«Оңтүстік Цирк» ұжымындағы ең жас үйретуші Айша Сайрамбай «Шабыт» фестивалінде жүлделі  3 орынға ие болды.

tsirk

Сегіз жасар дарынды қыз «Пеппидің үйретілген күшіктері» нөмірін көрсетіп, шетелден келген әріптестерін таңғалдырды. Манежде аты таныс Гарий мен Гердамен өнер көрсеткенде, оның батылдығын көрген Ресейдің халық әртісі Эдгард Запашный жануарлармен жұмыс істеу кішкентай өнерпаздардың қолынан келе бермейтінін айтып, қазақ қызының жанкештілігіне жылы лебізін білдірген.

Айша «Оңтүстік Циркте» 5 жасынан бері өнер көрсетіп келеді. Жетекшісі – анасы Жанат Калметова. 

Айта кетейік, Астана қалалық мәдениет және мұрағаттар басқармасының ұйымдастыруымен өткен фестивалде «Оңтүстік Цирк» өнер ұйымының атынан гимнастикалық трюктен Диана Миралиева да қатысты. Ол Украина мемлекеттік цирк директорының арнайы сыйлығымен марапатталды.

nazira2018 жылдың 1 қаңтарынан әлеуметтік көмек жаңа форматта беріледі. Яғни, балаларға, аз қамтылған отбасыларға берілетін жәрдемақылар тағайындаудың жаңа тәсілдері енді. Жаңа жүйедегі өзгерістердің тұрғындарға қажетті тұстарын облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Назира Сайдуллаева түсіндіріп берді.


– Назира Кеңесбекқызы, жаңа форматтағы атаулы көмектің қазіргі әлеуметтік көмектен айырмашылығы қандай? Өзгерістің халыққа тиімді тұстарын атап өтсеңіз...

– Жаңа форматтың әлеуметтік төлемдерден басты айырмашылығы, ол тұрмысы төмен азаматтарға немесе отбасыларға көрсетілетін қолдаудың үш түрін (атаулы әлеуметті көмекті төлеу; мемлекет тарапынан жұмысқа тұруға жәрдемдесу; әлеуметтік бейімдеу шараларымен қамтамасыз ету) бір пакетпен ұсынады. Осылайша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларды немесе азаматтарды кедейліктен шығаруға бағытталған кешенді қолдау тәсілі болып табылады. Ал тиімді тұсы мынадай:
Біріншіден, келесі жылдан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдісі өзгеруіне орай оның мөлшері өсетін болады. Егер ағымдағы жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі орта есеппен 22 455 теңгені құраса, келесі жылы оның көлемі 25 968 теңгеге (15-16%) өседі.
Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін қолданылатын кедейлік шегінің мөлшері қазіргі 40 %-дан 50 %-ға дейін ұлғайтылады. Демек, егер ағымдағы жылы кедейлік шегінің мөлшері орта есеппен 8 816 теңге болса, келесі жылы 12 984 теңгені құрайтын болады.
Үшіншіден, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері 2017 жылмен салыстырғанда 20 %-ға дейін өседі.

– Жаңа форматта әлеуметтік көмектің қайсысына өзгеріс еніп, қайсысы бұрынғы қалпында қалды?

– Осы кезге дейін тұрғындар мына үш көмек түрін алып келді:
а) Отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 %-ынан төмен болған жағдайда отбасының әр мүшесіне берілетін атаулы әлеуметтік көмек;
б) отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 %-ынан төмен болған жағдайда 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын балалар жәрдемақысы, оның мөлшері осы жылы 1,05 АЕК немесе 2 383 теңгені құрады;
в) кәмелеттік жасқа толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға табысына қарамастан берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы.
Енді, 2018 жылы төленетін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтамасыз етілген отбасыларға қазіргі уақытта беріліп отырған жоғарыдағы үш әлеуметтік төлем Бірыңғай жәрдемақы болып біріктірілді.

shymkala-88-4

– Атаулы көмек енді күнкөріс деңгейі төмен, аз қамтылған отбасыларға беріледі деп жатыр. Осы кезге дейін жәрдемақы алып келгендер осы мәселе бойынша көмектен шеттетіліп қалмай ма?

– Әлеуметтік көмектен ешкім шеттетілмейді. Керісінше бірыңғай жәрдемақы ретінде төленетін жәрмақылардың мөлшері осы үш төлемнің жиынтық сомасынан артық болады.

shymkala-88-3– Шартты, шартсыз деп бөлінетін көмекті кім және қалай алады?

– Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 %-ынан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады.
Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға немесе еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын аз қамтылған отбасыларға беріледі.
Мұндай аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек қандай да бір шартсыз тоқсан сайын тағайындалып, ай сайын төленеді.
Шартты атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар аз қамтылған отбасыларға немесе еңбекке жарамды аз қамтылған азаматтарға ұсынылады, бұл орайда қойылатын шарт – жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы.
Осы мақсатта, әлеуметтік қызметтер мен қызмет алушылар арасында әлеуметтік келісім-шарт 6 айға жасалады және оны тағы 6 айға дейін создыру мүмкіндігі беріледі.

– Шартты ақшалай көмек алғанда салық органынан жеке кәсіпкер статусын алу міндеттеледі дейді. Оның қажеттілігі қандай?

– Шартты ақшалай көмек алғанда салық органынан жеке кәсіпкерлік ашу туралы міндеттеме қойылмайды. Дегенмен, еңбекке жарамды жұмыспен қамтылған шартты ақшалай көмек алушылар өз ісімен айналысуға ниет білдіріп, жұмыстан шыққан жағдайда әрі қарай шартты ақшалай көмек алу құқығын жоғалтпауда оны ашу қажет.

– Шартты ақшалай көмек алғанда кәсіп ашу керек дейді? Қандай кәсіппен айналысуға болады? Шектеу қойылған түрлері бар ма?

– Шартты ақшалай көмек қаржысына бұрынғы қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға болмайды. Оны жеке қосалқы шаруашылығын дамытуға (үй малын, құсын және т.б. сатып алу) дара кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға пайдаланылады.

– Ал, қалалықтар үшін ше?

– Қала тұрғындарына шартты ақшалай көмектің біржолғы сомасына құрал-жабдықтарды алып, халыққа қызмет көрсету немесе өнім шығару саласындағы кәсіпкерлікпен айналысуына болады.

– Жаңа форматағы атаулы әлеуметтік көмек ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 пайызынан төмен отбасыларға тағайындалады дейді. Оны қалай есептеуге болады? Мәселен, бір отбасының айына кіретін табысы 30 мың теңге делік...

– Шартты атаулы әлеуметтік көмек (әрі қарай ШАК) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына және қажет болған жағдайда, әлеуметтік бейімдеу шараларына міндетті түрде қатысу шартымен аз қамтылған адамдарға ай сайынғы немесе 3 айдың біржолғы ақшалай төлемдер түрінде 6 айға көрсетіледі.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу ережесіне сәйкес есептеледі.
Мысалы: отбасында 6 адам: ері – жұмысқа қабілетті жұмыссыз, жұбайы – 3 жасқа дейінгі бала күтімінде, 18 жасқа дейінгі 4 бала. Отбасының айына кіретін табысы 30 мың теңге болса, жан басына шаққандағы табысы 5 мың теңге (30мың т./6 адам) құрады. Күнкөріс деңгейі – 27520 теңге болса, кедейлік шегі (50% КД) – 13760 теңге құрайды. Отбасының жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 пайызынан төмен болуына байланысты (5000 < 13760), ШАК 8760 теңге (13760 – 5000) мөлшерінде әр отбасы мүшесіне бір айға тағайындалады. Жалпы ШАК сомасы 315 360 теңгені құрайды (8760 теңге х 6 адам х 6 ай).

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
А. КЕРІМҚҰЛОВА

Шымкентке латын әліпбиін насихаттау мақсатында арнайы топ келді. Республикалық ақпараттық топ құрамында саясаткерлер – Ерлан
Саиров, Талғат Қалиев, Әміржан Қосанов және журналист сарапшы Руслан Желдібай бар. Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков жетекшілік еткен жиында қоғам қайраткерлері бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен латын әліпбиінің жайын талқылады. Сондай-ақ, ақпараттық топ өкілдері әлеуметтік желі белсенділері және блогерлермен де кездесіп, пікір алмасты.

shymkala-88-2

«Апострофты емес, қазақ әліпбиінің латын графикасына өту идеологиясын қолдап жүрмін» деп сөз сабақтаған саясаткер Ерлан Саиров әңгімесін былай жалғастырды:

– Латын әліпбиі қандай өзгеріс алып келеді? Алдымен осы сауалға әлем елдерінде болып, жинақтаған тәжірибеммен байланыстырып мысалмен жеткізсем деймін. Қазақ әдебиеті – әлем халықтары ішіндегі ең бай тіл. Ал Кембридж универсиетінің кітапханасында болғанда өзбек, тува халықтарының әдеби мұраларын көзім шалғанымен, бірде-бір қазақ жазушыларының әдебиетін таппадым. Мұның себебі аудармаға келіп тіреледі, яғни қазақ әдебиетін ағылшын тіліне аудару үшін бірінші орысша нұсқа дайындалады. Әр тілге аударма жасағанда әдебиет маржанының 30 пайызы жоғалады. Сондықтан төл әдебиетіміз ағылшын тіліне деформацияланып жетеді де маңызы болмайды. Екіншіден, латын графикасына алпауыт елдер – Қытай мен Жапония 15 жыл бұрын өткен. Олар халықаралық аренаға шыққанда міндетті түрде латынды қолданады. Осы мәселелерді ескере отырып, латын әрпіне енудің рухани миссиясын түсініп, қоғамдағы құндылығын ұғынуымыз керек.

Ана тілімізге жасалған реформа қазақстандықтарды толғандырып, ұрпағының болашағы үшін алаңдауы расында орынды. Қазіргі таңда, баспасөз беттері мен әлеуметтік желіде қарапайым тұрғындардың өзі латын графикасына қатысты ойларын жариялауда. «Кириллицада қалған дұрыс еді», «латын – ұрпақты сауатсыздыққа апарады» деген пікірлерді жақтаушылар да бар. Осы тұста шымкенттік белсенді әлеуметтік қолданушылар Айгүл Орынбек, Өмір Шыныбекұлы «латын әліпбиінің жаңа нұсқасы халықтың талқылауынан, мамандардың сүзгісінен әбден өтіп, нағыз ыңғайлы әрі тиімді түрін асықпай ұсынылуы тиіс еді» деген ойларын ортаға салды. 

 

shymkala-88Руслан ЖЕЛДІБАЙ,
журналист-сарапшы:

ІТ бағдарламаны қазақ тіліне ыңғайлау керек

– Шетелде оқып жүргенімде ондағы көп достарым Қазақстан туралы сұрайтын. Картадан ашып көрсетемін. Сол кездерде түрлі жағдайға орай бізге латын әліпбиіне көшу қажеттігін түсіндім. Рухани жаңғыру аясында Мемлекет басшысы латын әліпбиіне көшу жобасын қолдады. Алайда, латын әліпбиі бекітілген жоқ. Бірер нұсқасы ғана ұсынылды. Бұл бағытта әлі талай мамандардың ұсынысы тыңдалады. Біз бекітілмеген әріптерді қазірден қолдана бастасақ, ертең халықты шатастырамыз. Бұл – бір. Екіншіден, әліпбиді жасайтын ғалымдарға «болды, осы әріптер өтсін» деген саяси қысым болмауы тиіс. Олар еркін жұмыс істесе, халықтың көңіліне қонымды дүниені жасап шығара алады. Үшіншіден, біз қазақ тілін ІТ бағдарламаға бейімдеп емес, ІТ бағдарламаны қазақ тіліне ыңғайлауды ойлағанымыз абзал. Пернетақтада не бар, сол әріптерді ғана қолдануға бейімдеу – қазақ тілінің ережесін қазіргіден де қиындатады. Ал бізге қазақ тілін меңгеруді мейлінше жеңілдету қажет.

 

Белгілі саясаткер Әміржан Қосанов жоғарыдағы қос азаматтың ойын қуаттай келе өз пікірін жеткізді. Ол мына үш мәселені ескеруге шақырды. «Шешуші сәттер болады. Қазір латын әрпі жайында теріс пікірлерден көз жаза алмаймыз. Мені толғандыратын үш сұрақ бар. Біріншісі, көп адам қазір филолог болып кетті. Сол себепті, кәсіби, терең, адамзаттың әліпбиге көшу процесінің практикасы және теориясымен айналысатын мамандардың пікірін тыңдасақ. Олардың әңгімесін тыңдап жатқандар аз. Екіншіден, «битке өкпелеп, тонын отқа жаққандар» артуда. Апострофқа деген теріс көзқарас, әліпбиге көшу идеясына қарсы болып кете ме деп қорқам. Бұл мәселеге ұлттық мүдде тұрғысынан сараптап қараған жөн. Үшіншіден, латын графикасына жазушылар қарсы. Оларда «жазбаларымыз кириллицада қалып кетіп, мұралары тарих мұрағатына кетіп, ұрпақ оқымайды» деген қорқыныш басым. Лайықты әдебиетті ұрпақ өзі аударып алады, – деген ойын ортаға салды.

shymkala-88-1

Руслан Желдібай екі жыл Ұлыбританияда «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алып келген журналист-сарапшы. Елге оралғанына бір ай ғана болған. Оның пікірінше, латынға өту – қазақ тілінің қуатын күшейтеді. 

– Ерден Қажыбек деген ғалым қазақ тілінде қазір 60-70 ереже бар екендігін айтады. Егер латынға көшсек ол 20-30 ережеге қысқарады екен. Сонда қазақ тілін үйрену деңгейі жеңілдейді дейді. Дегенмен, жаңа әліпбиде техникалық қателіктер көп. Ол оқуға және жазуға ыңғайсыз, – дейді журналист-сарапшы. 

Топ жетекшілері жуырда елімізде латын әліпбиіне қатысты мемлекеттік комиссия құрылады дейді. Олар комиссия жұмысының аясында диграф пен апостроф мәселесі шешімін табады деп сендірді. Ал елді аралаған ақпараттық топ маңызды деген ой-пікірлерді комиссия талқысына салатындығын жеткізді.

 

23223247 580212128977848 1196323049 o

Ұлттың болмысын өзгелерден ерекше көрсететін, танытатын ұлттық киімдеріміздің құны неге төмендеді? Ұлттық киімдеріміздің заманауи үлгіде тігілген түрлерін күнделікті өмірде неліктен кимейміз? Шапан киген қария немесе қамзол киген қыз-келіншекті көшеде кездестіреміз бе? Облыстық әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығында өткен семинар-тренигте осы сауалдарға мамандар жан-жақты жауап іздеуге тырысты.

 

DSC 3457Төл өнерімізді дәріптейтін жоба басталды

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық бірегейлікті сақтау мақсатында ата-бабаларымыздан қалған құнды дүниелерді насихаттау айтылған болатын. Осы мақсатта құндылықтарымызды дәріптеу, шеберлеріміздің еңбегін көрсету, халқымыздың тарихы мен ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі бар екендігін жастарға жеткізу мақсатында «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» атты жаңа жоба басталды. 

– Қадірлі қонақты, ел ағаларын сыйлау, қадір тұту мақсатында иығына шапан жауып, ілтипатымызды білдіреміз. Соңғы уақытта ол тойдың ғана сәні. Құрметті азаматтарға тілек барысында ғана жабамыз, сосын сөмкеге салынады не сандықтың түбіне кетеді. Соншалықты қасиетінен айырылғандығы сол, шапан бес-алты тойды айналып өзіңе қайта келеді. Шараны ұйымдастырудағы мақсат кәсіпкерлер, шеберлер, тігінші, дизайнерлермен бірлесе отырып, ұлттық киімге деген қоғамдық сананы өзгерту. Қайтсек құндылықты жаңғыртамыз, күнделікті заман ағымына қарай өзгертуге болатын тұстары бар ма? Халыққа жаңаша бір дүниелер ұсынуды сіздермен ақылдаса отырып шешсек, – деді өңірдегі қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жобалық кеңестің жетекшісі Бақытжан Әшірбеков.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның қорытындысы келесі жылдың қазан айында шығарылады. Оған дейін жоба аясында түрлі басқосулар, насихат және дәріптеу шаралары, ұлттық киімдер фестивалі өтеді. Семинарға қатысқан қолөнер шеберлері, дизайнерлер, тігін шеберханаларының өкілдері мен ұлттық киім мен тұрмыстық заттарымызды кәсіпке айналдырған азаматтар «қазақ қоғамында қазына-байлығымызды бағалау неге төмен?» деген сауалға айтар өз пайымдарын жеткізді.

 

Қазақтың киімі өзімізде емес, өзге елде бағалы...

23192289 580212132311181 1427418443 o

Болат Білісбеков Шымкенттегі танымал қолөнерші. Отбасымен қазақтың қолөнер бұйымдарын дәріптеп, шет мемлекеттерге танытып жүрген азамат. Әлемнің түкпір-түкпірінде болған қолөнерші елімізде ұлттық дүниелеріміздің бағаланбайтындығын атап өтті. 

– Ауғанстан, Малайзия секілді елдерде әлемдік деңгейдегі көрмеге қатыстық. Сонда шетелдіктер ұлттық киімімізге таңғалып, бізге құрмет көрсетті. Малайзияда өткен көрмеде «Әлем жастары қолөнерден қол үзіп қалды. Солардың арасында қазақ жастары бұл дәстүрді сақтап қалыпты» деп жоғары бағалады. Ал елімізде бұл саланы дамытуға бетбұрыс байқалмайды. Қолдан жасаған дүниелерімізді елге көрсетіп, насихаттауға билік тарапынан қолдау көрсетілсе екен, – деген ойын жеткізді. 

Жуырда ғана шымкенттік фототілші қолөнер шеберінің бұйымдарын суретке түсіріп, Нью-Иорк қаласында өтетін көрмеге алып кеткен. Маман қазіргі таңда ұлттық байлықты дәріптеуде ақын, суретші, қолөнерші бірлесіп, жұмыс істесе ғана тығырықтан шығатындығын атап өтті. 

– Бір үміт бар. Мүмкін бір-біріміздің жұмысымызды насихаттап, қолдау көрсету арқылы қазынамызды қайтарармыз, – дейді өзі.

 

Өз өнімімізді сатып алайық

shymkala-87-5Әлеуметтік желіге «ұлттық киімдерімізді күнделікті киер ме едіңіз?» деген сауал тастадық. Сауалға үн қатқандар саны аз болмады. Басым бөлігінің ниеті болғанымен, қалтасы көтермейтіндігін айтты. Өйткені, сәнгерлердің қолынан шыққан бұйымдар тым қымбат.

Бұған шымкенттік сәнгерлердің айтар өз уәжі бар. «Тұмар», «Қазақ фэйшн» сән үйлерінің өкілдері «Мата өзімізде өндірілмейді. Жақсы мата үшін Қытай, мен Қырғызстанға тәуелдіміз. Екіншіден, нарық заманында көз майыңды тауысып, қол күшімен жасаған дүниелеріңізді алпауыт екі ел көшірмесін арзан бағамен шығарып үлгереді» дегенді алға тартты.

Сәнгерлер бүгінде тігін саласында мамандар жетіспейтіндігі қолбайлау болуда дейді. Тігінші, пішуші, кесуші секілді маман дайындайтын оқу орындары аз болғандықтан өздері үйретуге мәжбүр. 

Мата демекші Оңтүстікте 2020 жылға таман мата өндіретін зауыт ашылады. Бүгінде, Бәйдібек ауданында Сұлтанбек Бакиров есімді азамат жібек құртын өсіріп, жібек алу кәсібін бастап кеткен. Қазір 25 гектарға тұт ағашын егіп, жібектен тоқыған шәлілерін халыққа ұсынуда. Кәсіпкер тұт ағашын егуді 1000 гектарға жеткізсек, өз матамыз шығатындығын, сонда халыққа арзан киімдер ұсына алатындығына бек сенімді.

 

Ұлттық киімді күнделікті киіп жүреді

«Ұлттық киімдерімізді күнделікті өмірде киіп жүруге болады», деп пікір айтатындардың бірі «Қазақстан» РТРК АҚ ОҚО филиалы директорының орынбасары Гүлсара Сапарқызы. 1992 жылдардан бері оюлы қамзолын киіп келеді. Одан бері дүкендерден ұнағанын сатып алса, гардеробында тігіншілерге арнайы тіктірген түрлері де бар. 

23146107 580231928975868 262819820 n– 1992 жылы әріптесім Анар Аспанмен Алматыға бардық. Жәрмеңке деген ұғымның енді пайда болған кезеңі. Сонда жәрмеңкеде ұлттық киімдерді көріп, қатты қызықтым. Камзолдың бірден үшеуін сатып алдым. 1993 жылдардан бастап 2003 жылға дейін қазақы өрнектегі сол қамзолдарды киіп теледидарда салт-дәстүр, қыз-келіншектерге арналған бағдарламаларды жүргіздім, – дейді Гүлсара Сапарқызы.

Журналистика саласында еңбек ететін кейіпкеріміз ұлттық киімдерді тіктіру қымбат екендігін мойындайды. Соңғы зерлі тастармен тіктірген қамзолы 100 мың теңгеге бағаланған. «Мұны тіктіргенше бренд фирмалардан неге пальто не плащ алмайсың» деп ақыл қосқандар да болған. Дегенмен, патриоттық сезім басым болар, қазақы киімге жиі бүйрегі бұрады.

Түйін: Ұлттық киімді бағалауда Гүлсара апай секілді сөзбен емес, іспен көрсетсе игі болар. Қазір қазақтың ұлттық киімін дәріптеп жүрген кәсіпқой бокшылар Қанат Ислам, Генадий Голвкин бар. Рингке шыққан сайын оюлы шапаны мен қалпағын тастамайды. «Бәрекелді!» дейсің іштей. 

«Бағасы қымбат» деген сылтау ғана секілді. Бренд киіммен жүруде ақшаны аямайтын қарапайым ғана адамдар көп арамызда. Қымбат костюм мен галстук таққан қадірменді, абыройлы азаматтар да жеткілікті. Оларды аталы сөзі үшін жиын-тойларда қадірменді қонақ етіп, жылы тілектерін жеткізуге шақырады. Мүмкін олар жібек шапан не болмаса киімінің бір шеті оюланған костюммен шықса, талай адамға ой салар ма еді. 

Расында, сала мамандарына тығырықтан шығар талай жол ұсынғанымен ұлттық сана өзгермей, мәселе шешілмейді.

Шәмші әндері шарықтады

Среда, 01 Ноябрь 2017 08:22

Ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әндері білім ордасында шырқалды.


«Рухани жаңғыру: «100 кітап, 100 ән» жобасы аясында №129 орта мектепте сазгердің әндерін оқушылар арасында насихаттауда концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. 

Шараға Әл-Фараби ауданның әкімі Бауыржан Қалжанов, ата-аналар мен қариялар қатысып, білім ордасында қолға алынған ізгі жұмыстарға сәттілік тіледі. 

shymkala-2222

– Бүгінде жас ұрпақ даңғаза, мән-мағынасыз әндерге үйірсек. Рухани жаңғыру аясындағы бұл шарада оқушыларға композитор жайында кеңірек мәлімет бердік, әндерін тыңдап өсуге үйреткіміз келеді, – дейді мектеп директоры Ғалымжан Алматов. 

Мерекелік кеште Шәмші әндерін мектеп оқушыларымен қатар облыстық филармония әншілері де орындады. Сазгердің патриоттық, туған жер, ана туралы әндерін оқушылар қосылады шырқады. 

shymkala-111111

Айта кетейік, «Сәуле» шағынауданында бой көтерген №129 мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға берілген болатын. Қазір мұнда 1400-ге жуық оқушы білім алып жатыр.

21687954 1719164708093534 6602708431726105083 nПейілі кең, көңілі шалқар қазақ халқыныңтойсыз күні жоқ. Сондықтан болар, тойды қазына санаймыз. Қазақ шаңырағында нәресте өмірге келген күннен ұлан-асыр той басталады. Сосын бесік той, сүндет той, үйлену, қызұзату, алтын, гауһар той... Иә, қазақты тойдан айырмасын дейміз. Тек соңғы уақытта алтын қазынамыздың қадірі қашты, өз болмысынан ажырап, құндылығы төмендеп барады. Бұл қазақ рухына, мәдениетіне, өнеріне жаны ашыған азаматтарды ойландырмай қалмауы тиіс жағдай-тын. Қазір әлеуметтік желіде нақ осы той тақырыбында Оңтүстікте «ONtoi жұлдыздары» атты байқау басталып кетті. «NAR-TV» телеарнасының директоры Ерсұлтан Әмірбектің ұйымдастыруымен қолға алынған байқау жайында біраз жайтқа қанық болдық.

– Ерсұлтан аға, идеяның авторы кім? Байқауды ұйымдастыруға не түрткі болды?

– Қазақтың біте қайнасыпжатқан жері – той. Ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, өмірін көрсетін де осы – той. Біле білсек той – қазақтың ең үлкен сахнасы. Соңғы уақытта қазақтың сахнасында бейәдеп әрекеттер мен әндер, билер, ұятсыз ойындар көрінісі жиі орын алуда. Тойдың төңірегінде жүргендер, асабалар бүгінде ақша табуды ғана мақсат тұтады. Күлдіремін деп бүлдіреді. Келін мен қайынатасын билетеді, той қонақтарының әдепсіз қылықтарынан жүзімізді алып қашатын болдық. Тойдағы осы жағдайлар көптен бері мазалап жүрген-ді. Әлеуметтік желі арқылы қоғамға ой салу мақсатында «ONtoi жұлдыздары» атты байқау ұйымдастыруды жөн санадым. «ON» біздің оңтүстіктің бренді, «toi» ол белгілі дүние. Той мәдениетін қалыптастыруға арналған әлеуметтік желі қолданушылар арасындағы үздік жазбалар бойынша жарияланған байқауға облыстық «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан Журналистер одағы ОҚО филиалы, облыстық Мәдениет және Ішкі саясат басқармасы, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармалары, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы қолдау білдіріп отыр. 

22222034 1727901940553144 1481929502559974885 n

Тағы бір айта кетерлігі, бұл мәселелер байқауда ғана емес, «NAR-TV» телеарнасында ашылған «ONtoi жұлдыздары» атты бағдарламада көтеріледі.

– Той мәдениетін қалыптастыру мақсатында дедіңіз, сонда қатысушылар тек тойлардағы кемшіліктерді көрсету қажет пе?

– Ата салтымызға жат бейәдеп қылық көрсетушілерді сын тезіне салу, кейбір тойдағы кезігетін дарақылықтар мен ысырапшылдықты жою секілді мәселелер міндетті түрде қозғалады. Дегенмен, байқаудың мақсаты кемшіліктерді айтып, сынап-мінеу емес. Мұндағы тағы бір мақсат– тасада қалып жатқан таланттарды жарыққа шығару. Ауыл-аймақтарда шын таланттар көп. Өнер иелерін дәріптеп, ерекше дарындылығын жария етуге болады. Ауылдың тойында жанды дауыспен ән шырқаған әншіні, не болмаса жас бала жарқ етіп шығып өлең айтып, елдің ықыласына бөленгенін видео арқылы жеткізсін. Жас өнерпаздың «ONtoi жұлдыздары» арқылы елге танылып, бағы жанып кетуі де ғажап емес. Сол себепті, байқауға қатысушылар осы жағына басымдылық берсе дұрыс болар еді.

Қазір қариялардың өзі тойда дұрыс бата бере алмай соңында «сол үшін» деп айтып қалып жатады. Егер тойда ақсақалдар керемет бата берсе, өсиет айтса, жариялауға мүмкіндігі бар. Құдалық, той жасап жатқан үлгілі отбасының ерекше қасиеттерін паш етсе, тіптен жақсы. Яғни, ауқымы кең байқау.

22196193 435036526892149 3280357289865125885 n

– Жеңімпаздарды қандай жүлде күтіп тұр?

– Байқаудың жалпы жүлде қоры – 500 000 теңге. Байқауға қатысқан өзге де үміткерлерге ынталандыру сыйақысы тағайындалады. Фейзбуктегі ашылған топтағы жазбаларға жақсы пікір қалдырып, белсенді атсалысқан жандардың өзі сыйлықсыз қалмайды.

– Қатысушылардың белсенділігі қалай?

– Той мәдениетін көтеруге атсалысып, пікір білдіріп жатқандар саны күннен күнге артуда. Қазақ руханиятына жаны ашитын адамдардың бұл мәселеге келгенде бейжай қалмайтындығы қуантады. Оларға алғысымды білдіргім келеді. Байқау желтоқсан айында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қорытындыланады. Әлі де болса әлеуметтік желі қолданушыларын белсендірек болуға шақырамын. Байқауға тек журналистер мен блогерлер ғана емес, той төңірегінде жүрген асабалар, өнер адамдары қатыса алады.

– Қазір тойдың науқаны қызып тұр. Жаңа бастамаңыздан қандай нәтиже шығып жатқандығын байқадыңыз ба?

– Адамдар видеожазба арқылы келеңсіз жағдайларды көрсе, оғаш екендігін түсінеді. Қоғамның талқысына түсіп қалмаймыз ба деп аңдап басып, аяқ тартатынына сенімдімін. Бірден «революция» жасай алмайтынымыз белгілі.

– Ттойдың түрі көп. Күн сайын тойланатын той-домалақтардан қазынамыз қасиетін жоғалтып алды деп ойламайсыз ба?

– Қазір тойды ысырап деп санайтындар бар. Дастарханға аста-төк тамақ қояды дейді. Дастарханымыз ысырап болып, қоқысқа кетіп жатқан жоқ. Мейлінше қонақтың ырысымен кетіп жатады. Тек бізде тойдың дәрежесіне қарай ықшамдап, ортасына қарай лайықты етіп жасау қажет. Қазыналы жиынға ниеттес, араласымы бар ағайын-туысты, дос-жарандар төңірегіндегілерді топтастыру керек. «Ассалаумағалейкум» деп амандасып, «құтты болсын» деп айтқанның бәрін шақыру – дарақылық.

– Әмірбектер әулетінде тойды өткізудің ерекшелігі бар шығар...

– Той алдында алдымен үлкендер мәслихатта ақылдасады. Жаттанды асабаны шақырмаймыз. Жартылай жалаңаш ән айтатын «қуыршақ» әншілер емес, дәстүрлі ән айтып, тойды «жандыратын» әншілеріміз қонағымыз. Тойдың жақсы өтуі – шаңырақ иесіне байланысты. Мәнді, сәні өтсін десе тойдың сценарийін өзі жасауы қажет.

– Байқаудың басталғанына біршама уақыт болды. Үлесін қосам деушілерге кеш емес пе?

– Жоқ, желтоқсанға дейін уақыт бар. Фейсбук әлеуметтік желісінде «ONtoi жұлдыздары» тобына тіркеліп, #ontoi хештегімен, байқау атауын, логотипін қолданады. Сосын ой-пікірін, жазбасын, видеосын қалдырады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Шымкентте жыл басынан бері газдан уланудың 7 оқиғасы тіркелген. Одан 7 адам зардап шегіп, 4 адам қайтыс болған. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жылу маусымы басталғаннан  газдан уланудың алдын алу шараларын күшейтуде. Соның ішінде көпқабатты тұрғын үйлерге жылыту пешін өз бетінше орнатқан тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. Себебі, бүгінде Шымқалада 18 мың абоненттің 25%-ы автономды пеш тұтынатындар. Бұл бірінші кезекте айналасындағы тұрғындарға қауіп туғызса, екіншіден, орталықтандырылған жылу жүйесінің жұмысына кедергі жасауда.

DSC 9489

2016 жылдан бері көпқабатты тұрғын үйлерге автономды пеш орнатуға тыйым салынды. Мұның өзіндік себептері бар. Төтенше жағдай мамандары автономды пештің техникалық талаптарын сақтамағандықтан тұрғындардың газдан улану жағдайлары жиі болатындығын айтады. «Егер көпқабатты тұрғын үйдің құрылымында жылу жүйесі орталықтандырылған жылуға қосылатын болса, дербес пешті орнату қауіпті. Ол тұрғын үйдің жылу жүйесіндегі балансты бұзады. Автономды пештің негізгі бөлігі – түтін жолы. Пеш қосылғанда қызады да түтін жолы толып қалатындықтан уақытында тазаламаса газдың сыртқа шығуына себеп болады. Мұның соңы қайғылы жағдайларға апарады. Сол себепті, оны жылына бір рет тазалап тұру қажет, – дейді Шымкент қалалық төтенше жағдай департаменті басшысының орынбасары Рауан Өсербаев. 

Өткен жылы қалада газдан уланудан 19 оқиға тіркеліп, 29 адам зардап шексе, оның 19-ы көз жұмған. Төтенше жағдайлар департаментінің маманы келеңсіз жағдайға жол беретін – тұрғындардың салғырттығы екендігін атап өтті. Ол қалалықтардан автономды пеш орнатқанда жер үйлердің өзінде барлық техникалық талаптарды ескерсе дейді. 

Қазір қалада автономды пешпен баспанасын жылытып отырғандардың барлығының құжаттары заңды деуге келмейді. Сондықтан аудан әкімдігі, төтенше жағдай қызметкерлері мен жылу беретін мекеме мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. 

– Көпқабатты тұрғын үйлерге дербес пештер орнатуға тыйым салынады. Жауапты мекемелердің рұқсатынсыз пешті орнатқандарға қатаң шара қолданамыз, – дейді қаланы жылумен қамтамасыз ететін «Қуатжылуорталық - 3» мекемесінің бөлім басшысы Марина Хохлова. 

Кезінде қалада жылу сапасының төмендігінен тұрғындар пәтерлерін жаппай газбен жылытуға көшкен болатын. Енді, коммуналдық талаптарға сай келмейтіндердің дербес пештері ажыратылмаса, қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов мәселе сотта шешілетіндігін ескертуде.

 

Жеке үйге пеш орнату ережесі

Жеке үйлерде автономды пештен ақау шығудың бір себебі – арзан әрі сапасыз техниканы қолдану. Қазіргі кезде тұтынушылардың дерлігі Иран, Қытайдан келген пештерді пайдаға жаратуда. Мәселен, ирандық жылыту құрылғысында мұржа қарастырылмағандықтан қауіпті саналады. Сондықтан құрылғыларды сатып алуда, орнатуда және жылу маусымына дайындық алдында пешті қосарда сала мамандарынан кеңес алған артықтық етпейді. 

– Бүгінгі таңда техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жаңа, тиімді автономды құрылғылар шығарылуда. Олар газ қондырғысы тұрған бөлмеде метан немесе иісті газ пайда болса, дабыл қағып, газдың келуін автоматты түрде тоқтатады. Осыдан кейін 104-ке хабарласып мамандардың көмегіне тез арада жүгінуге болады. Дабыл аспабы – тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қажет, – дейді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ОҚО өндірістік филиалының өндірістік техникалық бөлімінің бас маманы Бақытжан Тулешов.

Автономды пеш қойғанда (жеке үйлерде) есте сақтайтын қарапайым қағидалар:

  • *Автономды пешті адам көп жиналатын, ұйықтайтын, асхана, жуынатын бөлме секілді орындарға орналастырмай, мүмкіндігінше бұл үшін үйдің сыртынан бөлек орын дайындаған дұрыс. 
  • * Пеш тұратын бөлмеде желдеткіш канал, терезе желдеткішінің болғаны қауіптілікке жол бермейді.
  • *Пештің түтін жолы шатырдан 50 см жоғары тұрады.

Айта кетейік, Шымқалада 20 қазаннан бастап жылу берілді. Бюджеттік мекемелерге жылумен толық қамтамасыз етілсе, апта ішінде 800 көпқабатты тұрғын үйге жылу жетті. Төлемақы 1 қарашадан бастап, жылу есептегіш құралы бар үйлерде жылу қосылған күннен бастап есептеледі. «Қуатжылуорталық» мекемесі үйішілік сервистік қызмет көрсету орталығын ашты. Олар тұрғындарға жылу жүйесіндегі ақауларды жөндеуде тәулік бойы қызмет көрсететін болады. Оның ақысы шаршы метріне – 6 теңгені құрайды.


DSC 0203Бауыржан ҚАЛЖАНОВ,
Әл-Фараби ауданының әкімі:

– Әл-Фараби ауданына қарасты 672 көпқабатты тұрғын үйдің 613-і орталықтан-дырылған жылу жүйесіне қосылған. Аудан бойынша 55 тұрғын үйде автономды пеш орнатылғандығы анықталды. Сала мамандарынан құралған рейд барысында газдан келетін қауіптіліктің алдын алу шарасы түсіндіріліп, олардың дербес жылыту жүйесіне қажетті құжаттары мен рұқсаттарының бар-жоқтығы анықталды. Қазіргі таңда, аудан бойынша жылу құбырларының басым бөлігі жаңартылды. Осы мәселелерді тұрғындарға түсіндіру жұмысы жалғасуда.

 


d141ae8a-5d30-45bf-943a-33d23a536bfd-696x463Ғалымжан ИЛЬЯСОВ,
Еңбекші ауданының әкімі:

– Еңбекші ауданында 527 көпқабатты тұрғын үй бар. Жылу маусымына дайындық жұмыстары басталғаннан газдан уланудың алдын алу бойынша насихаттық топ жұмыс істеді. Қазіргі таңда, улы газдан сақтану және автономды пештер орнатылған үйлерді анықтап, құжаттарының дұрыстығын тексеруде аптасына екі рет рейд өткіздік. Оның құрамында төтенше жағдай, жергілікті полиция қызметкерлері, тұрғын үй инспекциясы мамандары бар. Соңғы рейдтік шарада Уәлиханов көшесіндегі 227 а үйдің тұрғындарымен кездесті. Онда 10 пәтерде дербес пеш қойылғандығы анықталып, рұқсат беретін құжаттарының заңдылығын мамандар зерделеуге жіберді.

 


tatybaevАхмет ТАТЫБАЕВ,
Абай ауданының әкімі:

– Аудандағы 432 көпқабатты тұрғын үйдің 424-і орталықтан-дырылған жылу жүйесіне қосылған. Қалғандарына орталық жылу қазандықтарына көшуге түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. 7 рет рейдтік шара ұйымдастырылып, сала мамандарының көмегімен пәтерлердегі дербес пештердің талапқа қаншалықты дұрыс келетіндігі анықталды. Ауданға қарасты Ә. Молдағұлова көшесіндегі №44, Темірлан тас жолындағы №7, Темірлан көшесіндегі №1 көпқабатты үй тұрғындары автономды пеш қолданады. Мәселен, Ә. Молдағұлова көшесіндегі №44 үйде 7 пәтердегі автономды пеш орнатқандардың төртеуінің құжаты түгел, қалғандарының пештері талапқа сай емес. Осы секілді құжаты жоқтарын қарашаның ортасына дейін анықталады.


 MG 2262Ғабит МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
Қаратау ауданының әкімі:

– Қаратау ауданында 269 көпқабатты тұрғын үйдің 247-ін «Қуатжылуорталық -3» мекемесі жылумен қамтамасыз етеді. Автономды пеш орнатқан 49 тұрғын үйдің тұрғындарымен жылуға дайындық кезінде қауіпсіздіктің алдын алу бойынша жиындар өткіздік. Қазір аудан әкімдігі, төтенше жағдай өкілдері, жылу беру мекемесі және жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, рейд ұйымдастырылуда. Онда автономды пешке рұқсаты жоқ тұрғындармен кездесіп, 10 пәтер иесіне пешті ажыратуға ескертулер берілді.

Шымкент-тік қоғамдық көлік жүргізушілер мен кондукторлар форма кию талабын сақтамайды. Транспорт саласы мамандары осылай деп дабыл қағып келеді. Бұл мәселе бойынша жылдар бойы күрескенімен нәтиже шығар емес. Мамандар берген мәліметке сүйенсек, жолаушылар тасымалдайтын 30 компанияның ішінде небәрі бесеуі талаптың үдесінен шыққан.

Апта сайынғы тасымалдау компаниялармен өткізілетін жиында жауапты саладан «форма» үшін 20-30 ескерту беріледі екен. Тасымалдаушы компаниялар өз міндетін орындауға неге салғырт қарайды? Үлкен мегаполисті қалада бұл мәдениет неге сақталмай келеді? Мәселенің анық-қанығын саралап көрдік.

DSC 9400

Шымқалада 1600-ге жуық жүргізуші мен кондуктор бар

Шымкент қаласында 30 көлік компаниясы жұмыс істейді. Жалпы, 75 бағыт бойынша 1146 қоғамдық көлік күніне 250 мыңдай жолаушыны тасымалдайды. 1600-ге жуық жүргізуші және осы шамада кондукторлар халыққа қызмет көрсетеді. Жүргізуші мен кондукторлардың қоғамда атқаратын еңбегі орасан деуге келеді. Таң атқаннан қас қарайғанға дейін жүргізуші тұрғындарды қажетті жеріне жеткізумен қатар, қауіпсіздігін қоса ойлайды, ал кондуктор тізе бүкпей қызмет көрсетеді. Бірақ шымкенттік кондукторлар қызметтік форма киюге келгенде немқұрайлы. Мамандар бұған заңның солқылдақ тұстары себеп дегенді алға тартты. Себебі, әлі күнге дейін жауапты мамандар талапты бұзғандарға шара көре алмайды, тек ескерту берумен ғана шектеледі.

– 2014 жылға «Автомобиль көлігімен жолаушыларды тасымалдау» қағидатына «қоғамдық тасымалдау көліктерінің жүргізушісі мен кондукторлар киім-кешекпен қамтамасыз етілуі тиіс» деген өзгерістер енгізілді. Бұл тасымалдаушы компаниясының есебінен жүргізіледі. Қағидадағы өзгерістерден кейін Шымкентте қоғамдық тасымалдау көліктерінде жүргізушілер мен кондукторларға бірыңғай форма бекітілді, – дейді Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің көлік және коммуникация секторының меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев. 

Жаңа талаптардан кейін қаладағы автобустар мен шағын автобус өкілдері бірыңғай формаға көшкен. Жазғы үлгісі – көк жейде, қара шалбар. Жейдеге тасымалдаушы компанияның таңбасы бейнеленеді. Қыста – жасыл түсті костюм киеді. Кондукторларда жасыл түсті кеудеше кию міндеттелген. 

Міндеттелген деп айтқанымен о баста 100 пайыз қызметкерлерін формамен қамтыған компаниялар соңғы жылдары ескертуді елемейтін болған. 

DSC 9399

– «Green Bus», «Экспресс», «Санжар моторс», «Бекзат сервис», «Автоимпульс» тасымалдау компаниялары ғана толыққанды талаптарды орындауда. Қалғандарына ескерту жасаумен келеміз. Келеңсіздіктердің себебін анықтауға тырысқанымызда компания өкілдері әсіресе кондукторлар жиі ауысатындықтан форманы ретке келтіре алмай отырғандығын алға тартуда», – дейді Н. Сүгірәлиев.

Расында, соңғы жылдары өз формасымен жүрген жүргізуші мен кондукторды №35, 27, 84, 92 бағыттағы автобустардан ғана байқаймыз. Бұл тасымалдау көліктері қаламыздағы «Green Bus», ЖШС-на тиесілі. 

 

Формасыз жұмысқа кіріспейді

«Green Bus» компаниясының жолаушыларды тасымалдаумен айналысқандығына үш жылдан асқан. Мұнда қазір 300 жүргізуші мен кондуктор қызмет етеді. Әзірге өзгелерге үлгі болып келе жатқан компанияның бірегейі осы мекеме.

– Әр маманның қызмет барысында өз формасы болады. Бізде әмбебап форма қызметкерлер үшін ыңғайлы әрі тазалықты сақтауда маңызы зор. Екіншіден, қоғамдық көлік ішінде күніне қаншама жолаушылар мініп-түсетіндіктен форма өзгешелеп тұрады. Сондықтан мекемемізде таңертең жүргізуші мен кондукторға форма киюді міндеттейміз. Содан кейін ғана мамандарымыз көлігін техникалық байқаудан, өзін медициналық тексерістен өткізіп, диспетчерден қажетті құжаттарын алады, – дейді «Green Bus» компаниясы директорының орынбасары Әбдібек Үкібаев.

 

Мамандығы – мақтанышы болса...

anyqtama-84-5Республикадағы үшінші қала мәртебесіне лайық Шымкент қаласының жолаушылар тасымалы саласы мәдениетке сай болуы тиіс. Дегенмен, бұл мәселе қоғамның талқылауына салынып, «мәдениет» үшін күрестің басталып кеткендігіне аптадан асты. «Кондукторлар мәдениеттен жұрдай», «аялдамаларда айқайлайды», «жүргізушілер бейәдеп сөздер айтады» деген жолаушылардың шағымдары көбейгендіктен билік қоғамдық көлікте мәдениетті қалыптастыруға мықтап кірісті. Сала мамандары келеңсіз мәселелерге жол бермеуде билік өкілдерін автобустарға отырғызып, мәселені жан-жақты шешуге әрекет етіп жатыр. 

Қала тұрғыны Динара Боранбекқызы қоғамдық көлікте жолаушыларға қызмет көрсету сапасы апта ішінде біршама өзгергендігін айтады. «Қазір кондукторлар жолаушылармен мәдениетті түрде сөйлесіп жүр. Жүргізуші микрофон арқылы аялдамаларды хабарлайды. Бір айта кетерлігі, форма мәселесін көбісі қолға алмаған секілді. Әсіресе, шағынаудандарға қатынайтын «Газельдерден» мүлдем қызметтік киіммен жүрген жүргізуші не кондукторды көрмегенмін. Шымкентте автобусқа мінетіндер көп болғандықтан ине шаншар орын болмайды. Осы кезде формасы оларды ерекшелеп тұрады. Көп жағдайда автобустарда формасыз кондукторды жолаушылардан ажырата алмай, өзгелерге беріп ұятқа қалып жатамыз», – дейді Динара. 

Форма мәселесін «формасыз» жүрген бірнеше кондуктордан сұрадық. Олардың уәжі қаржының жоқтығына тіреледі. «Жүргізушінің киіміне кемінде – 10 мың, кондуктордың формасын тіктіруге – 5 мың теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Тұрақты жұмысым болмағандықтан мұндай қаржыны қалтам көтермейді», – дейді №134 шағын автобустың кондукторы Ержан есімді азамат. 

Қазіргі таңда, көлік компаниялары жүргізушілерді келісімшарт арқылы жұмысқа қабылдайды. Ал кондукторларды көбіне жүргізушінің өзі іздеп табады. Олар нәпақасын жалақы күйінде емес, күнделікті қолға санап алады екен. Кондукторлардың өз кәсібіне жауапкершілікпен қарамайтыны осы себептен болар.


Түйін. Қоғамдық тасымалдау қызметінде жуырда формаға қатысты жаңа өзгерістер болуы мүмкін. Салаға жауапты маман Наурыз Сүгірәлиевтің айтуынша, жүргізуші мен кондукторлар жаңа формаға көшеді. Киімнің түсіне өзгерістер енді, оған қосымша бас киім кию міндеттелуі мүмкін. Бұл қазір көлік компанияларымен бірлесіп, талқылануда. Онда бірінші кезекте шығын келтірмейтіндей жағдай қарастырылуда.

Әр сала маманының өз формасы бекітілген. Дәрігердің – ақ халаты, құқық қорғау орғандарының қызметтік киімі, мұғалім мен теміржолшы, тіпті дүкеншінің формалары – өз мақтанышы. Осы секілді өз қызметін бағалайтын жүргізушілер мен кондукторлар әмбебап формасын мақтаныш етсе, бүгінгідей қоғам талқысына түспес пе еді...

Страница 29 из 32