Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері менингоккок инфекциясымен 4 адам тіркеліп, оның екеуі дерттен көз жұмған. Олар - 7 жасар мектеп оқушысы және 2 жасар сәби. Бұл туралы ОҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов журналистермен өткізген арнайы брифингте айтты. Бас санитар өңірде эпидемилогиялық жағдайдың алдын алу шарасы басталғанын мәлімдеді.
Елді дүрліктіріп отырған кеселдің қауіптілігі неде, аурудың алдын алу шарасы қандай? Бұл сұрақтарға жауап іздеп, ОҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы
Қарлығаш Төлендиевамен сұхбаттастық.

карлығаш тулендиева

-Қарлығаш Айтжанқызы, менингиттің клиникалық белгілерін қалай байқауға болады?
– Менингит дертінің түрі көп. Қазіргі таңда адамдар арасында таралып жатқан менингиттің бір түрі – менингококк инфекциясы. Бұл ауру жедел басталып, науқастың дене қызуы 38-40 С-қа дейін жоғарылайды, мұрынның бітуі, тамақтың ауырсынуы мен жыбырлауы байқалады. Адамның басы қатты ауырады. Құсу бірінші күннен басталады, уақыт өте науқас көп мөлшерде құса бастайды, дегенмен ол ағзаның жеңілдеуіне алып келмейді.
Менингит жіті респираторлы ауру (назофарингит) сияқты жеңіл түрде өтуі де мүмкін. Егер дер кезінде дәрігерге қаралмай, үйде емделіп жүріп уақыт өткізіп алса, 6-48 сағат аралығында өлім жағдайына алып келетін менингококцемияға ұласады. Кенеттен басталған түрінде денеде, үстінен басқан кезде жоғалмайтын гемморагиялық жұлдызша тәрізді бөртпелер пайда болады. Бөртпелер көбінесе бөкседе, аяқ-қолдарда, денеде байқалады. Ауыр жағдайларда қабақ пен бетке де шығады. Сондықтан үйде бала не ересектерде осындай белгілер байқалғанда өз бетінше ем қабылдамай, дереу жедел жәрдем қызметіне хабарласқаны жөн. Дертті ерте сатысында анықтап, ем жасағанда өлім жағдайының алдын алу мүмкіндігі бар.

– Аурудың қазіргі таңда бас көтеруіне не себеп?
- Менингококк инфекциясы жаңадан пайда болған кесел емес. Мәселен, Оңтүстікте менингококк инфекциясымен 2015 жылы – 32, 2016 жылы – 13, 2017 жылы – 12, 2018 жылдың 5 айында 4 жағдай тіркелді.Аурулардың тарихында кейбір дерттің эпидемиологиялық жағдайы шамамен 5-10 жылда бас көтеріп тұрады. Оған климаттық жағдай және ауруды тасымалдаушылар да әсер етеді. Биыл ауа райының күрт өзгерісі болар, менингиттің бұл түрі көбеюде. Ал өңірімізде бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда төмен. Сондықтан тұрғындарға келер қауіп жоқ. Тек әр адамның сақтық шараларын ұстанып жүруі артықтық етпейді.
Тағы бір айта кетерлігі, менингококк инфекциясы маусымдылығымен де ерекшеленеді – сырқаттану, әсіресе, қыс және ерте көктемде жоғары болады. Бұл осы уақытта адамның иммундық жүйесінің жылдың осы кезеңінде белсенді болатын өткір-респираторлы вирусты инфекция, тұмау және басқа да көптеген вирустарға қарсы әлсіз болатынына байланысты.

2017-10-19 191703

– Дерттің қаупі неде?
– Айналадағы адамдар үшін инфекцияның көзі науқас немесе симптомсыз тасымалдаушы адамдар болып табылады. Инфекция ауа тамшылары арқылы жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Ал кеселдің тарауында қауіптісі – тасымалдаушы адамдар. Олардың ағзасында аурудың бактериялары өмір сүре берді, ол адам ауырмайды, тек айналасындағы адамдарға жұқтырып жүреді. Оларды ешқандай клиникалық белгі мазаламағандықтан, сау бактерия таратушы екенін өздері де білмейді. Айталық, өңірде барлық тіркелген жағдайлар бойынша індетке қарсы шаралар жүргізілді. Ошақтарда (үй, оқу орны) 505 қарым-қатынастағы адам тексеріліп, үй ошақтарынан жұғу көзі ретінде 2 тасымалдаушы анықталды. Алдын алу мақсатында бекітілген халық санаттарынан 3362 адам тексеріліп, 2 менингококк тасымалдаушы белгілі болды. Содан кейін науқастарды жабық мекемелерде ем алуға жолдама беру алдында да осы инфекцияға медициналық тексеру жасалады. Осындай жағдайда да жыл басынан бері 2 тасымалдаушы анықталып, ем алды.

– Бұл дерттің алдын алуда қандай кеңестер айтар едіңіз?
– Науқастың бойында, әсіресе, балаларда жоғарыда аталған белгілер пайда болғанда міндетті түрде тез арада жедел жәрдем шақыру қажет. Содан кейін суық тиюден және дененің салқындауынан сақтанып жүрген абзал. Халық көп шоғырланатын мәдени іс-шараларға баруды шектеуге және мешіттерге намаз оқуға барғанда бетперде қолдануға кеңес береміз. Жеке бас гигиенасы да маңызды, тамақтану алдында және дәретханадан кейін қолды мұқият сабындап жуыңыздар. Үй-жайларды жиі желдетіп, күнделікті ылғалды жуып-тазалауды ұмытпаңыздар. Себебі, аурудың бактериясы ашық жерде тез өледі. Ал ғимарат ішінде, адамдар көп шоғырланған жерлерде тасымалдаушылардан инфекция көп бөлініп, ауру жұғуы мүмкін.

–Аурудың алдын алудың бірден-бір жолы - вакцина алу. Тұрғындар тегін екпемен қамтамасыз етіле ме?
– Бұл ауруға осы кезге дейін вакцинаның қажеті болмады. Екпені көбінесе мұсылман елдеріне қажылыққа баратын азаматтар міндетті түрде ақылы салдыратын. Қазір вакцина мәселесі қаралып, жуырда жеткізілетін болып шешілді.

– Қазір аурудың алдын алуда қандай шаралар жүргізілетін болды?
– Менингококк жұқпасының эпидемиологиялық жағдайда күрделенуіне байланысты аймақта ағарту жұмыстары күшейтілді. Тұрғындар көп жиналатын орындар – аэропорт, теміржол вокзалы, мектеп, балабақша, жазғы сауықтыру лагерьлері, ірі сауда орындарына менингит ауруларының түрлері, белгілері, қорғану тәсілдері бойынша парақшалар ілініп, түсіндіру жұмыстары басталды. Медицина қызметкерлері арасында облыстық, аудандық деңгейде семинар оқыту сабақтары жүргізіледі. Қазір Ораза айы болғандықтан облыстық діни басқарма, мешіт имамдарына хаттар жолданып, аурудың алдын алу жайында кеңінен насихат жүргізуді сұрап отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Шымкентте өткен жылы әлеуметтік жұмыс орнымен 1000-ға жуық азамат қамтылған. Бүгінде мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмыс тапқандардың 70-80 пайызы кәсіпорындарда тұрақты жұмысқа қалса, бағдарламаға қатысуға өтінім берген мекемелердің саны 60-қа көбейген.

DSC 2512

Жалпы, әлеуметтік жұмыс табу мүмкіндігі қандай? Оған кімдер қол жеткізе алады? Бүгінгі нарықта бағдарлама аясында қай мамандарға сұраныс бар? Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының жұмыс іздеушілерді қолдау секторының маманы Жомарт Тәженовпен осы сауалдар төңірегінде сұхбат жүргіздік.

Жалақы мемлекеттен субсидияланады

– Елімізде жұмыссыздардың санын азайту мақсатында ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы №919 қаулысына сәйкес, «Еңбек» «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында әлеуметтік жұмыс орны құрылды. Онда жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс беруші мекеме халықты жұмыспен қамту орталығымен уағдаласып, жалақылары мемлекеттен субсидияланады. Жұмыспен қамтудың бұл түрі тұрақты жұмыс болып табылмайтындықтан, келісім-шарт 12 айға жасалады. Мемлекеттің көмегі ретінде әлеуметтік жұмыс орнына орталық арқылы жолданған азаматтардың жалақысының 35 пайызы бір жыл бойы субсидия ретінде беріліп отырады. Сонда төленетін қаражат өңірдегі белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайды, – дейді Жомарт Тәженов.
Сектор маманы кәсіпорын немесе ұйымдарға жолданғандар ауыр, қауіпті және зиянды жұмыстарға жіберілмейтінін айтады. Аталған бағдарламаға қатысу үшін азаматтардың алдымен халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелу қажет екенін атап өтті. Сосын 10 жұмыс күні ішінде орталық мамандары бос жұмыс орны бар мекемелерге жолдама береді. Осы жолдама арқылы әңгімелесуден өтіп, екі тараптың талаптары бір-біріне қонымды болғанда ғана жұмысқа қабылданады екен.
– Қаламызда кәсіпкерлік саласы дамып, мамандарға сұраныс бұрынғыдан көбейді. Сондықтан, бұл бағдарлама жұмыс іздеп жүргендерге ғана емес, шағын кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге тиімді. Мәселен, шағын бизнесін ашуға ниеттенген кәсіпкер қызметкерлеріне 40 мың теңгеден артық жалақы төлей алмайды делік. Бұл тұста мемлекеттің жеңілдігін пайдаланып, жұмысшыларына тұрақты жалақы төлеп, аяққа тұруына мүмкіндігі бар, – деді жауапты маман.
Айта кетерлігі, әлеуметтік тұрғыда жұмыс іздегендер көбінесе жеңіл өнеркәсіп, қызмет көрсету саласы, коммуналды мекемелерге (көріктендіру, көгалдандыру, тазалық жұмыстары), жеке кәсіпкерлер ашқан шағын бизнеске жолданады. Жұмыс іздеушілерді қолдау секторының маманы нарықтағы сұранысқа ие мамандықтарды саралай келе бүгінде тігіншілікпен айналысатын мамандардың қажеттілігі артқанын айтты. Өйткені, ұлттық құндылықтарға іргелі бетбұрыс басталғандықтан ұлттық киімдер, бұйымдар тігетін шағын цехтар көптеп ашылуда.

DSC 2519

Бағдарламаға қатысатын санаттар

Халықты жұмыспен қамту мақсатындағы бағдарламаға жұмыссыздар есебінде тіркеуде тұрған кез келген азамат қатыса алады. Дегенмен бірінші мына санаттарға басымдылық беріледі. Атап айтқанда:
*Мүмкіндігі шектеулі азаматтар;
*мектеп-интернатта тәрбиеленуші жетім балалар үйінің түлектері;
*жазасын өтеп шыққан азаматтар;
*мүгедек балаларды қарап отырған ата-аналар;
*зейнет жасына екі жыл қалған азаматтар.
Кейбір жұмыстардың ауырлығына байланысты жұмыссыз азамат бір жылдық келісім-шартты бұзуға құқығы бар ма деген сауалға Жомарт Тәженов «Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға жолдама беру алдында келісім-шартқа тұрмай тұрып, мекемеден әңгімелесуден өтеді. Сол уақытта әлеуметтік жұмыстың қандай екенін егжей-тегжейлі анықтап алатындықтан, әзірге бұзылған келісім-шарттар болған жоқ. Керісінше, осы бағдарлама ұсынған жолдама арқылы жұмыссыздардың 70-80 пайызы мекемелерде тұрақты жұмыспен қамтылып қалуда» деп жауап берді.
Әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген жұмыссыздарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады. Сондықтан жұмыс берушілер белгіленген тәртіпті бұзған жағдайда әлеуметтік жұмыс орындарына қатысушыларға жалақының субсидияланған бөлігін төлуге яғни, мемлекет жұмсаған шығындарды өтеп, келісім бұзылады. Тағы бір айта кетерлігі, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың субсидиялау мөлшерін жергілікті атқарушы орган дербес белгілейді. Осы тұста маман жергілік ірі кәсіпорындар, ұйымдар, жеке кәсіпкерлерге «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікпен дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» үшінші бағытын ұтымды пайдалануға шақырды.
– Бұл бағдарламадан жергілікті кәсіпкерлердің барлығы хабардар деуге болады. Дегенмен, құжат жинау мәселесіне келгенде көбісі уақыт жоғалтқысы келмейді. Осы орайда мемлекетке салық берешегі жоқ және құрылғанына бір жылдан аспаған ұйымдар мемлекет жеңілдігін пайдасына жаратуына мүмкіндігі бар, – дейді маман.
Алып қалада жұмыс мәселесі қашан да өзекті. Сала мамандары қаладағы барлық мекемелерге үздіксіз мониторинг жасап, күнделікті босаған орындарды жаңартып, халыққа ұсынып отырады. Ендеше, әлеуметтік жұмыс орны басында уақытша еңбек болып саналғанымен, уақыт өте келе тұрақты жұмысыңызға жол ашуы ғажап емес.

Миллионға жуық халқы бар Шымкенттің дамуының тұжырымдамалық бағдарламасы қабылданды.

DSC 1566

Бұл құжат Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс жиырма сегізінші сессиясында қаралған болатын. Сессияға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, қалалық мәслихат сессиясының хатшысы Нұрлан Бекназаров және халық қалаулылары, аудан әкімдері және құрылымдық бөлім басшылары қатысты.
Сессия төрағасы Х.Ахматханов алдымен күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Сессияның күн тәртібінде 2018 жылдың басында ҚР Салық кодексіне енгізілген өзгертулерге байланысты салық мөлшерлемелерін жоғарылату мәселесі айтылды. Олардың ішінде жер салығы, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, автотұрақтар санаттарын белгілеу және орналасқан жерлерге арналған базалық мөлшерлемелерін жоғарылату ұсынылды.
Сессия тарихында алғаш рет Шымкент қаласы өңірлік мегаполисінің тұрақты және кеңістік дамуының тұжырымдамалық бағдарламасын қабылдау туралы ұсыныс айтылды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Тимур Баймұханов баяндама жасады.

– Мамыр айында Астана қаласында өткен форумда Елбасы Н.Назарбаев «Мегаполистер дәуірі келе жатыр. Демек олардың арасында бәсекелестік пайда болады. Бұрын миллиондаған халқы бар қала Алматы болса, бүгінде олардың қатарында Астана мен Шымкентте бұл процестер жалғасады» деп мәлімдеді. Олай болса, біздің қаламызда тұрақты және кеңістік дамудың тұжырымдамалық бағдарламасы болуы керек. Бұл қажеттіліктен туындап отыр. Мегаполисті дамытудың қазіргі кезеңі тәжірибені қайта қарауға және бұрынғы жетістіктерді синтездеуге әрекет деп атауға болады, – деді Т.Баймұханов.
Қалалық мәслихаттың депутаттары Шымкент қаласының алып мегаполис болып, оның даму бағдарламасын бекіту туралы құжат тұңғыш көтеріліп отырғанын тілге тиек етті. Осылайша сессияда қаралған өзге де мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Түнгі 22:00-ден кейін...

Пятница, 25 Май 2018 05:14

Түнгі сағат оннан кейін жасы кәмелетке толмаған бала көшеде жүрмеуі тиіс. Олардың өміріне ата-анадан бөлек жауапты саналатын білім бөлімі, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жыл бойына жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде түрлі шаралар ұйымдастырып, түсіндіру жұмысын жүргізіп келеді. Дегенмен түнгі уақытта көше кезгендер саны азаяр емес. Жыл басынан бері бір Абай ауданының өзінде кәмелет жасына толмаған 600-ге жуық бала ювеналды полицияның назарына іліккен.

33152688 478649425924048 775827404697370624 n

Айыппұл төлейсіз

Тогжан инспектор 2

Компьютер клубы, букмекер, кафе... Бұлар кәмелет жасына толмаған балалардың үйір болатын орындары. Абай полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция инспекторы Тоғжан Рысқұлбекова аудан аумағына қарасты ойын-сауық орындарына балалардың бас сұқпауы күнделікті қадағаланатынын айтады.
– Кәмелет жасына толмаған оқушылардың тәрбие жұмысын жақсартуда мектеп басшысымен бірлесіп, тоқсандық іс-шара жоспары түзіледі. Онда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуда күн сайын рейд ұйымдастырылып, 8-11 сынып оқушылары арасында құқықтық дәрістер және жаман әдеттерден сақтандыру мақсатында дөңгелек үстелдер, сұхбаттарды жиі өткіземіз. Соның ішінде оқушылардың кешкі уақытта көшеде жүру ережелерін егжей-тегжей түсіндіреміз, – дейді Т. Рысқұлбекова.
Инспектор дей тұрғанмен, ата-аналардың өз ұл-қызының қауіпсіздігіне бей-жай қарап, алаңдаушылық танытпайтынын жеткізді.
– Баланың түнгі 23:00-ден кейін үй-жайдан тыс шығуы заңмен шектелгенін білсе де ата-анасы дүкенге жіберетін жағдайлар кездеседі. Не болмаса көшеде жалғыз жүреді, көпқабатты тұрғы үй ауласында отырады. Құқық бұзушылық пен қылмыстық оқиғалардың дені түнгі уақытта орын алатынын ескерсек, өрімдей жас балалардың түнделетіп жүруі кейде қайғылы оқиғаларға соқтыруы мүмкін. Сондықтан, бала өмірі үшін сақтық шарасын ең алдымен ата-аналар ұстанса, – дейді полиция инспекторы.
Тәртіп сақшысының айтуынша, кәмелет жасына толмағандарға көшеде тек ата-анасымен бірге жүруге ғана рұқсат берілген. Тіпті, бауыры не туысының өзіне (арнайы рұқсаты болмайынша) оларды ертіп жүруіне құқы жоқ. Маман түнгі «серуенге» жол бергендердің ата-анасы ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 442-бабының 2 бөлігі бойынша жауапқа тартылатынын атап өтті. Мәселен:
– Кәмелет жасқа толмағандарға сағат 22:00-ден 06:00-ғадейін заңды өкілдерінсіз ойын-сауық орталықтарына баруға тыйым салынады. Заң бұзылған жағдайда ата-анасына 7215 теңге (3 АЕК) айыппұл салынады.
ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 442-бабының 3 бөлігі бойынша айыппұл ойын-сауық мекемелерін де айналып өтпейді. Балалардың үлкендердің қарауынсыз ойын-сауық орталығында болуына жол бергені үшін мекеме басшыларына 24 050 теңге (10 АЕК) айыппұл салу көзделген.
Кәмелетке толмағандар сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ға дейін заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде жүрсе, бірінші ретте ата-анасына жазбаша ескерту жасалады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – заңды өкілдеріне 12 025 теңге (5 АЕК) айыппұл салуға әкеп соғады. Айыппұл соттың шешімімен салынады. Егер кәмелет жасына толмағандар құқық бұзушылық әрекетті жылына 2 рет қайталаса, жергілікті ішкі істер бөліміне тіркеуге алынып, 18 жасқа дейін есепте тұрады.
Бұдан бөлек жасөспірімнің алькоголді ішімдік ішкені анықталса, наркологиялық орталыққа 4 айға есепке алынады.

Отбасы тыныштығы маңызды

Жуырда Әл Фараби аудандық полиция бөлімі, прокуратура, «Сана-сезім», «Аналар үйі», наркологиялық орталық және салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары «Бақытты балалық шақ» атты дөңгелек үстел басына жиналып, кәмелет жасына толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесін кезекті рет талқылады.
Сала мамандарының мәліметі бойынша, Әл-Фараби ауданы аумағында соңғы үш айда кәмелет жасына толмағандар арасында 15 құқық бұзушылық фактісі тіркелген. Бұл цифрдың басым бөлігін ұрлық жасау мен тонау құрап отыр. Ауданда құқық қорғау органдарының жүргізген рейді кезінде соңғы үш айда 343 жасөспірімнің түнгі уақытта жүргені анықталып, оның 167-і бейімдеу орталығына жеткізілген. Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар және әйелдердің құқын қорғау бөлімінің аға инспекторы Г. Момынова жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда екі азайғанымен, ата-аналармен түсіндіру жұмыстырын күшейту күн тәртібінен түспеуі қажет екенін алға тартты.
– Әйелдерге жасалатын тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға мейлінше күш салынуда. Өйткені, барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Егер отбасында әйел бақытты болса ғана бала тәрбиесі дұрыс болады, – деді Г.Момынова.
«Сана-сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығының өкілі
Ш. Хасанова баланың тәрбесіне әке-шешесінің ықпалының зор екенін айтады.
– Бала бірінші кезекте ата-анасынан үлгі алады. Ал қазіргі таңда олардың көпшілігінің балаларына қарауына уақыты жоқ. Қараусыз, бақылаусыз қалғандықтан, ойын келген әрекетке барады. Бізден көмек сұраған ата-аналармен әңгіме кезінде «Балаңыздың досы кім?» деп сұрағанда басым бөлігі ұл-қызының кіммен достасатынын, ортасы қандай екенінен мүлдем бейхабар. Сондықтан, ата-ана жауапкершілігі артпай, кәмелетке толмағандар арасында проблема азаяды деп айтуға болмас, – деді орталықтың маманы.

«Бес-он теңге алып шық»

Шымкентте «Акация» аталып кеткен гүл сататын орын бар. Айналасында қоғамдық тамақтандыру орындары көп. Кешкі уақытта осы маңда кішкентай ұл-қыздар кафеге келушілерге гүл сатып жүреді.
«Гүл алыңыз, қызыңызға сыйлаңыз» деп жігіттердің гүл алмасына қоймайды. Өрімдей жастар қолдарына оншақты талдан гүл ұстап алған. 10 жасар шамасындағы қызды сөзге тарттым:
– Осы маңда тұрасың ба?
– Иә.
– Анаң біле ме, гүл сатып жүргеніңді?
– Жоқ, анам түнде жұмыста. Ағам екеуміз шықтық.
– Түнде қорықпайсың ба? Ақшаңды неге жұмсайсың?
– Шомылуға ақша жинап жатырмыз. Ал мамам мектепке қажеттілерді алып берем деді.
Бұл жеткіншектің табысынан анасының хабардар екені белгілі болды...
...Алып шық, алып шық,
Сары табаққа салып шық,
Сары табаққа сыймаса,
Бес-он теңге алып шық!
Ораза айы басталғалы кешкі сағат 9-дан бастап балалардың көпқабатты тұрғын үйлердің пәтерін қағып, жарамазан айтуы басталды... Жарамазан айта білу өнер шығар. Десек те, түн қараңғысында танымайтын талай есікті қағып, кімнің ойында не бары белгісіз заманда, болмашы тиын-тебенге қызығамын деп, олардың оқыс оқиғаға ұрынбасына ешкім кепіл бола алмайды.
...Оқушылардың жазғы каникулы басталды. Түнде көше кезетіндердің саны артатыны анық. Ендеше, құрметті ата-ана, кешкі уақытта ұл-қызыңыздың жүрісіне тыйым салыңыз. Себебі, оларды оқыс жағдайдан сақтайтын өзіңіз ғана...

25 мамырда өтетін мектеп бітірушілердің «Соңғы қоңырау» күніне орай құқық қорғау органдарының қызметкерлері ерекше тәртіппен жұмыс істейтін болды.

DSC 8230

Бұл туралы қалалық әкімдіктің ұйымдастырумен білім бөліміне қарасты мекемелердің басшыларының қатысуымен өткен мәжілісте айтылды. 2017-2018 оқу жылын аяқтауға қатысты басқосуға прокуратура, жергілікті полиция қызметкерлері және қаладағы мектеп басшылары түгел қатысты.
Басқосуда алдымен оқу жылының аяқталуына байланысты оқушылардың соңғы қоңырауға дайындығы пысықталып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Жылда 25 мамырдан кейін оқушылар қымбат көліктер жалдап, кафе-тойханаларда, тіпті қала сыртындағы саяжайларда «мерекені» атап өтуі дәстүрге айналып кеткені жасырын емес. Мұның соңы қайғылы оқиғаларға ұласып жататынын ескерген жауапты мамандар биыл кемшіліктерді болдырмау мақсатында барлық мүмкіндіктерді қарастыруда.
– Мектеп басшыларына оқушылардың автокөлік шерулерін ұйымдастырып, мектептен тыс орындарда кеш жасауына жол бермеу мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырамын. Ата-аналармен тығыз жұмыс істеп, түсіндіру шараларын жүргізу қажет . Өйткені, балалардың қауіпсіздігі баршамыз үшін маңызды, – деді Шымкент қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Текебаева.
Сонымен қатар мектеп директорларына 1,4,9 және11 сынып оқушыларының басшылыққа, сынып жетекшісіне бағалы сыйлық жасауына тыйым салу жүктелді. Білім бөлімінің басшылығы мекеменің ағымдағы жөндеу жұмыстарына ата-аналардан ақша жинауына да жол берілмейтінін айтты. Іс-шараға қатысқан Еңбекші ауданының прокуроры
Е.Мұсаев бұл күні қаладағы жағдай прокуратура тарапынан қатаң бақылауға алынатын айтса, қалалық жергілікті полиция қызметінің өкілі Д.Тағайбеков арнайы мобильдік топ құрылып, әсіресе, Ташкент тасжолы, Бәйдібек би даңғылы және дендросаябақ аумағы жіті назарда тұратынын жеткізді.
Мәжілісте сөз алған №77, 26 оқу орындарының басшылары түлектердің соңғы қоңыраудан кейінгі мектептен тыс орындарда кеш ұйымдастыруына тосқауыл бола алмайтынын, өйткені, ондай салтанатты кешті ұйымдастыруға ата-аналардың өздері құлықты болып отырғанын айтты. Сондықтан, бұл тұста жауапкершілік мектепке артылмай, ата-аналармен көбірек жұмыс істеуді ұсынды.
Айта кетсек, барлық білім мекемелерінде «Соңғы қоңырау» салтанатты іс-шарасы Астананың 20 жылдығына арналған «Ел жүрегі –
Астана» тақырыбымен өтетін болады.
...Мектеп бітіру кешіне санаулы күндер қалды. Мектеп қабырғасымен қоштасып, жаңа өмірге қанат қағатын күнді есте қаларлықтай етіп ұйымдастырған жақсы. Дегенмен, бала қауіпсіздігі мен өмірі үшін шырылдаған ұстаздардың жанайқайына ата-аналардың да немқұрайлы қарамағаны дұрыс.

Сот жүйесінде жүзеге асып жатқан «Соттағы тауластыру рәсімі» пилоттық жобасы өңірімізде тиімділігін көрсетуде. Бұл туралы ҚР Жоғары сотының судьясы Ұлбосын Сүлейменованың Шымкентте өңірдің судьяларымен бас қосқан жиынында мәлім болды.

ОҚО сотының азаматтық істер жөніндегі алқаның судьясы Н. Биболовтың айтуынша, өткен жылы сотта қаралаған 3 мыңға жуық істің мыңнан астамы татуласумен аяқталған.
Өңір судьяларына өткізген семинар-тренингте Ұ.Сүлейменова татуластыру рәсімі кезінде кездесетін кейбір түйіткілді мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын түсіндірді.
– Сот медиацясының тиімділігін тараптарға дер кезінде түсіндіру қажет. Дауларды сотсыз ерікті түрде мәмілеге келумен бітірсе, уақытты, қаражатты, эмоциялық күш-қуатын үнемдейтінін білуі тиіс. Бүгінде жиі орын алатын отбасындағы жанжалдар, некені бұзу, алимент өндіру кезіндегі дауларда мүмкіндігінше тараптарды адамгершілік тұрғыда келісімге келуге шақыруға болады, – деді Жоғарғы соттың судьясы.
Семинар барысында аудандық сот төрағалары пилоттық жоба аясында атқарылып жатқан озық істерін баяндады. Дегенмен судьялар сот жүйесінде тараптарды татуластыруға кедергілердің бар екенін жасырмады. Әкімдік, адвокаттар және өзге де құқық қорғау органдарының бұл іске немқұрайлы қарауынан дау-шарларды медиациялық жолмен шешу баяу жүріп жатқаны да сөз болды.

Қауіпті аймаққа экСПИДиция

Пятница, 18 Май 2018 05:13

Ол есіктен ішке кіруге батылым бармады. Құлаққаптан «Ішке кіруге дайынсыз ба?» дегенде жүрексіндім. Соңғы күшімді жинап есікті аштым да ВИЧ індетіне шалдыққан алматылық Эльмираның кейпіне еніп, оның әлеміне виртуалды сапар шектім...

IMG 7456-768x494

ВИЧ-ке дейін

...Сылағы құлаған пеш. Күн көзі түспеген жадау бөлме. Ескі көрпе-жастық бір бұрышта үйіле жиналған. Пеш алдында шашылған отын. Оттағы шәугім сынық плитадан шыққан жалынға шарпылып, күйлештенген, шашылған отынға қарап отырмын. Анамның жылаған даусы шықты. Тағы да ұрыс-керіс басталды. Құлағымды түре ағаш үстелге отыра кеттім. Әкемнің дөрекі сөздеріне шыдай алмады ма, анамның «ажырасамын сенімен» деген сөзіне жүрегім дір етті. Айқайлаған ащы даусы шықты, тағы да қол жұмсады-ау... Қайда қашып, тығылсам екен? Тыныш жер бар ма? Сәл шыдайын, мектепті бітіретін уақыт та таяу қалды. Ертерек Алматыға оқуға кетіп, мына сұмдықтан құтылсам екен... (Келесі бөлмеге өтіңіз деген нұсқаулық келді).
...Жарқ-жұрқ еткен жарық, даңғаза музыка үні, үстел үстінде босаған сыра бөтелкелері. Мына көріністі көріп, кафеде қалуға зауқым соқпады. Жатақханаға көңілсіз оралдым. Қанат мені жақсы көрем деуші еді. Бүгін де жоқ. Соңғы көргенімде менен кететінін айтқан еді. Жауапсыз махаббатқа төзбеспін.
«Осы сен неге ылғи бөлмеңнен шықпайсың? Көңіл көтеріп, өмірдің рахатын көрмеймісің» деген көрші бөлмедегі Айгүлдің даусы сан-саққа жүгірген ойымды кенеттен бөліп жіберді. Осы қыздың жүріс-тұрысы ұнамайды. Кіржің еткен түрімнен жақтырмағанымды байқады ма, бөлмеден шығып кетті. Өмір түгілі мына бөлменің өзі неткен суық, сұрықсыз еді. Жегідей жеген ойлар маза берер емес.
Ауылдан хабар келді, анам әкемнен біржола кетіпті.
Баянсыз махаббат, ата-анаға керексіздігің...бәрін, бәрін ұмытқың келе ме? Айгүлдің қақпанына түсіп, ере барған кеште базбіреудің қолыма қалай инені салғанын байқамай да қалдым. Есірткіге тәуелдімін енді... Шәкіртақым, ауылдан келетін бес-алты тиын бәрі жұмсалды. Тығырықтан шыға алар емеспін. Ауылдан құрбым телефон шалмағанда азапты күндерім жалғаса берер ме еді? «Эльмира, мен Алматыға барам, жолығайық» деген бала кезден бірге өскен жан құрбымның сөзін жерге тастай алмадым. Саябақта кездестік, досымды көргенде егіле жылап, басымдағы оқиғаларды баяндадым. «Есірткіні бір инемен қолданғанда ВИЧ инфекциясы жұғатынын білесің бе? Өтінемін, сенімді болу үшін алдымен ВИЧ-ке тексеріл, сосын есірткіден құтылудың амалын қарастырамыз. Сен жассың, бар өмірің алда» деді.
...Емхананың дәлізінде қан сараптамасын күтіп отырмын. Тар терезеден қолыма ВИЧ дертін жұқтырғанымды растайтын қағаз ұстатты. Қолымда бір жапырақ қағаз, жанарымнан аққан жасты тыя алмай, бөлмеден шығуға асықтым.

 

Дерттен қайтыс болғандарды еске алу күні

Бұл – «Сәлем» қоғамдық бірлестігінің қауіпті аймаққа «Экспидиция» жобасы. Мұнда кез келген адам ғасыр дертіне шалдыққан науқастың шынайы оқиғасын өз басынан кеше алады.
Мамыр айының үшінші жексенбісі – ЖИТС дертінен қайтыс болғандарды еске алу күні. Облыстық СПИД-тің алдын алу және онымен күрес орталығы және «Сәлем» қоғамдық бірлестігі жыл сайын 29 сәуір мен 19 мамыр аралығында дертпен күрес айлығын ұйымдастырып, іс-шара жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттерін қамтиды.
– АИТВ/ЖИТС-ке шалдыққан науқастарға қатысты қоғамда қорқынышты және қате ақпарат бар, сонымен бірге кемсітушілік те байқалады. Мұндай қалыптасқан көзқараспен күресу үшін дәстүрлі білім беру жеткіліксіз. «Біреудің жанын ұққың келсе, оның аяқ киімімен бірнеше шақырым жүріп өт» деген мақал бар. Жобаға қатысушы тек кейіпкердің өміріне еніп қоймайды, дерттің медициналық, әлеуметтік және экономикалық салдарымен танысады және АИТВ-ты жұқтыру қаупіне жол бермейді, – дейді «Сәлем» қоғамдық бірлестігінің бас директоры А. Кушкимбаев.
Гонконг қаласынан басталған жоба Шымкентте 2013 жылы іске қосылған. ТМД елдері арасында жобаны алғаш қолға алған бірден-бір мемлекет –Қазақстан. Арман Кушкимбаевтың айтуынша, мұнда жылына 1500-ден астам жас саяхат жасайды екен.
Облыстық СПИД-тің алдын алу және онымен күрес орталығы мамандарының дерегінше, АИТВ/ЖИТС дертімен диспансерлік есепте тұрғандар саны 3 237 адамды құрайды. Олардың 80%-ы – 22-49 жас аралығындағы науқастар. 1993 жылдан бері ЖИТС-тен көз жұмғандар саны 104 адамға жеткен.
– Айлық шарасында жастарға дерт туралы қосымша ақпараттарын жетілдіріп, АИТВ қай уақытта жұғып, жұқпайтынын, жұғу қаупіне жол бермеуде қандай жағдайларға мән беру қажеттігін айтамыз, – дейді орталықтың маманы Назира Жүргенбаева.
Облыстық политехникалық колледждің 3 курс студенті Бибігүл Жандар АИТВ туралы жиі еститінін айтады. «Адам науқастың өміріне ену үшін заманауи технологияларды қолданып, үлкен жұмыстар жасалғанын көрдім. АИТВ туралы ақпараттарды естіп жүргенімен, ауырған адамның жағдайын басыңнан өткізу бір бөлек дүние екен. Екіншіден, осы салада жұмыс істейтін дәрігерлер ауруды жұқтырып алмаудың жолдарын жақсы түсіндіріп берді», – деді Бибігүл.
Орта Азия әлем бойынша АИТВ індеті ең көп таралған аймақтардың бірі саналады. БҰҰ мәліметіне сүйенсек, кеселді жұқтырғандардың 80%-дан астамын жасы 30-ға толмаған адамдар құрайды екен. Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында бүгінде дерттің алдын алу шаралары жастар арасында көбірек насихатталуда.

2017-2018 оқу жылында Шымкентте 7987 оқушы мектеп бітіреді. Биыл ұлттық бірыңғай тестке қатысуға солардың 5449-ы өтініш берген.

Тестілеу 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Осымен 15-рет өтіп жатқан түлектерге арналған ұлттық сынақтың жаңалықтарын жауапты мамандардан біліп қайттық.
Шымкент қалалық білім бөлімінің мәліметінше, ұлттық бірыңғай тестте айтарлықтай өзгеріс жоқ. Түлектерге барлығы 120 сұрақ беріліп, тестілеу уақыты 3 сағат 30 минутты құрайды. Жоғары оқу орнына түсу үшін қажет ең төменгі шек те өзгеріссіз – 50 балл деңгейінде қалды. Ең жоғары көрсеткіш – 140 балл. Сала мамандары, сонымен қатар, ҰБТ-ны ақылы негізде тапсыру мүмкіндіктері сақталып отырғанын жеткізді.
Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы биыл тест сұрақтарының 50 пайызға жаңартылғанын хабарлады. Өткен жылы тест тапсырамалары 80 мың сұрақтан тұрса, биыл оның саны 120 мыңға көбейген. Биылғы тестте Қазақстанның танымал тұлғалары туралы сұрақтар болмайды.
Шымкент қалалық білім бөлімінің бас маманы Ұлжалғас Сауырбаевның айтуынша, ҰБТ форматы бойынша 120 сұрақ 5 пәннен жиналған, оның үшеуі міндетті (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы 20 сұрақтан тұрады) және талапкердің жоғары оқу орнына тапсыратын мамандығына байланысты 2 бейіндік пән (30 сұрақтан) қарастырылған.
– Бейінді пәндер бойынша тапсырмалар ұсынылған бес жауаптың ішінен тек жалғыз дұрыс жауабы бар 20 сұрақтан, сондай-ақ, көп жауаптың ішінен бірнеше дұрыс жауабы бар 10 сұрақтан құралады. Бейінді пәндер бойынша тестілеу барысында бірнеше дұрыс жауабы бар сұрақтарды енгізу арқылы талапкердің нақты тақырыпты қаншалықты меңгергені анық көрінеді,– дейді Ұ.Сауырбаева.
Айта кетейік, мектеп бітіруші түлектер арасында «Алтын белгіден» үміткерлер саны 287 болса, «Үздік аттестат» алудан 198 оқушы үмітті. Дегенмен «Алтын белгі» иегерлері, бейіндік пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалардың, сондай-ақ ғылыми жобалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздарына жеңілдік жоқ, олар да ҰБТ-ны жалпыға бірдей негізде тапсырады.

Страница 22 из 32