Мұхтар ШАХАНОВ: Наурыз қазақпен қалай қауышты?

Пятница, 20 Март 2015 06:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 7862 раз

Кеңестер одағы 1926 жылы Наурыз мерекесін «ислам дінінің қалдығы» деген желеумен, мемлекеттік деңгейде атап өтуге, тойлауға тыйым салды.

11082572 1586655578249466 6730247095320419868 n1988 жылдың басында, мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбинге арнайы хат жолдап, Наурыз мерекесін қайта тірілтуді өтіндім. Менің хатымды Г.Колбин Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросында қараған екен, екі-ақ адам қолдапты. Оның бірі – Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев, екіншісі – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеологиялық хатшысы Ө.Жәнібеков. Қалған Бюро мүшелерінің барлығы қарсы дауыс беріпті. Колбин мені өзіне шақырып, осындай жағдайларға байланысты Наурыз мейрамын тойлата алмайтынын айтты. Сол кезде мен оған былай дедім: «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы орыс пен қазақ ұлттарының арасына сына боп енді. Сөздің ашығы керек, қазір қазақ халқы сізге де жылан көргендей шошына, жиырыла қарайды. Егер сіз Наурыз мерекесін тойлауға мүмкіндік алып берсеңіз, бүкіл қазақ қауымы сізге өзгеше көңілмен, өзгеше ниетпен бұрылатын болады» дегенімде, Г.Колбиннің көзі жайнап кетті. Ол: «Ендеше, Наурызды тойлатайық. Мен қайткен күнде де Советтер Одағының басшысы Горбачевті бұған көндіремін» деді…
Сонымен, 1988 жылы Наурыз тойы, Кеңестер одағы тыйым салған 62 жылдық үзілістен соң, тұңғыш рет Алматының М. Горький атындағы орталық саябағында 100 мыңнан астам адамның қатысуымен тойланды. Іле-шала Қазақстанның барлық шаруашылықтары, өндіріс мекемелері, жоғары оқу орындары, мектептері, тіпті, ауруханаларға дейін айтулы мерекені өздерінше атап өтті.
Сол жылы Наурыз мейрамы қыркүйек айының ортасына дейін тойланды. Наурыздың арғы-бергі тарихында мұндай ұзақ көлемде өткен мереке болмаған шығар. Келесі жылы Наурыз тойын Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түрікменстан республикалары және Ресей құрамындағы түркітілдес ұлттар мемлекеттік деңгейде мерекеледі.
Қуанарлық жағдай мынада: ЮНЕСКО 2009 жылдың 30-қыркүйегінде Наурыз мерекесін «адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы» тізіміне енгізсе, 2010 жылдың 10 мамырынан бастап БҰҰ Бас Ассамблеясының 64 қарарына сәйкес 21 наурыз – «Халықаралық Наурыз күні» болып аталды. Сондықтан да, баба дәстүріміз негізін құраған, шынайы бауырластықты аңсаған Наурыз мерекесін адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастыратын рухани күш, рухани парасат деңгейінде тойлау бәріміздің, әсіресе, бүкіл түркітілдес халықтардың ортақ міндетіне айналуын қалаймыз.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.