«Қазақстан деген қандай ел?», «Табиғаты қандай?», «Салты мен санасы қандай?»... Мұхиттың арғы жағындағы елдер Қазақ елі туралы бұдан былай АҚШ-та жүріп те біле алады. Шымкенттік белгілі фотограф Мақсат Шағырбаевтан Нью-Йоркке барған сапары жайлы сұрап білдік.

– Елордамыз Астана қаласында «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі аясында әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең мықты фотографтар бас қосқан болатын. Олар Көрмедегі көріністен бөлек, бірнеше күн Қазақстанды аралап, көрікті жерлерінен, салт-дәстүрінен, еліміздің тыныс-тіршілігінен алған фотокадрлармен жеке мұрағаттарын байытты. ҚР Мәдениет және спорт минстрлігінің бастамасымен сол әр елден келген фотосуретшілердің Қазақстанда түсірген ең таңдаулы суреттерінен Нью-Йорк қаласында көрме ашылды. “PHOTO FEST KZ” халықаралық фотофестивалі ҚР Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылды, – дейді Мақсат.

Нью-Йорктегі фотокөрмеге АҚШ, Жапония, Түркия, Ресей, Италия, Франция және еліміздің әлемдік деңгейдегі қазақстандық фотографтардың 100-ден астам жұмысы қойылды.

– Әр елден келген дипломаттар, елшілер көрмені тамашалап, қазақ халқының мәдениеті мен ұлттық құндылықтарына зер салды. Біз де көптеген ой түйіп қайттық. Әсіресе, «кешіріңіз» деп күлімсіреп тұратын халықтың жоғары мәдениеті біздің салт-санамызға жақын. Дегенмен, көз қызықтыра алған Нью-Йорк Шымкент сияқты көңілімді қызықтыра алмады. Небәрі бір аптада елді сағындым, – дейді М. Шағырбаев.

7

Фото: tengrinews.kz

Шымкент қаласының гүлденіп-көркеюіне үлес қосқан бірқатар кәсіпкерлер құрметке бөленді.  «Туған жерім –алтын бесігім» атты форум аясында өткен шараға Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев, қалалық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Бекназаров, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Рысбай қатысты.

kasipkerler-2

– Еліміздегі спорт саңлағы Жақсылық Үшкемпіровтың өз ауылына жасаған жақсылығын баршамыз білеміз. Бұл еңбегін Елбасы Н. Назарбаевтың өзі жоғары бағалап,  жуырда «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді. Мұндай игі істер біздерге үлгі болуы тиіс. Қаламызда да адал еңбегімен тапқан қаражатын туған өлкесінің дамуынажұмсап жатқан жандарды әрдайым сыйлап, құрметтейміз, – деді өз сөзінде қала басшысы Нұрлан Ермекұлы.

Шаһар басшысы Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік тұрғыдан көмектесіп, тұрғындардың қажеттілігі үшін нысандар салып, аз қамтылған отбасы балаларына қамқорлық жасаған жомарт жандарды марапаттады.

Олардың қатарында кәсіпкерлер – Мағауия Тұрысбеков, Тастан Жүнісов, Жұмағали Білісбеков, Әбілқасым Досболов, Рәшкүл Оспанәлиева, Гаухар Исқақовалар бар. Соның ішінде, Ә. Досболов Шымкентте 200 орындық мәдениет сарайын, 50 орындық балабақша және балалар алаңшасын салып, мемлекет игілігіне өткізген. Р. Оспанәлиева 11 білім ордасындағы жағдайы төмен оқушыларды мектеп формасымен қамтамасыз етсе, Ж. Білісбеков Құрсай елдімекеніндегі №49 мектеп алдына ҰОС майдангерлері мен тыл еңбеккерлерінің аты жазылған үлкен мемориалдық тақта орнатқан. М. Тұрысбеков Созақ аудандық «Нұр Отан» партиясына және «Ардагерлер үйіне» жаңа ғимарат салса, Г. Исқақова ардагерлердің ем-дом алуына көмектескен.  Т. Жүнісов өзі оқыған Абай орта мектебінің алдында ұлы ақынның және Ш. Уәлиханов атындағы білім шаңырағының ауласына Шоқанның ескерткішін өз қаражаты есебінен орнатқан.


kasipkerler-1

Бұдан бөлек, қала әкімінің алғыс хаты мен қалалық мәслихаттың және «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалының грамоталары қоғамдық өмірге белсене атсалысқан бірқатар ардагерлерге берілді.

Форум барысында ардагерлер қала басшысына Шымқаладағы біршама өзекті мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін айтты. Қазақстанның Құрметті журналисі Б. Қонысбек Қошқар ата, Бадам өзендерін көркейту жұмыстары жарты жолда қалып қойғандығын, ал облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ү. Айтөреева жұмысын тоқтатқан балалар темір жолының тағдырына тоқталып, осы мәселе оң шешілсе деген ұсынысын жеткізді.

«ZOR» – қазақ киносының жетістігі

Пятница, 22 Декабрь 2017 06:00

21 желтоқсаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында отандық кино «ZOR» спорттық драмасының көрсетілімі басталды.

11434309d7d456103293204d1070e1e3

Фильмнің қоюшы-режиссері көпшілікке таныс жерлесіміз – Шапағат Орынбаев, бас продюсері – Еркебұлан Молдашев. 

Алматы қаласында Esentai Mall сауда орталығындағы Cinema max кинотеатрында өткен фильмнің премерасына Болат Назарбаев, Жақсылық Үшкемпіров, Ескендір Хасанғалиев, тағы басқа бірқатар зиялы қауым өкілдері және өнер саласының майталмандары, БАҚ өкілдері қатысты. 

Драмалық кино ауылда спортта бағы жанған Айдынның өмірін бейнелейді. Анасының өтінішімен кәсіби бокспен айналысудан бас тартқан кейіпкердің өмірі Алматыға қоныс аударғанда күрт өзгереді. Үлкен шаһарда Айдын қайырымдылық мекемеде волонтерлік жұмыспен айналысып, әсем қалада өз махаббатын да жолықтырады. Бейтаныс қаладағы өмір сынағы оның анасына берген уәдесін бұзып, спортқа қайта оралуына мәжбүрлейді. 

– Кино түсіру идеясы BN тобының «Топ-томпақ» бейнебаянын көргеннен кейін туындады. Бастапқыда комедия түсіреміз деп ойлаған болатынбыз, кейін экшн элементтері бар драмаға тоқталдық. Жобамызды «Зор» деп атадық, себебі бұл сөз «жақсы, мықты, үздік» дегенді білдіреді, – деді Шапағат Орынбаев.

Фильм саундтрегін елімізге танымал әншілер – Мақпал Исабекова мен Нұржан Керменбаев орындайды. Туындының атауы «Айта бермеші» деп аталады. 

Драма жанрындағы кинода Әлішер Әскербеков, Альбина Болатқызы, Айдын Жұмахан, Адина Бажан, Еркебұлан Тохтар секілді жас әртістермен қатар BN тобының мүшелері ойнайды.

Үздіктер марапатталды

Пятница, 15 Декабрь 2017 08:58

Шымкентте Тәуел-сіздік мерекесі қарсаңында қаланың дамуына үлес қосқан жандардың еңбегі еленді. «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында өткен салтанатты мерекеге қала әкімі Нұрлан Сауранбаев қатысып, спорт, білім, әлеуметтік, қоғамдық саладағы үздіктерге төсбелгі тағып, Алғыс хатпен марапаттады.

 DSC0381

– Биыл тәуелсіздігімізді жариялағанымызға 26 жыл толды. Бұл еліміздің қасиетті мерекесі, асыл қазынасы.Тәуелсіздік жылдары Қазақ-стан үлкен экономикалық-әлеуметтік жетістіктерге жетті. Соның ішінде Шымкент қаласы үшін де жемісті болды. Осы жылдары облыс орталығы танымастай өзгерді. Заманауи тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік-мәдени нысандардың саны артып келеді. Қаланың бас жоспарына бағытталған үлкен инвестициялар игеріліп, жаңа жұмыс орындары ашылды. Әрқайсыңыз әр салада қызмет ете жүріп, қаланың дамуына үлес қосып келесіздер, – деп қалалықтарды мерекемен құттықтап, игі тілегін жеткізді. 

«Шымкент қаласына қосқан ерекше үлесі үшін» төсбелгісімен қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Намазбай Әбдіқұлов, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Ермек Дәрменов, ОҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірханов, Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаев марапатталды. 

 DSC0331

Халықтар Достығы университетінің маманы Сұлушаш Әбішова, зейнеткер Шәкір Әшірбаев, Шымкент қалалық мәслихатының тұрақты комиссиялармен жұмыс жөніндегі бөлімінің бас маманы Ұлжан Исабаева қала әкімінің Алғыс хатына ие болды. Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаты «Шымкент келбеті» газетінің жауапты хатшысы Асхан Майлыбаеваға да табысталды. 

Айта кетейік, мерекелік шарада 1 азамат «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, 7 азамат «Шымкент қаласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін» төсбелгісімен, 14 азамат Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хатына ие болды. 

Салтанатты мерекеде өнер иелері патриоттық ән шырқап, концерттік бағдарламасын ұсынды.

«Азат күн бiзге оңай келген жоқ»

Пятница, 15 Декабрь 2017 08:26

Шымкенттік Майра Малдыбаева 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, «бұзақылығы» үшін сот алдында жауап берген жан. Сот үкімімен айыппұл салынған. Алты ай бойы сарсаңға салған тергеу ісін, техникумдағы қаралған тәртібін, ең сорақысы ақ қар көк мұзға тізерлеп отырғызып, әскерилердің дубинкасымен ұрып-соққан жаралы жылдың ызғарлы сәтін Майра апай есіне алғанды ұнатпайды. Жасы елуді еңсерсе де сол күндерді еске алғанда жүрегі шымырлайды.

maira

Мектепті тәмамдаған соң бір жыл жұмыс істеп, келер жылында Алматы байланыс электртехникумына оқуға түстім – деп бастады әңгімесін Майра Малдыбаева. – Шалғайдан білім іздеп барған ауыл қызының тәуелсіздік жолындағы тарихи оқиғаға куә болып, өмірімнің күрт өзгерерін қайдан білейін? ІІ курс оқып жүрген кезім. 1986 жылдың 16 желтоқсанында Брежнев алаңында жастардың толқуы басталды. Студенттер ұрандатып, патриоттық ән салып жатты. Бір уақытта жиналғандарға ыстық су шашып, машиналарға өрт қойылды. Бақылауда ұстағанына қарамастан 18-і күні алаңға қайта шығып, таңғы 08:30 шамасында бізді ұстап, солдаттар қыздарды көк мұздың үстіне тізерлеп отырғызып, қолындағы дубинкаларымен аяусыз ұрып-соғып, бетіміз бен денемізде сау тамтық жер қалдырмады. Одан кейін барлығымызды автобусқа тиеп, бір тәулікке қамап, ертесіне ешқайда шықпау жөнінде қолхат жаздыртып, босатты. Желтоқсанда басталған тергеу 1987 жылдың мамыр айына дейін жалғасты. Ешбір дәлел болмағанына қарамастан «бұзақылық жасаған» деген статьямен 40 рубль айыппұл салды. Ал қасымдағы таныс қыздардың бірі – 2 жылға сотталды, бірі 15 тәулікке қамалды. Ол күндердің қасіретін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Желтоқсаншы жан сырын ешкімге ақтарып айтпайды. Оқу бітірген соң туған елге оралады, отбасын құрады, бүгінде 3 қыздың анасы, 6 немеренің әжесі, «Қазақтелеком» АҚ байланыс саласында қызмет етеді. Тек арада 15 жыл өткенде теледидардан облыстық саяси қуғын-сүргін мұражайында Тәуелсіздік күніне арналған шарада Желтоқсанға қатысқан жандарға стенд жасап, арнайы бағдарлама түсіргенін көзі шалады. Көрсетіп жатқан фотосуреттер арасынан Алматыда техникумда бірге оқыған курстасы Манзура Бектаеваны көреді.

Сол құрбысын іздеп-табу мақсатында музейге соғып, қызметкерлерден құрбысының мекенжайын алып, өзінің де Желтоқсан оқиғасына қатысқандығын әңгімелеп айтып береді. Осыдан кейін ғана тәуелсіздік күрескері екендігін ұғынады, өзі мұңдас жандармен бас қосады, жанайқайын, іштегі шерін тарқатуға болатындығын түсінеді. 

– Жыл сайын Тәуелсіздік мерекесі аясында түрлі ісшараларға қатысып, өткен тарихты қозғаймыз. Жүрегің ауырады, өрімдей ұл-қыздардың сол кездегі бейнесін еске түсіресің. Бірақ ұрпаққа Қазақстанға тәуелсіздіктің оңай жолмен келмегендігін айту – біздің парызымыз. 1986 жылы қаншама жастың қаны төгілді, қаншама аға-әпкелер көз жұмды, сотталғандары бар. Жастардың туған елге, жерге деген сүйіспеншілігі, рухы мықты болса, екен. Еліміздің тыныштығынан артық бақыт жоқ, – деп аяқтады әңгімесін тәуелсіздік күрескері.

Шымкент қаласындағы саңырау балалардың №1 мектеп-интернатында 201 бала білім алуда. Мүмкіндігі шектеулі оқушылар интернатқа 2 сыныптан бастап қабылданады. Оқушылардың бойындағы талантын ашуға басымдық беретін білім ошағында бүгінде спорт шеберлері, қолөнерші, суретшілер аз емес. Жақында білім беру мекемесінің тыныс-тіршілігімен және дарынды балалардың жетістіктерімен танысып қайттық.

 DSC9012

Әлемдегі ең үлкен бақыт – адамдардың бір-бірімен тілдесу бақыты. Дүние жүзінде 360 миллиондай естімейтін жан бар, ал Қазақстанда олардың саны 150 мыңға жуықтайды. Өңірімізде осындай мүмкіндігі шектеулі жандардың орта білім алып, кәсіп иесі атануына даңғыл жол ашатын жарты ғасырлық тарихы бар Шымкент қалалық саңырау балалардың №1 мектебі жұмыс істейді. Мектепте есту қабілеті төмен балаларға білім берумен қатар түзету-дамыту жұмыстары, психологиялық-әлеуметтік көмек беру арқылы тұлға болып қалыптасуына, қоғамға бейімделуіне көмектеседі. 

– Жалпы білім беретін мектептерде балалардың толыққанды білім алуына мүмкіндігі мол. Олар білімін дамытуда түрлі олимпиадалар мен үйірмелерге қатысады, ата-аналардың көмегімен мектептен тыс мекемелерге баруына жағдай жасалады. Бізде оқушылардың мүмкіндігі шектеулі әрі қоғаммен байланысы аз болатынын ескере келе баланың бойындағы дарынын ашуды алдымызға міндет етіп қойдық. Осы мақсатта олардың өнері, шығармашылық талантын танытуды, интернаттың базасында қалып қоймауын ескеріп, көркемсурет мектебі, спорт мектептері, «Ақ барыс» спорт клубымен келісім-шартқа тұрдық. Қазіргі күні оқушыларымыз сабақтан тыс уақытында сол мектептердегі үйірмелерге қатысады, – дейді Шымкент қалалық саңырау балалардың №1 мектеп-интернатының директоры Айкерім Ұзақова.

 DSC8965

Мектеп басшысы Айкерім Мұсақұлқызының қолға алған бастамасы жақсы нәтижесін көрсеткен. Қазіргі таңда мектеп базасында мүмкіндігі аз балалар сурет, қолөнер, шахмат, тенниспен айналысады. Бұдан бөлек грек-рим күресі, еркін күрес, шағын футбол, жүзуге барады. Осы үйірмелерге қатысып, талмай жаттыққан балалар халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанған. Мысалы, 10 сынып оқушысы Оразбай Бақдәулет еркін күрестен спорт шебері атанса, Дінмұхамед Аманылла, Азамат Нұржанұлының салған суреттері мен жасаған қолөнер бұйымдары көрмеге қойылып, лайықты бағасын алған. Саңырау балалар мектебінде ән-биге бейім өнерпаздар республикалық деңгейдегі жарыстардың бәйгесін берген емес. Ым-ишара арқылы ән айтудан дәстүрлі «Жұлдызай» фестивалінде биыл «Бәйтерек» тобы «Атамекен» әнімен І орынға ие болған.

 DSC8971

Министр Дүйсеновадан алғыс алған

– Мектеп-интернатта білім алып жатқан оқушылар арасында белсенді, спортқа жақын, он саусағынан өнері тамған шебер жасөспірімдер баршылық. Олар қоғаммен көбірек араласып, бойындағы ерекше қасиеттерін паш еткісі келеді. Біздің де діттеген мақсатымыз осы болатын, – деді мекеме басшысы.

Жуырда Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Астана қаласында өткен әлеуметтік қызметкерлер форумында ән айтқан аталған мектептің 7 оқушысына өз қолымен алғыс хат табыстады. Министр Ерсұлтан Ұлық, Азамат Исабек, Жағаппар Мамут, Салтанат Оразбек, Шаһзат Құлтай, Сұлтанбейбарыс Сансызбай, Бану Әсілханның талантына тәнті болып, өзгелерге үлгі болуға тілектестік білдіріпті. 

 DSC8904

Айкерім Мұсалықызы мектептегі белсенді оқушылар жыл сайын «Балдәурен» сауықтыру орталығында демалып қайтатынын атап өтті.
– Биыл «Оңтүстік цирк», орыс драма театры әртістерінің өнерін тамашалауға, «Мега», «Шымкент плаза» ойын-сауық орталықтарының басшылары балаларымыздың демалуына жағдай жасап, демеушілік көрсетті. Оларға алғыс білдіреміз, – дейді мектеп директоры.

 

Өнерлінің өрісі кең

Аманылла Дінмұхамед - мектеп-интернаттың 10 сынып оқушысы. Сурет салады және бала кезінен ұлттық қолөнер бұйымдарын жасауға ынтасы болған. Еңбек пәнінің мұғалімі Сабыржан Әріпбаев баланың қасиетін ұштауға тырысады. Сондықтан көркемсурет мектебіндегі үйірмеге жазады. Бүгінде ұстаздардан тәлім алған шәкірттің қолынан шыққан бұйымдар облыс деңгейіндегі көрмелерге қойылған. Сондай көрменің бірінде Дінмұхамед ағаштан ойып жасаған қазақтың қара домбыра композициясын облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа тарту еткен.

 DSC8981

– Бойымдағы суретшілік өнер әкемнен дарыды. Ал оны дамытуға көмектескен мектеп-интернаттағы, көркемсурет мектебіндегі ұстаздарыма рахмет айтқым келеді. Болашағымды оқып-үйренген өнер саласымен байланыстырғым келеді, – дейді талантты жас.

 

Мамандық алуда қиындық бар...

Шымкентте құлағы естімейтін балаларға орта білім беретін екі ғана мекеме бар. Оның бірі – саңырау балаларға арналған №1 мектеп-интернат. Мүмкіндігі шектеулі балалар мұнда 10 сыныпқа дейін оқиды. Айкерім Мұсақұлқызы осы тұста олардың ары қарай кәсіптік немесе жоғары білім алуға мүмкіндігі бола бермейтінін айтады. Тек Шымкентте мемлекеттік грант есебінен №4, №5 колледжде ұлдар үшін – бағдарламашы, қыздар үшін – дизайнер мамандығымен білімін жалғастырады. Өзге жоғару оқу орындарында, колледждерде сурдо аудармашы маманның жоғынан кәсіп үйрене алмайды. 

 DSC8928

– Ата-аналар мүмкіндігі шектеулі балаларының мектепті тәмамдаған соң дәл қазіргі қоғамға қажетті кәсіпке баулитын мамандықта оқығанын қалайды. Әзірге, жаңа айтып кеткенімдей, бағдарламашы мен дизайнерлерді ғана дайындайды. Кондитерлік салада, шаштараз, тігінші, машығына қарай қолөнермен айналысуда мемлекеттен гранттар бөлініп, мамандар дайындап, саңырау балаларды кәсіпке баулыса деген ұсыныс бар. Қоғамнан сырт қалмай, меңгерген кәсібін кәдеге жаратса дұрыс болар еді деп сұранып келетін ата-аналар көп, – дейді мектеп басшысы. 

Тарихқа үңілсек, құлағы естімейтін жандар арасынан әлемдік деңгейде танымал тұлғалардың шыққанын білеміз. Айталық, испандық суретші Гойя, әйгілі Циолковский және құлағы естімеудің азабын тартса да ұлы сазгер Бетховен 5 симфония жазған екен. Расында, мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіпті игеруіне жағдай жасалса, олардың арасында Қазақстаннан да әлемдік деңгейдегі таланттылардың шықпасына кім кепіл?

 

Дайындаған
Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Тіл үйренушілерге – тәлімді орда

Пятница, 08 Декабрь 2017 05:04

Бүгінде Шымкент қаласындағы мемлекеттік мекемелердің барлығында іс-қағаздары толық қазақ тілінде жүргізіледі. Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуімен қатар ағылшын және орыс тілін меңгеруге шымқалалықтардың сұранысы артқан. Сонымен бірге ересек жастағылар жаңа инновациялық технологияларды пайдалана отырып аз уақыт ішінде тіл білу мүмкіндігіне ие болған. Бұл нәтижелі жұмыстар Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығының 20 жыл ішінде қол жеткізген жетістігі деуге болады.

Қазақстандағы тұңғыш орталыққа - 20 жыл


IMG 1502

1997 жылы «Мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығы» болып құрылған мекеме 20 жылдық тарихты артқа тастады. 2009 жылы «Шымкент қалалық қазақ тілін оқыту, салт-дәстүрді және өнерді насихаттау орталығы» деп атауы өзгертілсе, 2012 жылы «Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі болып қайта құрылады. Орталықтың атауы қанша рет өзгерсе де халыққа көрсететін қызметі айқын. Ол облыстық, қалалық мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың, ұйымдар мен мекемелердің қызметкерлеріне, жеке азаматтарға қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытуды ұйымдастырып, тілдерді үйрену мен іс-қағаз жүргізуге қажетті көмекші әдістемелік оқу құралдарын әзірлеу. 

– Осы жылдар аралығында бұл орталықта 20 мыңнан астам азамат оқып шықты. Әрине, тоқсаныншы жылдардың аяғында жұртшылық тарапынан мемлекеттік тілді үйренуге деген ықыластың басымдығы байқалса, 2000 жылдан бері қазақ, орыс тілдерімен бірге ағылшын тілін меңгеруге деген қызығушылық артуда. Бүгінде орталықтың қызмет көрсету аясы кеңейді. Жекеменшік нысандар, шетелден келген саяхатшылардың сұранысына сай құжат айналымы мен қызмет көрсетуді үш тілде ұсынуда мамандардың біліктілігі жетеді. Яғни, тілдерді меңгеруге деген ниет күн санап еселеп, артып келеді, – дейді орталық директоры Нұрила Серікбайқызы.

IMG 5007

Мархабат БАЙҒҰТ, халықаралық «Алаш» және
«Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының
лауреаты, жазушы:

– Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығының 20 жылдық өмірі оңай болған жоқ. Бұл мекемеде тілдерді оқытып, үйретудің өзіндік өзгешеліктері қат-қабат. Мұнда негізінен ересектер және алуан түрлі мамандықтардың иелері келеді. Қиындықтың көкесі осыдан басталады. Бәрін ежіктеп айтпай-ақ қоялық. Ойға салып байқаған адам бірталай нәрселерге көз жеткізер. Орталықта жұмыс істейтін мұғалімдердің иықтарына артылар жүк те аса ауыр.
Шымкент қалалық орталығының ізденістері мен ұмтылыстары, «Ана тілі мен отбасы», Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлері байқауын өткізудегі өзіндік өзгеше талпыныстары, тағы басқа да құлшыныстары құптарлық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы мақсаттармен үйлесім табатыны қуантады. Іс-шараларды өткізуде де ізденістер бар.
20 жылдық мерекелерімен құттықтай отырып, орталық туралы аз-кем ғана пікірімізді білдірдік. Алдағы уақытта да жоғары жауапкершілікпен, жаңашылдықпен жұмыс істей отырып, биіктерге беттей береді деген сенімдеміз. Әлбетте, орталыққа қалтқысыз қамқорлықтар да қажет екені біз айтпасақ та, аян-дүр.

IMG 9338

Бүгінде оқыту орталығын елімізде тұңғыш ашылған мамандандырылған кешен деп айтуымызға толық негіз бар. Орталықта қызмет ететін 14 оқытушының еңбегі ұшан-теңіз. Олардың міндетіне қазақ тілін оқытуға арналған типтік бағдарламаны әзірлеу, тұрғындарға тілдерді көпдеңгейлік бағдарлама негізінде тегін оқыту, тілдерді қолдану мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында жоспарланған түрлі бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыру мен үйлестіру кіреді. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелерге етене таныс «Қазтест» бойынша диагностикалық және сертификаттық тестілеулер өткізу де осы орталықтың маңызды жұмыстарының бірі.

 

Жеті жұрттың тілін біл...

Дана, хакім Абай: «Басқа халықтың тілі мен мәдениетін білу адамды сол халықпен тең етеді» деген. Президент Н.Назарбаев әлем елдері қауымдастығына кіруіміз үшін біздің әрбіріміз бәсекеге қабілетті болуымыз керек екенін айта келе, «Ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің аса маңызды шарты – бұл әлемдік бәсекелестік үдерісінде табысқа жетуге мүмкіндік беретін күшті рух пен білім» деген болатын. Осыған орай, елімізде тіл үйренуге барлық жағдай қарастырылған. Тек ниет болса болғаны.

– Орталық қазақ, орыс, ағылшын тілдері ақысыз үйретіледі. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерден арнайы парақша ашып, тіл үйренушілермен байланысты нығайттық. Тыңдаушылардың ұсыныс-пікірлерін назарға алып, ай сайын тілдерді меңгеруге ынталы түрлі әлеуметтік топтарға кіретін тұрғындар арасында жиі іс-шаралар ұйымдастырылады. 

IMG 9212

Бір сөзбен айтқанда, тыңдаушылар санын арттыру бағытында орталық қызметінде заманауи ақпараттық технологиялар мен жарнамалық тың әдістер қолданылуда. Нәтиже әзірге жаман емес. Тіл үйренушілердің саны жылдан жылға артып отырғаны осыны дәлелдейді, – дейді мекеме директоры.

 

ҚАЗТЕСТ: мемлекеттік қызметкерлер сынағы

Орталық мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалаудың жалпыға ортақ отандық жүйесі – ҚАЗТЕСТ бағдарламасын, орыс және ағылшын тілдерін мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес бес деңгей бойынша ақысыз оқытады. 

Мұндағы мақсат – мемлекеттік тілді меңгермеген азаматтарды деңгейлік курстардан өткізіп, олардың сөйлеу, жазу, ойын жеткізу сынды өлшемдер негізінде тілдік қоры мен білімін жетілдіру. «ҚАЗТЕСТ» ұғымы мемлекеттік қызметпен тығыз байланысты. Сондықтан біздің өңірде тестілеуден өткендердің басым бөлігін мемлекеттік қызметшілер құрайды. Мәселен, өткен жылы жүйенің А2, В1 деңгейлері бойынша сертификаттық тестілеуден өткен 116 адамның 55-і сертификатқа ие болды.

1997 жылы мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығында бар-жоғы 445 тіл үйренуші мемлекеттік тілді үйренсе, 2017 жылы қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген ересек азаматтар саны екі мыңнан асып, 20 жылда 20 357-ге жеткен.

Бұл тұста орталық мамандарының еңбегін айтпай кетпеуге болмас. Орталық оқытушылары М.Жолдасова Швейцарияның "Монтре" бизнес мектебінде ғылыми тағылымдамадан өтсе, Н.Амандықова Ұлыбританиядағы «Simply the Best» мектебінде екі айлық арнайы курсқа қатысып, біліктілігін арттырған.
Сонымен бірге мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесін жетілдіру мақсатында ҚР мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті «Үздік сабақ» байқауын жариялайды. Байқауға келіп түскен 500-ге жуық материалдың 300-і ғана іріктеліп алынып, қорытындысында Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Гүлнар Қалдыбаева І орынды иеленген.

IMG 8679

Лингвистикалық орталық

Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығы шымқалалықтарға тілді үйретуде жасына қарамастан оңтайлы әдіс-тәсілдерді қолдануға тырысады. Қызметкерлерді өз ғимаратында оқытуға тапсырыс бергенде, мамандарды топқа бөліп, мейлінше қызықты да тың әдістермен үйретеді.

– Мекемелерде топтар жасақтау барысында да бірқатар мәселелер кездеседі. Өйткені, түрлі кәсіп бойынша жұмыс істейтін 18-60 жас аралығындағы ересек азаматтарға тілдерді оқыту, үйрету оңай емес. Белгілі бір мекемеде қызмет атқаратын азаматтың жұмыстан түбегейлі босатылмайтыны тағы бар. Қызметкерлер кез келген уақытта іссапарға немесе еңбек демалысына шығып кетіп, сабаққа қатыспайтын кездер де жиі кездеседі. Осындай жағдайдың бәрін ескеріп, тіл үйренушілермен тығыз жұмыс істейтін оқытушыға артылар жүк пен жауапкершіліктің салмағы ауыр, – дейді орталық директоры.

agylshyn-97

Орталық ұжымы 20 жылда бағындырған белесінің өзі бір төбе екенін мақтанышпен жеткізеді. Бұлай деуіне негіз де бар. Себебі, алда латын қарпіндегі қазақ әліпбиін үйрету жұмысы күтіп тұр.

Төреқұловты тани білу керек

Среда, 06 Декабрь 2017 06:56

Көрнекті қоғам қайраткері, дипломат Нәзір Төреқұловтың туғанына биыл – 125 жыл. Ағартушы-ғалым, елші, лингвист, публицист, қазақтан шыққан тұңғыш баспагердің қысқа ғұмырында ұлтына, оның болашағына сіңірген еңбегі орасан. Қызыл империя құрбанына айналған азамат 45 жыл өмірінде қазақ халқының ғана емес, күллі түркі тілдес елдердің руханияты мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан.

slide1

Төреқұлов Совет Үкіметі кезеңінде саяси тұрғыда ақталған жоқ. Сондықтан оның ұлт үшін жасаған ерен еңбектері еліміз тәуелсіздік алғанға дейін зерттелмей, көлеңкеде қалып қойды. Алаш азаматының күреске толы ғұмыры жайында облыстық саяси қуғын-сүргін музейіндегі деректермен танысып қайттық. 

Нәзір Төреқұлов Түркістан қаласының іргесіндегі Қандөз ауылында кәсіпкердің отбасында дүниеге келіп, балалық шағы Қоқанда өтеді. Әкесі Төреқұл жұмыс бабымен Қоқанға қоныс аударып, Нәзір өз ортасына сәйкес білім алады. Алдымен медреседе, сосын орыс-түздік мектебінде білім алады. Кейін сауда училищесін тәмамдап, 1914-1916 жылдары Мәскеудегі сауда институтының экономика факультетінде оқуын жалғастырады. Ол өз замандастары арасында озық ойлы, биік, зиялы азамат болды. Төреқұлов Мәскеудегі оқуын тастап, әкенің сауда саласын жалғастырады деген үмітін үзіп, патшаның 1916 жылғы жарлығы бойынша қара жұмысқа алынып, батыс майданға аттанады. 1918 жылы большевиктер жағына шығып, саяси қызмет жолының өсуі күрт өрлейді. Түркістандағы атты әскер саяси басқармасының бастығы, Түркістан компартиясының хатшысы, Түркістан Орталық Атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. 1922 жылы Мәскеу Орталық комитетінің қарауына шақырылып, КСРО халықтары орталық баспасы басқармасының төрағасы, кейін араб жерінде КСРО-ның өкілетті өкілі болып тағайындалады.

Алаш азаматы сегіз тілді меңгерген, сегіз жыл елшілікте тапжылмай қызмет еткен бірден-бір тұлға, ол түрлі елдердің тарихы, мәдениеті, экономикасы, өнерін жетік білген. Оны қай тақырыпқа салса да жүйрік болған. Ізденімпаз, білімпаз, еңбекқорлығымен қатар, өзінің көзі жетіп, көңілі сенген мәселелерді іске асыруда тартынбаған, қиындықтан қорықпайтын кемел қасиеттерімен ерекшеленген. 

Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған заманда Нәзір Төреқұлов Құрбан айтты үш күн демалыс деп жариялауға, жексенбіні жұмаға ауыстыруға күш салғандығын айтпай кетуге болмас.

 

NzrTrelliЛатын әліпбиі жүйесін алғаш түзген

Өткен ғасырдың 20 жылдары қазақ зиялылары арасында араб тілін алып тастап, латын қарпіндегі қазақ әліпбиін енгізуде тартысты кезең жүрді. Түрлі басқосулар, газет беттерінде мақалалар жарияланып, екіге жарылған зиялылар өз пікірлерін дәлелдеп бақты. Осы тұста латын графикасы негізінде әліпби жүйесін алғаш түзген дарынды дипломат Нәзір Төреқұлов еді. Ол 1924 жылы Мәскеу қаласында «Жаңа әліпби туралы» өзінің жаңа жобасын көрсетеді. Жобада 28 әріпке 28 дыбыс арнаған. Осыдан кейін Төреқұлов жасаған қазақтың жаңа әліпбиі қолданысқа енді. 

– Қазақ ұлтын сауаттандыруға үлкен күш салған ағартушының публицистік, журналистік қыры толық зерттелген жоқ. Сол кезеңде қазақ, өзбек газет-журналдарда жарық көрген саяси өзекті мақалалары, аудармалары болашақ зерттеушілердің назарын аударуды қажет етеді, – дейді облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің директоры Батырғазы Серғазиев. 

 

Қазақтың тұңғыш дипломаты

Нәзір Төреқұлов қазақ, өзбек, тәжік, татар, башқұрт, қырғыз, әзірбайжан, ағылшын, араб тілін меңгерген және білімін іске жарата білген үлкен ғалым. «Түрік халықтары кіндік баспасының» бас редакторы қызметін атқарғанда 12 тілде кітап ұйымдастырып, басып шығарғаны тарихтан белгілі. 

16299258 1818619105068336 3802432942523109103 n

Алаш перзенті 1928-1936 жылдар аралығында елшілік қызметте болды. Полиглот-азамат араб тілін білмесе де небәрі 36 жасында Хиджаздағы (Сауд Арабия) КСРО-ның өкілетті уәкілі болып тағайындалады. Ол кезде мұндай жауапты қызметке жас адамның тағайындалуы дипломатиялық тәжірибеде өте сирек кездесетін. Аз-кем уақытта елші араб тілін үйреніп алғаны соншалықты, аудармашылар қызметінен мүлдем бас тартады. «Өйтпесем, бірдеңе айтсам, басқаша аударылады да, әңгіменің мәні айдалада қалады» деп жазады. Оның араб тілін меңгеруі еуропалық дипломаттар арасында абыройы тіптен асқақтатады.

Нәзірдің арқасында Кеңес Одағы араб және мұсылман елдеріне танымал болады. Сауд Арабия мемлекетінің негізін қалаушы Абдель-Азиз аль-Саудпен және оның ұлы әмір Файсалмен өте тығыз байланыс орнатып, достық қарым-қатынасы арта түседі. Нәзірдің өмірін зерттеуші ғалымдардың дерегіне сүйенсек, ол дипломатиялық қызмет атқара жүріп, өзінің қазақ, мұсылман екендігін еш ұмытпаған. Сол қиын заманда мұсылмандық бес парызды орындап, қажылықты да жасаған әрі Совет Одағындағы мұсылмандардың Мекке-Мадинаға қажылық жасауын қолдаған. 

Кеңес Одағының басшылары Н. Төреқұловты Сауад Арабиясына елші етіп тағайындау арқылы оның әлемдік тұлғаға айналуына жол ашқанын өздері де байқамай қалады. Сол кезеңде ол әлемдегі ең беделді, абыройлы, дипломатия басшыларымен, елшілік қызметінің көрнекті қайраткерлерімен тіл табысып, қоян-қолтық араласып кетуі, олардың құрметіне бөленуі, шетелдік елшіліктер корпусының жетекшісі биігіне көтерілуі кеңестік большевиктік үкіметке ұнаған жоқ. Нәтижесінде ішінара түркі халықтары үшін жасап жатқан жемісті елшілік қызметін шұғыл үздіртіп, Кеңес Одағына қайта шақыртып алады. 1936 жылы Түркия мемлекетінің мүддесі үшін астыртын жұмыс жүргізген деп жалған айып тағып, 1937 жылдың 3 қарашасында «халық жауы» ретінде атылды. 

Алаш азаматының қазақ халқы үшін жасаған еңбектерінің әлі күнге дейін толық зерттелмеуінің сыры бар. Зерттеуші-ғалымдар мұны Нәзір сыртта қызмет еткендіктен ол жайлы құнды деректер Ресей, Өзбекстан, Сауд Арабиясы секілді елдердің мұрағатында сақталғандығымен түсіндіреді. Биыл Нәзір Төреқұловтың 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Алаштың асыл перзенті» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда ТМД, шет мемлекеттерден шақырылған ғалымдар мұрағаттарында жатқан азды-көпті деректерімен бөліскен.

Жуырда облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі Н. Төреқұловтың 125 жылдық мерейтойына орай «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты іс-шара өткізді. Онда ағартушы туралы түсірілген фильмнің тұсауы кесілді. Сондай-ақ, аудан-қалалардағы кітапханаларға Төреқұловтың кітаптары тарту етілді. Шара барысында дипломат-ғалымның өз қолымен салған суреттерін келушілер тамашалауға мүмкіндік алды.

 

Пікір

982355 1424766321

Қуаныш АЙТАХАНОВ, қоғам қайраткері:

– Нәзір Төреқұлов Кеңес Одағының Сауд Арабиясындағы өкілетті елші қызметіне тағайындалған. Осы қызметке тағайындағанда сенім грамотасын тапсыру рәсімі Меккедегі Қағбаның қарсысында Ораза айы кезінде Қадір түні орындалған. Бұл дегеніміз, Сауд Арабиясының карольдігі және оның бекзадасы Файсалдың Нәзір ағамызға деген құрметі.

 


mekemtas

Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ,
филология ғылымдарының докторы:

– Ұлтжанды азамат салт-дәстүрге ыждаһаттылықпен қарап, жақсысын алуға тырысқан. Жыл сайынғы мұсылмандардың Құрбан айт мерекесін үш күн демалыс деп жариялады, жұманы демалыс болсын деп ұсыныс тастады. Халықтың дәстүрін сақтау үшін, өзінің қалпын сақтау үшін – осылай істей алды. Бұл – Нәзір Төреқұловтың ерлігі.

 


muzei direktoryБатырғазы СЕРҒАЗИЕВ,
облыстық саяси қуғын-сүргін
құрбандары музейінің директоры:

– Алаш ардақтыларының арасында әдебиетке, өнерге жақын азаматтардың өмірі, шығармашылығы, халқы үшін жасаған еңбектері, 1937-38 жылдары басынан кешкен нәубеттері кеңірек зерттеліп-ұсынылды. Ал саяси тұлғалар, соның ішінде Нәзір Төреқұловтың еңбектері көлеңкеде қалып қойды. Оның өмірі мен еңбектері зерттелмеді, тарихқа, оқулықтарға енбеді, тіпті есімі де аталмады. Тек тәуелсіздік алған соң Елбасы саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтауға жарлық шығарды. Содан кейін ғана сең жүріп, ғалымдар тарихын түгендеп, архивтерге барды, іздене бастады. 

Алаш азаматының 125 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде ұйымдастырылуының нәтижесінде «Алаштың асыл перзенті» атты жинақ құрастырылды. Онда 100-ге жуық ғалымдардың еңбектері жинақталған. Бұдан бөлек, конференция аясында алты кітап шығардық. Кітапта Нәзір Төреқұлов жайында архивтегі ең соңғы деректер, өзбек тіліндегі шығармалары, материалдар жинағы және облыс әкімдігі қолдауымен «Нәзірдің жарық жұлдызы» деген фильм түсірдік. Мұнда ағартушының елшілікке дейінші өмірі қамтылған. 

Осы тұста айтарым, Нәзір Төреқұлов жайында зерттеуді қажет ететін деректер өте көп. Айталық, алаш азаматы керемет суретші болған. Қазіргі таңда, оның суреттері мұражайда сақтаулы. Өзбекстан архиві біз үшін ашылған жоқ. Конференцияға келген өзіміздің үлкен академик-ғалымдар қолқа салып, ТМД, шет елдегі архивтерге шығуға ұсыныстар айттық.

Страница 27 из 32