«ТҮРКІЛЕРДІҢ ЕУРОПАДАҒЫ ІЗДЕРІН ЗЕРТТЕУ ҰЛТТЫҚ ТАРИХЫМЫЗДЫ БАЙЫТА ТҮСЕДІ»
Среда, 28 Апрель 2021 05:54Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы биылғы ең маңызды мереке екені талассыз. Ұлттық мерейтойды мерекелеу тұжырымдамасына сәйкес, әр ай белгіленген жеке тақырыппен өтуде. Атап айтқанда, наурыз айы елдің ұлттық дәстүрлері мен мәдениетіне арналса, сәуір айы «Ғылым және технологиялар» айдарымен өтуде.
Әбдіқадыр ДӘУІТБЕКОВ, М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың ғылыми қызметкері:
Осыған орай Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде көптеген мазмұнды іс-шаралар өтіп жатыр.
Соның бірінде аталған университеттің ғылыми қызметкері, Чуваш Ғылым академиясының академигі, Ресей және Чувашия жазушылар одақтарының мүшесі Әбдіқадыр Дәуітбеков оқу ордасының шәкірттерімен, магистранттар және докторанттармен кездесті.
Әбдіқадыр Дәуітбекұлы түркілердің көне тарихын, соның ішінде олардың Еуропаға жасаған жорықтары мен сол жерде құрған мемлекеттерін зерттейді. Кездесу кезінде ғалым шәкірттерді өз зерттеулерінің қорытындыларымен таныстырды.
Университеттегі «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығында өткен кездесуден соң бізге Ә.Дәуітбековпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Әбдіқадыр Дәуітбекұлы, ерте орта ғасырлардағы түркілер Еуропада қандай жетістіктерге жетті? Олар «кәрі құрлықта» қандай мемлекет құрды?
– Көне және ерте орта ғасырларда түрлі түркі тайпалары мен рулары Еуропада орасан зор жетістікерге жетті. Олар Еуропаның қақ ортасында көптеген мемлекет құрды. Олардың қатарында Баламердің ғұн империясы, Аттиланың ғұн империясы, Құбрат ханның Ұлы Болғариясы, Шамбаттың Дулобасы, Абар мен Хазар қағанаттары, Аспарухтың Дунай Болғариясы, Арпадтың Венгриясы және тағы басқалары бар. Бір сөзбен айтқанда, ІV-Х ғасырларда түркілер Еуропадағы күшті мемлекеттерді құрған. Олардың билігін бүкіл еуропалықтар мойындады. Ол кезде түркілерді ғұн деп атайтын.
– Кейбір ғалымдар ғұндардың түркі екеніне күдікпен қарайды ғой...
– Әлем ғалымдарының басым бөлігі ғұндардың түркітілдес болғанын растайды. Бұл – дәлелденген, мойындалған тарихи факт. Ерте орта ғасырларда ғұндар Шығыс Еуропада үстемдік құрғаны мәлім.
Тиісінше, олардың тілі өздері жаулап алған жергілікті халықтардың тілдеріне әсер етпей тұрмаған. Қазір ғалымдар ағылшын тілінде түркілік негізі бар 400 сөз кездесетінін анықтады. Ал неміс тілінде түркілік этимологиясы бар 2 мың сөз табылған. Сол сияқты венгр тіліне де түркілік 800 сөз енген. Украин тілінің 30 пайыз сөздері түркі тілдерінен сіңіскен. Олжас Сүлейменов пен Мұрат Аджи секілді зерттеушілер орыс сөздігінен де түркілік негізі бар көп сөз тапқаны баршаға белгілі. Демек, көне заманнан бастап түркі сөздері түрлі еуропалық халықтардың тіліне енген. Енді ойланып көріңіз, Еуропаға қоныс аударып, сол жердегі халықтарды бағындырып, өз мемлекеттерін құрған ғұндар түрік болмаса, олар түркі тілінде сөйлемесе, әлгі түркілік сөздер Еуропа халықтарының тіліне қайдан енген?!
Бұл – бір ғана дәйек, ғұндардың түрік екеніне қатысты көптеген тарихи деректер мен дәлелдер бар. Осы жерде нақтылап айта кететін мәселе, ғұндар үйсін-ғұн тілінде сөйлеген. Бұл – менің ашқан ғылыми жаңалығым.
– Қазіргі түркі тілдерінің ішінде үйсін-ғұн тіліне жақыны бар ма?
– Ол тілде қазір тек чуваш халқы сөйлейді.
– Сіз ғұндардың өз жазуы болғанын айтып жүрсіз. Солай ма?
– Иә, ғұндардың өз жазуы болған. Ол жазуды «Самра» деп атаған. Самра жазуы Орхон-Енисей жазбаларының бастауы, тіпті6 «атасы» десе де болады.
– Ол жазудың ескерткіштері бар ма?
– Оны сикей (сикели) дейтін халық сақтаған. Сикейлердің ұрпақтары Румынияда, Венгрияда, Боснияда әлі де кездеседі. Бұл халық өз жазуын ХІХ ғасырға дейін қолданған.
Осы жазудың ескерткіштері Ресейдің Татарстан, Чувашия Республикалары мен Пенза облысында сақталған.
– Сикей халқы туралы біз естімеген екенбіз...
– Бұл халық өздерін түркіміз, Аттиланның ұрпақтарымыз деп есептейді. Польша-Литва королі Стефан Баторий осы сикейлерден шыққан. Ғұн тарихын тереңірек тану үшін сикей халқының тарихын зерттейтін уақыт жетті деп ойлаймын.
– Шәкірттерге Баламер патша туралы қызықты деректер айттыңыз...
– Баламер –ғұндардың ұлы патшасы. Өмір жолын Оңтүстік Қазақстаннан бастаған. Ол – ғұндардың атақты патшасы Шөженің бесінші ұрпағы. Бұл мәліметті бізге болғар академигі Омельян Прицак жеткізді.
Шөже Тараз (Талас) қаласының негізін қалады. Ол кейіннен Қытай әскерінен жеңіліс тапты. Шөженің біраз ұрпақтары Сырдария алқабына ығысты. Осы жерде Баламер дүниеге келді. Ол парасатты және ақылды патша болды.
Шығыстан тағы қытай әскері қауіп төндіре бастады. Баламер елін Волга (Еділ) алқабына көшіруге мәжбүр болды. Сөйтіп, ғұндар Идель (жеті ел) халқының құрамына бейбіт жолмен енді. Баламер осы мемлекеттің қолбасшысы, одан кейін патшасы болды. Ол аландардың қуатты әскерін күйретті. Ендігі кезек герман тайпасы готтарға келді. Баламердің әскері оларды да ойсырата жеңді.
Ғұндардың патшасы елін Днепр жағалауына дейін көшірді. Осылайша ол үлкен империяның негізін қалады. Баламер – әйгілі Аттиланың бабасы.
– Иә, ғұндар туралы сөз қозғағанда Аттиланы айналып өту мүмкін емес қой...
– Әлемдік қоғам оны « І мыңжылдықтың ең даңқты адамы» деп таныған. Ұлы империяның негізін қалаушысы болған Аттила – Византия және Рим империяларының тізесін бүктірген әйгілі қолбасшы. Бүкіл Еуропа оны мойындады.
– Аттила анық түркі халықтарының өкілі ме?
– Иә, әрине, ол туралы ортағасырлық құжаттар бар.
– Қандай?
– «Именник болгарских ханов», «Мадгарская хроника», «Хроника Хунгария», «Кереш хроника», Бахши Иманның «Джагфар тарихы»,
Гази-Барадждың «Гази-Барадж тарихы», Микаәль Баштудың «Шан қызы дастаны», Орыс жылнамасы «Велесова книга» және басқалар.
– Бұл құжаттар ғылыми айналымға енген бе?
– Қазақ ғалымдары осы құжаттарды өз зерттеулерінде пайдаланса дұрыс болар еді.
– Аттиланның ұрпақтары туралы не айтасыз?
– Аттиланың әкесі Мынсақ (Моншақ).
Анасы қырғыздың қызы, әжесі славянның қызы болған. Ағасының аты Бегім (Бледа), қарындасы – Көркі (Харька) екен. Аттиланның ұл-қыздары көп болған. Олардың біразы патша тәжін киген.
– Батыс Еуропаның зерттеушілері Аттила әскері Каталаун шайқасында жеңіліс тапты дейді ғой...
– Ол пікір шындыққа жанаспайды. Керісінше, Рим әскерін Аттила күйрете жеңді. Каталун шайқасынан бір жыл өткенде, яғни, 452 жылы ғұндардың әскері Римге енді. Егер римдіктер Аттиланы жеңген болса, сонда жеңімпаз Рим әскері қайда қалды?!
– Аттила қазақ жерінде де болды деген дерек шындыққа жанаса ма?
– Ол туралы француз зерттеушісі Бувье Ажам «Аттила» атты кітабында жазған. Аттила қазақ жері арқылы Қытайдың шекарасына барған. Одан кейін кері қайтып, Византия және Рим империяларына жорық жасаған.
– Аттила туралы Сіз қандай еңбек жазғансыз?
– «Аттила и Гуннская Орда» атты кітабым 2018 жылы жарық көрді.
– Аттиланың бабалары туралы жазба құжаттар бар ма?
–Иә, бар. Венгрияда «Хроника Хунгария» атты еңбекте Аттиланың 38 бабасы көрсетілген. Оның бабалары мен ұрпақтары Бахши Иманның «Джагфар тарихи» кітабында да жазылған.
– Атилланың қай ұрпағы даңқты болды?
– Ұлы Болғарияның ханы Құбырат, Дулоба мемлекетінің патшасы Шамбат. Ағайынды екеуінің анасы қоңыраттың қызы болған. Оның аты Ақжан болған. Славяндар оны құрметтеп Аксения деп атапты.
– Мынау қызық екен. Сонда қазақтың қазіргі рулары мен тайпалары ғұндардың құрамында да болған ба?
– Иә, осы тарихи шындықты дәлелдейтін құжаттар, дерек пен дәйектер мол. Оларды өзімнің «Тамги Аттилы гуннов» атты кітабымда топтастырдым.
– Сол деректердің бір-екеуін айта кетсеңіз..
– Гази-Бараджаның «Барадж тарихы» атты еңбегінде көрсетілген дерекке сәйкес, 620 жылы Құбрат ханның інісі Шамбат Асқал деген елдімекеннің орнына Башту қаласын салды. Бұл жер қазіргі Киев қаласының орны болатын.
Қалаға бекініп алған соң Шамбат аварларға шабуыл жасап, жеңіске жеткен. Сөйтіп, Украинаның батысы, Венгрия мен Польша аумағында өз мемлекетін құрып, 33 жыл билік жүргізген. Ол мемлекетті өзінің шыққан тайпасының құрметіне Дулоба деп атаған. Жалпы, ғұн билеушілерінің көпшілігі осы дуло тайпасынан шыққан. Осы тайпаның таңбасы бейнеленген тарихи ескерткіштер Чувашияда, Шығыс Еуропаның көп жерлерінде сақталған. Бір қызығы, сол дуло тайпасының таңбасы дулаттардың Қазақ хандығының тұсындағы таңбасымен дәлме-дәл сәйкес келеді. Таңбасы бірдей, атауы да ұқсап тұр. Мұны жай ғана сәйкестік деп қалай айтасыз?!
Сол сияқты қоңыраттардың да Шыңғыс хан мен оның ұлдарының жеңімпаз әскерінің үлкен бөлігін құрағаны мәлім. Яғни, ХІІІ ғасырда қоңыраттар суперэтнос болған. Енді осындай үлкен тайпа аяқ астынан пайда болмасы, бір ғасырда қалыптаса қоймасы түсінікті ғой. Парсы жылнамашысы Рашид ад-Диннің «Жами-ат-Таварих» атты кітабында қоңыраттарды үш тармақтан таратады. Бұл қате байлам. Өйткені, бір тайпаның атауы VII ғасырдың да, XIIІ ғасырдың да тарихи деректерінде кездессе, демек оның мыңжылдықтарға ұласқан тарихы бар деген сөз.
Мен осы деректерді айтсам, кейбір азаматтар дұрыс қабылдай алмайды. Қазақ халқының құрамындағы ру-тайпалардың тарихының терең болуы ұлтымыздың тарихының терең әрі бай екенін айғақтай түседі. Бұл — бөліну емес, керісінше, біз осы тарихты тану арқылы қазақ халқының әр дәуірде даңқты империялар құрған, төл мәдениетін қалыптастырған ұлы халық екенін сезінеміз. Бұл ұлттық рухты көтеруге, отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге ықпал етеді.
– Демек, Еуропада бабаларымыздан қалған іздер жетерлік екен ғой...
– Иә, оларды тек терең зерттеу керек. Ол жаққа ғылыми экспедициялар ұйымдастырып баруымыз қажет. Түркілердің Еуропадағы іздерін зерттеу арқылы ұлттық тарихымызды байыта түсеміз. Міне, осы тұрғыдан алғанда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті үлкен жұмыс атқарылуда. Жалпы, бұл оқу ордасында ғылым бағытына ерекше назар аударылып отыр. Зерттеушілердің ғылыми ізденісіне жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр.
– Сіз Зубрч мүсінінің де тарихын зерттедіңіз...
–Батыс Украинада 1848 жылы Збруч мүсіні табылғаны белгілі. Оны академик Борис Рыбаков және басқа ғалымдар славяндардың тарихи туындысы деп қорытынды жасаған. Ол шындыққа жанаспайды. Збруч мүсіні түркілерге тиесілі. Бұл сөзіме дәлелдер мол. Оларды біз журнал мен газеттердің бетіне жарияладық.
– Бұл үлкен жаңалық қой. Зубрч мүсінінің түркілерге тиесілі екеніне нақты қандай дәлелдер бар?
– Екі дәйек айтайын: Біріншіден, бұл мүсін үш деңгейден немесе үш қабаттан тұрады. Жоғарғы – тәңірлік, ортаңғы – адамдық, төменгі – жерастылық. Түркілердің тәңірлік сенімі бойынша әлем осы үш деңгейден құралған. Ол заманда славяндарда мұндай наным-сенім болмаған. Екіншіден, славяндар ол заманда мүсіндерді тек ағаштан жасаған. Тасты қашап, балбал жасау тек түркілердің дәстүрі. Оған қоса Зубрч мүсінінің бетінде түркі халықтарына тән көптеген таңбалар бейнеленген. Демек, бұл мүсін ғұн, болғар билеушілерінің құрметіне жасалған болуы әбден мүмкін.
Түркілердің тағы да бір туындысы біздің назарымызда. Ол – ІХ ғасырда жазылған «Шон қызы дастаны». Бұл еңбек Киев қаласында жазылған. Авторы – Микаэль Шамс Тебир Башту. Осы дастанды қазақ тіліне аудару қажет. Сонда бабаларымыздың көптеген рухани байлығына көз жеткіземіз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
ТӘУЕЛСІЗДІК – қастерлі құндылығымыз
Пятница, 23 Апрель 2021 09:09
—Бахадыр Мәдәліұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қатардағы мерейтой ретінде қарауға болмайтынын, ол – тарихи мәні бар оқиға, болашаққа деген ұстаным мен көзқарасты айқындайтын маңызды белес екенін айтты. Осынау тарихи белесте тұрып өткенге көз тастап, ел болып жеткен жетістіктерімізді ой елегінен өткізген жөн сияқты...
—Қай халықтың болмасын Тәуелсіздікке ұмтылысы қашан да кедергі мен күреске толы болғаны баршаға аян. Қазақ халқы да ғасырлар бойы ұлт-азаттық күрестің сан алапат сынақтарын сабыры мен төзімінің, болашаққа деген сенімі мен өр рухының арқасында жеңіп шықты. Тәуелсіздіктің отыз жылдығы – осы ауыр жолда тағдырдың талай сынағына төтеп беріп, бар ғұмырын бостандық жолында күреске арнаған боздақтардың жанкешті еңбегі мен ерен ерлігін еске алатын қастерлі мереке.
Тәуелсіздік – қазақ халқының басына қонған бағы, барша қазақстандықтардың ең қастерлі құндылығы. Ал, Тәуелсіздіктің ең басты жетістігі қайсы десек, сөз жоқ, ол – халықтың ынтымақ-бірлігі мен қоғамның тұрақтылығы. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында елімізде этносаралық және конфессияаралық толеранттылықтың керемет үлгісі қалыптасты. Әрбір азаматтың этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Ата Заңымызда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім мен өзара түсіністік орнады.
Тәуелсіздік шежіресінде алтын әріптермен жазылатын тамаша табыстарымыз бар екені баршаға аян. Басқасын айтпағанда, Тәуелсіздіктің төл туындысы – Нұр–Сұлтан қаласы бүгінде әрбір қазақстандықтың көз қуанышы мен көңілдегі зор мақтанышына айналды. Қарыштап өсіп келе жатқан жасампаз қалаға қарап жастар жігерленіп, биік мақсаттарға ұмтылса, аға буын өкілдері бүгінгі бейбіт өмірімізге, алаш жұртының қол жеткізген толағай табыстарына шүкіршілік етеді.
Қазір айтуға оңай болғанымен, сол уақытта Қазақстан секілді жас мемлекеттің орталығын бір қаладан екіншісіне ауыстыру, расында да, тарихи шешім еді. Елбасы жаңа қала салу арқылы бір жағынан экономиканы өрлетіп, халықтың рухын оятып, ертеңге деген сенімін арттыруға болатынын, екінші жағынан астананы республиканың географиялық орталығына көшірудің ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан тиімді екенін күні бұрын бағамдай білді. Ұлт Көшбасшысының осынау көреген шешімінің дұрыс екенін бүгінде уақыттың өзі дәлелдеп берді. Елорда еліміздің экономикалық, саяси, мәдени өмірінің қайнаған ортасына айналды. Бұл қала жаһандық сәулет өнеріндегі бірден-бір «ғасыр жобасы» деп сеніммен айта аламыз.
Тәуелсіздік кезеңіндегі тағы бір ұлы жетістігіміз — шекараның шегенделуі. Қазақстан барлық көршілес елдермен құрлықтағы және теңіз айдынындағы шекарасын айқындап, оны халықаралық нормаларға сәйкес құжаттандырып алды. Бүгінде Қазақ елінің Біріккен Ұлттар Ұйымы мен бүкіл халықаралық қауымдастық тарапынан бірауыздан мойындалған заңды шекаралары бар.
Бұл істің ұлттық қауіпсіздік пен аумақтық тұтастықты қорғау тұрғысынан қаншалықты маңызды екенін соңғы жылдардағы геосаяси жағдай айқын көрсетіп отыр. Алысқа бармай-ақ, Ресей мен Украина арасындағы саяси дағдарыстың да негізінде сол шекара, территория мәселесі жатқанын көріп отырмыз. Көршілес елдің кейбір саясаткерлері арандатушылық әрекетке барып, аумақтық тұтастығымыз жөнінде ұлттық мүддемізге қайшы әңгімелер айтқаны да белгілі. Бірақ, енді кім не десе де біздің тасқа басылып, құжаттармен бекітілген мемлекеттік шекарамыз бар.
Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Біз шекара мәселесін шешумен нақты айналысып жатқан кезде кейбір саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «біз бұған асықпайық», «кейін де келісуге болады» деп арқаны кеңге салғысы келгені есімізде. Келіссөздерді табандылықпен жүргізіп, іргемізді дереу қымтап алғанымыз өте дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды» деп атап өтті.
Бір ауыз сөзбен айтқанда, Қазақстан осы отыз жылда ғасырға бергісіз даму жолынан өтті. Тәуелсіздік жылдарында елімізде жүргізілген саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени реформалар мен олардың нәтижелерін бір сұхбатта түгел айту мүмкін емес. Дана халқымызда «Тау алыстаған сайын биіктейді» дейтін ұлағатты сөз бар. Қазақ елінің осы 30 жылда жеткен жетістіктеріне тарих өзінің лайықты бағасын беріп, келер ұрпақ бұл кезеңді мақтанышпен еске алады деп сенеміз.
—Осы жылдары Шымкент қаласы да дамудың жаңа деңгейіне көтеріліп, заманауи мегаполиске айналды емес пе?
—Дұрыс айтасыз, осы жылдарда Шымкент қаласы тәуелсіз елімізбен бірге дамып, көркейіп келеді. Тәуелсіздік жылдарындағы табыстарға тоқталар болсақ, барлық салаларда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Мәселен, осы 30 жылда 104 жаңа кәсіпорын ашылған. Олардың басым көпшілігі «Оңтүстік», «Тассай» индустриялық аймақтары мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жұмыс істеп тұр.
Қаланың әлеуметтік инфрақұрылымы айтарлықтай жетілді. Нақты айтар болсақ, 1991 жылы қала аумағында 72 мектеп болса, бүгінде 170-тен астам білім ұясы жұмыс істейді. Тоқсаныншы жылдардың басында Шымкентте 27 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істесе, қазір 88-ге жетті. Қалада психикалық сауықтыру орталығы, кардиологиялық, перинаталды, «Мейірім», «Ана мен бала» сауықтыру орталықтары, медициналық құрал-жабдықтарды залалсыздандыру орталығы, қалалық кардиологиялық орталықтың жаңа кардиохирургиялық корпусы сияқты заманауи ірі медициналық мекемелер ашылды. Сондай-ақ, қан орталығы мен үш бірдей қалалық емхана бой көтерді.
Тәуелсіздік жылдарында Шымкентте мәдениеттің дамуына айрықша көңіл бөлінді. Қалада қазақ драма театры, опера және балет театры, «Түркістан» салтанат сарайы, «Әл-Фараби» әмбебап кітапханасы пайда болды.
Біз спорт саласындағы жетістіктерімізбен де мақтана аламыз. Тәуілсіздікті енді алған кезде Шымкентте 337 спорт нысаны болса, бүгінде 856-ға жетті. Қазір Шымкентте спорттың барлық түрлері бойынша база қалыптасқан: жеңілатлетикалық спорт кешені, халықаралық теннис орталығы, халықаралық стандарттарға сәйкес салынған орталық су спорты кешені, «Жоғарғы шеберлік мектебі» спорт кешені, көркем гимнастика спорт мектебі, Бадам су қоймасында орналасқан су спорты және ескек есу бойынша оқу-жаттығу базасы, бокс клубының денешынықтыру-спорттық кешені мен 4 спорт мектебінің ғимараты салынды.
Ең бастысы халықтың жайлы өмір сүруіне барынша жағдай жасалуда. Әсіресе, халықты баспанамен қамту мақсатында тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Тәуелсіздік жылдары Шымкентте 5,4 миллион шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілген. Оның басым бөлігі соңғы онжылдықтың еншісінде. Бүгінде Шымкент тұрғындарының 95 пайыздайы орталықтандырылған ауыз су жүйесін пайдаланады. Сапалы жолдарының үлесі артып, қоғамдық көлік жаңартылып жатыр.
Иә, жеткен жетістіктеріміз көп. Бірақ, қазір оған оған тоқмейілсіп отыратын уақыт емес. Бүкіл әлем тез өзгеріп, жаңарып, дамып жатыр. Елбасы Жарлығымен 2018 жылы Шымкентке республикалық маңызға ие қала мәртебесі берілгені белгілі. Бұл тарихи оқиға қаланың дамуындағы бетбұрысты кезең болды деп айта аламыз. Қазір Шымкенттің жаңа, кең тынысы ашылып, ол дамудың сапалық тұрғыда жаңа деңгейіне көтеріліп келеді. Алдағы онжылдықта Шымкент адам танымастай өзгеріп, мегаполис дейтін атына заты сай заманауи қалаға айналарына сенеміз. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің басшылығымен Шымкентті экономикасы қуатты, кәсіпкерлік пен өндірісі дамыған, өмір сүруге қолайлы әрі қауіпсіз қала ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Атап айтар болсақ, алдағы 5 жылда Шымкентте 3 миллион шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. Әкімдіктің жоспары бойынша Шымкентте 2025 жылға дейін 85 мектеп салынады. Оның кем дегенде 70 пайызы жеке инвесторлардың қаржысына бой көтермек. Олар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істейді. Бұл үш ауысымды, апатты мектептердің проблемасын шешіп қана қоймай, қаладағы білім берудің сапасын арттыруға да оң ықпал етеді. Тап осы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәжірибесі медицина саласында да кеңінен қолданылуда. Бір ауыз сөзбен айтқанда, жақын келешекте Қазақстанның барлық өңірлерінен адамдар Шымкентке жұмыс істеуге, білім алуға, емделуге және саяхаттауға келіп, қаламыз шын мәнінде республикалық маңызға ие ірі орталыққа айналады.
—Президент бұл мерейтойда құр даңғазаға ұрынбай, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартатын нақты істер атқарылуы керектігін, мерекеге лайықты тарту сол болатынын айтқан еді. Шымкентте бұл бағытта қандай істер атқарылуы жоспарланып отыр?
—Иә, қазір даңғаза той өткізіп, ас ішіп, аяқ босатқанға мәз болатын уақыт емес. Оның үстіне бүгінде бүкіл елдегі эпидахуал күрделі болып отыр. Оның қашан жақсаратынын, қашан коронавирустан толық арылатынымызды тап басып айту өте қиын. Сондықтан, ұраншылдыққа салынып, жалаң іс-шараларға әуестенбей, тұрғындарды олардың күнделікті өмірін жақсарта түсетін нақты істермен қуантқан жөн. Міне, сондықтан Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары шаһардың бюджетін бекіткен кезде тұрғындар үшін ең өзекті мәселелерге басымдық берілуін қадағалады. Қаланың көркеюі, инфрақұрылымдық дамуымен қатар шеткі елді мекендердің проблемалары да назардан тыс қалған жоқ.
Қаланы көркейтуге бағытталған барлық жұмыстар жүйелі түрде, әрі «Nur Otan» идеясының 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасына және Шымкент қаласының бес жылдық даму жоспарына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Мәселен, Шымкентте биылғы жылы 8 тұрғын алабына газ құбырын тарту жұмыстары басталып, оның бесеуінің құрылысы аяқталады. Осының есебінен 11 мыңға жуық тұрғын газбен қамтылып, көрсеткіш 93 пайызға жетеді. Оған қоса 3 магистралды және 9 тұрғын алаптың ауыз су құбыры жүргізіледі. Бұл бағыттағы жұмыстарға 15,6 млрд. теңге қаралып отыр. Осының есебінен 26 мыңға жуық адам таза ауыз суға қол жеткізеді. Сөйтіп шымкенттіктердің 98 пайызы орталықтандырылған құбырдан таза ауыз су алатын болады.
Биыл 10 тұрғын алабында электр желілерінің құрылысы жүреді. Сөйтіп 21 мыңнан астам адам сапалы электр қуатына қосылады. Қамту көрсеткішін 97 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға республикалық және жергілікті бюджеттен 12 млрд. теңге қаржы бөлінген. Міне, осының бәрі қала тұрғындары үшін өте өзекті мәселелер. Және бұл Шымкентте биыл атқарылатын ауқымды жұмыстың кішкентай бір бөлігі ғана. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында осындай мәселелердің оң шешілуі қуанышты жағдай.
Иә, бір қарағанда мұның бәрі ағымдағы жұмыстар, күнделікті тіршіліктің қамы болып көрінуі мүмкін. Ал, шын мәнісінде халықтың тұрмысы мен әлеуметтік жағдайын жақсарту – мемлекеттілікті нығайтып, Тәуелсіздікті баянды етудің негізі. Қазақ елі осы күнге дейін асқақ асуларды бағындырды. Ендігі міндет, Қасым-Жомарт Кемелұлының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты еңбегінде айтылғандай, елдіктің үш тұғырын, негізгі үш құндылық – жеріміздің тұтастығын, ана тіліміздің мәртебесі мен халқымыздың ынтымақ-бірлігін сақтау болып отыр. Халқымыздың бірлігі бекем болса, кез келген қиындықты еңсеретініміз анық. Олай болса, Қазақстан Мәңгілік ел мұраттарына қарай сеніммен қадам баса бергей дейміз!
—Әңгімеңізге рахмет!
Қазақ әйелі теңдіктен бұрын, мейірімге мұқтаж
Пятница, 16 Апрель 2021 07:03
Бүгінгі қоғамда әйел тақырыбы қай кездегіден де өзекті болып тұр. Бұл төңіректе қаншалықты күрделі өзгерістер орын алып жатқанын, қаншалықты өткір проблемалардың қордаланғанын наурыз айында Алматыда өткен феминистер шеруі көрсетіп берді. Иә, бұл оқиғаны біздің қоғам әрқилы қабылдады. Бұл тақырып біраз уақыт әлеуметтік желілердегі пікірталастардың да тұздығына айналды. Қазақ аудиториясының басым бөлігі «бұл біздің болмысымызға жат дүние», «бұларда ұят жоқ па» деп наразылық білдіріп, тіпті кейбірі «азғындар» деп балағаттап жатты.
Жат жарылқамайды...
Сөз жоқ, сол шеруде айтылған ұсыныстар мен ұрандардың бәрін тегіс мақұлдау, қолдау мүмкін емес. «Нас убивает патриархат» деген ұранмен қалай келісесіз?! Оның үстіне аталған шеруді ұйымдастырған «КазФемом», «Феминита», «Фемагора», «Фемсреда» секілді қоғамдық ұйымдар радикал-солшыл және анархо-феминистік бағыттарды ұстанады. Соңғы онжылдықта Қазақстанда феменизмнің «үшінші толқынын» бастап, ЛГБТ қозғалыстарды қалыптастыруға атсалысқан бұл ұйымдар лесбияндардың құқығын қорғауды және біржынысты некені заңдастыруды мақсат тұтады. Басқасы басқа тап осы ұйымдардың қазақ ұлтына жаны ашымасы, мемлекетіміздің болашағы оларды алаңдатпайтыны анық қой. Керісінше, олардың қазақ руханиятын тамырынан балталап, дәстүрлі құндылықтарымыздың күлін көкке ұшыруды көздейді.
Сол себепті Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның осы мәселеге алаңдаушылық білдіріп, депутаттық сауал жолдағаны орынды деп ойлаймыз.
— Бұл бір қарағанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шеру секілді көрінеді. Бірақ шерудің күн тәртібі мүлде басқа арнаға лағып кетті. Мұндай шерулердің басты мақсаты – әйелдің құқығын қорғау емес. Дәстүрлі емес некені сырттан бізге таңу, қоғамда қабылдай алмай жатқан дүниелерге жұрттың бойын үйрету, қажет болса, оны насихаттау, – деген халық қалаулысы феминистердің шеруінде айтылған сөздер әлеуметтік желіде кеңінен таралғанын жеткізді.
— Ол видеоларды балаларымыз да көретінін ескерсек, ұлттық тәрбиеге қаншалықты нұқсан келіп жатқанын аңғаруға болады. Осы шеруде айтылған сөздер кәдімгідей қазақпен ерегісетін сияқты көрінеді. Қазақ «қызға қырық үйден тыю» десе, олар «қызға қырық үйден бостандық» дейді. Қазақ «ұят – беттің пердесі» десе, олар «өз ойыңды айту ұят емес» дейді, «менің жатырым – менің ережем» дейтін де ұран болады екен. Ұяттың шеңберінен шықпай-ақ, адамның құқығын сақтауға болады.
Осыған байланысты ол Алматыдағы феминистер шеруін өткізуге рұқсат бергендерді тексеруді ұсынды.
— Алматыдағы шерудің заң талаптарына сай болған-болмағанын, экстремистік топтардың еркін алаңға шығуына қала әкімдігі жол берген-бермегеніне сараптама жасауды, әрі балаларды зиянды ақпараттан қорғау бағытында жыныстық азшылық топтың азғындығы, біржынысты неке тәрізді құбыжық құбылыстардан сақтайтын заң нормаларын парламентке енгізуді қарастыруды ұсынамын, - деді депутат. Дегенмен...
3 жылда 347 әйел құрбан болды
Егер біз дамудың дұрыс жолын табамыз, өркениет көшінен қалмай, бәсекеге қабілетті ұлтқа айналамыз десек, онда кез келген сынды байыппен қабылдап үйренуіміз керек. Тіпті, бізге қарата орынсыз мін тағу мен айыптау айтылған кезде оған тойтарыс берумен қатар ол әңгіменің түбіне үңіліп, ақыл таразысына салуды үйренсек бұдан тек ұтарымыз анық. Айтайын дегеніміз, феминистерді сынап-мінеу немесе оларға тура жол көрсетуге тырысып ақылгөйсу оңай (Бірақ, Сіз қанша айтсаңызда енді бұл топтың көзқарасы мен дүниетанымы да, өмір салты да өзгермейді).
Қиыны – санамызға әбден сіңіп кеткен стереотиптерді шетке ысырып қойып, осы бір әлеуметтік азшылық топтың айтқанын тыңдау, олардың бұндай дәрежеге қалай жеткенін түсінуге тырысу. Иә, тыңдауымыз керек. Өйткені, олардың шеруде айтқандарының басым көпшілігі шектен шыққандық болғанымен, арасында өте өзекті қоғамдық, әлеуметтік проблемалар да бар. Оның үстіне қазақтың кешегі ұяң қызы мен салиқалы әйелі бір күнде, аяқастынан белсенді феминистке немесе лесбиянға айналып шыға келген жоқ қой. Оның бұлай өзгеруіне қандай факторлар әсер етті? Дәстүрлі қоғамдық құндылықтарды қорғап, отбасы институтын сақтап қалғымыз келсе осы сауалдардың төңірегінде ойлануға, тіпті бұл проблемаларды тереңірек зерттеуге міндеттіміз. Сонымен...
Біріншіден, шерушілердің басты талабы — тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтіп, жазаны қатаңдату керек. Бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін түсіну үшін мына деректерге назар аударыңыз. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша әзірленген «Қазақстандық отбасылар – 2020» атты ұлттық баяндамада жазылған мәліметке сәйкес, 2017-2019 жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты 2 371 факт тіркелген. Оның ішінде 347 қылмыс адам өлімімен аяқталған. Өткен жылдың алғашқы жартысында да бұл көрсеткіш азая қоймаған. Бар-жоғы 6 айдың ішінде 60 әйел өз отбасының мүшелерінің, өз жақындарының қолынан опат болған.
Ұлттық баяндамадағы деректер Шымкет қаласында отбасылық зорлық-зомбылық салыстырмалы түрде аз кездесетінін көрсетеді. 2017-2019 жылдары 58 қылмыстық іс қозғалса, 2020 жылдың бірінші жартысында 16 жағдай тіркеліпті. Алайда, отбасында орын алған қылмыстар «қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» деген түсінікпен жасырын күйінде қала береді. Көптеген құрбандар өздерінің дәрменсіздігіне байланысты құқық қорғау органдарынан көмек сұрамайды. Оның себебі ретінде мамандар құрбандардың жасын, адамның психологиялық сипаттамаларын (мысалы, бұрыннан қалыптасқан психологиялық синдромдар мен тәуелділік), зорлық-зомбылықтың қайталануы мен жағдайды шиеленістіруден қорқуын және құқық қорғау органдарына деген сенімнің болмауын көрсетеді. Демек, Шымкентте де орын алып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары ресми статистикаға қосылмай, көпшілікке жарияланбай жатқан болуы әбден мүмкін.
Мәселенің қаншалықты қиын екенін түсіну үшін мынадай бір дәйек айтайық: Әлемді үрейлендіріп тұрған террористік шабуылдар Қазақстанда 2011-2012 жылдары жиілеп кеткен болатын. Сол 2 жылда терористік актілер кезінде 30-дан астам адам ажал құшқан болса, оның тең жартысы жанкештілер мен террористер болатын. Одан кейінгі жылдары мемлекет террористердің әрекеттеріне тосқауыл қойып, мұндай оқиғаларды азайта алды. Айтайын дегеніміз, Қазақстанда тұрмыстық-зорлық зомбылықтың салдары терроризмнен де асып түскендей. Құрбан болғандар жөніндегі қаралы статистика бізді осындай қортынды жасауға мәжбүр етіп отыр.
Иә, соңғы жылдары Қазақстан үкіметі осы саладағы заңнаманы бірнеше рет өзгертті. Алайда, сарапшылар бұл нормалардың әйелдерді толықтай қорғау үшін әлі де жеткіліксіз екенін алға тартады. Мамандар әсіресе, әйелдерге психологиялық қолдау көрсету мен олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігін айтады. Бір сөзбен айтқанда, әйел баласына қол көтеру дәстүрге де, шариғатқа да, адамгершілікке де сыймайтын нақұрыс әрекет екенін, ал, заң бойынша мұның қылмыс болып саналатынын және мұндайға барғандар тиісті жазасын алатынын жас ұрпақтың санасына сіңіру қажет.
Бәс тігуге – 79 миллиард
Екіншіден, әйелдер қауымы тек физикалық тұрғыда емес, психо-эмоционалды және экономикалық тұрғыдан қысымға ұшырайтыны да белгілі. «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген зерттеулердің қортындысы бойынша елдегі отбасылардың 68,1 пайызын ер азаматтар жеке дара басқарады. Сауалнамаға қатысқандардың 23,2 пайызы «шешімдерді бірлесіп қабылдайтынын» айтса, тек 3 пайызы ғана отбасын әйел адамның басқаратынын атап көрсеткен. Әрине, әділеттілік және адамгершілік қағидаларын ұстанса, ер адамның отбасын басқаруына көпшілік қарсы болмас еді. Бірақ, әлеуметтанушылардың пікірінше, ер адамдар өздерінің жеке дара билігін, әйелінің оған қаржылық тұрғыда толықтай тәуелділігін пайдаланып қысым көрсету мен шектен шығуға жиі барады екен.
Мәселен, «Қазақстандық отбасылар – 2020» ұлттық баяндамасында көрсетілген деректер бойынша, 2019 жылы қазақстандықтар букмекерлік компанияларға 79 миллиард теңге (!!!) жұмсаған. Мұның қаншалықты көп ақша екенін білесіз бе? Бұл қаржыға әрқайсысы 1 200 орынды 40 мектеп салуға болады! Отбасын басқарып, бар ақшаны қалтасына салып жүрген талай еркек тапқанын бәс тігіп ұтылып жатқанда олардың әйелі мен бала-шағасы ішер ас пен киер киімге жарымай жүр. Бұрындары ерлі-зайыптылардың ажырасуына көбіне ерлердің ұрып соғуы мен маскүнемдікке салынуы себеп болса, қазір еркектердің құмар ойындарына, оның ішінде букмекерлік кеңселерге бәс тігуге шектен тыс әуестенуі солардың қатарына қосылған. Нақты айтар болсақ, 2019 жылы Қазақстанда 59 796 (Шымкент қаласында – 2 843) ерлі-зайыпты ажырасса, соның әрбір бесіншісіне ер адамның құмар ойындарға/бәс тігуге әсеутенуі себеп болыпты. Міне, біз әдетте қозғағымыз келе бермейтін гендерлік теңсіздік проблемасының артында қаншалық күрделі мәселелер жатқанын байқадыңыз ба?!
Түсік жасатушылар көбейіп тұр...
Үшінші бір күрделі мәселе – әйелдердің репродуктивті денсаулығы. «Қазақстандық отбасылар – 2020» ұлттық баяндамасында көрсетілген мәліметтер бойынша Қазақстанда 15 186 әйел бедеулікпен сырқаттанған. Сорақысы сол, әйелдердің бедеулікке ұшырауының ең жиі кездесетін себебі – күйеуінің жеке тәртібі екен. Яғни, ер адамдардың төсектегі серіктесін жиі ауыстыруы олардың жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды жұқтыруына себеп болады. Бұл инфекция өз кезегінде әйеліне жұғады. Күйеуіне қаржылық және психологиялық тұрғыда толықтай тәуелді болғандықтан көптеген әйелдер бұл инфекцияларды уақтылы әрі толықтай емдете алмайды. Салдарынан әйел адам өмір бойына бала сүю мүмкіндігінен айырылып жатады.
Өкінішке қарай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша Қазақстан «әйелдердің түсік жасауы жиі кездесетін» мемлекеттердің қатарына жатады. Елімізде өмірінде бір рет болсын түсік жасатқан туу жасындағы әйелдердің саны 1 мың әйелге шаққанда 35-ке тең. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Мәселен, 2019 жылы Қазақстанда 15-18 жас аралығындағы 1 147 бойжеткен жасанды түсік жасатса, 19-49 жас аралығындағы 4 432 әйел осындай әрекетке барыпты. Мамандар түсік жасатушылардың көп болуына жыныстық өмірдің ерте басталуы (14-15 жас), жыныстық және репродуктивтік білімнің төмендігі, отбасын жоспарлау тәжірибесінің жетілмегендігі мен медициналық қызметтің сапасыздығы себеп болатынын алға тартады.
P.S. Қазақ әйелі... Қазір ол өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы дорба арқалаған ауыр бейнетінен құтылған да шығар. Бірақ, оның мойнына жаңа заманның жаңа ауыртпалықтары түсіп отыр. Ол біреуге тәуелді болып, қадірін жоғалтпауы үшін терең білім алуы, өзін тұлға ретінде дамытуы, ерлермен бірдей тынбай еңбек етуі тиіс. Бірақ, оларды отбасының ұйытқысы болу мен бала тәрбиелеу дейтін міндеттерінен ешкім босатқан жоқ. Сондықтан ол қазір қай кездегіден де батыл әрі күшті болуға мәжбүр болып отыр. Ал, асылында әйелдің табиғаты күштілікке емес, нәзіктікке негізделетіні белгілі.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақ әйелі дәл бүгін феминистер айтқан теңдіктен бұрын қамқорлық пен мейірімге мұқтаж. Ер азаматтар, отбасы, тіпті, қоғам мен мемлекет те әйелдерді мейірімге бөлеп, өзін нәзік сезінуіне мүмкіндік берсе, шіркін. Сонда қазақ әйелі шын бақытты болар еді...
«НҰРЛЫ ЕРТІС» ШЫМКЕНТТІКТЕРДІ ШАҚЫРАДЫ
Пятница, 09 Апрель 2021 03:38Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағытын, яғни «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» бағытын түсіндіру және насихаттау мақсатында Шымкент қаласына Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарынан арнайы делегация келді.
«Вакцинаның денсаулыққа зиянды әсері жоқ»
Среда, 07 Апрель 2021 03:40Дүйсенбі күні Қазақстан бойынша 1809 адам вирус жұқтырған. Оның ішінде 30-ы Шымкент қаласының тұрғындары. Осыған орай біз Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс Бас эпидемиологы Гүлмира ӘЛІМБАЕВАМЕН сұхбаттасқан болатынбыз.
Мырзабай МЕЙІРБЕКОВ, тарих ғылымдарының кандидаты: МЕМЛЕКЕТСІЗ ЕМЕС, МЕМЛЕКЕТШІЛ ХАЛЫҚТЫҢ ҰРПАҒЫМЫЗ
Пятница, 02 Апрель 2021 03:51— Мырзабай Балтабайұлы, өркениетті мемлекет болу жолында елімізді біріктіріп, қоғамды топтастырып, дамуға негіз болатын ғылымның бірі – Отан тарихы. Дегенмен, кешегі кеңестік дәуірде төл тарихымыз өз елімізде өгей баланың күйін кешті емес пе?
572 МИЛЛИОН: БҰЛ – ТЕК НАУРЫЗҒА ЕМЕС, БІР ЖЫЛҒА БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ
Пятница, 26 Март 2021 04:00Биыл қалада «Наурыз Шымкенттен басталады» атты ауқымды жоба қолға алынғаны белгілі. Жергілікті биліктің бастамасымен Шымкентте Наурызға байланысты 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде халықаралық деңгейде өткендері де бар. Алайда, әлеуметтік желіде кейбір блогерлер Наурызды тойлауға жұмсалған бюджет қаржысын қызу талқылап жатыр. Осыған орай, біз қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада ЕСЕНОВАМЕН сұхбаттасып, жағдайды түсіндіріп беруді сұраған едік.
НАУРЫЗДА ДАЛАНЫ ҒАНА ЕМЕС, САНАНЫ ДА ҚОҚЫСТАН ТАЗАРТСАҚ
Пятница, 19 Март 2021 03:59Наурыз адамзат тарихындағы ең көне мерекелердің бірі екені белгілі. Ғалымдар оның мыңдаған жылдық тарихы барын айтады. Олай болса, бұл мерекені осыншалықты өміршең еткен не? Әрине, бұл сұраққа саналуан жауап табуға болатын шығар. Бірақ, соның ішіндегі ең маңызды аргумент – Наурыз мерекесінің жаратылыс заңдарымен үйлесіп, табиғатпен бітеқайнасып жатқандығы болса керек.