«Арландар» – жартылай финалда Избранное

Среда, 27 Апрель 2016 05:34 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4462 раз

Бүкіләлемдік бокс сериясының ширек финалдық жекпе-жектері екі күн бойы Шымкентте дүркіреп өтті. «Астана арландары» венесуэлалық қарсыластарын 9:1 есебемен жеңіп, жартылай финалға шықты.

IZT 9104

Бұл бокс бұрынғыдан өзгерек. Команда басшылары жауапты бәсекені күнгей өлкеде өткізуді құп көріпті. Бұған дейін Шымкент шаршы алаңында «Баку оттары» мен «Польша салт аттыларын» да ойсырата жеңгенбіз. 

Алтыншы маусымның ширек финалдық сыны сәулетті «Оңтүстік-цирк» ғимаратында өтті. Өткен жылдың соңында облыс боксшылары Қазақстан бокс федерациясы кубогын осы ғимаратта жеңіп алған еді.

9ZVA9FBVENw

Биылғы маусымда «Арландар» D тобында 14 ұпай иеленіп, турнир кестесін бірінші орынмен аяқтады.

Жанкүйерлер де сүйікті командасына келіп, зор қолдау көрсетті. Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков жарыстың ашылу рәсімінде сөз сөйлеп, жақсы дәстүр жалғасын табуына тілектестігін білдірді. Клубтың директоры Серік Сәпиев те облыс басшыларына рақметін айтты.

Боксшыларымыз өз шаршы алаңында жанкүйерлерін желпіндіріп тастады. Алғашқы күні Жомарт Ержан (49 келі) Анхелино Кордованы, Нұрбол Қалжанов (56 келі) Гектор Гарсианы, Самат Бәшенов (64 келі) Луис Аркон Диасты, Әбілхан Аманқұл (75 келі) Иохан Гонсалезді ұтты. Мәнерімен көпшілікті қуантып келе жатқан Мұхамеджан Еркін (91 келі) бұл жолы жеңілістің кермек дәмін татты.

UsqMXiy-I2c

Екінші күні қонақтарды тіпті құрғақ есеппен бетін қайтардық. Азамат Исақұлов (52 келі), Зәкір Сафиуллин (60 келі), Бекзат Халметов (69 келі), Арман Рысбек (81 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (+ 91 келі) венесуэлалықтарды бас көтертпей ұтты.

Сонымен, «Астана арландары» жартылай финалға қадам басты. Келесі қарсыласымыз – «Ұлыбритания арыстан жүректілері». Олар ширек финалда «Украина атамандарын» 8:2 есебімен жеңді. Финалдағы қарсыласымыз кім болмақ? Оны уақыт еншісіне қалдыра тұралық.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « Сабина Олимпиадаға барады Жұбан – жеңiмпаз! »