Iсмер әжеге теледидар тарту еттi

Пятница, 20 Март 2015 07:56 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 9015 раз

Республикалық «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында қарияларға құрмет көрсетілуде. Қалалық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Бекназаров және қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова 87 жастағы тыл ардагері, екінші топ мүгедегі Бибігүл Жұмағұлованың үйіне арнайы барды. Наурыз мерекесімен құттықтап, теледидар сыйлады.

DSC 0543Бибігүл Жұмағұлова Бәйдібек ауданы, Алғабас совхозының Үсіктас ауылында дүниеге келген. 1929 жылы Ташкент қаласына  көшіп, педагогикалық училищені бітіреді. Мұнан соң, еліне оралып, туған ауылындағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. «Еңбек Ері» медалімен марапатталған. Ұстаздықпен қатар, ісмерлікті де жақсы меңгерген әже әлі күнге дейін көзілдіріксіз инеге жіп өткізіп, кестесін тігеді.
Бибігүл әже тағдырдың тауқыметін көп тартты. Зұлмат соғысты да көрді, әкесі конфискацияға ілініп, отбасымен бас сауғалап Ташкентке қашып барды, балалар үйінде тәрбиеленді. Ал, 39 жасында жесір қалды, балаларынан да айырылды. Осындай қиындықтарға қасқая қарсы тұрған Бибігүл әже келген қонақтарға алғысын айтып, батасын берді.
– Осындай сый-құрметке ризамын. Мен бір жасап қалдым. Алланың берген ризығын көріп отырмын. Осыған да шүкіршілік етемін. Барлықтарыңа рахмет! – деді Бибігүл Жұмағұлова.
Қалалық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, алдағы уақытта Шымкенттегі 29 тыл ардагеріне сый-сияпат жасалынады.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.