КӨРГЕН АЗАБЫ КӨП ЖАУЫНГЕР КӨКЕНОВ

Среда, 19 Июнь 2024 06:40 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 136 раз

Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбындағы түйткілді мәселенің бірі –соғыс тұтқындарының жайы. Біздің өңірде де жазатайым жау қолына түсіп, ғұмыр бойы азап шеккен азаматтар аз емес. Солардың бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе ауылының тұрғыны, жауынгер Сейділда Көкенов. Ол 1915 жылы дүниеге келген. Бұрын сотты болмаған, шала сауатты, үйлі-баранды созақтық сарбаз 1940 жылдың азынаған ақпанында Қызыл әскер қатарына алынған.

 

№2904 архивтік қылмыстық істің анықтамасына сүйенсек, көрген қиыншылығы көп Көкенов 1941 жылдың тамызында, кескілескен шайқастардың бірінде жау қолында қалып, тұтқынға алынады. Сөйтіп, құжатта жазылғандай, 1942 жылы «Түркістан легионы» қатарына кіріп, Гитлерлік Германияға ақ-адал, қапысыз қызмет етуге ант беріпті-міс. Бірнеше жыл бойы басқыншылардың әскери нысандарын күзетіп, бөлім командирі деген білдей атаққа ие болғасын Польша партизандарының бүлігін басып-жаншуға да белсене қатысып, сан айқаста сыналып, ефрейтор шеніне дейін көтерілді деп көрсетілген. Яғни, осы жоғарыда тағылған айыптардың бәрі де түгелдей негізге алынып, 1950 жылдың 19 қыркүйегінде қайта тұтқындалған Көкенов КСРО ҚК-ның 58-1-бабы бойынша бар құқығынан бес жылға айырылып, дүние-мүлкі де тәркіленіп, 25 жылға сотталып, жазасын өтеуге еңбекпен түзеу лагеріне жіберілген.
Кеңестік сарбаз Көкеновтің қасіретке толы ғұмырына байыппен үңілер болсақ, отбасында 7 бірдей жаны бар отағасының өз еркімен Отанын оп-оңай сата салуы әсте мүмкін емес. Бейбіт заманда да билікке қарсы бір әрекеті жоқ, шала сауатты ауыл қазағының айналасы бірер жылда неміс тілін жетік меңгеріп, туған еліне, қарулас серіктеріне қарсы оқ атуы да күдік тудыратындай. Себебі сұрапыл соғыстан алдын туған ауылында колхоз бригадирі болып еселі еңбек еткен, көпке өнегелі жанның кенеттен өзгере кетуі де күмәнді.
Біздіңше, бар шындық мынада. Кеңес үкіметі соғыс тұтқындарының бәрін «опасыз» санап, қолға түскендерді құтқаруға еш шара жасамаған. Оның үстіне қатыгездігі шектен шыққан дұшпан да тұтқындарды «Түркістан легионына» күштеп кіргізгесін, кез келген сарбаздың ісіндегі «өз еркімен қосылды» деген сөйлемді сызып тастағанымыз абзал. Өйткені өмір мен өлім арбасқан адам төзгісіз жағдайдағы лагерьден тірі қалып, туған жерге түбі бір оралудың жалғыз жолы осы болуы да мүмкін. Сондықтан «Түркістан легионындағы» тұтқындарды түгелдей қаныпезер етіп көрсету де, біздіңше, дұрыс емес. Жалғыз Көкеновті осынау мақалаға өзек ете отырып, соғыс өртінің мыңдаған сарбаздың тағдырын күйреткенін де түсінгеніміз жөн. Олай дейтініміз, соғыс өрті бұрқ етіп тұтанғанда Белоруссияның Гомель каласындағы 115-атқыштар полкінің 3-пулеметтік ротасында қатардағы жауынгер болған Көкенов Минск қаласының аудандарында жасанған жауға қарсы ұрыстардың бірінде қапыда қолға түскен. Польша аумағындағы концентрациялық лагерьде де аз азап шекпегені анық.
Дегенмен, осынау №3026 іс бойынша айыпталған Көкеновпен қоса куәгер ретінде сотқа қатысқан Сейділданың «Түркістан легиондағы» серіктері Мәмедалиев, Балаубеков, Сағындықов, Айтжанов, Архабаев, Тәттімбетовтер де тағдыр тәлкегіне ұшырап, тұтқынға алынғаны, тергеуге ілікені мәлім. Солай болса да, советтік соттың Көкеновтің жанайқайына құлақ аспағаны анық. Соғыстың соңғы жылдарында ерекше ерлігімен көзге түскен Көкенов өзіне тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарып, үкім оқылған сәттегі ақтық сөзінде былай депті:
«... Маған тағылған айыптың дені түгелдей жала. «Түркістан легионы» қатарына күштеп кіргізілгенімді жоққа шығармаймын. Алайда, Польша партизандарына қарсы қару көтерген жоқпын. Мұны сіздер жазбасын ұсынған куәгер жауынгерлер де көрсетіп отыр ғой. Сондай-ақ, неміс армиясына қалтқысыз қызмет етуге де ант берген емеспін, «Басқа түссе, баспақшыл» дегендей, бар болғаны әскери нысандарды күзетуге қойылғаным рас. Бұл жұмыстан бас тарта алмаудың себебі, артымызда атар оғын кезеніп жау сарбаздары басқан ісімізді қалт жібермей қадағалап отырды. Жау қолынан ешқандай унтер-офицер шенін де, медаль де алған емеспін. Біздің бар ойлағанымыз бұл тозақтан қайтсек те тірі шығу болды. Брест маңындағы майданнан соң Минск төңірегінде тұтқынға түскенімді бұрын да сан мәрте айтқанмын. Қаныпезер жау тұтқынға түскен жаралы солдаттарды түгелдей атып тастап, бізді ну орманның ішімен жаяу айдады. Қайда бара жатқанымызды да білмейміз. Әйтеуір өлдім-талдым деп отырып 3-4 күнде бір лагерьге әкеліп, қойша тоғытып қамады. Біздің қалауымызбен кім санасып жатты дейсіз? «Түркістан легионына» қосылғанымызды да кейін бір-ақ білдік емес пе?!
Алдымен бізді Польшадағы лагерьге жөнелткен. Осынау Сетлида лагерінен ебін тауып қашып шығып, 15 күндей елсізбен қашып, түнде жүріп, күндіз бой тасалап жүргенімде Польша полициясының қолына түсіп, «Түркістан легионына» тапсырылдым. Сондықтан мені «легионға өз еркімен кіріп, жан-тәнімен беріле қызмет етті» деу қате. Кеңестік жауынгер тұтқындардың еркі өзінде болмағанын ескерсеңіздер екен.
Иә, шегінген жаумен бірге босып жүріп, лагерьден-лагерьге ауыстырылып жүріп, әскери дайындық ротасында еріксіз сабақ алғанымды жалған демеймін. Бірақ ешқандай шен алған емеспін. Бауырларыма қарсы ұрыстарға да қатыспадым. 1943 жылы Тембелин қаласында бізді көпірлерді күзетуге қойды. Күзетуге қойды деген аты ғана. Ту сыртымыздан мылтығын кезеніп неміс әскері тұрды. «Жазған құлда жан бар ма?», амал жоқ, дұшпанның айтқанымен жүрдік, айдауына көндік. Радом қаласында келгенде де қарауылдық жұмысқа жегілдік. Тұрмыс – тозақ, тамақ жоқ, талай тұтқын көз алдымызда жан тапсырды.
1945 жылдың қаңтарына дейін осында болдық. Жеңіс жақындап, неміс әскері өз басымен қайғы болып жатқанда, 20 шақты жауынгерді ертіп қашып шығып, жауды тықсырып қуып келе жатқан Кеңес әскеріне қосылдық. Майдандас серіктермен жылап көрістік. Осы жерде бізді қосымша полкке қосып, Белорусь майданына аттандырды. 120-гвардиялық атқыштар полкінде жүріп, қаншама қан кешкен ұрыстарға қатысып, Жоғары әскери басшылықтан әділ марапатымды алдым. Одан 222-гвардиялық атқыштар полкына ауыстырылғанда да адалдығымнан танбай, алғы шепке аттанып, қорықпай, қайсарлық танытқаным үшін тағы да қарулас серіктерім алдында Алғыс хатпен марапатталдым. Тіпті, әлгі
222-полк командирі менің ерлікке толы ғұмырымды көпке үлгі етіп, жоғары наградаға, медальдарға да ұсынған. Не кедергі болғаны маған беймәлім, марапаттатталғаным туралы қағазым қолымда болса да, аталған медальді сол күйі ала алмай жүрмін.
Осылайша соғыс бітіп, бейбіт күнде ел қатарлы тіршілік етіп жүргенімде, кенеттен қайта тұтқындалып отырмын. Тергеушілерден көрген зәбір-жаламды, азаптау мен қорлауды тәпіштеп айтпай-ақ қояйын. Жау қолында біз адамды аяусыз қорлаудың, айуандықтың атасын көрген жандармыз. Сондықтан мені таяқпен тізерлету, болмаған істі мойныма ілгіземін деп күні-түні қинау бос әурешілік деп ойлайтынмын. Осы тергеу камерасында күн сәулесін көрмей, аштықтан бұратылып, шөлге шыдамай, туыстарымды да қинағаннан соң амал жоқ, айтқан қағаздарына қол қойып беріп отырмын. Басқа амалым да қалмады. «Неміс әскерінің унтер-офицері болыпты-мыс» деген, өмірі көзім көрмеген жалған куәгерлердің де жазғандарын рас деп мойындаудан басқа жол қалмады. Шындығында мен бұл куәгерлерді де қатты аяймын. Олар да мен секілді тергеу тетігі қалай бұрылса, солай қисаятын, өмірде жолы болмаған өз бауырластарым. «Неге жаптым жала, жақтым күйеге барып отырсыз?» деп Балаубековті де жазғырмаймын. Расында менің ақтық сөзімді, ақиқатқа толы мұңымды тыңдайын деп отырған да жан жоқ. Әйтпегенде олар беталды лағып сөйлеп, көзбе-көз күстәналаған куәгер Балаубековтің менімен бір легионда мүлде болмағанын, басқа легионда аудармашы болып дұшпанға бас ұра қызмет еткенін анықтап, ақ-қарасын айырар еді. Жоқ, бәрі де керісінше болып, Балаубековтің айтуынша, немістердің әскери мектебінде тәлім алған антұрғанның өзі саналып, нақақтан-нақақ айыпталып отырмын. Анығы сол, қарақан басын аман сақтап қалғысы келген Балаубеков осындай жалған куәлікке барып, тергеушілер де менің шала сауаттылығымды пайдаланып, істі әдейі бұра тартып отыр.
Мен тұтқынға түскендегі күнәмді талай ұрыста қан төге отырып, ессіз ерлікке барып, жуып-шаюға барынша тырыстым емес пе? Сөйте тұра 25 жылға кесілгенімді естіп, есеңгіреп тұрмын. Соғысқа дейін де, соғыста да, соғыстан соң да ақ-адал қалпымда туған Отаныма қызмет еткенімді, қарт анам, буыны бекімеген, оң-соңын танымаған 4 балам барын ескеріп, істі қайта қарауларыңызды жүрегімнің зарын, көзімнің жасын төге отырып өтінемін. Тым құрыса, жазамды жеңілдетсеңіздер екен.
Берлинді алу кезінде көрсеткем ерлігім үшін берілетін медальды да кеш те болса алғым келетінін ағынан жарыла ақтарылып айтып отырмын. Ерлігім ескерусіз қалмай, әділеттің салтанат құратынына сенемін. Әскери Коллегияның да осының бәрін елеп-екшеп, оң шешім шығаратынына үміт артамын».
С.Көкеновтің тағдыры теперішке толы болды деуге толық негіз бар. Өйткені өмір-теңізде тұңғиыққа батпай, тұтқында да түнекке тұншықпай, туған елін жан сала қорғаған майдангер 5 жылға сотталып кете барған. Сондықтан саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау комиссиясы С.Көкенов секілді сарбаздардың жауынгерлік жолына да жіті үңіліп, саяси ақтауды қолдап жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Сейдехан ӘЛІБЕК,
тарих ғылымдарының докторы, М. Әуезов атындағы
ОҚУ колледжінің директоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.