МЕМЛЕКЕТТІҢ ӨНДІРЕТІН НЕГІЗГІ ӨНІМІ – СЕНІМ немесе ҰЛТ мүддесін тірек тұтқан КЕҢЕС
Среда, 28 Октябрь 2020 04:20"Тәуелсіздіктің 30 жылдығы — егемендіктің бізге берген игілігін саралау және құндылығын бағалау мүмкіндігі. Біз барлық табысқа азаттықтың арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік — ең асыл, ең қымбат, ең киелі құндылығымыз".
ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫН БӘСЕҢСІТУГЕ БОЛМАЙДЫ
Пятница, 23 Октябрь 2020 04:28Шымкент қаласы Абай ауданында биылғы жылдың 9 айында 50 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға кеміген. Урбанизация процесі қарқынды жүріп, қалада табиғи өсім де жоғары болып тұрғанда баспанамен қамту мәселесіне ерекше назар аудару қажет.
ҚОҒАМДЫ ТҰТАСТЫРАТЫН РУХАНИ ТҰҒЫРНАМА ҚАЖЕТ
Среда, 21 Октябрь 2020 04:06«Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Тәлім Trend» атты бағдарламаның ашылуы әлеуметтік желілерде, жалпы қоғамда қызу пікірталас тудырды. Бір жақ «Ұлттық арна толық мемлекеттің есебінен қаржыландырылады, халықтың ортақ қаржысына белгілі бір топтың діни-рухани көзқарастарын насихаттайтын бағдарлама ашуға болмайды, бұл арна зайырлы мемлекетшілдікті насихаттауы тиіс» деп дабыл қағуда. Екінші тарап «Бұл бағдарлама елдегі рухани-мәдени проблемаларды талқылауға арналған, онда отаншылдық, мейірімділік пен отбасы құндылықтары насихатталады және мұндай өнегелі әңгімені ата дінімізге арқа сүйеп айтқанда тұрған не бар?!» деп араша түсуге ұмтылып жатыр...
КӨЗІЛДІРІКТІ ҰЛТҚА АЙНАЛЫП БАРА ЖАТҚАН ЖОҚПЫЗ БА?..
Среда, 21 Октябрь 2020 03:54Ертеректе қазақ арасында жанары өткiр, қыран көздi адамдар көп болған деседі. Кең жайлауда асыр салып өскен ол уақыттағы ұл-қыздың көз бұлшық етi мен тiнi әбден шынығып, жанары алыстағыны анық көруге кішкентайынан дағдыланса керек. Қазір дәрiгерлер көзi 100 пайыз жақсы көретiн адамның көру қабiлетiн шартты түрде 1 бiрлiк деп есептейдi. ХIХ ғасырдың соңына дейiн төрт-бес бiрлiк көретiн мергендер қазақ арасында жиi кездескен екен. Сол мергендер қазір болса Головин-Сивцев кестесiнiң бiрiншi қатарын (Ш мен Б әріптерін) 200-250 метр қашықтықтан қиналмай оқыр едi. Ал, бүгiнде оны 50 метрден оқитын (1 бірлік көретін) адамдардың өзi сиреп барады.
ӘКІМ ҚОС ҚАЛАМГЕРДІ ҚАБЫЛДАДЫ
Пятница, 11 Сентябрь 2020 05:12
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Адамзат тарихының күретамыры – әдебиет. Бұл бәрімізге белгілі ақиқат.
Қай халықтың болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгісі – әдебиеті. Әдебиет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, әдебиетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті мен әдебиеті арқылы ғана басқаға танылады» деген болатын.
Қазақ халқының тарихы ғасырлар қойнауынан бастау алатын, байлығы мен көркемдігі әлемнің ешбір халқынан кем түспейтін ғажап әдебиеті бар ұлт. Бүгінгі ұрпақтың міндеті – бізге мирас болып қалған осынау бай әдеби мұраны көзіміздің қарашығындай сақтап, кеңінен насихаттап, қолдану, жас ұрпақтың бойына сіңіру. Өйткені, жаһандану дәуірінде ұлтымыздың мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптары мен өзіндік бітім-болмысын сақтап қалудың, жас ұрпақты адамгершілік, ізгілік, имандылық жолымен тәрбиелеудің бірден-бір жолы — әдебиет.
Биыл осынау ұлы миссияға өзіндік үлесін қосып жүрген, қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған көрнекті жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, журналист, қоғам қайраткері Мархабат Байғұт 75 жасқа толып отыр. Осыған орай қаламгерді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қабылдады.
Кездесуде шаһар басшысы ел ағасын 75 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, ұлт әдебиеті мен мәдениетін дамыту, қоғамдық сананы кемелдендіру, жас ұрпақтың бойына ізгілік пен отаншылдық сезімін сіңіру жолындағы еселі еңбегі үшін алғыс айтты.
– Сіз еліміздегі барлық мәселелер мен қоғамдағы оқиғаларды жүрек сүзгісінен өткізіп, қаламыңыз арқылы көркем туындыға айналдыра білесіз.
Өз туған өлкеңізден алшақтамай-ақ оңтүстік өңірде өзіндік әдеби орта қалыптастырдыңыз. Қоғамдық істерге белсене араласа жүріп, қасиетті Түркістан мен шырайлы Шымкенттің рухани-мәдени тұрғыда өркендеуіне қомақты үлес қостыңыз. Сіздің «Дауыстың түсі», «Нәурізек», «Серт пен сенім», «Машаттағы махаббат», «Қозапая» сынды көптеген туындыларыңыз қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленген, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
М.Әйтенов Елбасы ұсынған рухани жаңғыру – бүгінде ұлттық идея деңгейіне көтерілгенін, мемлекет қоғамның рухани-мәдени дамуына айрықша назар аударып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, қала әкімі ұлттық кодты сақтау мен мәңгілік ел мұраттарына қол жеткізуде шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Биыл еліміздің рухани-мәдени өмірі маңызды оқиғаларға толы. Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің - 1150 жылдығы, Абайдың - 175 жылдығы атап өтілуде. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде айтылғандай, санамыз ісімізден озып жүріп, бәсекеге қабілетті ұлтқа айналуымыз үшін біз әл-Фараби философиясындағы ізгілік пен қайырымдылық хақындағы ұстанымдарды қайта жаңғыртып, Абай жырлаған бес асыл істі қоғамдық санаға барынша сіңіруге тиіспіз. Міне, осы тұрғыда зиялы қауым өкілдерінің, соның ішінде Сіздің атқарып жатқан істеріңіз айрықша мәнге ие, — деді М.Әйтенов.
Өз кезегінде Мархабат Байғұт пандемияға қарамастан «Шымкент — ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылының аясында мән-мағынасы зор іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатқанын атап өтті. Осыдан алты жыл бұрын өзінің «Шырайлы шаһар Шымкенттің 2200 жылдығын рәсімдейтін кез келді» атты көлемді мақала жазғанын айтқан жазушы бұл тарихи датаның ЮНЕСКО көлемінде атап өтілуі бүкіл Қазақ елі үшін зор мәртебе деген ойын жеткізді. Қазіргі күрделі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, көне шаһар — Цитадельді аспан астындағы музейге айналдырып, Шымкенттің бай тарихын дәріптеуге күш салып жүрген Мұрат Әйтеновке ризашылығын білдірген қаламгер бұл нысанның тарихи-мәдени мәні зор ескерткішке айналарына сенімді екенін айтты.
Сонымен қатар әкімнің шырайлы Шымкентті көркейту жолындағы қызметінің жемісті болуына тілектестігін білдірді.
Кездесудің соңында М.Әйтенов қала тұрғындарының атынан мерейтой иесіне зор денсаулық, шығармашылық табыс пен отбасына амандық тіледі.
Айта кетейік, Мархабат Байғұт 1945 жылғы 25 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Пістелі ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1968-1973 жылдары еңбек жолын Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газетінде бастап, 1974-1984 жылдары облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде, 1984-1985 жылдары облыстық партия комитетінде қызмет істеді. 2005-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы, «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік өңіріндегі арнаулы тілшісі болып еңбек етті.
«Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәурізек», «Қорғансыз жүрек», «Дауыстың түсі», «Машаттағы махаббат», «Серт пен сенім», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Жоғалған жұрнақ. Желтоқсанға 20 жыл», «Түркі текті Темірханға», «Белесебет пен байлық» сынды көптеген туындылар авторының 2005 жылы төрт томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Сондай-ақ, 2008 жылы «Жазушы» баспасынан «Салқын масақ» атты повестері мен әңгімелерінің жинағы шықты, «Үркер» журналында «Оқу залы» деген атпен он сегіз әңгімесі жарияланды. Жазушының бірқатар шығармалары орыс, украин, өзбек, түрік, саха, қарақалпақ тілдеріне аударылған. Өзі В.Шукшиннің, Ю.Покальчуктің, У.Ирвингтің, Ш.Айтматовтың шығармаларын аударған.
Осы күні Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов белгілі ақын, сатирик, сазгер, мемлекет және қоғам қайраткері Әкім Ысқақпен де кездесті.
–Сіз қазақ поэзиясы мен сатирасына елеулі еңбек сіңірдіңіз. «Қарлығаш», «Гүл қауызындағы тамшы», «Күн ұлымын» атты жыр жинақтарыңыз бен әсем әндеріңіз көпшілікке кеңінен танымал. Сонымен қатар Сіздің «Абзалдық әліппесі», «Жүректегі жазулар» сынды туындыларыңыздың тәрбиелік мәні зор, — деген Мұрат Дүйсенбекұлы ақынды асқаралы 60 жасқа толуымен құттықтап, оған шалқар шабыт пен зор денсаулық тіледі.
Шаһар басшысы Әкім Ысқақтың шығармашылықпен қатар еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсенді араласып, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті.
– Сіз тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қостыңыз. Жоғары Кеңестің және Парламент Мәжілісінің депутаты болған жылдарыңызда маңызды тарихи оқиғалардың бел ортасында жүріп, ұлт пен мемлекет мүддесіне адал қызмет еттіңіз.
Қазақстанның жаңа тарихында алғаш рет қазақ тілінде заң жобасын әзірлеп шыққаныңыз белгілі. Көші-қон саласындағы осы заңнаманың арқасында миллиондаған қандасымыз атамекеніне оралды. Сіздің осынау еңбегіңіз ешқашан ұмытылмайды деп білемін, — деді М.Әйтенов.
Айта кетейік, Шымкенттегі Абай атындағы орталық кітапханада Әкім Ысқақтың 60 жылдығына арналған «Мөлдірейді жүректегі жазулар» атты кездесу кеші мен кітап көрмесі өтті.
Иә, билігі мен бұқарасы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білген жұрттың ынтымағы бекем болады. Әкімі ақынын қадірлеген елдің руханияты кемелденіп, айдарынан жел еседі. Олай болса, бір күнде қос қаламгерді қабылдағанқала әкімінің бұл ісі орынды һәм мақтауға лайық деп есептейміз.
«ӘКІМ САҒАТЫНДАҒЫ» АШЫҚ ӘҢГІМЕ
Среда, 09 Сентябрь 2020 05:15
...Қазір қарапайым тұрғындарды бәрінен бұрын өзінің күнделікті тұрмысына қатысты мәселелер мазалайды. Әсіресе, қала шетінде тұратын азаматтар үшін ауызсу, табиғи газ және жарықтың жайы өзекті. Осы орайда қала әкімі өткен 3 жылда 9 елдімекенге ауыз су құбыры тартылғанын, қазір қаланың солтүстік шағынаудандарында ауызсу құбырының қуаты жетіспейтінін атап өтті...
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселесіне баса назар аударды. Бүгінде билікке, әсіресе, жергілікті атқарушы органдарға қойылатын басты талап – қоғаммен тиімді кері байланыс орнату, тұрғындар көтерген мәселелерге жедел үн қатып, өзекті проблемаларды дер кезінде шешіп отыру. Міне, осы тұрғыдан алғанда Шымкент қаласының әкімдігі елмен етене жұмыс істеуге ынталы екенін байқатып келеді. Соның бір көрінісі ретінде қала әкімі Мұрат
Әйтеновтің «Оңтүстік» телеарнасының эфиріндегі «Әкім сағаты» бағдарламасына қатысып, БАҚ өкілдері мен тұрғындардың сауалдарына жан-жақты жауап беруін айтар едік.
Қазір қарапайым тұрғындарды бәрінен бұрын өзінің күнделікті тұрмысына қатысты мәселелер мазалайды. Әсіресе, қала шетінде тұратын азаматтар үшін ауыз су, табиғи газ және жарықтың жайы өзекті. Осы орайда қала әкімі өткен 3 жылда 9 елдімекенге ауыз су құбыры тартылғанын, қазір қаланың солтүстік шағынаудандарында ауыз су құбырының қуаты жетіспейтінін атап өтті. Проблеманы шешу үшін 3 магистралды құбыр салу қажет екен.
—Жалпы, қаладағы 81 елдімекеннің 62-сі ауыз сумен толық қамтылған. 12 елдімекен жартылай қамтылса, 7 елдімекен суды тасып ішеді. Биыл жалпы 22 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 5 магистралды құбыр мен 17 елді мекеннің ішкі су құбырлары бар. Жыл соңына дейін 14 нысанның құрылысы аяқталады. Оның екеуі магистралды құбырлар, қалған 12-сі елдімекендердің су тораптары. Осылайша биылдан бастап «Тұран», «Қызылжар», «Бадам», «Бадам-2», «Бадам» - 195 орам, «Достық-2», «Көкбұлақ», «Игілік», «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Азат», «Достық» және тағы басқа елді мекендердің тұрғындары таза ауыз суға толық қол жеткізеді. Басқаша айтқанда, шеткі шағынаудандарда тұратын 55 мың тұрғынның ауыз су мәселесі біржола шешімін табады. Алдағы 3 жыл ішінде жартылай қамтылған 12 елдімекеннің проблемасы да шешімін табады. Қалаға жетіспейтін 90 шақырым магистралды су құбыры да тартылады, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Әкім табиғи газ мәселесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, соңғы 3 жылда 8 елді мекенде газ құбыры тартылған. Бұған бюджеттен 917 млн теңге жұмсалған. Қазіргі таңда қаладағы 72 елдімекенде көгілдір отын бар. Ал, 9 елді мекенге әзірге газ берілмеген. Себебі, қолданыстағы 2 АРГС-тің қуаты қалаға жетпейді. Қазіргі АГРС-тердің қуаты 180 мың текше метр. Демек, газ тапшылығы 70 мың текше метр. Осы мәселені шешу үшін қуаты 250 мың текше метр болатын үшінші АГРЭС-ті салып жатырмыз. Биыл жыл соңына дейін аяқталады. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлінді.
Мұнан бөлек биыл «Бадам», «Достық-2», «Асар-2», «Азат» шағынаудандарында ішкі орамдық газ құбырлары және «Қайнарбұлақ» пен «Тұран» шағынауданында магистралды газ құбырларының құрылысы жүріп жатыр.
Шаһар басшысы сапалы электр қуатымен қамту мәселесін де айналып өтпеді. Бүгінде Шымкенттің солүстік бөлігінде электр энергиясының сапасы төмен екені баршаға аян. Ауа-райы бұзылып, жел тұрса, жарық жалп етіп өшіп қалады. Проблеманы шешу үшін «Бозарық» подстанциясы салынуда. М.Әйтенов қуаты 220 кВ. болатын қосалқы станцияның жыл соңына дейін пайдалануға берілетінін жеткізді. Сонымен қатар, «Ақжар» және «1-М-1» қосалқы станциялары салынуда. Бұл нысандардың құрылысы келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Осы нысандар іске қосылғанда 35 елді мекеннің мәселесі оң шешілмек.
—Біздің мақсатымыз — Шымкентті тұрғындар үшін өмір сүру, жұмыс істеу және демалу үшін жайлы әрі қауіпсіз қалаға айналдыру. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің алдымызға қала тұрғындарын, әсіресе, қаланың шеткі елдімекендерінде өмір сүретін халықты инжинерлік-инфрақұрылым желілерімен толық қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Болашақта Шымкентте ауызсу, табиғигаз және электр қуаты бойынша ешқандай проблема болмауы тиіс, — деді Мұрат Әйтенов.
Биыл қала көшелерінде жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жолдың жаңарғаны, әрине, қуанышты жағдай. Алайда, бітпейтін құрылыс пен одан туындаған кептелістен жұрт шаршады. Бағдарлама барысында қала әкімі Шымкенттегі жол құрылысы қашан аяқталатынын, неліктен А.Байтұрсынов, Республика, Жібек жолы секілді көшелердің жиі жөнделе беретінін де әңгімеледі.
Мұрат Дүйсенбекұлының айтуынша, қазір Шымкентте 24 магистралды көшеде орта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бекітілген стандарттарға сәйкес көшелерді жөндеудің жиілігі – 3 жыл. Ал, бұл 24 көшенің жөндеу көрмегеніне 10 жылдан асқан. Бұл көшелер соңғы рет 2006-2011 жылдар аралығында жөнделген екен.
— Республика даңғылы соңғы рет 2007 жылы орта жөндеуден өткен. Ал, 2011-2019 жылдар аралығында даңғылдың кейбір бөліктерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Даңғылдың техникалық жағдайына тексеру жүргізілгенде асфальт жабындының жарылғаны, ой-шұқырлар мен кедір-бұдыр тұстарының көп екені анықталған. А.Байтұрсынов және Жібек жолы көшелерінде де осыған ұқсас жағдай. Бұл көшелердің қай-қайсысында да жүктеме өте жоғары. Нақтырақ айтсақ, Шымкенттегі магистралды жолдың өткізу қабілеті тәулігіне 20-35 мың автокөлік. Ал, нақты көрсеткіш 50-70 мың автокөлік немесе екі есе көп. Демек, көшелерді жөндеу аяқ астынан пайда болған ой емес, бұл нақты қажеттіліктен туындаған қадамдар, — деді қала әкімі журналистің сауалына орай.
Бағдарлама барысында шымкенттіктер қала әкіміне телефон арқылы сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды. Хабарласқан көрермендер баспана, жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек мәселелерінен бастап қаланың болашағына, оның экономикалық өркендеуіне дейінгі сұрақтарды қойып жатты. Тұрғындардың бірі – мектеп жасындағы екі баласы бар екенін, сабақ қашықтан жүргізілгендіктен компьютер қажеттігін айтып, көмек сұрады.
Көрермен сауалына орай, М.Әйтенов қалалық білім басқармасы зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 77 мыңнан астам оқушының компьютерге мұқтаж екені анықтағанын жеткізді. Әкімнің айтуынша, бірінші кезекте әлеуметтік көмекті қажет ететін 25 мыңға жуық отбасының 35 798 баласы қамтылды. Оларға қала мектептеріндегі компьютерлер уақытша пайдалануға берілген.
—Қазір Үкімет резервінен және жергілікті бюджеттен жалпы 236 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, 36 355 компьютер сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сөйтіп тағы 41 900 бала қамтылады. Бұл компьютерлер оқушылардың қолына 25 қыркүйектен кешіктірілмей беріледі. Яғни, егер Сіз балаларыңыз оқитын мектеп арқылы өтініш берген болсаңыз, алдағы күндері компьютер аласыз, – деді
Мұрат Дүйсенбекұлы.
Бағдарлама барысында қала әкімі «Тұлпар» көлі маңындағы жаңа тұрғын үй алабының құрылысы, көпқабатты үйлердің ауласын жаңғырту мәселесі, эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру және індеттің қайта өршуінің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен әңгімеледі.
Мұрат Дүйсенбекұлы азаматтарды жеке мәселелері бойынша тұрақты түрде қабылдап келе жатқанын, әлеуметтік желідегі парақшаларда азаматтардың сауалына уақтылы жауап беретінін және елмен етене болу үшін кез келген диалог алаңына қатысуға әзір екенін айтты.
«ЖҰЛДЫЗ» – ШЫМКЕНТТІҢ ЖҰЛДЫЗЫН ЖАРҚЫРАТАТЫН ЖОБА
Среда, 09 Сентябрь 2020 05:12
Миллион халқы бар мегаполиске айналған Шымкент бүгінде республикадағы ірі өндірістік орталықтардың бірі.
Өнеркәсіптің дамуына шаһар маңында орналасқан индустриалды және арнайы экономикалық аймақтар ерекше ықпал етіп отыр. Өйткені, осы аймақтардан кәсіпорын ашқысы келетін инвесторларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, жер телімі тегін беріліп, электр қуаты, газ, су, жол мен темір жол тұйығы секілді инженерлік-инфрақұрылымдық желілер де бюджет есебінен жеткізіледі. Бұл, әрине, кәсіпкерлер үшін зор көмек.
Бүгінде шаһарда «Оңтүстік» индустриалды аймағы мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында ондаған кәсіпорындар табысты жұмыс істеп тұр. Осы аймақтарда «Hill» матор майы мен «Бал текстиль» кілемдері сияқты отандық брендтердің қалыптасуы — бұл жобалардың өзін-өзі ақтағанының дәлелі.
Алайда, бұл қос аймақ қаншалықты табысты болғанымен, олардың әлеуеті мегаполис өнеркәсібін одан әрі дамытуға жеткіліксіз. Өйткені, онда жаңа кәсіпорындар саларлық бос жер жоқ. Электр қуаты жетпейді. Газ қысымы төмен. Бұл проблемалар өндірісті дамытуға кедергі келтіреді.
Шымкент қаласының әкімдігі осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында алдағы 3 жылда жаңадан тағы 2 индустриалды аймақ ашуды қолға алды. Соның бірі — «Жұлдыз» индустриалды аймағы.
Әкімдіктің жоспары ойдағыдай жүзеге асса, бұл өз алдына тұтас бір өндірістік қалашыққа айналатын түрі бар. Индустриалды аймақтың жер көлемінің өзі көп жәйттен хабар береді. Келер 2021 жылдың соңына дейін 110 гектар аумақ игерілсе, 2022 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 230 гектарға дейін ұлғаяды.
«Жұлдыздан» жер алып, кәсіпорын ашқысы келетін ынталы кәсіпкерлер аз емес. Қазірдің өзінде 60 инвестор өз жобасын ұсынған. Олар жалпы соммасы 105 миллиард теңге инвестиция құюға әзір екендіктерін білдіріп отыр. Жобалардың бағыты да саналуан. Жаңа индустриалды аймақта фармацевтика, құрылыс материалдары және жиһаз өндірісімен айналысатын зауыт-фабрикалар көптеп ашылмақ.
Жаңа кәсіпорындардың болашағы мемлекетке салық төлері талассыз. Дегенмен, бұл жобаның елге, халыққа тигізетін ең үлкен пайдасы — жаңа, тұрақты жұмыс орындары. «Жұлдыз» индустриалды аймағында анау-мынау емес, 8 мың жұмыс орны ашылады. Демек, 8 мың отбасының табысы молайып, төлем қабілеті мен тұрмысы түзеледі. Біліктілігі жоғары кәсіби мамандардың үлкен шоғыры қалыптасады. Сөйтіп, Шымкент, Елбасы айтқан, Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай бір қадам жақындай түседі.
Өнеркәсіп — ел экономикасының өзегі десек, «Жұлдыз» индустриалды аймағы Шымкенттің жұлдызын жарқырататын ғажайып жобаға айналары шүбәсіз.
ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ТҰРҒЫН ҮЙ ОРАМЫ БОЙ КӨТЕРЕДІ
Пятница, 04 Сентябрь 2020 04:36Шымкент қаласындағы Тұлпар көлінің маңында заманауи тұрғын үй орамы бой көтереді. Жобаның таныстырылымына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары
Роман Скляр мен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.