Риза ет бiздi, Рио-де-Жанейро!

Пятница, 15 Апрель 2016 06:41 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4149 раз

Олимпиадаға әзiрге 14 жолдамамыз бар

sportiki-3Тамыздың 5-21 аралығында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Жазғы Олимпиада ойындарының басталуына аз қалды. Ел спортшылары төртжылдықтың басты бәсекесі алдындағы дайындықты күшейткен. Қазір – жолдама үлестірер жарыстар науқаны. Бүгінде облыс спортшыларының қоржынында 14 лицензия бар. Басты мәселе санда емес сапада екені белгілі жайт. Кімнен үміт күтеміз? Дайындығымыз қалай? Осы сауалдарға жауап іздеуді жөн көрдік.

Бақ пен бап

Дәстүріміз солай. Оңтүстік жұртшылығы әр Олимпиада ойындарына жиырмаға жуық спортшыны үкілеп қосады. Биыл Рио-де-Жанейрода өтетін 31-і ғаламдық ойындарға аттанатын жерлестеріміздің алғашқы легі белгілі. Іріктеу жарыстары маусымға дейін созылатындықтан, жолдама саны әлі де көбеймек.
Мүмкіндік мол. Бақ пен бап қатар шапса дейміз. Әрине, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев айтқандай, ең алдымен сапаға мән берілуі тиіс.
Жолдама иегерлерінің басым бөлігі ескек есушілер мен құралайды көзге атқан мергендер екенін аңғарасыз. Мәселен, байдарка және каноэ есуде Наталья Сергеева, Ирина Подойникова, Евгений Алексеев, Тимур Хайдаров, Александр Емельянов және Дәулет Сұлтанбековке үміт артамыз. Оқ атудан Юрий Юрков пен Рашид Юнусметов те сақа спортшы. Бұл жолы олардың жанына Елизавета Король қосылды. Луиза Саидиева да садақты шірене тартуымен көзге түсіп жүрген спортшының бірі. «Спорт падишасы» саналатын жеңіл атлетикада Регина Рыкованың әлеуетін байқаймыз.
Жекпе-жек спорт өкілдері жайында әңгіме бөлек. Боксшылар Біржан Жақыпов пен Қайрат Ерәлиев басты үміт артарлардың бірінен саналады. Арыстың толағай қызы Жазира Жаппарқұлдың да дайындығы көпшілікке мәлім. Олардан бөлек, дзюдода Галбадрах Отгонцэцэг, таэквондо шебері Нұрсұлтан Мамаев, боксшы Жайна Шекербекова да жолдама жолында тер төгіп жүр.

sportiki

Толағай қыз...

Жазира Жаппарқұл – мінезді қыз. Кейде Арыстың асау толқындарындай түрленіп, алған бетінен қайтпайтын бірбеткейлігі бар. Оған әлем біріншілігінде анық көзіміз жеткен. Кейде ойламаған жерден қорқытып та алады, жеңісті жұлып ала алатын да қасиеті жоқ емес.
Жаппарқұл әулетінің ерке қызының бүгінгі күнге қандай соқтықпалы соқпақпен жеткені көз алдымызда. Шымкенттегі қуыстай ғана ауыр атлетика залында зілбатпан темірмен арпалысып жататынын талай көрдік.

Сенім мен қажырлы еңбек жетістікке жетелеп жүр. Ауыр атлетикадан қазақ қыздары арасынан алғаш рет әлем біріншілігінің күмісін иеленді. Жұлқа жаттығуда 118, серпе көтеруде 144 келі, қоссайыста 262 келіні бағындырып, көпшілікті таң-тамаша еткен. Былтыр АҚШ-тың Хьюстон қаласында да күміс жүлде иеленіп, бабында екенін байқатқан. Сәтін салса, Бразилия еліндегі аламанда да бағымызды асырса деген тілек бар. Барша спорт мамандары оның жүлде алатын мүмкіндігі зор екенін топшылап отыр.

Боксшыларда үмiт басым

– Әр Олимпиада сайын облыстан екі боксшы үкілеп қосып жүрміз ғой. Құдай бұйыртса, Рио-де-Жанейрода екі азаматтан үміт күтеміз, – дейді қазақтың біртуар ұлы Мұхтархан Ділдәбеков. – Біржан өте тәжірибелі жігіт. Бір емес екі Олимпиадада бақ сынады. Енді жақсы дайындықпен барса, қолы жетпеген жүлдесі бұйырар деп үміттеніп жүрміз. Қайрат Ерәлиев те барлық сатылардан өтіп келе жатыр. Әлем, Азия чемпионатының жүлдесін алды. Әйелдер боксынан Жайна Шекербекованың да жолдама алудан үміті зор. Негізгі қарсыластарымыз – Ресей, Куба, Өзбекстан, Таиланд, Корея. Қытайдан жеңіл салмақтарда үнемі мықтылар болатынын естен шығармайық.

sportiki-2

Қазақ боксының мақтанышы, ОҚО бокстан жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің директоры осылай дейді. Спортшының жағдайын спортшыдан артық кім білер? Жеңісті жолдың үзіліп қалғаны кім кімді де ойландырмай қоймайды. Артынан ерген ізбасарларын қолдап-қуаттау, жігеріне жігер қосу ағаға жарасар. Білікті басшы бұл жолы қалай да жүлде алуымыз керек екенін, оған мүмкіндіктің барын айтады.
Несін айтайық, әлем чемпионы Біржан Жақыпов спортта құқайды аз көрген жоқ. Бір емес екі Олимпидада жүлдеге ұмтылды. Амал не, екеуінде де ширек финалдан қайтты. Десе де жігері жасып, қолды бір сілтеген кезі жоқ әсте. 2005 жылдан бері әлі ұлттық құрама сапында алға қадам басып келеді. Мінекей, қазақ боксының тарихында Олимпиадаға үшінші рет қатысатын спортшы ретінде тарихқа атын жазбақ. Рас, Жақыповтың да жүлде салар сәті келді. Ағасының ізінен ерген Қайрат Ерәлиев те әлемдік додаларда ысылып, біршама тәжірибе жинақтады. Әлем біріншілігінің және Азия ойындарының қола жүлдегері Қайрат Ерәлиев те барын салары анық.
Ұлттық намыс туралы жиі айтамыз. Ата-бабаларымыз, батырларымыз осындай жерді бізге аманаттаған екен, оны қорғап, сақтай білуіміз керектігін қос азамат та жанымен ұғынады-ақ.

Олар жолдамаға таласады

Жолдаманың жолында еңбектеніп жүрген жерлестеріміз де жетерлік. Әрбірінің де қарым-қабілеті бапкерлер мен жанкүйерлерге белгілі. Солардың ішінде мақсатына жетуге жақын тұрғаны дзюдошы Галбадрах Отгонцэцег. Бір жылдан бері облыстың атын танытып жүрген татами шебері елімізге бауыр басып та қалған. Таяуда Түркияның Самсун қаласында өткен Гран-При турнирінде 48 келіде чемпион атанғаны жанкүйерлерге мәлім. Қазіргі жағдайда жерлесіміз әлемдік рейтингте 1400 ұпаймен 14 орында тұр. Ертең Ташкентте басталатын Азия чемпионатына ел құрамасы сапында аттанып та кеткен.
Одан бөлек, боксшы Жайна Шекербекова, таэквондо шебері Нұрсұлтан Мамаевтың да Бразилия еліне баратын мүмкіндігі мол. 19-27 мамыр аралығында Астанада өтетін әлем біріншілігі Олимпиадаға баратындарды анықтайды. Міне, осы сында Шекербекованың лицензияны иелененуіне мүмкіндігі бар. Универсиада чемпионы Нұрсұлтан Мамаев 17 сәуір күні Филиппинде басталатын Азия аймағы іріктеу турниріне қатысады.
Ұлысымыздың ұйытқысы деп әспеттелетін аймақтағы олимпиадашылардың жеңісі сонау 1964 жылдан бастау алады. Спорттық гимнастика шебері Юрий Цапенко Токио Олимпиадасында қола медальды иеленсе, әйгілі Нелли Ким Монреаль және Мәскеу Олимпиадаларында алтынмен апталды.
Одан кейін жаңа ғасырға аяқ басар тұстағы боксшылардың ғаламат жеңісін әліге дейін ұмытпаймыз. Сидней төрінде Бекзат пен Мұхтархан алтын мен күмісті сыйлады. Афиныдан еркін күрес балуаны Геннадий Лалиев, Бейжіңде Еркебұлан Шыналиев пен Елена Шалыгина жүлдемен оралған еді.
Енді Лондон ойындарындағы сәтсіздіктен қорытынды шығаратын сәт туды. Оған барлық мүмкіндік бар.

 

alibekӘлібек НҰРТАЕВ,
ОҚО денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

«Спортшыларға барлық жағдай жасалды»

– Жалпы, жоспарланған жолдамаларды иелендік. Лицензиялық жарыстар әлі біткен жоқ. Сол себепті, жолдамадан үмітті тағы он спортшымыз бар. Олар – Жайна Шекербекова, Нұрсұлтан Мамаев, Асхат Жаңбыров, Галбадрах Отгонцэцэг, Әлімхан Сыздықов, Нұрсұлтан Мамаев, т.б. Бұлардың бәрі де әлеуетті спортшылар. Ал таэквондодан Нұрсұлтан Мамаев облыс ғана емес, еліміздің жалғыз үміті болып отырғанын білесіздер. Тиісінше, басқарма тарапынан Олимпиадашыларға барлық жағдай жасалынды. Бәрі бап пен баққа байланысты ғой. Тек санға емес сапаға да көңіл бөліп жатырмыз. Кімдердің жүлдемен оралуы мүмкін екенін жанкүйерлер өздері-ақ біліп отыр.

bakhtiarБақтияр ТАЙЖАН, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің ОҚО бойынша меншікті тілшісі:

«Үшеуiнен үмiт күтемiн»

– Лондоннан жүлдесіз оралдық. Бұл жолы жеңіс болуы тиіс. Өзім үш спортшыдан жүлде күтемін. Дзюдода Галбадрах Отгонцэцэгтің қарымы қандай! Алтынды іліп кетуі мүмкін бұл спортшының. Моңғолиядан келді деп жазғырудың жөні жоқ. Бұрын Юрий Мельниченконы әкеліп, қазақ балуандарының шеберлігін өсіріп алдық. Міне, Бақтияр Байсейітов соның дәлелі. Сол сияқты бізге жақсы спортшылар керек. Өзіміздің спортшыларды кеміткен емес бұл. Екінші үмітім – Жазира Жаппарқұл. Екі әлем чемпионатында күміс алу оңай нәрсе емес. Қарындасымыздың үштікке еркін кіретін жағдайы бар. Жаттығу кезінде алтын алғандардан артық көтеріп жүр. Үшінші үміт – Біржан Жақыпов. Оның өнерін екі Олимпиадада көрдім. Өте ақылды боксшы. Десе де, кім біледі, қалғандары да топ жарып кетуі мүмкін ғой.

Последнее изменение Пятница, 15 Апрель 2016 08:34
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.