі өзі қамтамасыз етті. Тұрғындардың қай салада болсын, белсенділігі жоғарылап келеді. Ел аумағында ірі мегаполиске айналуға нақты қадам жасаған қалада қазірдің өзінде, кемі 40-45 медициналық жедел станциясының қажеттілігі байқалады. Бұл, қала халқының күн өткен сайын саны артып отырғанын көрсетеді.
Шымкент – ең алдымен, молшылық пен берекенің ордасы, бірліктің ұйытқысына айналған қала. Қашанда кім-кімді де бауырына жақын тартып тұратын дархан көңілімен, осыған орайласа қалған табиғаты және ауа райымен өзгелерден ерекшеленіп тұрады. Осындай бауырмалдығымен-ақ, қала халқы бірлесе қызмет етіп, игілікті істерге бастай беретініне сенімім зор, – деді Бейбіт Бәкірұлы.
Жиында жарыссөзге шыққан азаматтар қала әкімінің өткен жылда атқарған жұмыс нәтижесін жоғары бағалап, алдағы уақытта ісіне сәттілік тіледі.

 

 

Сіз не дейсіз?

Наталья РОМАНОВА, 
қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры:

– Қала әкімінің өткен жылда атқарған жұмыстарын оң бағалауға болады. Әкімдік қызметінде жұмыс сапасын жақсартуға мейлінше күш салып, билік пен бұқара қауымның арасындағы «алтын көпірдің» жалғануына мүдделілік танытуы, көпшіл болуы ойға алған қайсыбір ісіне үлкен жәрдем болғанын жасырмаймын. Өз кезегінде, оқушылардың демалысын тиімді ұйымдастырып, әрбір кешті олардың есінде қалатындай етіп ұйымдастыруға ықылас таныта жүруі – біздің жұмысымызға да едәуір серпін береді. Оқушыларды әрбір қырынан талап-дарынын анықтап, белгілі бір өнерге қызығушылығын ұштауда мұндай қолдаудың берер пайдасы мол екені даусыз.

 

Оразалы МАХАНОВ, 
Еңбекші ауданының төбе биі: 

– Қала әкімі қай кезде де төбе билердің мәртебесін көтеруді, осы арқылы әсіресе, жасөспірімдер арасында түрлі құқық бұзушылық пен қоғамдық тәртіпті қалыптастыруды бір жүйеге келтіруге болатынын айтудан жалыққан емес. Осы мақсатта, төбе билердің қызметін бір жүйеге келтіріп, тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырып тұруы – бізге әрине, үлкен жауапкершілікті де жүктейтіні анық. Яғни, бірлік пен береке ұйысқан ортада тұрғындарды ортақ мүддеге жұмылдыруға шақырған Ғабидолла Рахматоллаұлының бастамашыл әрекеттеріне өз тарапымыздан лайықты қолдау көрсетуге күш салатын боламыз.

 

Шерім МЕДЕУОВ,
Шымкент қаласының Құрметті азаматы:

– Қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың есепті кездесуінде байқағаным, тек өткен жылды екшеп, қорытындылап қана қоймай, тұрғындардың жарқын келешекке деген үміт-сенімін еселеп, нықтай түскенімен айрықша мәнді болды. Шынында, қала әкімінің бастамасымен қолға алынған қыруар шаруалардың қай деңгейде орындалғанын көзбен көріп те келеміз. Қашанда, бітер істің басында жүретін озық ойлы басшының жүйелі жұмысының нәтижесінде, қаланың жақын келешекте мұнан да асқақ келбетімен, сәулет-кескінімен ерекшелене беретініне анық көзіміз жетеді. Қарияларға қамқор болып, ой-тәжірибесімен бөлісіп, қолдау көрсетуге әзір тұратын қасиетін өз басым жоғары бағалаймын. Және өзі нұсқаған жолдан жаңылмай, береке-бірлікке бастай беретініне еш шүбәм жоқ.

Последнее изменение Среда, 03 Февраль 2016 06:12

Другие материалы в этой категории: « Әкiм есебiне оң баға берiлдi Жаңа қызметке келді »